• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 19:46:56
Алматы
+35°

25 Қазан, 2016 NEWS

Мырзан КЕНЖЕБАЙ. Қазіргі жастар қазақтың келешегі ме?

Қай ел, қай ұлт болса да тәуелсіздік алсақ дегенде көкейінде, көңіл түкпірінде не тұрады деп ойлайсыз? Адамнан жасырсаң да Құдайдан жасыра алмайсың, ол ...

Қай ел, қай ұлт болса да тәуелсіздік алсақ дегенде көкейінде, көңіл түкпірінде не тұрады деп ойлайсыз? Адамнан жасырсаң да Құдайдан жасыра алмайсың, ол  ұлттың сондағы бар мақсат-мүддесі, арман-қиялы өзі өзге бір  елдің отары болған дәуірде жоғалған  ұлттық тәрбиесін, ұлттық салт-дәстүрін, ұлттық сана-сезімі мен осынау жарық дүнияға деген ұлттық көзқарасын қалпына келтіру, ұлтын жер бетінен жойылып кетуден сақтау екені рас. КСРО құлаған бойда (1991 ж) ол мақсат-мүддесіне жету үшін жедел де  батыл іске кірісіп, бүгінде сол арманына қол жеткізіп отырған елдер аз емес. Алайда, қанша жерден тәуелсіз елміз деп қысы-жазы той-тойлап, күмпілдетіп миллиардтап ақша шашса да ұлттың киелі де дегдарлы  ерекшеліктерінен тіпті, мен сондай ұлт өкілімін деген ұлттық намысынан айрылып бара жатқан  ұлттар да бар. Бүгінде Ресейден тәуелсіздік алған басқа ұлттармен салыстырғанда осындай қапалы күй кешіп отырған ұлт екеу болса, соның біреуі қазақ па деп қорқамыз. Бұл көкірегі ояу, ұлттық санасын кір шалмаған қай қазаққа да ап-анық көрініп-ақ тұр. Біз  25 жыл ширек ғасыр ішінде ең болмаса тіліміздің де толық тәуелсіздік алмағанын көре тұра нағыз жалаң ұраншыл, жалған дақпыртшыл, өз өтірігіне өзі  иланып үрлеген местей қампиятын, біреу «айтақ!» деп ұран тастаса іліп әкетіп ұрандата жөнелетін әрі дарақы, әрі далақбай мақтаншақ ұлтқа айналдық па деп қорқамыз.  Әсіресе, бүгінгі қазекемнің бір-бірімен орысша сөйлеуді даража көретіні, не екі сөзінің біріне «вообще», «короче», «нормально», «хорошо», «давай» сияқты орысшаларды қыстырып, біреуі түшкіріп жіберсе де оған  «будь здоровты» қазақшалап «Са-а-ау болыңыз» деп, еркегі әйелін «жолдасым» деп өзін-өзі әуреге салып сөйлейтіні қандай жиренішті десеңізші. Сырт көз сыншы ғой, осының бәріне былайғы жұрт, яғни, өзге ұлт өкілдері іштей кекетіп, тіпті, мырс-мырс күліп жүретінін де байқамайтын халге түсті, бүгінгі қазекем. Ал Ташкент шаһарына қыдырып барып дүкен сатушысынан керек-жарағын орысшалап сұраған қазақтарды өзбек бауырлар «О, анаңны... Бұ қазақларның һәммасы русча гәпірәр екен, а! Бұларға немә бәле болған жүдә» дегенін естігенде есі бар қазақ еңіреп жылайтындай күйге түстік. Еңіреп жылайтын жағдайға әсіресе, бүгінгі қазақ жастары түгелге жуық бір-біріне орысша сөйлеп бара жатқанын көргенде тап боласың. Бүгінгі  қазекем бүкіл телеарналар орысша сампылдап тұрғанын, қазақ мектептерінде оқитын ұл-қыздары бір-бірімен орысша сөйлесіп шуылдап жүргенін көре тұра, «жоқ, шүкір, қазақшаға көшіп келеміз ғой»-деп мәймөңкелейтінін қайтерсің.

          Иә, осының бәрін көре тұра зейнетақысы өзгелерден сәл де болса тәуірлеу, азды-көпті табысы бар шаруашылық немесе дүкен ашып алғанына, қарны тоқ, көйлегі көктігіне мәздер мен үкіметтен үйден-үй, атақтан-атақ алған, қазақша  сөйлемейтін,  сөйлесе жүрдім-бардым қазақшасы ғана бар балаларын әйдік-әйдік қызметке қойғызып алған ғалым, жазушы, бұрын партия қызметкері болған ақсақал-қарасақалдар «Мен жастарға сенемін», «Жастар –біздің болашағымыз» деген желдірме ұран сөздерді бірінен-бірі қағып алып, теледидардан, баспасөзден айтатын жалған уағызы мен жалған  насихатына айналдырып алды. Иә, жалған  дейтін себебіміз  көшеде, көлікте бет-аузын қисаңдатып, былапыт сөзді сапырып, бірі «братан», «сестренка» деп бақылдап, ал базарда «Дәр-рө-өгу» деп арба сүйретіп жүрген жастарды қазақ ұлтының келешегі деу қиын екенін ол ақсақалдар көрмей-білмей жүрген жоқ. Шынына келсек, бұл олардың өздерінше ел тыныштығын ойлағансыған, ақсақалдық айтқансыған түрлері ғана. Әйтпесе, бүгінгі ұрпақтың күннен-күнге тілінен де, ділінен де, дінінен де, ата-дәстүрінен де айрылып баратқанын, айрылмағандары көше тазалап, дардай жігіттері ойыншық, әртүрлі ұсақ-түйек сатып, тіпті аш-жалаңаш қалмау үшін ұрлық-қарлық, алаяқтық сияқты алуан қылмыстарды кәсіпке айналдырғанын әлгі ақсақалдар сіз бен бізден кем білмейді. Сонда да «Мен жастарға сенемін» деген сөз ауыздарынан түспейді. Олар өздерінің бұнысы жәй жәдігөйлік екенін,  ұрпағымыз азғындап барады, тіл соңғы 25 жыл ішінде өз күшіне мінбек түгіл өлмеші күйге түсіп, енді үкімет қазаққа үш тіл, төрт тіл үйретуге кіріскеннен бері жойылуға айналды десе, жоғарыдағыларға жақпай қалатынын, сол сөзі өздерінің  қызметтегі балаларына кесірі тиіп кететінін жақсы білгендіктен де жұртты сөйтіп алдарқатып қойғысы келеді. «Мен жастарға сенемін» дегенді Мағжан ақын айтса, бірнәрсеге сүйеніп, не өмірдің әлдебір сәтінде бір жағдаятқа байланысты айтқан да шығар. Бірақ соны бүгінде бүкілхалықтық, бүкіл ақсақалдық ұранға айналдыруға бола ма? Иә, ұрпағының ұлттық түр-тұлғасы, тілі, жандүниесі бұзылмаған замандарда ата-бабаларымыз «Жастарға сенейік», «Жастар аман болсын» деген. Мысалы, Арал-Шалқар өңірінен соғысқа аттанған бір қазақ азаматының мына бір өлеңі әлі ел аузында. Ол анасына мені көп уайымдай берме дей келіп:

         

              *    *    *

Көңіліңде–Қайғы, көзде –жас

          Сағындың ба, жан ана

          Сабырдың суын себе гөр

          Жаныңдағы жараңа.

          Арғымақ кетсе артында

          Үкілі құйрық тайың бар

          Қаз-қаздаған қарғашым

          Жеткізер бір күн қараға, -деп басу айтады. Ол бейбақ бұл жерде өзінің артында қалған 1 жасар қаз-қаздаған қарғашын – ұлын «арғымақтың  артындағы «үкілі құйрық тайың»деп әуелі Аллаға, сосын сол  қаз-қаз басқан қарғашына сеніп айтып отыр. Оның өз сәбиіне сенетін себебі де бар. Өзі Алланың әділдігіне, рахымдылығына, артындағы салт-санасы, тілі, діні бұзылмаған еліне сенетіндіктен ол өзі шаһид боп кетсе де артында қалған 1 жасар сәбиіне әке орнына- әке, ана орнына-ана болатын, ұлттық сана-сезімі, ұлттық тәкаппарлығы, ұлттық ар-намысы бұзылмаған қалың қазағының тәрбиесін көріп өсетініне сенді.. Ал бүгін тілінен де, дінінен де, ұлттық тәрбиеден де жұрдай, мына жер –тек қазақтың жері, оның бүкіл қазына-байлығы ең әуелі қазақтікі деген намыстан мақұрым болған жастарды көзі көріп отырған бүгінгі ақсақал академиктер, депутат қарасақалдар «Мен жастарға сенемін!» «Жастар біздің болашағымыз» дегенді неге, кімге сүйеніп айтып жүр. Әлде олар әлгі жоқтан-бардан, ойдан-қырдан құрастырылған 130-140 ұлт дегенді айтып отыра ма? Мұндай ақсақалдар өздерінің бұл қылық-қылуасын саясаткерлігіміз деп те ойлайтын сияқты.

          Иә, ақсақал адам әр сөзін ойланып,  көкірегінде пісіріп, қай нәрсенің де әділін айтуға ден қойып сөйлегені ләзім. Олар өйтпеген күнде бүгінгі ұрпаққа да, ертеңгі ұрпаққа да орасан зор-залалын, зиянын тигізеді. Өйткені, алып мұхиттардың өзінде кейінгі толқын  алдыңғы толқынның ізімен жүріп отыратыны сияқты адам баласы да өзінің алдындағыларға қарап өседі және адам баласы өзінің алдындағылардың ең жаман, ең зиянды әрекеттерін жылдам, әрі оңай қабылдайды, соған еліктейді. Әрі жәдігөй, әрі алаяқ, әрі ұяттан, ұлттық тілі мен ұлттық мінез-құлқынан мақұрым, намысы жоқ, сөзінің еш фәтуасы жоқ, парықсыз, сатқын ұрпақ солай қалыптасады. Бұның ақыры ұлттың жер бетінен жойылып кетуіне әкеп соғады. Бұл – бір.

          Екіншіден, бүгінгі ақсақалдар қазіргі қазақ жастарының жүріс-тұрысындағы жан шошырлық өрескелдіктерді, олардың сөз саптауындағы былапыт пен ластықты, мен қазақпын ғой демейтін өз ұлтына деген селқостықты, керенаулықты, келеңсіздік пен толып жатқан жан жирендіретін сорақылық пен дөрекілікті, көргенсіздікті, соған қоса сауатсыздықты, ұлттық намыссыздықты көрмей, білмей отырған жоқ. Өз ұрпағының,  немере- шөберелерінің бойындағы бұл қасіретті көріністі олар үйінен алысқа бармай-ақ, таяғына сүйеніп есігінің алдына шыға сала-ақ көріп жүр. Ол былай:

          Есік алдында бөбектер ойнайтын алаңқайдағы орындықтарда, әткешектерде, күркелерде жанына бір-бір «кока-кола», «пепси-кола» немесе сыра шишаларын, бір-екі қорапша «Соуверен» не «Мальборо» темекісін қойып, көк түтінді бұрқыратып отырған жап-жас ұлдар мен қыздар. Шыққыр көзің көріп тұрғаннан кейін, сөздеріне еріксіз құлақ түрсең, айтып отырған әр сөзінің кележағында орыстың үш және бес қаріптен тұратын боқтық сөзі, сосын түрмеден шыққандардың жаргон сөздері. Қолдарын ебедейсіз ербеңдетіп, бет-аузын алуан түрге келтіріп сөйлемесе, өз ойын дәл жеткізе алмай қиналатыны да ап-анық байқалады. Тағы біраз жүрсеңіз, тапа-талтүсте бір-бірінің ішкиімінің  (дамбалының десек бүгінгі қазақтар мәдениетсіз деп сөгеді), ышқырлығына, жігіті қыздың төстартқышына (бюстгалтеріне) қолын сұғып жіберіп көзін тарс жұмып алған  шикіөкпе ұл мен қыз. Тіпті, әрі өткен, бері өткендерді адам екен деп қымсынбайды?

          Бұл – бұл ма?! «Одан да әрмен өткенде» ұзынша орындықта шалқасынан жатқан бозбаланың қос аяғын өзінің қос қапталына жіберіп, үстіне атша мініп алған жап-жас бүлдіршін қызды көресіз. Олар да әрлі-берілі өтіп жатқандарды ит екен, кісі екен деп жатқан жоқ, тіпті бірнәрсе дегің кеп қарасаң, дереу бетіңе бажырая қарап «маған не істейсің, қазір Қазақстанда ашық қоғам орнаған, біз Ресей мен Батыстан үлгі-өнеге алған өркениетті жастармыз» дегенді аңғартып тұлабойыңды көзімен «нахально» тінтіп, түгендеп шығады. Міне, біздің билік басындағылар мен соларды өтірік қолпаштап, «бірлігіміз жарасқан татулығымызды» бұзбауға қызмет ететін ақсақалдардың «Мен жастарға сенемін» деп жүрген бүгінгі жастары осылар.

          Жас ұрпақты үйде ата-ана тәрбиелесе, олардың түздегі тәрбиешісі– мектеп. Бүгінде сол мектептердегі шәкірттердің бойында  ұлтымызда, жалпы мұсылман елдерінде әл-мисақтан қалыптасқан кішіпейілділік, инабат-ізет дегеннің ұшығы да қалмай баратқан сияқты. Бір ғана мысал келтірейік: Қазір жоғары оқу орындары түгіл мектептегі шәкірттер мұғалім мен мұғалиманың көзінше темекі шегіп, аяғының астына шырт-шырт түкіріп тұра береді. Жоғары сыныптағы ұлдар мен қыздар мектеп ауласында осы жасқа келгенше біз естіп көрмеген былапыт сөздерді сапырып тұрады және сол былапыт, жиренішті, боқтық сөздердің бәрі орыс сөздері. Әлемдегі ең озық, ең үлгі-өнегелік  тәрбие қасиетті исламды ұстанған түрік халықтарында қалыптасқан еді. Бұл ұлттық үрдіс-салт, ғадет-ғұрып,  үлгі-өнеге өзбек, тәжік, әзірбайжан, түркімен сияқты түркітектес бауырларымызда әлі де өз күшінде, берік сақталған күйінде тұр. Тек біздер, яғни, қазақтар ғана бұл ұлық тәрбиеліліктен, бұл үлгі-өнегеден бұратола безініп, күнделікті тілмен айтқанда ұлы мен қызы бетімен кеткен, ойына келгенін істейтін,  орысша сөйлесек өзгелерден озық тұрамыз деп ойлайтын ақымақтық түсінікке бой алдырған ұлтқа айналып барамыз. Осының бәрі Қазақстанды Кеңес заманында басқарған басшылардың орыстандыру саясатынан  25 жыл өтсе де әлі де арыла алмай отырғанымыздың кесіріме деген де ойға кетеміз. Әлгі мектеп ауласындағы жастар туралы мысал біз күні бойы көшеде көріп жүрген сұмпайылықтың мыңнан бірі ғана. Қазір Қазақстанға таңертең ұшақпен келген келімсектер кешқұрым бір-бір қазақ қызын қолтығынан алып мейманханадағы нөміріне кіріп бара жатқанын көруге қазақ жігіттерінің де, ақсақал-қарасақалдарының да әбден еті өліп кеткелі де 25 жыл боп қалды. Қыздары да, әлгі жігіттері мен ақсақал-қарасақалдары да  тілінен, ұлттық тәрбиесінен жұрдай мақұрым боп бара жатқан халқымыз бүйте берсе енді қандай күйге түсетінін ойлағанда үрейің ұшып, зәрең қалмайды. Ал біздің үкімет жақтағылар бұл ұлттық қасіретімізге тоқтау салудың орнына, қайдағы бір шетелдік гендерлік саясат деп аталатынды үлгі етіп, әлгі сұмпайылықтың бәрін «еуропаланғанымыздың», «озық елдер қатарына қосылғанымыздың», «жаһанданғанымыздың», «өркениетті бола бастағанымыздың нышаны» деп тіпті, мақтаныш тұтатын сыңайы бар. Биліктің де, әлгі ақсақалдардың да «Біз жастарға сенеміз»-деп жүрген жастары осылар.

          Ұлттық намыс дегеннен шығады, мына бір уақиға есімнен кетпейді. Шалқар қаласындағы қазақ мектебінде тоғызыншы сыныпта оқимын. Мектептен қайтып келе жатып дәл асхананың алдында үстіне майка, бұтына шорт-дамбал киген, бес-алты әлде орыс, әлде еуропалықты қазақтың жап-жас жігіттері оңдырмай сабап жатқанын көрдім. Сөйтсек, әлгілерге біздің жігіттер «Так нельзя ходить» десе, аналар «у нас в Ленинграде так ходят» деген көрінеді. Ал бұлар «а у нас так не ходят» деп бас салып сабаған екен. Ал қазіргі қазекемдер ше? Қазіргі қазекемдер жат жұрттықтарға өйтпек түгіл өздерінің шырпыдай сидиған қыздарының ышқырлығы төмен түсіп майқұйрығы көрініп, семіз қыздарының шолақ майкадан қарны салбырап, кіндігі үңірейіп, бұтындағы бір елі дамбалы абұйырын жабар-жаппас боп тұрғанына да көзі үйренген. Оларға мынауың не деудің орнына басына орамал тартып, ұзын көйлек киген қыз көрсе, әлдебір беймәлім жануарды көргендей үдірейе қарайды. Ал аты күллі қазаққа мәшһүр бір шонжар «Немене орамал тартып бәрің бірдей молда боп кеттіңдер ме?» деп зіркілдеді. Егер ол шонжар өзі ұлттық тәрбие көрген дұрыс адам болса, «Міне, әлгі жалаңаш-жалпы, ашық-шашық жүретін желөкпе бикештер осы орамал тартқан қыздардан үлгі алуы керек» дер еді-ау. Керісінше, ол әлгі жалаңашбикелерді «Еліміздің болашағы, мен осыларға сенемін» дейтін сияқты. Әнебір жылы Жаңаөзен қаласының әкімі қоғамдық орынға, әкімшілікке қыздар мен әйелдердің әлгіндей жалаңаш-жалпы, тәнін ашып-шашып тұратын лыпамен келуіне тыйым салып еді орыс газеттері мен «31 канал» телеарнасының орысша шолушылары әкімді күстаналап шу шығарды. Осының өзі-ақ діні жат, тілі жат кім-кімнің де бізге деген пиғылы қандай екенін осыдан-ақ аңғарсақ-шы.

          Қазір әсіресе, Еуропа мен АҚШ та бүкіл мұсылман әлеміне қарсы сұрқия саяси да, әскери де әрекеттер ашықтан-ашық жасалып жатқаны мәлім. Мысалы, Франция мен Англияда мұсылман қыз-келіншектерінің басына орамал тартып, ұзын көйлек киіп оқу орындарына, мекемелерге баруына тыйым салынғанына он жылдай боп қалды. Франция бізден діні де, тілі де, салт-дәстүрі де, ішкен-жегені, киген киімі де, тіпті, мына жарық дүниеге көзқарасы да басқа ел. Ал, мектептерге орамал тартып келуге тыйым салу арқылы қазақ басшылары кім болғысы кеп жүр деп ойлайсыз? Бұл жәй еліктеу ме, саяси жағымпаздық па, әлде елімізде қазаққа, жалпы мұсылмандыққа қарсы жасырын бір ұйымдардың істеп отырғаны ма? Айтпақшы, Англияда әнебір кезде әйел-еркегі аралас мыңдаған адам анадан жаңа туғандай тыржалаңаш күйінде қала көшелерімен шерулетіп өтті. Қазақстандағы орыстілді телеарналар оны да бізге қайталап көрсетіп, міне, хұқық бостандығы, міне демократия, міне еркіндік дегенге дейін барды. Оны ата-аналар үйінде ұл-қыздарымен, келін-кепшіктерімен қатар отырып көрді. Ал екі сөзінің бірінде Еуропада өйтеді, Ресейде бүйтеді деп соларды үлгі етіп аузының суы құрып отырып лепіретін не Парламент депутаттары не үкіметтегілер ұрпақты азғындату үшін әдейі көрсетіліп отырған хабар-ошарларға тоқтау салайық демек түгіл, осының бәрін адам хұқығы, гендерлік саясат жетістігі деуден де тайынар емес. Олар орамал тартқан қыздар мен тақия киген жігіттерді емес әлгіндей тыржалаңаш жабайылықтың аз ғана алдындағы аузына темекі, қолына сыра қыстырып былапыт сөзді сапырып баратқан жастарды «еліміздің болашағы», «біз осы жастарға сенеміз» деп отыр.

          Егер біз  бүгінгі ұрпағымыздың манадан бері айтылып отырған кесел-дертін бұдан әрі жасыра берсек, бұл ең ауыр қылмыс жасаудан еш кем емес. Жасыратын дәнеңе де қалған жоқ, біз қазір жас ұрпағымызды азғындатып алдық. Бұлардың ұлтымызға қауіптілігі осы күні кім екені белгісіз, әйтеуір хауіпсіздік комитетіндегілер мен жоғарыдағылар террористер деп атайтындардан еш кем емес. Өйткені, терроризм қанша күшті болса да бір ұлтты түгел құртып жібере алмайды. Ал  өзге елге, өзге бір ұлтқа деген құлдық санадан арылмақ түгіл өз тілін, өз мәдениетін құрметтемейтін мәңгүрт ұрпағы жылдан-жылға көбейіп бара жатқан ұлт  ақыры  бірте-бірте жоқ боп кетеді. Орысша сөйлейтіндердің тілімен айтқанда бұл қасірет «медленная смерть», асықпай алатын ажал деп аталады. Бүгінде Қазақстандағы телеарналар күндіз-түні көрсетіп жатқан клиптер де, шетелдік фильмдер де, ән деуге келмейтін бас-аяғы жоқ айқай-ұйқай музыка да, ең аяғы «Нысана» деп аталатын театрсымақтағы мұғалімін екіқабат қып қоятын оқушылар да бүгінде бүкіл сана-сезімі әлеміш, алмағайып күйге түскен қазіргі қазақ халқы үшін теракт атаулыдан әлдеқайда залалды да қауіпті. Бұлардың бәрі қазақты жоқ қып жіберуге бағышталған жымысқы жоспармен әдейі жасалып жатыр. Міне, осының бәрін көре тұра елге танымал ақсақалдардың «Мен жастарға сенемін» деп жалған да жәдігөйлікке баратын себебі неде деп ойлайсыз? Өйткені, ол ақсақалдардың өздері Мәскеу басқарған 70 жыл ішінде қазақ сауатсыз, қазақ мәдениетсіз, қазақ артта  қалған, қазақ жалқау, қазақты адам қылған орыс деген ұғым миына әбден сіңіп, жүрегіне ұя салып орнығып қалған құлдық сананың адамдары. Бұл бір.

          Екіншіден, кімнен, қай елден тәуелсіздік алғанын атап айтпайтын, әйтеуір «тәуелсіз» деген сөзді қосарлап айтатын және Ресейге вассалдық менталитетінен әлі де арылмаған Қазақстанның әрі жаңа, әрі көне билігі қазақты  ғасырлар бойы қалыптасқан «аға ұлтқа» құлдық санасынан арылтып,  ұлттық санасын оятуды 25 жыл бойы әдейі қолға алған жоқ. Ал,  70 жыл бойы миына құлдық сана сіңіп қалған ақсақалдар бүгінгі өкіметке қазақтың ұлттық намысын, ұлттық санасын оятайық деуге  өресі де, батылдығы да жетпейді. Олар сондықтанда бар жауапкершілікті келешектің мойнына жүктеп «Мен жастарға сенемін» деген мәдени-жәдігөйлік сөзді қайталай береді. Ал келешекке, келер ұрпаққа сену үшін бүгінгі ағабуын, бүгінгі атабуын олардың санасына сол ұлттық құндылықтарды, ұлттық рухани қазынаның артықшылығын сіңіріп, ұғындырып отыруы, әуелі өздері соны қолға алуы керек.

          Бұл үшін яғни,  жастардың ел болашағы екеніне сенімді болу үшін оларға ұлттық бағыт-бағдар, ұлттық тәрбие беретін үлкен бір жоба ашу керек. Ол жоба қысқаша:

          1.Ең әуелі ана тілін қадірлеуге, бір-бірімен ана тілінде сөйлесуге үйрету, тіпті ана тілінде сөйлететін мәжбүрлік туғызу.

          2.Ең әуелі ата-бабаның ғасырлардан бері сақталып келе жатқан, Кеңестік Ресейге бодан болған 70 жыл ішінде жойылуға айналып, бүгінде жұрнағы ғана сақталған ата-баба дәстүрін, салтын, әдет-ғұрпын, үрдістерін сақтауға жастайынан баулу.

          3.Қазақстан ең әуелі қазақтың елі, қазақтың жері екенін қазақ жастарының санасына сіңіру.

          4.80 пайызға жуық қазақ және тілі, діні бір ұйғыр, өзбек, татар, әзірбайжандар тұратын Қазақстанды көп ұлтты деп жариялауды тоқтату. өйткені, 400-ден астам әртүрлі ұлт тұратын Ресей басшылары да, қарапайым орыс та Ресейді «многонациональная страна» дегенді айтпайды. Бұл–орыс елі дейді.

          5.Ұлттық тәрбиені сабақ ретінде мектептерге енгізу.

6.Телеарналардағы Ресейден келетін ұлттық жаратылысымызға қайшы ақпараттарға әсіресе, жалаңаш-жалпы адамдарды көрсететін, кісі өлтірушілер мен әртүрлі хайуандыққа толы жын-жыпыр, азғындық, кинофильмдерге тыйым салу.

7.Шетел музыкасын жаппай уағыздауға тыйым салу.

Қанша айтсаң да келеге келуден қалған тағы бір қасірет бар. Ол–шет жұрттан келген миссионерлер ұлттық намыстан мақұрым қыз-жігіттерімізді өз дініне оп-оңай «үйіріңмен үш тоғыз» деп кіргізіп жатқанына не билік тарапынан, не діни басқарма тарапынан пәрменді күрестің жоқтығы. Қазір жат дінге өтіп кеткен қазақ жастарының саны миллионнан асып кетті. Оны айтасыз-ау, әлгі орамал тартқан қыз-келіншектерге қысым жасауды айтпағанда, еліміздегі терроризмге қарсы күрес дегеннің өзі көп ретте ислам дініне қарсы күреске ұқсап тұрған сияқты көрінеді. Осыған қарап біздің жоғарғы жақта мұсылманға, ислам дініне қарсы және кейбір шет елдіктермен байланысы бар әлдебір жасырын қызмет ететіндер жоқ па деген де күмәнға берілетініміз де рас. Тіпті, дін басқармасы бастығы-муфтидің басындағы бас киімінің өзі Ресей христиандары дінбасы баскиімінің көшірмесі деуге келерлік. Тек біздікінің түсі ақ матадан тігілгені болмаса қалған пішімі Ресей христиандарының басшысыныкінен айнымайды. Біздің дінбасымыз да әлгі көзі тірі қарт коммунист ақсақалдармен биліктегілердің айтқанын қайталап «мен жастарға сенемін» деген сыңайдағы жалаң сөздерді қайталайды. Ау, жүздеген, мыңдаған қыздарымыз бен жігіттеріміз басқа дінге көшіп, бір-бірімен орысша сөйлесіп, жан-дүниесінде ұлттық нышан, белгі қалмай баратқанын көре тұра көрмеген болып «Біз жастарға сенеміз!», «Жастар біздің болашағымыз» деу барып тұрған қылмыс емес пе?! Әлде бұл сөздің аржағында бұл тек қазақтың елі емес, алдағы уақытта мұнда ұлты 140 ұлтпен мидай араласып кеткен дүбәралар елі орнайды, олардың ұлты «қазақстандық» деп аталады деген арсыздық саясат жатыр ма, асыра айтсақ Алла кешірсін!

          Бір ойшылдың артында «кітап оқуды қойған адам –ойлануды қойған адам» деген сөз қалған екен. Қазіргі қазақ жастары –кітап оқымайтын, өздері де ешнәрсе жазбайтын жастарға айналды. Демек, біздің еліміз кітап оқымайтын, тек қантөгіс және сексфильмдер көретін, казинолар мен ойын автоматтарының, түнгі клубтар еліне айналды деген сөз. Қазақстанның бас қаласы Астана көшелерінде қазақша газет-журнал емге жоқ. Оның есесіне дүңгіршектер толған Ресейдің газет-журналдары. Кинолар әлі де орыс тілінде түсіріледі. Қазақ жастары көретін «Жаужүрек мың балада» 16 жасар қыз ХІХ ғасырда ата-анасының оң жағында отырып екіқабат боп қалады, жетіқараңғы түнде айдаладағы бір түп жусанға қарап қай ауыл қай жерде екенін білетін қазақ шалы «Шал» деген фильмде ауылдың сыртына сідікшаптырым жерге шығып қойларымен бірге адасып кетеді, телеарналардағы «Жаңалықтардан» еститіні сәбиді зорлаған педофилдер мен асылып өлген,  өзін-өзі өртеп не көп қабатты үйден секіріп өлгендер.Рас, теледидардан ара-тұра жастар тәрбиесі деген сөздерді де естіп қаламыз. Қош делік! Бірақ бізде бүгінде жүріп жатқан жастар тәрбиесі ұлттық, яғни, қазақы тәрбие емес. Ол конгломераттық, яғни, дүбәралар өсіретін тәрбие. Өйткені,»Жас Отан», «Жастар конгресі» және басқа да жастар ұйымдарының қазақ мәселесін, дініміздің, тіліміздің мәселесін қозғап, ата-баба дәстүрін, ұлттық ойын-сауықтарымыз бен ұлттық мейрамдарымызды көркейтейік деген іс-шараларын көрген емеспіз. Теледидардан «Біз–еліміздің болашағымыз, Елбасының саясатын қолдаймыз, елу мемлекеттің қатарына қосылайын деп жүрміз, қосылуға жақындап қалдық» деп мойнына көк шүберек байлап, қолдарына көк жалауша ұстап шуылдап тұрған және сенбілікке шығып көше тазалап жүрген немесе «Астана жас қала», «Арман қала», «үйлері зәулім көкке бой көтерген сұлу Астана» деп хормен ән салып тұрған бір топ жастарды көрсету – ұлттық тәрбиені, ұлтымыздың ертеңгі елтұтқаларын даярлау емес. Қысқасы, «Мен жастарға сенемін», «Жастар –біздің болашағымыз» деп жалаң ұран тастау ұлттық тәрбие емес. Бұл әшейін, өз басындағы міндетті жастардың өзіне, сосын келер күнге аудара салу ғана. Иә, бір ұлт жер бетінен жойылар кезде ең әуелі оның жастарының тілі шұбарланады, сосын олар өз тілінде сөйлеуді мүлде тоқтатады, ұлттық салт-дәстүрден мақұрым болып, ұлттық намыс деген не екенін білмейтін болады. Бүгінгі қазақтың жағдайы дәл осыған  жетті. Не істемек керек?

Myrzan Kenzhebai

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір