• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 16:24:45
Алматы
+35°

25 Қазан, 2016 Оқиғалар

Данышпанды жылатқанды кебісін көрсетіп он сүйгіздім!

Анасын жылатқанды мойынына құрым кигіздім,

Отқа жақтым, күлін қарғаның ұясына салдым! (Шыңғыс қаған).

Бүкіл әлем тарихшылары сан ғасырлардан бері бастарын қатырып жүрген Шыңғыс хан империясының астанасына келетін болсақ,  атамыз 1202 жыл мен 1219 жылдар аралығында қазіргі Мұңалиядан (Моңғолия) ежелгі ата қонысы қазақ даласына қоныс аударып, сол бұрынғы Мұңал хан, Қарахан, Оғызхан аталарындай Ұлытау мен Кішітауды жайлап, қыста Қарақұм мен Сырдың жағасын қыстады. Әлем билеушісінің көшпелі астанасы осы аттары аталған жердің бәрінде өзімен бірге көшіп жүрді.

         Қарахандар әулеті қазақ халқының төл ұрпағы Шыңғыс қағанның тікелей аталары еді. Демек Қарахандар әулеті патшалығы да қазақ қағанаттығы болатын. Ол жайлы Әбілғазы атамыз, «Қара хан атасынан кейін (Мұңал ханнан) бүкіл елге патша болды. Қазіргі Ұлытау және Кішітау дегендерді ол кезде Ертағы және Кертағы деп атайтын. Ол тауларды жайлар еді, қыста Қарақұм мен Сырдың жағасын қыстар еді». Атамыз дегеніне жетті, Орталық Азиядағы барлық қазақ баласы парсылық Хорезм патшалығының бодандығынан құтылып өз бауырларымен қайта табысты. Алтайдағы бүткіл қазақ, өздерінің бұрынғы ата жұрты,  қазіргі қазақ жеріне қоныс аударып, Шыңғыстау – Ұлытауға табан тіреп, Шыңғыс атамыз көшпенді қазақ қағандығын осы аймақтан басқарды. «Шыңғыс қаған» деген атақ та атамызға осы арадан бұйырды.

        Жазғы астана алғаш рет 1202 жылы арқадағы Ұлытау өңірінде, Найман күре тауына орналасты. Осыған сәйкес осы таудың аты Шыңғыс тауы болып өзгертілді. Осы таудың ең биік шыңына Шыңғысханның арғы атасының аты Мұңал деп ат қойылды.  Ол күні бүгінде де Мұңал шыңы деп аталады. Осы таудағы  тағы бір шыңға   «Хан биігі», сол өңірдегі өзен «Хан өзені» аталды. Сол аймақта, яғни Шыңғыстауға қарсы тауда Ордабазар қаласы орналасты. Жошы хан кесенесі осы Ордабазар аймағында орналасқан. Осы кесенеден 25 шақырым жерде Алаша хан мазары бар. Ал, Алтынорданың соңғы ұлы билеушісі Тоқтамыс Ұлытаудың биік шыңына жерленген.

        Ал тұрақты (қыстау) астананы  Қарақұм мен Сыр бойынан іздеуіміз керек екені айтпаса да түсінікті болса керек.

        Тарихи жазбалар Шыңғыс ханның Қарақұрым (Қарақұр, Қарақорым, Қарақоран) атты астанасы болғанын, қала орналасқан аймақтың топырағының түсі қара, күлге ұқсас болғандықтан Қарақорым аталғанын, сол аймақта Қарақорым атты тау мен Қарақорым атты өзен барын және қала екі таудың аңғарында орналасқандықтан, ол жерден кейде қатты жел соғатыны айтылған. Қазіргі ғылыми айналыста осы астана Моңғолия Орхон өзені аймағындағы Хара-Хорын деген өзеннің атын алған, түрікше Қарақорым аталған деп көрсетеді.

         Менің пайымдауымша, екеуі де дұрыс. Себебі, аталарымыз жер, су, тау, елді мекен атауларын жаз жайлауында да, қыс қыстауында да, бір жерден екінші жерге қоныс аударғанда да әр өңірдің бір-біріне ұқсас үйлесімділігіне сәйкес бәріне бірдей, бірін-бірі қайталайтын бір атау қойып отырған. Осылайша, Мұңалдар патшалығының астанасы Мұңалияда да Қарақорым, Сыр бойында да Қарақұрым аталуы өте заңды құбылыс. Бұл жерде ешқандай жаңсақтық жоқ. Түсінбеушілік қазақтың салт-дәстүрін білмегендіктен және осы Алтай мен Түркістанда отырған халықтың бір халық, бір мемлекет екендігін мойындамағандықтан туындаған. Сондықтан, жоғарыда көрсеткенімдей атамыздың ежелгі ата-мекені, қазақ даласына қоныс аударғаннан кейінгі тұрақты астанасын Қарақұм мен Сыр бойынан іздеуіміз керек. Сыр бойында ондай жер бар. Ол Қаратаудағы ескі қираған Қарақорым деген қаланың орыны. Осы аймақта Қарақорым деген өзен де, Қарақорым деген тау да бар. Бұл ескі қаланың орналасқан жері де екі таудың аңғары, ол жерден күні бүгінде де кейде қатты жел соғады. Сол аймақта хан ордасы тігілген Хантағы деген жер де, Ордабасы және бүкіл кіші жүз аға баласы деп құрмет тұтатын Әлімдер (алты ата Әлім) атымен аталатын Әлімтау деген тау да, сол Әлім тауда тиісті жетім-жесірлерге қазынаның  есебінен зейнетақы ретінде берілетін малдарды сақтаған, яғни «тегін шүлен тарататын» табиғи тас-қоралар «Бас қора», «Төс қора», «Тас қора» күні бүгінде де осылай аталады. Сол Шыңғысхан заманынан бері, тіпті одан әріде де «Күлтөбенің басында күнде жиын» өткен Күлтөбе де бар. Егер біз Сыр бойындағы осы қаланы Қарақорым дейтін болсақ, Маңғыстаулық адайлардың ХҮІІІ ғасырдан бері аузынан тастамай, біз Үстіртке «Сауран айналып келдік» дейтіндерінің  сыры өз-өзінен түсінікті болады. Ал, «Сауранға қайдан келіппіз?» деген сұрақтың жауабын Адай-Тобыш-Ораз-Әлманбет-Зорбай ұрпағы Бәйімбет Телеұлы (1876-1931)  «Тарихи - шежіре сөз» атты жырында:

             «Тыңдасаңыз жігіттер,

             Айтайын сөздің анығын –

             Әзіреттің Алатауынан

             Аллам айдап келгенмін...».

            Ал, Жақсылық жырау Елеусінұлы (1940 ж.)

            «Атамыз Адай болғаннан

            Қыдыр көрген ел едік

            Жетім-жесір ғаріпке,

            Ауырғанға ем едік.

            Келінберді, Құдайке

            Ағалы – інілі қос батыр

            Әулие – Ата ар жағы

            Әзіреттің Алатауынан

            60 үй халқым бөлініп,

            Ту көтеріп құралдық.

            Адайдың туын ұран ғып,

            Мекенде қылған ел едік...» - деп жырлапты.

            Көне көз қарияларымыздың «біз Сауранды бір емес үш рет айналыппыз» дейтіндері тағы бар. Ескі Сауран қаласы да осы аймақ та орналасқан. Қазір ол жерлерді Шыңғыс ханның төл жұрты адайлар,  нағашы жұрты  қоңыраттар  күні бүгінде де  көптеп мекендейді. Осы екі жұрттың мекендері Манқыстауда да, Алтайда да (Моңғолия) жұптары жазылмай бірге жүр.

         Шыңғыс қағандығының астанасының Қарақұрым (Қарақорым)  аталу себебін, бұл атау Шыңғысханның арғы атасы Құрым атамыздың атынан қалған. Шежіреде Адай – Келінберді – Мұңал – Жаулы – Жары – Мұрат (Кеще) – Құрым болып таратылады. Құрым атамыздың моласы Жем сағасындағы Есекжалға жақын жерде делінеді. 

         «ХІХ ғ. бірінші жартысында Маңғыстау қазақтары оңтүстік, орталық және солтүстік болып үшке бөлініп, бір шеті шығыста Қарабұғазда, екінші шеті – Қарақұм, Сам құмдарында, оңтүстігі – Түпқараған шығанағы мен Бозашы түбегіне, солтүстігі, Тайсойған құмы, Орь, Жем, Сағыз, Ойыл өзендерімен шектеліп жатқан кең өлкеде мал жайымен көшіп жүрді» (Востров В.В., Муқанов М., Жоғ. Көр. шығ., 248-254 беттер).

        «Қара хан атасынан кейін бүкіл елге патша болды. Қазіргі Ұлытау және Кішітау дегендерді ол кезде Ертағы және Кертағы деп атайтын. Ол тауларды жайлар еді, қыста Қарақұм мен Сырдың жағасын қыстар еді» (Әбілғазы «Түрік шежіресі» 15 бет).

         Демек, Қарақұм дегеніміз Арал мен Қас би аймағының жалпылыма атауы (Маңғыстау мен қыр да (Үстіртте, Үстіңгі жұртта) осы өлкеге кіреді), ал Сыр өңірі, бұл Сырдария өзені алқабы. Нұқ пайғамбар кемесі тоқтаған Қазығұрт (Қазық жұрт) тауы да, Шыңғыс қаған астанасы Қарақорым да осы өңірде. 

         Бұл көрсетілген жерлердің бәрі ежелден қазақ жері. Қазірде солай. Демек Мұңал да, Оғыз да,  Қарахан да, Шыңғысхан да бәрі-бәрі  қазақ қағандары.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір