• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 15:23:46
Алматы
+35°

21 Қазан, 2016 Саясат

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай

1990 жылы қараша айы ішінде қала шіркеуінде казактардың әскери рәміздерін ұлықтау шарасы өтті. 1990 жылы 30 қарашада Краснодарь қаласында казак атамандар одағының бірінші кеңейтілген Кеңесі өтіп, онда «Ресей казактарының Декларациясы» қабылданды. Қазақстан жеріндегі Ертіс, Жетісу, Жайық казактары мәселесі Ресей казактарының құрамдас бөлігі ретінде осы құжатқа кірді. Құжатта: «Казаки выступают за единый Союз и единую Россию. После гражданской войны многие казачьи области  декретами Совета Народных Комиссаров были незаконно оторваны от России и переданы в состав других республик и автономных оброзований. Это земли Уральского, Оренбургского, Семиреченского войск... В связи принятием деклараций о суверенитете Казахстаном казаки Урала, Иртыша, Семиречья на своей земле становятся изгоями и вынуждены уезжать в другие районы страны или влачить существование так называемого «некоренного» народа.... Совет атаманов заявляет Верховному Совету СССР и правительствам Казахстана о недопустимости реализации конституционных прав одних народов за счет грубого попрания таких же законных прав других народов» - деген жолдар болды. Қоғам өміріне белсене араласуды, одақтың, республикалардың және автономиялы облыстардың жоғарғы саяси лауазымды мемлекеттік органдарында казактар өкілдігін ашуды (2-бап), ұлттық деңгейде казактар территориясының өзін-өзі басқаруы мен экономикалық дербестігін (4-бап), сондай-ақ, осы кеңесте: «Восстановить казачьих военных формирований в вооруженных силах и погранвойсках» - деп, казактар қозғалысын жандандырудың мемлекеттік шараларының бірі ретінде кеңестік қарулы күштер мен шекаралық әскери бөлімдерде казак әскери құрамаларының құрылуын мәселе етіп қойды  (6-бап).   

«Казактарды құртарсың, бірақ тізе бүктіре алмайсың!» - деп, желіккен олар енді Ресей казактарының одағы аясында бірлесіп қимылдауға көшті. Дау мұнымен бітпеді. 1991 жылы 16 наурызда казак-орыстар қалада тағы бір митингі өткізді. Онда В.Б.Водолазов: «Речь только о восстановлений справедливости беззастенчиво попранной в 20-х годах, когда уральские казачество было ликвидировано, а земли его переданы, вопреки Конституции РСФСР 1918 г., Киргизской АССР. Корректно ли называть безнравственным желание людей требовать ее возвращения?» - деп, егер казактардың тарихи-мәдени қоғамына қысымшылық жасалатын болса, азаматтық қарсылық акциясын өткізетіндерін, казактар қозғалысының әрекеті бұқаралық сипатқа көшетінін мәлімдеді. Бұл аз болғандай, «Известия» газетінде: «Донской военно-исторический клуб разработал предложения по созданию казачьих формирований в Советской Армии. Эти предложения будуть направлены в Министерство обороны СССР. Маршал Дмитрии Язов одобрил идею создания казачьих частей...» - деп жазса (11.05.1991), 13 мамырда өткен казактардың «Кіші Алқасында» барлау тобының атаманы Сутягин ауызша және жазбаша жарияланымдардың барлығына қатаң бақылау (цензура) енгізілетенін айта келіп, алдағы уақытта өздерінің астыртын жұмыс талаптарын басшылыққа алатынын тапсырып, Мәскеуде осы мәселе бойынша атамандардың барлау тобы өкілдерімен кездесуі болғанын айтты. Тап осы кезде вице Президент Янаев пен Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары Исаевтың одақ казактары атаманы Мартыновты қабылдауы да жұртшылықты алаңдатты.

-Бара-бара казактардың тарихи-мәдени қоғамының жұмыстары саяси сипат алып, олар 1991 жылы ақпанда «Ресей казактары Декларациясымен» үндес келетін «Орал казактары автономиялы облысының тәуелсіздігі туралы Декларациясын» таратты. Онда мемлекеттік казак құрылымдарын, сот, атқарушы және заң шығарушы органдарын құру көзделді. 1991 жылы 15 маусымда өзінің жарғысы бар КСРО казактары Одағына бағынатын аймақтық «Орал казактары одағы» атты әскери-атамандық үшінші бір бейресми ұйымды және дүниеге келтіріп, қоғами-саяси, ұлтаралық ахуалды одан сайын күрделендіре түсті.   

Казактардың бірінен соң бірін боратып жатқан мәлімдемелерінен шошынды ма, кім білсін, тіл туралы қабылдаған қате қаулысын түзетіп үлгермей жатып, қалалық атқару комитеті екінші бір қателікке тағы барды. Олар енді Орал казактарының ақ патшаға қызмет етуінің 400 жылдығын қазақ жерінде тойлауға рұқсат берген 1991 жылғы 28 мамырдағы әйгілі №712 қаулыны дүниеге келтірді. Ол туралы: «В мае историко-культурным казачьим обществом получено официальное разрешение горисполкома на проведения 15 сентября Дня казачества–так как в решении горисполкома названа праздник посвященный 400-летию начала служения уральских казаков Отечеству» - деп жазды «Пульс» газеті (29.09.1991).  

 Бұл мәселені шешу үшін қалалық кеңес төрағасы Б.Ғ.Молдашев бастаған комиссия құрылды. Облыста құрылған «Азаматтық келісім үшін» кеңесінің кезекті мәжілісінде және 05.07.1991 күні өткен облыстық кеңес отырысында қаладағы және облыстағы қоғамдық-саяси жағдайға байланысты мәселелер қаралып, онда қалаткомның шешімі бойынша, қалалық кеңестің 28 мамырдағы шешімі негізінде, Орал казак әскерлерінің патша ағзамға қызмет еткеніне 400 жыл толғанын мерекелеу «Орал өңірі халықтары достығы күні» деген қолдан жасаған мереке аясында, яғни, 5-6 қазан «Республика күніне» орайластыра белгілеген екінші бір қаулыны қабылдады. Олардың бұл қаулысы казак-орыс сепаратистік пиғылдарының алдындағы кезекті шегінісі және шын мәнінде қалаткомның қаулысын бүркемелеген құжат еді. Республиканың тәуелсіздігі мен мемлекеттік тілін мойындағысы келмейтін, милитаризмді және әскери атамандық құрылымды ашық уағыздаушы құжаттарды көре жүріп, осындай шешімдер қабылдауға дейін барды.

Н.Ы.Есқалиевтің өзі маусым айында қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер басқармасының басшылары алдында сөйлеген сөзінде: «Казактар қоғамы мәдениеті және тарихын көтеру бағдарламасынан ауытқып, өз құрылымы мен атрибуткасы бар бұрынғы казак әскерлері түріне келетін жаңа қоғам болып қайта құрылды. Олар кертартпа жұмыс әдісіне көшіп, контрразведкасы (барлау) қызметі бар әскер құрылым құру жолына түсті. Казактардың тарихи-мәдени қоғамы қалада Орал автономиялы облысын құруды және Орал казак әскерлерінің бұрынғы жерлерін қайтаруды талап еткен декларациясын таратуда. Мұның барлығы ежелгі казак тәртіптерін қайта жаңғыртудың бастамалары. Оның үстіне А.Качалин Орал казак әскерлерінің 400 жылдық мерекесінің сөзсіз өтетінін айтып..., тіптен ол Оралда қантөгіс болуы мүмкіндігін де ескертті» - дегенді айтты. Облыс басшысы олардың ісінің қауіпті сипат алып бара жатқанын біле тұра, мерекені өткіздірмеудің пәрменді шараларына барудың орнына, керісінше оны бәсеңдетудің жолы деп, өзі қолын қойған: «Орал өңірі халықтарының күнін» өткізу мейрамын ойлап тапты.

Сөйтіп, қалалық атқару комитетінің шешіміне сын көзбен, заңдық, құқықтық тұрғыдан қараудың орнына облыстық кеңес те бұл тойды іс жүзінде құптайтын қаулы қабылдады. Аталмыш тойдың ішкі табиғатын толық түрде ашып берерлік талай құжаттарды дәлел етіп, ұлтаралық араздық туғызатын мұндай мерекені «Орал өңірі халықтарының достығы» деген үлкен сөздің астарында бүркемелеп өткізбекші болып жатқан жергілікті атқарушы биліктің бұл істері қылмыс екенін әлденеше рет ескерттік. Өкінішке орай, билік өздерінің ісін қалыптасқан текетіресті сейілтудің бірден-бір дұрыс қадамы деп түсінді.

 КСРО Президенті М.С.Горбачевтың Алматыға сапары кезінде (30.05.1991ж) казактардың қандай да болмасын мерекесін тойлауының дұрыс еместігі атап көрсетілді. Ол аз болғандай, Ресей Президенті Б.Н.Ельциннің өзі 1991 жылғы 17 тамызда казачествоның бұл мерекесінің Қазақстан емес, Ресей жерінде өткені дұрыс екенін және айтты. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың мерекенің қоғамдық, ұлтаралық ахуалды ушықтыруы мүмкін екенін айтып, әлденеше рет ескерткенін де (30.05.91; 12.05.91ж) елеген жергілікті басшылар болмады. Ел басшыларының осы ескертпелерін ести жүріп, 400 жылдық мерекені болдырмауға байланысты шешуші шаралар алудың орнына, жергілікті басшылар қалалық мерекені облыстық деңгейге дейін көтерген қаулы алып, оған бұқаралық сипат берді. Сөйтіп, қалалық кеңес, кейіннен облыстық кеңес өздерінің ісімен казактардың әскери тойының болатынын заңдастырып берді. Казактардың еліміздің Конституциялық заңдылықтарға қарсы бағытталған әрекеттеріне тосқауыл болар шараларға барудың орнына, керісінше тойды ұйымдастыру қамына кірісті. Бұл саяси биліктің басында отырған облыс және қала басшыларының жіберген үлкен саяси қателігі еді.

Кішкене шегініс: Кейіннен, Орал облыстық кеңесінің төрағасының орынбасары Б.Тұманов мұның себебін: «Мейрамды тойлауға (5-6 қазандағы) үндеген облыстық кеңестің «Орал өңірі халықтарының күнін өткізу туралы 5 шілдедегі қаулысы да саяси жағдайды бәсеңдету мақсатында алынған еді» - деп мойындады. Бұл құжаттар жөнінде «1991, қыркүйек-Орал оқиғасы» (2001ж) кітапта толық айтылған.

Партия ұйымының роліне келетін болсақ: мұның айналасында тағы  да компартия өкілдері жүрді. Олар өздерінің мұнысын облыстағы барлық ұлт өкілдерінің басын қосып, ортақ мүдделерін біріктіру арқылы өзара татуластыру мәселесін шешіп аламыз деп түсіндірмек болды. Казактарды ұлт, этнос ретінде тани жүріп, тойды облыстағы украин, татар, башқұрт, еврей секілді диаспоралардың ұлттық мейрамдарымен теңестірмек болды. Тіптен, Орал қалалық коммунистік партия ұйымының бюро отырысы казак-орыстарды дербес этнос-ұлт ретінде тану қажеттігін көтерді. Онда былай делінген: «Участие членов КПСС в таких объединениях как Союз казаков и «Азат», возможно в решении только общегородских задач направленных на улучщение жизни всех социальных и национальных груп населения. Бюро горкома партии, учитывая актуальность казачьего вопроса, считает, что история Уральского казачества является сложной, противоречивой и трагичной. Продолжение перестройки, дальнейщая демократизация нашего общества поставять соответствующие органы власти перед необходимостью дать объективную оценку казачеству как части народа (28.07.1991. «Пульс» газеті).

Қалалық кеңестің компартия ұйымы оларды ұлт, этнос ретінде тану қажет десе, халық депутаттары Орал облыстық кеңесі төрағасының орынбасары Н. Мордасов: «Праздник это посвящается дальнейщему укреплению дружбы народов и народностей. Здесь найдут яркое отражение традиции» - деп келеді де, одан әрі: «В подготовительной работе уже активно участвует некоторые нциональные культурные центры» - деп, басқа да ұлттық-мәдени орталықтармен бірге ұлыс-этнос (народность) мәртебесінде мерекеге казактардың да даярланып жатқанын жанамалайды. Ақ ит, қара ит бәрі бір ит – дегендей, сөзін қаншама түрлендіріп, бүркемелесе де оның түпкі ойының астарында орыс-казактарын этнос ретінде мойындату жатқаны көрініп-ақ тұр.

Сөйтіп, партиялар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы мүдделер мен тең құқылықты ескеріп, қазақстандық әлеуметтік ағымдар арасындағы сыйластық, тату көршілік және этникааралық тұрақтылықты өзара келісім арқылы нығайту керек деген жалған интернационализм жетегінде казак-орыстарды «ұлт ретінде» тану мәселесін қойды. Нәтижесінде: «…өтініш мақұлданып, алайда ол тойды өз атымен атау ұлт араздығын қоздырып, әр түрлі қақтығыстар туғызып жіберуі мүмкін екендігі, сондықтан да аталмыш тойға басқаша ат беріп, оны «Орал өңірі халықтарының достығы» шеңберінде интернационалдық той етіп өткізіп жіберсек, сол саяси жағдайға сиыңқырайды» деп, той қамына кірісті.

Бір сөзбен айтқанда коммунистер олардың бұл мейрамының аталып өтуін қолдады. Бұл туралы: «По результатам опроса проведенного среди коммунистов города 73% опрошенных высказались за проведение празднования 400-летнего юбилея» - деп жазды жергілікті газеттер. Казак-орыстардың азат болу идеясын ұстанған жеке тұлғалар бой көрсете бастады. Мұндай «тұлғалар» жергілікті билік ұстанымының босаңсуын көре білді. Казактар қоғамының негізін қалауда оның алғашқы төрағасы болып Қазақстан Коммунистік Партиясы комитетінің нұсқаушысы Ю.Баевтың және басқарма мүшесі болып қалалық кеңес төрағасының орынбасары Любавиннің жүрулері біраз жайды аңғартқандай еді.

Казактар автономиясының аумағын патша самодержавиесінің үлгісінде-атаманға бағынатын әскери - станицалық, әкімшілік басқару жүйесін айқындаудан және ұлттық мемлекеттік құрылымының бағдарламасын жасаудан бастады. Олардың үгітшілері казактардың аймақтық орналасуын зерттеу үшін облыстың аудандарына жиі іссапарларға шығып жүрді. А.Галаган халықпен кездесулерде: «Это исконно русские земли, позднее отошедшие к Казахстану. Надо объединиться. Поодиночке нас растопчут» - деп, бірігуге шақырды («Мәдениет» газеті, №1, 1991). «Деятельность «Союза» распространяется бывших земель казачьего войска, бассейн р.Урал от устья р.Илек до Каспийского моря, а также с участием в государственном и местном самоуправлении созданием при советах казачьих отделов и казачих фракций, проведением научно-технических конференций Уральского казачества в историй России. Содействовать возвращению потомков Уральских казаков на р. Урал с разработкой земельной программы с учетом традиционных формы казачьего землеползования, возраждением заброшенных поселков (землячества, отделы, станицы) с органами управления атаманского правления» - деп, орыс халқының этникалық бір бөлігі ретінде, әскери-саяси бірлестіктерден тұратын станицалары негізінде, аймақта елді мекендер мен құрылыстар үшін берілетін жер учаскелеріне ие болуға ұмтылды. Ал, бұл дегеніміз казачествоның дәстүрлі әскери нормаларына негізделген ұлттық, «категориялық императивті» құрылым еді.  

          Елеулі қателіктер жалғаса берді, облыс, қала басшыларының бірінен соң бірі алған қаулылары облыста саяси, ұлтаралық ахуалдың одан әрі шиеленісуіне жол ашты. Олар отарлаушы тәртіптерін қалпына келтіруді көздеген империялық күштердің ыңғайына жығылды. «Азат» тарапынан ресми органдарға ықпал етудің барлық әдістері жасалынса да ештеңе өнбеді. 1991 жылдың 15 маусымында Ақтау қаласында жергілікті «Парасат» саяси ұйымының ұйымдастыруымен рұқсат етілген, Қазақстанның алты облысынан және Түркменстаннан өкілдер қатысқан халықтық митингі өтті. Парасат қоғамдық қозғалысы 1989 жылы Жаңа Өзен оқиғасынан кейін құрылған болатын.  Бұл қозғалыстың сол кезде 16 бастауыш ұйымы, 7000 мыңдай мүшесі болды. Осы митингіде Оралдан барған А.Қадырбаева жиналған жұртқа Оралда қалыптасып отырған қоғамдық-саяси, ұлтаралық ахуалды жария етті. Жергілікті «Маңғыстау» газеті: «Әсіресе, ақын қыз Айсұлудың аузынан шыққан патриоттық сезімге, азаматтық пафосқа толы жігерлі сөзі әркімді де бей жай қалдырмаған шығар деп шамаладық» - деп жазды (18.06.1991).  «Азат» қозғалысының 3 мүшесі Ж.Қуанышәлин, С.Есімбеков, Қ.Омаров осы митингіден кейін Қазақстан жерінде казактардың патшалық Ресейге қызмет көрсетуінің 400-жылдығын тойлауға тиым салуды талап етіп тамыз айында аштық жариялады. Оралдың өзінде еңбек ұжымдары мен кәсіпорындардың 15 басшысы қалалық атқару комитетінің қаулысының күшін жоюын сұрап қарсылығын білдірді. Өкінішке орай, осы талаптардың барлығы жергілікті билік тарапынан тағы да  еленбеді.

Оралда қарсылық шарасын үйлестіруші «Басқару Орталығы» құрылды. Жан-жаққа шығып, «Азаттың» жергілікті ұйымдары арқылы халықтың Оралға жиналуын хабарладық. Олар мына азаматтар болатын:  Қуаныш Сүлейменов, Мәтжан Тілеужанов, Аманжол Зинуллин, Құсым Төлежанов, Нұрлыбай Сисенбаев, Дәрібек Өтегенов, Тұрсын Жолманов, Төлебай Сәтқұлиев, Садыр Мұдатов, Айсұлу Қадырбаева, Роза Мұханбетқалиева, Бәтима Бүркітова, Ғайнат Сапаров, Орынбай Жәкібаев, Боранғали Ырзабайұлы, Болат Тәженов, Мұнайдар Балмолдин, Света Құтқожина, Ақкүміс Жұбанова, Алтай Зейнуллин, Мақсат Айсауытов, Жандарбек Өтеғалиев, Руслан Қалиев, Жанарбек Отаралиев, Тельман Хасенов, Нұрсұлтан Қонарбаев, Орынғали Қыстаубаев, Сәбит Қорғанбаев, Серікқали Ғиниятов, Асқар Тайманов, Болат Мұханбетжанов және Махамбет Ықсанғали, Меңдіхан Бәсер, Ермұханов Құрманғазы, Ғаниев Мұтиғолла, Мұқанғалиев Кеңес, Дербесов Қайырғали (Жәнібек ауданы), Мұрат Хабибулин, Қуаныш Өтепбергенов (Сырым ауданы), Ержігіт Қобланов, Әбдухалинов Болат, Меңдіғалиев Құсан (Тасқала ауданы) сынды т.б азаматтар өтпелі күндері бұқараның қоғами қозғаушысы бола білді.

1991 жылғы 4 қыркүйекте Алматыда жасөспірімдер мен балалар театрында «Азат»  қозғалысының республикалық партия болып қайта құрылу құрылтайы өтті. Осы құрылтайда А.Зинуллин мен А.Қадырбаева Оралда орыс-казактары өздерінің 400 жылдық мерейтойын атап өтпекке даярланып жатқаны туралы тағы дабыл көтерді. Оралдағы жағдай туралы А.Зинуллин республикалық радиодан сөйлеп, халықты Оралға жиналуға шақырды. Оралда қарсылық манифестациясын өткізу, сол арқылы облыстық кеңестің той өткізу туралы шешімінің күшін жойғызуды талап ету қажет деп шештік. Мұндай үлкен шараны қала көшелерінде өткізу үшін қалалық атқару комитетінің шешімі керек, бірақ, жергілікті билік ондай шешімді шығарып, бізге рұқсат бермейтіні анық. Сондықтан манифестацияға рұқсат сұраған шешімді Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінен алу үшін Аманжол мен Айсұлу бастаған делегация мәселені С.Әбділдиннің орынбасары Зинаида Федотоваға қойды...

Келесі күні 5-ші қыркүйекте бұл жай және әңгіме болып, Орал қаласының төрінде жиын өткізуді жоспарлаған, оған Ресейден казак жасақтарының шақырылуы және бұған жергілікті өкіметтің жағдай жасап отырғаны туралы айтылды. Нәтижесінде, бұл тойды бодырмау жөнінде шешім қабылданып, республика бойынша құрамында Орал Сәулебай, Жасарал Қуанышәлин, Дәурен Сатыбалдиев, Бақытжан Әділов, Нұрзипа Жармұхамедова, Азат Көкеновтер бар «Аттанайық Жайыққа»  штабы құрылып, 13 қыркүйек күні олар бастаған орталық, оңтүстік, солтүстік және шығыс Қазақстан облыстарының азаматтары Орал қаласына келіп жетті. Марқұм М.И.Есеналиев денсаулығының күрт төмендеп кеткеніне қарамастан бұл мәселе бойынша республикалық штаб құрылғанын мақұлдап, өзінің ақыл-кеңесін беріп отырды.  13-16 қыркүйек аралығында «Азат» бастаған демократиялық күштер, Қазақстанның 12 облысынан келген еріктілер казактардың саяси шарасына көрсеткен қарсылық белгісі ретінде 5-тен 6 мыңға дейін адамдар қатысқан шерулер өткізді. Шерулер Қазақстанның егемендігі туралы деларациясын қорғауға, сепаратизмге қарсы бағытталғанын атап өткеніміз жөн. Орал оқиғасының қысқаша тарихи бастауы осындай...

(Жалғасы бар).

С.Н.Қошаманұлы, Ақтөбе. 21.10.2016

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір