• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 15:45:48
Алматы
+35°

24 Қазан, 2016 Әлеумет

Қазақстандағы жол қауіпсіздігі халықаралық ұйымдарды да алаңдатуда

Жуырда Алматыдағы "Тянь-Шань" қонақүйінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің ұйымдастыруымен "Денсаулықтың үздік көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін қауіпсіз және салауатты көлік қозғалысы" деген тақырыпта халықаралық жиын өтті. Бас қосуда Қазақстандағы көлік қозғалысының қауіпсіздігі  кеңінен талқыланды. ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілдік басшысы д-р Мелита Вуйнович, Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Уәлихан Ахметов, ДДСҰ-ның Еуропалық бюросының менеджері Динеш Сэтхи, Травматология және ортопедия институты басшысының орынбасары Ержан Искаков, ҚР Бас прокуратурасы Құқық қорғау органдары академиясының өкілі Жантемир Шакиев, т.б. сөз сөйлеп, көшедегі және қала аралық жолдардағы көлік қатынасы мәселесі төңірегінде баяндама жасады. Халықаралық басқосуда БҰҰ-ның ЮНИСЕФ Балалар қоры ұсынған " Балалар үшін қауіпсіз қала" жобасы, Алматы қаласы әкімдігінің "Смарт сити" бағдарламасы талқыланды.

 

Автокөлік көбейген сайын апатты жағдайлар да өсуде

Қазіргі таңда әлем бойынша 1,25 миллион адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмады екен. Көліктердің кесірінен қаза болғандар саны жөнінен кірісі төмен немесе кірісі орташа елдер алда тұр. Бұдан бөлек, жыл сайын 20-50 миллион адам жол-көлік оқиғасы салдарынан жараланады.  Егер жол-көлік оқиғаларын азайтпаса 2030 жылға қарай бұл адам өліміне себеп болатын жетінші көрсеткіш деңгейіне көтерілмек.

"Еуропалық деректерде" және 2015 жылғы "Әлемдегі жол қозғалысының қауіпсіздік жағдайы туралы" баяндамада 53 мемлекеттегі ахуал қарастырылған. Баяндамада ДДСҰ-ның еуропалық өңірдегі жол-көлік оқиғасын азайтуға бағытталған жобалары сәтті жүзеге асқаны көрсетілген. 2010 жылдан бері еуропалық аймақта жол-көлік оқиғасынан қаза табу факторлары 2013 жылмен салыстырғанда 8,1 пайызға кеміген.  

Қазақстанға келсек, жол-көлік оқиғалары салдарынан адамдардың мерт болу факторлары автокөліктер санының өсуімен бірге көбейіп барады. Қаза тапқандардың басым бөлігі жұмысқа қабілетті жастағылар. Республика ауруханаларына түскендердің 1/3 жол-көлік оқиғасынан жараланғандар. Мамандар республика жолдарында қаза тапқандар санының өскені сонша, Сирия мен Ауғанстандағы соғыста мерт болғандармен теңесуге жақын екен.

2013 жылы Қазақстанда жол-көлік оқиғаларынан 3233 адам қаза тапқан. Яғни, күніне 9 адам жолда бақилық болды деген сөз.  Бұл өлім көрсеткіші 100 мың тұрғынға 15,5-тен келеді деген сөз. Ал Швецияда осы мерзім ішінде 100 мың адамға 2,8 көрсеткіші тән. 3233 қаза табу оқиғасының 61 пайызы  (1972 адам мерт болған) төрт дөңгелекті көліктердің кесірінен болған.  23 пайызына (744 адам) жаяу жүргінші кінәлі екен.

 

Жол-көлік оқиғасын қалай азайтуға болады?

Мамандар максималды жылдамдықты 5 пайызға азайтқан жағдайда адам шығыны 30 пайызға кемитінін айтады. Қалада рұқсат етілген максималды жылдамдықты 60 км/с-тан 50 км/с деңгейіне жеткізу керек. Ал мектептер мен тұрғын үйлердің маңында 20 км/с-қа дейін азайту қажет. Алдыңғы орындықта қауіпсіздік белдігін қолдану адам шығынын 50 пайызға азайтатынын зерттеулер дәлелдеген. Ал артқы орындықта қауіпсіздік белдігін тағу кісі өлімін 75 пайызға дейін болдырмайды. Сондай-ақ  балаларға арналған қауіпсіздік құрылғылары бүлдіршіндердің жол-көлік оқиғасынан қаза табуын 54-80 пайыз деңгейде болдырмайды. Жол көлік оқиғасының орын алуына негізі факторлар — жүргізушілердің жол ережелерін мұқият сақтамауы, ішімдік ішіп жолға шығу және жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі.

Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, Республика бойынша жол-көлік оқиғаларының 30 пайызы Алматы қаласында орын алатыны анықталған. 2015 жылы Алматыда 3 565 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл республика бойынша жоғарғы көрсеткіш. Жол-көлік оқиғасы Солтүстік Қазақстанда (166)  аз екен.

Жолкөлік оқиғаларының негізгі себептері өзгеріссіз қалуда. Апатты жағдайға 90 пайыз жағдайда жүргізуші кінәлі екендігі анықталған. Өткен жылы жүргізушілердің кесірінен 11 174 апат орын алған. Олардың 386-сы ішімдік ішкен немесе наша шегіп көлікке отырған. Кеңес Үкіметі кезінде автобус, троллейбустардың жүргізушілері отыратын кабинасына "Жүргізушіге кедергі келтірмеңіз!", "Не отвлекайте водителя!" деген ескертпе жазу ілінуші еді. Ол уақытта қоғамдық көлік жүргізушілері бар назарын көлік айдауға аударатын.

 

Жапонияда ұялы телефон ұстамаған жүргізушіге ұпай беріледі

Бүгінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің ұялы телефонмен сөйлесіп, тіпті хабарлама жазысып көлік айдайтынын көріп жүрміз. Осы орайда шет елдік тәжірибеден үлгі тұтар мысалдар келтіруге тура келеді. Жуырда Жапонияның Toyota Motor корпорациясы KDDI телекоммуникациялық компаниясымен бірігіп, сондай-ақ Komeda кафелер желісінің қолдауымен Driving Barista деген құрылғы жасап шығарды. Бұл құрылғы жүргізушілерді көлікті айдау кезінде смартфоннан бас тартуға мәжбүрлейді. Жаңа мобильді қосымшаны кез-келген смартфонға орнатуға болады. Жүргізуші бұл қосымшаны пайдалану үшін көліке отырарда смартфонын төңкеріп қоюы керек.

Смартфон төңкеріліп жатқан кезде жүргізушіге жүрген уақытына қарай ұпай жиналады. Жүргізуші ұялы телефонды пайдаланбай 100 шақырым жүріп өтсе, Komeda кафесінен тегін кофе ішу мүмкіндігіне ие болады. Бұдан кейін жүргізушіге әрбір 200 шақырым үшін осы кафеден тегін кофе ішуге арналған купон беріледі. Ал жүргізуші көлік ішінде байқаусызда смартфонына қол созса, жинаған ұпайлары күйіп кетеді екен. Аталмыш жоба жуырда Жапониядағы ең көп жол-көлік оқиғасы тіркелген Айчи префектурасында жүзеге аса бастады.  

 

Көлікте тамақ жегені үшін жазаға тартылды

Жол сапасы жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған Ұлыбритания жолда мерт болғандардың саны жөнінен  ең төменгі көрсеткішке ие. 100 мың тұрғынға 5,4 деңгейде. Бұл елде 1970 жылдан бері жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар саны азайып келеді. Жаяу жүргіншілерді көлік қағып кету оқиғасы 40 жылда 78 пайызға азайған. Бұл елде көлік айдап отырып темекі шегуге, тамақ ішуге болмайды. Ақпарат құралдарынан белгілі болғандай, Солтүстік Уэльсте автокөлік айдап бара жатып, макарон жегені үшін голландиялық жүргізуші сегіз аптаға қамалды. Жүргізушінің көлік ішінде тамақ жеп отырғанын полицей тікұшағы байқап қалған.  

АҚШ-та да жол-көлік оқиғалары азаюда. Бұл мемлекеттің барлық штаттарында ұялы телефон ұстап көлік айдауға тиым салынған. АҚШ-та көлік айдап отырып балағаттасқан жүргізушілер туралы ақпаратты полицияға жеткізу үшін арнайы телефон нөмірі іске қосылған.

Иә, жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек құзырлы органдардың жұмысы емес. Бұл бүкіл ел болып атсалысатын, қоғам болып ойланатын іс.

 

Шарафат Жылқыбаева​

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір