• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 17:26:06
Алматы
+35°

24 Қазан, 2016

Берік Айтжанов неге сұхбат бермейді?

Бүгінде Берік Айтжановты қазақ киносының айнасы деп жүрміз. Бірақ, о тоба, соған қарамастан ол туралы былайғы жұрт жарытып ешнәрсе білмейді. Иә, Алматыда өскен...

Бүгінде Берік Айтжановты қазақ киносының айнасы деп жүрміз. Бірақ, о тоба, соған қарамастан ол туралы былайғы жұрт жарытып ешнәрсе білмейді. Иә, Алматыда өскен. Әкесі агроном. Ортаншы ұл. Өзінің де отбасы бар. Он нешеме жылдан бері әкемтеатрдың актері. Тағы? «Иә, ғашық болғышпын» дейді ол. «Бірақ, ол туралы айтып, әйел затына қырындау табиғатымда жоқ, сырттай ғана ғашық болып, әдемі сезімдердің әсерімен жүргенді ұнатамын» дейді. Қайдан біткен сырбаздық?..

Кез келген журналист біледі: «Айтжанов сұхбат бергенді ұнатпайды». «Айтжанов телевизиялық хабарға қатыспайды». «Анау да шығып жүр ғой, одан менің қай жерім кем?» дейтін алаөкпелік онда жоқ. Ол біреулер сияқты ішкен­жегенінің бәрін интернетке ақтара бермейді. Интернетіңіз не, жүрегін алақанға салып, «Сіздің өнеріңізге тәнтімін» деп жатқандарға, ізет белгісі ретінде жымиып қана: «Алғысым шексіз» деуден әрі аспайды. Оны өзгелерден ерекшелендіретін де осы мінезі: біртоға, тұйық, оқшаулау. Журналистер ренжіп жатады, сұхбат бермейді, өркөкірек екен, жұлдыз ауруына шалдығыпты деп. Айналайындар-ау, өнер адамының бәрі арзандап, “қолжетімді” болып жатқан кезде өз биігін сақтайтын жандар да керек шығар?

Қазір қоғам емес, адамның өзі өзіне тауар ретінде қарайтын болды. Қайда қарасаң өзін сатуға тырысқан жұрт. Өйткені, «арсыз болмай атақ жоқ». «Жұлдыз» деген кәсіп иесі пайда болды: ән айтады, киноға түседі, концерт пен хабар жүргізеді, әлдебір мағынасыз шоуға қатысады, кісімсіп отырып өресіз әңгіме айтады және сол өресіздігінен арланбайды да. Бет саудасы қайда, ол сонда. Нағыз «жұлдыз ауруы» деген сол. Өз орныңды білмей, жұлдыз екенмін деп алданып қалу. Ал, Берік Айтжановтікі – зиялылық. Өзінің қадірін білу. «Елге берерің, тамсандырып тастайтын ой-пікірің болмағаннан кейін тек өзіңді көрсету үшін шыққанды қаламаймын» дейді. Өзінің жан­дүниесін ақтарып салмайтын осындай актерлер ғана мынау санасыз қоғамда өзін сақтап қала алады.

Айтжанов өнерге кино үшін келген, кино актері ретінде тарихта қаларына да күмән жоқ. Бірақ, оны актер қылған – театр екенін ұмытпау керек. Қайбір жылы Әуезов театрында марқұм Талаптан Ахметжан ағамыздың «Сұлу мен суретшісі» қойылды. Режиссері Нұрқанат Жақыпбай дегеннен-­ақ мөп­мөлдір дүние көретініміз анық еді. Екінші құрамда болу керек, бас кейіпкер суретшіні Берік Айтжанов сомдады. Ол кезде ешкім танымайтын жігіттің қоңыр даусы, зиялы мәнері көрерменді сиқырлап алғандай көрінді. Біз ойладық. «Кино үшін жаралған актер екен. Жұлдыз болуға лайық». Расында да солай болды.

Ол «Гамлеттегі» Лаэртті ойнаған кезде бұл ізгілікті, бұл парасатты жақтап, Дат ханзадасына кінәлай қарайтын едіңіз. Ол «Ымырттағы махаббатта» Эрих Кламрот болып шыққанда өзінің образын енді тапты­-ау деп ойлайтынсыз. Ол Абайдың ұлы Әбдірахманды ойнағанда өз­-өзіңізден көңіліңіз нілдей бұзылып, ішіңіз алай­дүлей болып кететін. Сыр мен сымбат, келісті тұлға, қоңыр дауыстан бөлек ол қашан да аяулы, жаны ауыратын кейіпкер. Оның әріптес­сахналастары да шетінен «сен тұр, мен атайын»,  бірақ Айтжановтың бойындағы аяулы бола білу қасиеті олардың бәріне беріле бермейді. Дөрекі қылық, анайылық пен жабайылық, бақырып-шақыру, сыртқы формаға салу дегеннің ешқайсысы оның бойында жоқ. Эксцентрика, гротеск оған тән емес.Ол ойнаған Балуан Шолақты да сыншылардың «лирик» дегені есімізде. Сонда ол айтты, «білесіздер ме, маған өзгелердің не дейтіні маңызды емес. Балуан Шолаққа маңдай терім сіңді, соны ғана білемін».

Осы Берікті «Құдаларда» көзәйнек тағып, ойнақтап шыққанын көргенде актердің бір амплуамен шектеліп қалмауға тырысып, жақсы мағынасындағы тентектікке дайын екендігін көріп, риза болатынсыз. Мұнда айтылмаған  қаншама  рөлдері бар…  М.Әуезовтің «Қарагөзінде» — Сырым (реж. Б.Атабаев), С.Балғабаевтың «Сағыныш пен елесінде» — Арман (реж.Ә.Рахимов), И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» — Абзал (реж. Е.Обаев), Т.Мәмесейіттің «Бәкей қызында» — Сейіт (реж. Ә.Рахимов), М.Әуезовтің «Қилы заманында»  — Әубәкір (сахналық нұсқа Н.Оразалин, реж. Ә.Рахимов), И.Сапарбайдың «Қыз мұңында» — Жарқын (реж.Е.Обаев, Т.Аралбай), И.Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?..» спектаклінде — Абай (реж.О.Кенебаев),  М.Байджиевтің «Қылмысында» — Темір (реж. О.Ақжарқын-Сәрсенбек), А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеуінде» — Вершинин (ауд.Ә.Бөпежанова, реж. Р.Андриасян, А.Кәкішева)… Қай-қайсысы да осал образ емес және бояуы бір-біріне ұқсамайтын, табиғаты бөтен рөлдер. Және ең тамашасы, Берік Айтжанов кинофестивальдардың «қызыл кілеміне» жарасатын тұлғасымен театрдағы көпшілік сахналарда елмен бірге билеп жүреді. Аздап танылса, көпшілік сахналарына қатыспаймын деп асқақтап кететін актерлердің жанында. Оның  театрға деген құрметі қошеметке лайық. Қазіргі көп актерлердің негізгі мақсаты сол танымалдылық, жұлдыз статусы, ал, Берік Айтжановтың түпкі мақсаты — жетілу. Актер ретінде, кәсіби тұрғыда өсу, өзгелерден осы жағынан биік болу.

2008 жылы Ақан Сатаевтың «Ағайындылар» сериалы түсірілді. Айтжановқа үлкен ұлдың, Шыңғыстың рөлі берілді. Оның қалың көпшілікке танылуы да осы рөлмен байланысты. Мұнда да сол зиялылық, білімділік, парасат пен интеллект мен мұндалап тұратын. Оның табысының құпиясы – көрерменнің өзі бір кезде жоғалтып алған, көрерменнің өзіне жетіспейтін қасиеттер оның бойынан табылады. Актердің кейіпкерлеріне қарап еріксіз соларға ұқсағың келеді. Ол «Мұстафа Шоқайдағы» Байдрахманды ойнағанда да «неге бұл жігіттің сахнасы аз» деп ойлайсыз. Ол «Ликвидаторды» ойнағанда да оның қой көздеріндегі жұмсақтық жоғалып кеткен жоқ. Ол жаратылысынан романтикалық, азап шегуші амплуаның актері, сондықтан да ол ойнаған Махамбет те батырлықтан ақындығы басым. Олжас Сүлейменовтің сценарийімен бұл фильмді 2005 жылы Сламбек Тәуекел түсірген болатын. Берік Айтжанов сұхбаттарында: «Сол фильмнің халыққа кеңінен таралмағаны да дұрыс болды, ол кезде менің қазіргідей машығым жоқ еді ғой» дейді. Бұл да болса ұяты бар актердің сөзі.

Рөлге деген жауапкершілігі, кейіпкержандылығы кешегінің актерлерін еске түсіреді. Айтжанов «Ликвидаторға» (реж. А.Сатаев) дайындалғанда бір жарым ай бойы бөтен пәтерде қамалып алып, кейіпкеріндей өзі де кісікиік болып кетеді. «Біраз уақыт сомдаған рөлімнен шыға алмаймын. Бәлкім, ол рөлім шынайы шықсын, халық сенетіндей болсын деп барымды салғанымнан да шығар. Ол сенім кезекті кинодағы басқа рөлді алғанда ғана басылады. Көп уақытым сондай ішкі арпалыстармен өтеді». Қазір актер көп, бірақ әр рөліне дейін және одан кейін жұмысына осыншама ыждаһатпен қарайтын сырбаз актер аз. «А-ға оралу» фильмінде (реж.Е.Кончаловский) біз оның образынан кеңестік кезеңдегі батырды көрдік. Өзбек актері Сейдолла Абдоллаев екеуі иық тірестіре, бәсекелесе жүріп ауған соғысында болған қазақтың образын ойдағыдай шығарды.

«Тракторшының махаббаты» сериалында оны «тракторшыға ұқсамайды» деп жазғырды. Қанағат Мұстафиннің «Он алты қыз» комедиялық фильмінде ойнағанда да сіз сондай образды көресіз. Аяулы, күлдіре алатын, бірақ күлкі болмайтын. Айналайындар­-ау, ол тракторшы емес. Одан Қанат Әлжаппаров, не Тұрсынбек Қабатов ұсынатын қарабайыр әзіл деңгейіндегі образ күтіп керегі жоқ. Берік Айтжанов ондай тракторшыны ойнай алмайды да. Ол – талантының жетпегенінен емес, жай ғана Айтжановтың табиғаты бөлек. Ол қазақта Молдабековпен, орыста Янковскиймен салыстыруға келетін зиялы ойын мәнерінің өкілі. Сондықтан мұндай арзанқолдау жобаларға оны кейде қимайсың.

Әзірге Берік Айтжановтың ең маңызды, ірі жұмысы, осы күнге дейінгі еңбегінің шыңы Сатыбалды Нарымбетовтің «Аманат» фильміндегі Ермұхан Бекмахановтың рөлі. Бұл расында бүгін көріп, ертең ұмытып кететін бір күндік дүние емес. Ұлтың, тарихың, болмысың туралы ойланған сәтте, әлсін-әлсін көз алдыңа келе беретін терең туынды. Сондай-ақ, ол сомдаған Ермұхан Бекмаханов та көз алдыңызға келе береді. Дәл бір естеліктердегі Ермұхан сияқты, Берік Айтжанов сұңғақ бойлы сері ғана емес, аңғал көңілді, адал, осы адалдығымен де қорғансыз азамат болып шыға келеді. Ол сомдаған Бекмахановтан актерлік азаптануды көресіз. Басты рөлдің бірі, ҰҚҚ Бучин рөліндегі Әзиз Бейшеналиев екеуінің ырғасатын эпизоды бар. Анау тісқаққан актер. Берік те қалыспауға тырысады. Ең соңында, сценарий бойынша ол жеңілгенде, өз қаламымен өзіне үкім жазып жатқанда, көзінен тырс етіп жасы тамады. Бүкіл фильмнің бойында күллі сынақтарға үнсіз шыдап, сабырлылықпен тосып келгенінің өтеуі. Қазақ өзі сезімтал болғанымен, сезімін білдіруге келгенде сараң халық. Берік Айтжановтың рөлдерінде осылай, үнсіз, көзбен ғана түсінісе алатын тереңдік бар.

Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильміндегі Лұқпан рөлінде де сондай. Көп тұсында, әсіресе, кішкентай Ілияспен арасындағы үнсіз қақтығыстары Берік Айтжановтың жанарындағы қайнап жатқан өмірдің, ойдың арқасында түсінікті. Оның образы арқылы біз батырдың сынуын, азаматты жүйенің сындыруын көрдік. Оның алғаш пайда болған көрінісін алыңызшы. Ат үстінде, еркін де батыл. Енді соңғы көрінісін алыңыз. Жыртық шалбарының балағы желбіреп, қолын көтеріп, шет елдің жағалауында тұрған дәрменсіз адам. Ілиясты желкесінен іліп алатын сәтінде қандай батыр тұлғалы еді, інісін атқан ауылдасын қамшымен қойып қалғанда қандай әбжіл еді. Ал, мына көріністе, өзінің қанын, ұрпағын, беймәлім болашаққа өз қолымен жіберіп тұруы шарасыздығын мойындау еді. Бұл, тоталитарлық режимнен теперіш көрген батыр, бостан, аңғал қазақтың жинақтаушы бейнесі.

Осындай ел алдында, ұрпақ алдында аманат арқалаған образдар Айтжановтың биографиясында көбірек болса екен дейміз. Өйткені, жылтыр кино, елге бір сәттік алданыш болатын киноның өмірі де қысқа. Ал «Аманат» пен «Анаға апарар жол» сияқты халықтық киноның тағдыры бөлектеу. Әрине, «Махамбеттегі» Берік пен «Аманаттағы» Берікті салыстыра алмайсыз. Алғашқыда батыр емес, көздері үркек көрінетін Берік, қазір жанары шешен, терең әңгімелер айта алады. Бірақ, бұл оның мүмкіндігінің шегі емес. Актер — өсу үстінде. Өзі де біледі, әлі де өсе түсу керек. Біз, өз кезегімізде, оған мүмкіндік беретін сценарийлер мен режиссерлерді тілейміз.

Авторы: Әсия Бағдәулетқызы

Материал atr.kz сайтынан алынды.  Әуелгі тақырыбы  – "Аманат арқалаған актер".

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір