Бүгін мақала жазу барысында "DDC" ДНҚ орталығына хабарластым. Бұл орталық негізінен Ресейде орналасқан. Ал, Қазақстанның Астана, Алматы қалаларында филиалдары бар. "Алматыда баланың тегін анықтап беретін ДНҚ орталығы жұмыс жасайды" деп мақала жазбақшы, тегін жарнама жасап бермекші болған мен компания қызметкерлерінің тарапынан теперіш көрдім. Сайттың қазақша нұсқасы болмағандығына шағымданған мені ақымақ-жынды қылды. Шағымымды санасыздыққа балады. Мемлекеттік тіл туралы заңды назарға алмады. Жан айқайыма, ең болмағанда, жандары ашымады. Сөйтіп, біреу менің бүкіл энергиямды сорып алғандай болды. Өзімнің кім екенімді, не істеп жүргенімді түсінбей қалдым. Шоктың әсері шығар... Мақала жайына қалды. Ызаға булықтым. Ресей Федерациясына, Мәскеу қаласына қоңырау шалдым. Қызметкерлерінің сөзін жеткіздім. Бастықтарын сұрадым. Мені тергеуге алды. Тергеулеріне төзімділік танытып, істің мән-жайын айттым. Ресейліктер қазақ орыстарына қарағанда мейірімділеу екен. Этика дегеннен хабарлары жоқ емес. Мұң-зарымды бастықтарына жеткізетін болды (шетелде екен). Өз кезектерінде, қазақ тілінде ақпарат керек болса, қазақ тілді мамандар бар екенін жеткізді. Бірақ ол енді мен үшін маңызды емес болып қалды. Сайттарының қазақ тілді нұсқасы болуын талап еттім.
Астана, Алматы қалаларының қызметкерлерімен арамызда болған диалог:
- dnk-center.kz сайтын ашып отырмын. Журналистпін. Сайттың қазақша нұсқасы бар ма? Қазақ тілінде ақпарат керек еді.
- Жоқ.
- Неге?
- Сайтымыз орыс тілінде. Сайтты қай тілде жасайтынын компания өзі шешеді. "Қазақ тілінде сайттың нұсқасы керек" деп талап ете алмайсыз.
- Қызық, неге?!
- Себебі бұл біздің құқығымыз.
- Қазақстанда тұрғандықтан қазақстандық кез келген ақпаратты мемлекеттік тілде алуға құқылы. Оны білмеп пе едіңіз?
- Компания ақпаратты өзі қалаған яғни орыс тілінде беруге, жариялауға құқылы.
- Орысша білмейтіндермен не істейміз? Олар ақпаратқа зәру делік.
- Керек болса орысша түсініп алады.
- Түсінбесе ше?
- Өзінің проблемасы.
- Бұл сіздің ой-пікіріңіз бе? Әлде бүкіл компания атынан сөйлеп тұрсыз ба?
- Сіз неге сонша шамданасыз?! Орысша жақсы-ақ сөйлеп тұрсыз.
- Мен ағылшынша да сөйлеймін. Сіз ше?
- Аздап түсінемін.
- Компанияның шетелде филиалдары бар ма?
- Бар.
- Латвия, Швеция, АҚШ-тағы сайттарыңыз тек орыс тілінде ме?
- Қазақ тілінде ақпарат керек болса қазақ тілді администратордың нөмірін берейін.
- Мен қазақша бар ақпаратты уақытты жоғалтып, телефон арқылы емес сайттан ақ алып оқығым келеді. Оған не дейсіз?
- Менен не қалайсыз?
- Ең үлкен бастықтарыңыздың аты-жөнін, нөмірін беріңізші. Сіздің мемлекеттік тілге қатысты көзқарасыңызды басшылыққа жеткізбекшімін. Олар не дейді екен?!
- Аты-жөні сайтта көрсетілген.
- Айту қиын ба? Нөмірі ше?
- Нөмірін бере алмаймын.
- Бұл құпия ақпарат па?
- Бұл Ресей компаниясы.
- Мейлі АҚШ-тыкі. Вашингтонға звондауға дайынмын.
Пауза. Тұтқаны қоя салды. Телефонның жалықтыратын гуілі ойнай бастады.
Сөз соңы: Мен кіммін? Қайда тұрамын? Не істеп жүрмін өзі?...
Жазира Байдалы
Пікір қалдыру