• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 23:03:27
Алматы
+35°

21 Қазан, 2016 Сұхбат

Алтынай Жорабаева: Қыздарымның тәрбиесіне өте қаталмын

Танымал Алтынай Жорабаева әнді ғана керемет айтпайды, сонымен бірге үй шаруасына да мығым адам. Қолынан үй тазалаудан бастап, қой жүнін қырқуға дейін келетін...

Танымал Алтынай Жорабаева әнді ғана керемет айтпайды, сонымен бірге үй шаруасына да мығым адам. Қолынан үй тазалаудан бастап, қой жүнін қырқуға дейін келетін әншіге, әйелдерге арналған Ikerim.kz  сайты арнайы хабарласып, сұхбаттасқан екен. 

Қайырлы күн, Алтынай ханым.  Оңтүстіктің қызына тән еңбекқорсыз, қолыңыздан не келеді дегеннен гөрі, не келмейді деп сұраған жөн сияқты…

Бұл бағаңызға үлкен рахмет! Өзімнің қолымнан қыз бен келінге қатысты барлық шаруа келеді. Тек, ет асқан кезде ғана қай мүшені кімге қою керек екенін жақсы ажырата алмаймын. Бірақ, орташа деңгейде білемін.

 Өзіңіз үй жұмыстарын еркектікі немесе әйелдікі деп бөлесіз бе?

Негізі, менің тәрбиемде, түсінігімде ондай болған жоқ. Кімнің мүмкіндігі бар, сол атқара беретін. Әсіресе, ауылда бауырларым жұмыс істеп, мүмкіндігі болмаса, мен барып қойдың қиын тазалап, жүнін қырқа салатынмын. Үйдің тірлігінен біздің қолымыз тимей жатса, ағам немесе Талғат барып күбі пісе салатын. Өйткені, бізді ата-анамыз солай үйретті. Әлі күнге дейін менде сол үрдіс сақталып қалды.

 Үйіңізге қажетті интерьер заттарын өзіңіз сатып аласыз ба?

Әрине, өзім аламын. Кейде, құрбым Мансиямен ақылдасып, бірге таңдаймыз.

Ас үй тазалауда өзіңіз қолданатын құпиялар бар ма?

Үйді жинауға кіріссем мен қуыс-қуысқа дейін тазалаймын. Сосын, бір іске кіріссем ұйқыны ұмытып кететін әдетім бар. Жұмысты толық бітіріп болғасын, екі тәулік ұйықтауым мүмкін. Ондай жағдайлар да болады.

Үй жинаудағы менің бір құпиямды айтайын. Үйімнің қабырғалары левкас, оның бүлінген жерін көп адамдар қайтадан сырлап жатады, ал мен «Соmetпен» тазалап сүртемін. Балалардың қолының ізі түскен жерлерді солай тазалап тұруға болады деп кеңес айтамын.

Үйіңізде қызметшіңіз бар ба? Жалпы, қызметші ұстауға қалай қарайсыз?

Әрине, үйде қызметшім бар. Онсыз өнер адамдарының күні күн емес деп айтсақ та болады. Себебі, көп уақытымыз жолда өтеді. Әрине, қолымнан келіп тұрса, қызметші ұстамас едім. Бірақ, менің жағдайымда, қызметшіге жүгінуге тура келеді. Үйдің, балалардың шаруасы бар дегендей…

Сіздің ойыңызша балаларды күтушіге тапсыру қаншалықты дұрыс?

Ол күтушінің қандай адам болатына байланысты шығар. Менің бала күтушілерімнің барлығы да балажан болатын, оларға көңілім толады. Тек, екі кішкентай қызымды қараған күтуші қыз оларды екі жаққа байлап қойып жүріпті. Оны баста мен білмедім. Тек, ол қыз жұмыстан кетіп қалғасын қыздарым айтты. Сол кезде неге айтпадыңдар дегеніме: «Ол ұрсатын»-, деп ақталады. Негізі, сол қыздан өзімде сезіктеніп жүретін едім. Балаларға зекіп, ұрсып сөйлейтінін байқағанмын. Жалпы, күтушілеріме: «Көп еркелетпеңдер, ұрсатын жерде ұрсып алыңдар»-, деп айтып отырамын.

Қыздарыңыздың есімдері ерекше, қандай мағына береді, кім қойған?

Мен, «Азия дауысы» байқауында Бейбіт Оралұлының «Аяулым» әнін орындаған едім. Содан кейін тұрмыс құрдым, бала сүйдім. Сондықтан да, әкесі үлкен қызымызды «Аяулым» деп атағысы келді. Екінші қызымды «Айнара» деп, «Айдай болсын, нардай болсын» деген ниетпен кіндік әкесі Құсман Шалабаев қойған. Семанұрдың да атын кіндік әкесі қойды. Мағынасы, араб тілінен аударғанда «Аспан нұры» дегенді білдіреді. Ал, кішкентайымды Көркем деп атадық. Қазақпыз ғой, ұл болсын деп тілеп жүретінбіз. Ұл болса, Аллахтың көркем есімдерінің бірін қоямыз деген ниеттеніп жүрдік. Кейін, қыз болғасын Көркем дедік.

Семанұрыңыз биыл мектеп табалдырығын аттапты, құттықтаймыз! Шыныңызды айтыңызшы, сабақтарына көңіл бөлесіз бе? Үй тапсырмаларын, күнделіктерін тексересіз бе?

Иә, Семанұрым мектеп табалдырығын аттады, рахмет! Міндетті түрде, сабақтарына көңіл бөлемін. Қазір «уатсап» деген жақсы болды ғой, мектептегі ата-аналар мен мұғалімдері арнайы чат ашып, сонда хабарласып тұрамыз. Үлкен қызым 9 сынып, екіншісі 6 сынып та оқып жатыр. Сол екі қызға Семанұрды оқытуды қатаң тапсырғанмын. Әрі өздері де біраз нәрсені еске түсіреді. Өзім  де қадағалап отырамын.

Балаларыңыздың мінездері, талғамдары да бөлек шығар. Қалай жол табасыз? Олардың мінездерінің бір-бірінен айырмашылығы жөнінде де айта кетсеңіз…

Иә, мінездері әртүрлі. Үлкен қызым тұйықтау, үнемі менің көңіліме қарап тұрады. Көп нәрсені ақылмен шешеді. Екіншісі, аздап ерме. Бір нәрсе көрсе соны міндетті түрде жасап көруге тырысады. Кез-келген нәрсе қолынан келеді. Мен де кішкентай күнімде бәрін өз қолыммен жасағанды ұнататынмын. Сосын, талапты қатты қояды. Ал, Семанұр өте нәзік, ақылды, маған жақын өскен, ерекше қыз. Содан кейінгі, кенжеміз Көркем үйдің-еркесі. Өзіміз ұл күткеннен кейін бе, мінезі ұлға ұқсайды, бұзықтау.  Және көйлек кигісі келмейді. Семанұр мектепке барғалы оның да барғысы келіп, қызығып жүр. «Мектепке барсам юбка киіп, шашымды екіге өру керек пе?»-, деп уайымдап жүр. Бірақ, санасына «Сен қызсың, әдемісің! Нәзік болуың керек» деген сияқты сөздерді құйып жүрмін. Өйткені, жаратылысы қыз болғасын, қызға тән қылық болуы керек деп есептеймін. Тәрбиесіне жіті мән беремін.

    Болашақта олардың өнерге келуіне қалай қарайсыз?

Өнері тасып, талпынысы күшті болса бетінен қақпаймын. Бірақ, өнер ауыр жол болғасын қаламаймын да. Негізі, екінші қызым мектептегі кештерге қатысып, ән айтып жүр. Музыкалық қабілеті керемет болмаса да, талпынады. Ал, үлкен қызымның дауысы жақсы, өзі ұялшақ.

Үй шаруасын өзіңіз дөңгелетіп алып кетісіз, ал оларды баулып жүрсіз бе? Бос уақыттарында немен айналысады?

Әрине, үй шаруасына барынша баулып жүрмін. «Үйренгенің өзіңе жақсы, істегендерің бізге жақсы» деп, тамақ істеу, қамыр жаю дегенді үйреттім. Қыз баласы үйдің қонағы. Сол үшін, тұрмыс құрғанда «шешесі не үйреткен?» деген сөз келмес үшін, осы бастан олардың тәрбиесіне қатал қараймын. Сабақтан тыс уақыттарында демалыстарына көңіл бөлемін. Қыз баласы болғасын аналарымен көбірек болғаны дұрыс қой.  Сондықтан, бірге табиғат аясына шығып, жиі балық аулаймыз.

Жауаптарыңыз үшін рахмет!

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір