• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 05:13:10
Алматы
+35°

23 Қазан, 2016 Әдебиет

«Есейіп» кеттік пе? Тұрсынғазы Рахимовты неге ұмыттық?

15 қазан, әнші, сазгер, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Тұрсынғазы Рахимов арамызда болғанда 65 жасқа толар еді. "Жүректері...

15 қазан, әнші, сазгер, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Тұрсынғазы Рахимов арамызда болғанда 65 жасқа толар еді. "Жүректері ауырмайтын", "ұлы даланың баласы болып алған" немесе еркек сияқты киіне алмай жүрген әншісымақтар түшкіре қалса ұрандатып жазатын БАҚ, Осынау мерейлі күннен апта өтсе де Тұрсынғазы Рахимов туралы жақ ашпады. М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері. Республикалық деңгейдегі бірталай өнер байқауларының лауреаты Тұрсынғазы Рахимов биыл 26 ақпанда дүниеден қайтқан болатын. Оның өмірден озарынан екі апта ғана бұрын, құрдасы-досы, ғалым Тұрсын Жұртбай  "Егемен Қазақстанда"  "Сұңқардың самғауымен ән оздырған" атты арнаулы мақала жазған еді. Рахимовты еске алып, "Қамшы" порталы оқырман назарына Т. Жұртбайдың мақаласы мен композитордың көзі тірісіндегі "Сәби болғым келеді" шығармашылық кеш​ін  ұсынады. 

Әрбір жылдың ақпан айында сондай бір табиғи құштарлықпен өтетін Мұқағалиға арналған әдеби, ән кештерінен соң өз басым керемет бір шамырқанған күйге түсемін. «Есімде, бәрі есімде, бәрі есімде», деп қыран мінезді Мұқаңның өзі айтқандай, биыл да Алматыдан ауылға дейін шабытты шарпумен өтіп жатқан салтанаттармен өздері де «аққудың қанатына өлең жазып жүрген» Жүрсін мен Несіпбек өткізген кештен соң «аспандағы бұлтпен араласа төңкерілген» көп дүние көз алдымнан көшіп өтті. Ақындардың ақиығына арналған сол сауықтардың барлығында әнші Тұрсынғазы Рахимовтың кем дегенде төрт-бес әнінің орындалғаны ойға оралып, сол әндердің шығу тарихына куә болған сәттерім елес­теп өтті. Соның ішінде, 1976 жылы дүниеден жаңа озған ақынның өксігі басылар-басылмаста, арманын әнге орап жамиғатын жұбатқан «Сәби болғым келеді» деген қуатты, шымыр, шынайы дауыс өзге әсерді ығыстыра жад шымылдығын аша берді. Ол дауыс – қазір қазақтың ән аспанында сұңқардың самғауымен ән оздырып жүрген қияқ қанатты Тұрсынғазының, кәдімгі өзіміз «ән түгел» деп еркелетіп жүрген, әлі де сәбиліктен арылмаған Тұрсынғазы Рахимовтың бала дауысы еді.

Мұқағалидың қайтқанына да, сол «Сәби болғым келеді» әнінің қазақ ас­панында шарықтағанына да 40 жыл, сол әннің тууына себепкер болған қос сәби – қос Сұңқар да қазір 40 деген жас­тың етегін басты. Ал Тұрсынғазының өзі ата қырандай дүр сілкініп, туған тұғырында қомданып, сайын даланың сан қиырындағы шәкірттерінің алғауымен, содан бері Мұқағалидың сөзіне жазылған 35 әнінің кешін, сағым мен сағынышы аралас сауық кешін өткізудің қамында қазір. «Аққудың қанатына өлең жазған» ақынмен, «сұңқардың самғауымен ән оздырған әншінің» дидары жарыса құштарландырған, талантты тарланның тұяқ дүбірі елеңдеткен сол бір аңсарлы кештің әсеріне ойша бөлене отырып, қаламымды қолға алдым.
Турасына көшейін, сөз басын таңырқай толғап бастағаныммен де аңғалдығы мен адалдығы шығыс қапталдағы ғай­ри қазаққа мағлұм Малтүгел ата­мызды алдыға тартып, «малтүгелдетіп, мал­­түгендеп» алмасақ, салтанаты мен са­қибтығына, әні мен өміріне сәбилігі ере жүретін тумысы тартқыр Тұрсынғазы туралы әңгіменің де татымы шықпайды. Ол өзі тумысынан талантты келетін осы тұқымның бүйіріне біткен көкбауыр сияқты, жігі ажырамайтын мүшелі сы­баға. Ең алғашқы таныстығымыздан бастап тізгін қағыстыра, сөз табыстыра, әзіл жарыстыра өткізген 40 жылдың ішін­дегі кездесуіміздің бір де бірінде Тұрсынғазының өнері мен малтүгелдігіне қоса қабат таңданудан еш жазған емес екенмін. Құдай-оу, «құйып қойған қор­ғасын» демекші, құйып қойған малтүгел және жасандылығы жоқ табиғи малтүгел. Сенбесеңіз, айтайын.
Дәстүрлі әншілердің Әміре Қашау­баев атындағы республикалық тұңғыш кон­курсы өтіп жатқан кез. Сол тұста қазаққа біткен әншілердің жайсаңы мен қасқасының бәрі бас қосқан, Алматының аспаны солардың шырқау дауысымен көтеріліп-басылып, ырғағымен тербеліп тұрған шақ. Ащы айқайы құлақтың жар­ғағын жарады, майдақоңыры жүректі әлдилейді, нәзік үнділері көңілдің қы­лын шертеді, екпінділері ес тандыра еліктіреді, ырғақтылары тербетеді. Жас перілердің бәрі де ширығыңқы, сахнаны сілкіндіріп, ширақ басып шығып, бойды шымырлатып-шымырлатып алады да, тыңдаушыны тамсандырып, таңғалдырып кетеді. Қойшы, үш күн қиял-ғажайып әлемнің ішінде жүр­гендей болдық. Алғау аяқталған кеште Жәнібек Кәрменовтің айналасына үйіріле қалғандардың қатарына қосылып Мәдениет министрлігінің аты аңыз жатақханасына беттедік. Мұндағы сауық-сайранның әсерін «Әннің шаңы аспандата қағылды» деген сөзіміз ғана жеткізеді.
Таңғы алакеуімде Жәнібек Кәр­менов пен Құныпия Алпысбаевқа кеуделі, қай­ратты құрым қара шашты, келте мұрын, дүрдік ерін, дабынқара жігіт ілесе шықты. А десе, болды аузынан «Жүсекем» (ұстазы Жүсіпбек Елебеков) деген сөз шығады. Дауысы қарлығып, байқауда бабына келмепті. Басын шайқап қойып соған өкіне береді. Әдетімізше Жәнібектің үйіне жата-жас­тана қонып, әншінің анасы – таңертең сүйікті апамыздың қою қызыл шәйін ішіп, маңдайымыз тершігенде: «Сенің тамаша әнші екеніңді білемін. Несіне уһілей бересің. Жанболаттың тойында Ләззаттың бетін ашқан сен емессің бе. Дауысың шатырды желпіндіріп жіберген сонда», – деп едім: «Оны қайдан білесің. Өзім қатты ыңғайсызданып қалдым сонда. Қыздың бетін ашқанда бір-ақ білдім», – дегені. Сырына қанық Жәнібек сылқ-сылқ күлді, сыпайы Құныпия жымиып қойды. Жөнін сұрағанымда: «Ой, шынында да ұят болды. Өз қарындасымның бетін өзім ашыппын. Ләззат менің қарындасым екен ғой», – дегені. Енді Жәнібекке мен де қосылдым, ол күлкіге өзі де қосылды: «Әй, Тұрсынғазы! Тағы не бүлдірдің? Мынаның көзінше айтпа, бұл өзі аты шыққан сатирик. Осындайларды ес­тісе болды, «Араға» жазып жібереді. Содан кейін әнші Тұрсынғазы емес, малтүгел Тұрсынғазы деген атағың шы­ғып кетеді», – дегені. Малтүгелдің тұ­қымдарының Қожанасыр бабамызға бергісіз аңғалдықтарын мен де жақсы білетінмін. Әрі құрдас екенбіз. Қарап тұрмай қақпақылдата жөнелдім. Содан бас­талып кеткен қақпақылым үдемесе, міне, 40 жыл өтті, әлі бәсең тартқан жоқ.
Тұрсынғазының сәбилік мінезіне сол жолы-ақ көзім жетті. Жәнібектің ір­гесіндегі дүкенде «Орленок» велосипеді түсіпті. Таптырмайтын қат кезі. Жәнібек қоярда қоймай өз ақшасына сатып алды: «Сұңқарды қуант. Ертең таба алмайсың», – деді. Бір жастағы балам бұл «шайтанарбаға» мінгенше екі-үш жыл керек және бүгін әншілермен серуендейтін күніміз. Оны кім алып жүреді? Қарап тұрмай: «Мен көтеремін», – дегені Тұрсынғазының. Қойшы, содан бастап оның арқасына «мінген» әлгі велосипед екі күнде Алматының тең жартысын аралап шықты. Қайда барсақ та арқасына көтеріп алады. Үшінші күні студияға қалдырдық. Сонда бір де бір рет қыңқ десе-ші. Қоштасарда: «Сұңқардың велосипедін ұмытпа. Менен сәлем айт. Аты жақсы екен», – деп Семейіне кете барды. Ол велосипедті бір айдан кейін Жәні­бектің өзі үйге әкеліп беріп, 25 жастағы Тұрсынғазының сәлемін бір жарым жастағы Сұңқарға жеткіздік. Соған осы күнге дейін таңғаламын. Мұндай да аңғал, мұндай да адал, сәби мінезді болсашы. Ана ащы да қуатты зор дауысқа мына сәбилік жараспайтын-ақ сияқты көрінді.
Дағдысыз бір ғадетім, ән естісем бол­ды, сол дауыстың соңынан ілесіп жүре беремін. Кейде әншінің бетіне қарамай, ән аяқталған соң бұрылып кете беретінім де бар. Бірақ, үстіңгі дауы­сы аспанға шарықтап шығып алып төменге түспейтін, астыңғы дауысы жаныңды майда қоңыр мәпелейтін Тұрсынғазының қазақы дауысы санамның түкпірінде шыңылдап тұрып алды. Ол жылдары филармонияның әншілері «сайда санын, құмда ізін» таптырмайды. Сайын даланың қай қолтығында, қай сайында жүргені өздеріне ғана мәлім. Гастрольден оралғанда балалары танымай, жатырқап жоламай, сол күйі жатбауыр тартып кеткендері де бар. Әйтеуір, эстрада сту­дия­сын бітірген соң жолдамамен Павлодарға кеткен Тұрсынғазы Есмұқан Обаевтың арқасында Семейдің облыстық театрына келіпті дегенді естіп, орайы келгенде ұшырастым. Қума рольдер беріліпті, соның өзіне риза. Негізінен барымташылар мен қаратопай солдаттардың (ақ, қызылы аралас бейнелер) сыбағаға тартылыпты. Енді «Майра» музыкалық-драмалық спектаклінде «музыкальный» рөл берілмек екен.
«Әттең, соны… Нетіп кетпесем болды. Өзім де байқамай қаламын… Қалай сөйтіп кететінімді. Әйтпесе, Есағаң менен ештеңе аямайды. Қаңғып жүрген жерімнен бір бөлме үй беріп осында шақыртып алды. Павлодар қазақ әншілерін адам демейді. Ризамын», – дегені әредік есімде. Шыдамай: «Ей, сенің нетіп жүргенің не? Нені нетіп жүрсің? Түсіндірші өзің», – дедім. – «Өй, соны да білмейсің бе, мен әлгі немін ғой. Әйтпесе, Есағаң аямайды рөлді». «Ей, несің? Қылмыскерсің бе, сотталдың ба?». «Жоға! Өй, мен малтүгел емеспін бе». «Ей, болса несі бар. Есағаңның шешесі Каллекидің үйіне Кегеннен сары май әкеп беріп тұрғанын мен де білемін. Онда тұрған не бар?». «Ой, оны саған ешкім айтқан жоқ па?». «Сен мұндасың, мен Алматыдамын. Сенің не екеніңді, нетіп жүргеніңді мен қайдан білемін?» – дедім шаршап кетіп.
«Ендеше, саған айтайын. Жүсекең марқұм бізге, әннің сырын ішіңе түсіріп, сыртыңа шығармай айт, – деп үйретті. Ал Есмұқан аға: «Сен сахнада өзің рөлін ойнаған адамның өмірдегі әрекетін өмірдің өзіндегідей етіп сыртқа шығарып шынайы жеткіз. Әйтпесе, көрермен сенбейді. Оны «фальш» дейді. Фальш болғанша – бәліш болғаның жақсы», деді. Содан бәліш болмайын деп, образдың ішіне кірдім. Алғашқы рөлім Ілияс Жансүгіровтің пьесасындағы байға кек­теніп жүрген жылқышы болды. Ыза болып кетіп байды қамшымен тартып-тартып жіберетін жері бар. Сөзі жеңіл. Со­дан адамгершілік жасаған Есмұқан ағаның көңілінен шығайын деп ашулы жылқышының кейпіне келдім де, қолыма дырау қамшы алып, ақырып жіберіп, аттап-аттап бардым да, байды – Әбілқасым Жаңбырбаев ағамды дойырмен тартып кеп жібердім. Қолым сүйсініп кетті. Ал Әбекең ыңырсиды. Е, дұрыс істеппін ғой. Екі рет ұр деп еді деп, тағы да қам­шымен ұмтыла бергенімде Әбілқасым аға алдыға бір аттап кеп қолымнан ұстай алып: «Болды!» деді ақырын. Бұрылдым да кетіп қалдым. Спектакль біткен соң Әбілқасым ағаның бөлмесіне барсам шешініп жатыр екен. Арқасындағы қамшы тиген ұзын тіліктен қан шып-шып шығып тұр. Аяп кетіп: «Не болды, аға?» – деп жетіп бардым. «Саған айтқан жоқ па, сахнада шын ұрмайтынын?» – деді. «Жоқ, бәрін де өмірдегідей сендіріп істе деген. Сосын…». «Ештеңе етпейді. Сахнаға үйреніп кетесің», – деді. Ой, ұялғаным-ай, ұят болғаны-ай! Сөйтсем, өзге қулар сипай салады екен. Келесі спектакльге шығарда Әбілқасым ағам шақырып алды. Арқасы қарақотырланып келеді екен. Маған бояған капроннан қамшы өріп әкепті. Соны берді…
Күлесің бе? Енді, жыламайсың, күле­сің, әрине. Әйтеуір, Есмұқан аға­мыз Каллеки мен Шәкенді көрген ес­ті режиссердің қатарынан ғой. Тұр­сынғазыны қолдап, биік деңгейге көтерді.
Сол жолы түнделетіп кейіпкерімнің бір бөлмелі үйіне бардым. Бусанып, сорпаланып, аяқ-қолын енді жиып отыр­ған Фатима ханум қарсы алды. Әзілім жа­­­­ра­са кетіп: «Сонау Керекудің көп қара­ғайының ішінде жүріп, сені қалай ұмытпай тауып алды, мынау?» – дедім. «Ой, мұның сырына бесінші сыныптан қанықпын. Келеді, қалжыңдайды, әнін айтады, «Күт», – дейді де, кетеді. Әскерге кетті, күттім. Оқуға кетті, күттім. Кереку кетті, күттім. Емеурін жоқ. Содан бір жолы ауылға келгенде: «Мені аласың ба, жоқ па өзі. Әйтпесе, босат басымды» – дедім. «Өй, мен айта алмай жүрсем, сен қалай оп-оңай айта салдың, ей. Кеттік, ендеше», – деді. «Қой, бұл малтүгел енді кетсе, мүлдем ұмытып кетер – дедім де екі-үш үйден кейінгі табалдырықты аттай салдым», – дегені. Фатиманың бұл сөзіне қатты сүйіндім, өйткені, еруліге қарулы қайтармаса, сөздің атасы өледі. «Бірақ соның бәрін бір әнмен өтеді. Ақырын айтып бер, Тұрсынға», – деді. Содан бала емізіп отырған Фатиманы бесігімен оңаша қалдырдық та, асүйдің есігін қымтай жауып алдық. Тұрсынғазы сылыңқы дауыспен әндете жөнелді.


Сол жолы «Сәби болғым келеді» әнін тұңғыш рет тыңдадым: «Бала деген тәтті болады екен. Фатима босанған соң бір түрлі күйге түстім. Мұқағалидың «Өмір – өзен» жинағындағы «Сәби болғым келеді» деген осы өлеңінің бетін ашып қойып, домбырамды қағып, ыңылдап отыра бердім. Сенің Сұңқарыңды есіме алып мен де ұлымның атын Сұңқар қойғым келіп кетті. Сол-ақ екен, дауысым қалай шығып кеткенін өзім де білмеймін. Сөйтіп, осы ән туды.
Ән бе, әуен бе, өзім де білмеймін. Дереу перзентханаға бардым да, Фатима жатқан бөлменің терезесінің алдына барып: «Құс та болғым келмейді, қанатым бар», деп бар дауысыммен айқайлап қоя бердім. Өзгені білмеймін, бәйбішем риза.
«Бұл менің тұңғыш әнім, қалай екен?» – деді. Қалай болсын, бір айдан кейін Алматыға келді. Келген соң Жәнібек Кәрменовтің де, Қайрат Байбосыновтың да, Мақпал Жүнісованың да, содан кейін бүкіл қазақтың «сәби болғысы келіп» шыға келді. Бұл Мұқағали дүниеден оз­ғаннан соңғы оның арманын жеткізген алғашқы ән еді. Қазір де сахнадан кеткен жоқ. Сәби мінезді Мұқағалидың сөзінен де, сәби мінезді Тұрсынғазының әнінен де сәбилік тазалық аңқып тұрады. Сонысымен де ынтызарыңды аударады.
«Сәби болғым келеді» әнінен бас­тап жүрегіне шабыт құсы болып қонған Мұқағалидың поэзиясы Тұрсынғазының рухын асқақтатып, жанына қуат құйып, бақытын тасытты. Алматыға әр келген сайын «Аягөз-ару», «Бала ғашық», «Мен сені сағынғанда», «Иек артқан теңізге мүйістейін» сияқты дәстүрлі нақыштағы жаңа әндерін ала келіп, Мақпал бастатқан әнші достарының репертуарын толықтырып отырды. Бір жолы вокзалдан бірден біздің үйге соқты. Байқаймын, қалжыңнан бойын тарта береді. Бұрынғыдай емес, әлдебір ой кірген сияқты. Сияқты емес, ойлы. Со­дан оңашалана беріп: «Ей, екеуміз де отыз­дан астық. Не бітірдік. Түгіміз жоқ. Ал Мұқағали болса дүниенің сырын түбіне жете түсініп, қартайып барамын деп күрсініпті. Біздің балалығымыз әлі арылған жоқ. Ес қашан кіреді бізге осы. Сенің түрің мынау, орынсыз қалжыңдап, адамның көңілін бұзасың. Осы жолы бір байсалды адам сияқты сөйлесейінші деп келіп ем, оған мүмкіндік бермейсің. Ендеше тыңда мынаны», – деді. Сөйтті де: «Отыздан асып барамын», – деп ән­дете жөнелді. Мұқағалидың ғана емес, отыздан асқандардың барлығының жан сырын жеткізген, балалықтан арылтқан ән екен. Алдындағы қалжыңыма өзім де қысылып қалдым. Бірнеше қайтара айт­қызып, мұң ішіме түсе бергені сол еді: «Жә, қалжыңдағанға сеніп қалдың ба. Сен бірдеме бітіріп жүрсің, бізді айтсаңшы. Келесі келгенде тек Мұқағалидың сөз­де­ріне жазылған әндерімнің жеке концертін ұйымдастырамын. Қарасазға барып, хал­қының алдына орындап берсем, менің отыз­ға келгендегі бітіргенім сол болады», – деді.
Ол арманына да жетті. Бұл концерт «Қазағым-ай» әнімен ашылды. Нарын­қолдықтар Тұрсынғазыға ақ батасын беріп, арқаландырып жіберді. Хан-Тәңірінің қыранының қанатының суылын естіген Тұрсынғазының дауысы да асқақтап, исі қазақ даласын шарлады. Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов сияқты аға әншілермен бірге Дауыл Хайруллин, Баян Сағымбаева, Бақыт Үдербаева, Келденбай Өлмесеков сияқты қатарластарымен елі­міздің түк­піріндегі тұйық ауылдарға дейін аралап, өнер сусынымен сусындатты. Жұлдызды жылдардың қанатына мінген Тұрсынғазы барған сайын шарықтай биіктеп, өзінің шырқау биігіне сол баяғы сәби аңғалдығымен көтерілді. Дауысы құлақ тұндырып қана қоймайды, құрышыңды да қандырады. «Қазағым-айды» тыңдап отырып құлағын баса қойған темір ғасырдың темір ақыны Темірхан Медетбектің: «Астафир-ал­ла, мұндай өнерді семейліктер қалай ғана алақандарыңның астына басып отырсыңдар. «Қазағым-ай» деп дауысын жоғары көтергенде, менің құлағым емес, жүрегім жарылып кете жазады», – дегені бар. Әннің қайырмасы: «Пай-пай, қазағым-ай», деп шалқи шарықтағанда жүрегіңнің аузыңа тығылатыны рас.
«Қазағым-ай» демекші, осы әнді естіген сайын өзімнің бір өрескелдігім еске түседі. «Қазағым-ай» алғаш рет Алматының сахнасында орындалып жатыр. Әннің әлгі тұсына келгенде Тұрсынғазының көзі алдыңғы қатарда отырған маған түсе қалды. Мен тағы да көтере түс дегендей сұқ саусағымды шошайта қойдым. Екінші тыныс алғандай жаңағыдан да жоғары көтеріп әкетті. Тамағы ісініп барады. Сол кезде ғана мұның малтүгелдігі есіме түсіп, саусағымды баса қойдым. Содан кейін барып әннің деңгейін баяулата аяқтады. Сөйтсем, менің шошайған сұқ саусағымды ол «дауысыңды көтер» деген белгі деп түсініпті, ал мен оны ұмытып кетіппін. Өзге болса тәп-тәуір ренжір еді. Ал Тұрсынғазы сол баяғы сәби қалпы: «Сен саусағыңды түсіргенше дауысымды соза берейін деп құлшындым. Әй, қиын екен, тамағым жарылып кете жаздады. Бірақ, шыдадым, ә», – дейді жайбарақат күліп. Сол қиналыстың орнын халықтың сүйсінген алғысы, Мұқағалидың сілкінген қыран рухы толтырып жібергені анық. Сәбилік аңғал мінез-ай десеңші…
Сол сәбилігінен арылмаған күйі Тұр­сынғазы да пайғамбар жасынан асты. Міне, тағы да Мұқағалидың өлеңдеріне жазылған 30-дан астам әнінің дербес концертін өткізудің қарсаңында. Айырмасы, бұл жолы әнді оның өзі емес, республиканың түкпір-түкпірінен жиылған достары мен шәкірттері орындайды. Ұйымдастырған да сол әнші айналайындардың өзі. Өнер адамы үшін қандай бақыт десеңші! Мұндай құрмет әркімнің маңдайына жазыла бермейді. Мүмкін, Мұқағалидың қыран рухы қолдаған шығар. Мүмкін! Ұзағынан сүйіндірсін қызығыңды, сәби мінезді, бала көңілді дос!

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
филология ғылымдарының докторы, профессор.
АСТАНА.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір