Үш күн бұрын Ресейлік бір сайтта «Екі ағайынды халық татулығына сызат түспекші» деген тақырыппен материал жарық көрді. Орал казактарының Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына орыстың тарихи атауларының қазақшаға аударылуына жол бермеуге өтініш айтқан хатын қазақтың жоғын жоқтауды мақсат тұтқан qamshy.kz порталы ел назарына, ел талқысына ұсынады.
"Біз, Ресей Федерациясында өмір сүріп жатқан Орал казактары, Отанымызда орын алып жатқан оқиғаларға үнемі қызығушылық танытамыз. Соңғы естіген жаңалығымыз жанымызды жабырқатты, көңілімізге қаяу түсірді. Сондықтан да әртүрлі жерде тұратын отандастарымыздың үндеуіне қосыламыз".
"Шығыс Қазақстан облысы мен Орал қаласының бұқаралық ақпарат құралдарының берген мәліметтерінен Орал қаласындағы көше, облыстың тарихи елді-мекендерінің атауларын жаппай қазақшаландыру науқаны ұйымдастырғалы жатқанын білдік. Жауапты тұлғалардың айтуынша, 2016 жылдың аяғына шейін жергілікті халықтан алынған сауалнама нәтижесі бойынша атауларды өзгерту-қазақшаландыру науқаны жүзеге асады. Жоспарланған өзгертулердің ішінде Орал жерінің үш-төрт ғасырлық ғұмырынан келе жатқан тарихи елді-мекен және топоним атаулары бар".
"Сіз Орал жеріне жиі ат басын бұрасыз. Оралдың тарихы мен дәстүріне сүйсінгеніңіз есімізде. Орал Қазақстанның ең ескі қалаларының бірі екендігі белгілі. Орал маңы ежелден әртүрлі тарихи оқиғалардың куәгері болды, тағдыр жазуымен осы маңға қоныс тепкен әртүрлі этностардың кіші Отанына айналды. Жайық өзенінің алқабындағы елді-мекендердің славян атаулары түрік атауларымен қатар Қазақстанды орыс және еуропа мәдени қоғамына таныстырған орыс мәдениетінің танымал қайраткерлері Пушкин, Даль, Толстой, Короленко, Шолохов жайлы сыр шертеді. Пугачев көтерілісіне жергілікті түрік халқы: қазақтар, ноғайлар, татарлар, башқұрттар да қатысқанын да еске салғымыз келеді".
"Ежелгі казак елді-мекендердің атаулары славян менен түрік тамырынан бастау алған Орал-Жайық казактары феноменінің көпғасырлық мәдени бөлшегі, оның естелігі. Феноменды зерттеуге саналы ғұмырын арнаған Н.И. Малеч, Е.И. Коротин, Н.Н. Щербанов еңбектері Ресейде ғана емес, Қазақстанда да жоғары бағаға ие болып, мойындалған".
"Шығыс Қазақстан республиканың шығыс қақпасы екендігін Орал казактары мақтан тұтады, Бұл аймақ ғасырлар бойы түрік пен славян өркениетінің көпірі іспеттес болған. Шығыс Қазақстан арқылы қазақ даласына озық еуропа мәдениеті мен техникасы келген. Материалды және материалды емес мәдениеттің көптеген ескерткіштері аталмыш жайтты шынайы, обьективті баяндайды. Тарихтың материалдық нысаны болып табылатын топонимдер аталмыш аймақта дами қоймаған ағартушылық және туристік қызметтің кетігі әрі мемлекеттің мұрасы".
"Аймақтың елді-мекен атауларының атын өзгертуді жергілікті билік оған сәйкес білімі жоқ, атаулардың шынайы бағасын білмей, материалды емес мәдениеттің ескерткіші екендігін түсінбей отырған жергілікті ономастикалық комиссия құзырына тапсырғандарына біз бүгін қатты таңданып отырмыз".
"Қазақстан Республикасы бүгінгі таңда өзін өркениетті, мультимәдениетті, толерантты, болашаққа бет алған мемлекет ретінде көрсетеді. Сіз өз сөзіңізде Қазақстан оны мекен еткен барша ұлыс, мәдениеттің мұрагері, сан ғасырлық тарихы бар жас мемлекет екендігін айтқан едіңіз. Біз Қазақстанның жеке жобаларын іске асыруымен, өз туристік индустриясын дамытумен қатар мәдени мұраны қорғау бойынша халықаралық бағдарламалардың қатысушысы, ЮНЕСКО-ның мүшесі, ескерткіштер мен көрнекі орындарды сақтау жөніндегі ИКОМОС-тың тізіміне енген көрнекі жерлер мен ескерткіштерді сақтау бойынша халықаралық кеңестің мүшесі екендігін білеміз. Алайда дәл қазір "артық қыламын деп тыртық қылды" оқиғасы орын алуда. Себебі бұл көрнекі жерлер мен ескерткіштерді сақтау бойынша республика мойнына алған жауапкершілік-міндеттерге қайшы. Нәтижесінде Қазақстанның өзіндік тарихи кескін-келбеті жойылуда, ұлтаралық мәселелер ушығуда, қауіпті спекуляция мен провокацияларға себеп тууда, ағайынды орыс пен қазақ халқының татулығына сызат түсуде".
"Республика билігі, ғылыми және мәдени қоғам осы бір шетін мәселе-сұрақ төңірегінде біздің уайымымызды бөлісе отырып, шекарада орналасқан аймақтың тұрақтылығы мен тыныштығын сақтауға сеп болатын формаға емес мазмұнға сай дана, өркениетті шешім қабылдайды деген үміттеміз".
Хатқа қол қойғандар:
Атаман А.Н. Портнов – Соболевкая станицасы. Орынбор облысы, Первомай районы;
Атаман С.Н. Тыщенко – Ташлы хутор. Орынбор облысы, Ташлинский районы;
Атаман В.В. Сизов – Благодарновская станицасы. Орынбор облысы, Ташлинский районы;
Атаман В.А. Лебедев – Георгивский хуторы. Орынбор облысы, Соль-Илецкий қалалық округі;
Атаман Н.А. Подковыров – Колтубановский елшілік хуторы (У(Я)КВ. Орынбор облысы, Бузулукский қалалық округі;
Атаман В.В. Ныч – Санкт-Петербург елшілік хуторы (У(Я)КВ. Санкт-Петербург қ.
Атаман А.В. Сухих – Богородский елшілік хуторы (У(Я)КВ. Мәскеу облысы.
Атаман Г.К. Черыкаев – Самар елшілік хуторы (У(Я)КВ. Самар облысы.
Атаман Д.А. Денисов – Пензенский елшілік хуторы (У(Я)КВ. Пенза қаласы.
Атаман В.П. Колузанов – Кашпирский елшілік хуторы (У(Я)КВ. Сызрань қаласы.
Атаман Н.А. Макаров.
Аударған: Жазира Байдалы
Пікір қалдыру