• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 15:40:37
Алматы
+35°

25 Қазан, 2016 Әлеумет

Әлеуметтік желіде жабысып отыру не береді?

Ұрылар кімнің бай, кімнің кедей екенін әлеуметтік желіден біледі

Ұрылар кімнің бай, кімнің кедей екенін әлеуметтік желіден біледі

Бүгінде "Instagram", "Facebook", "В контакте" тәрізді әлеуметтік желілер халықтың күнделікті өміріне айналғалы мәлім. Ғаламтордағы парақшасына сәт сайын  қарап, достарының жариялымына пікір жазып, өзінің жеке өмірін барынша танытатын суреттерді молынан жариялау әдет боп кеткендей. Былайғы тірлік жайына қалып, нағыз өмір осы ғаламторда ма дейсің кейде.

Бұрын қазақ жеке басының жетістіктерін біреу айтып, көзінше мақтаса ыңғайсызданып, "айтсаң бәленшені айт, менікі әшейін жай нәрсе ғой" деп, өзін қарапайым ұстауға тырысса, бүгінде "мені көрші, мені мақташы" дегендей, жеке бас жарнамасына құмар. Жаңадан алған киім-кешегін, қай жерден қандай тамақ ішті, кімнен қандай сыйлық алды, күнделікті тірлігіндегі ұсақ-түйегіне дейін әлеуметтік желіге салып қоятындар көп.

Осыдан он жыл бұрын американ баласы сыныптастары үшін ойлап тапқан фэйсбук бүгінде әлем халықтары үшін  байланыс құралы ғана емес, отбасылық альбомына айналғандай. Кімнің отбасында қанша адам бар, баласы немен айналысады, бүгін не жеді, кеше не ішті, кез-келген уақытта ғаламторды ашып көре аласыз. Негізі әлеуметтік желі адамдарды бір-бірімен байланыстыру үшін және ең маңызды деген ақпараттармен бөлісу үшін шыққан дүние болса керек. Бірақ талай жан маңызды мен маңызсыздың арасын айырмайтын күйге жеткендей. "Мені көр, мен қандаймын, міне!" дегендей, ғаламторға барын шығарып қояды.   

 

Базарға кім келмейді, желіде кім отырмайды?

Кейде маған әлеуметтік желі қара базар сияқты көрінеді. Базарда кім жоқ дейсіз? Не сатылмайды дейсіз? Кейбір желі тұтынушылары базарға барып, "менің өмірімді көріңдер, үйімде мынандай зат бар, жақындарым мынандай жұмыс істейді, алатын жалақысы мынандай мөлшерде, менің автокөлігіме қараңыздар" деп тұрғандай. Қара базарға келген мыңғырған халық түгел аңтарылып, соған қараса, тамсанса "қандай керемет! деп мақтаса дейді. Желі тұтынушының жазған ақылды жазбаларын оқып, "неткен данышпан адам" деп аузының суы құрып мақтаса дейді.

Досы бардың дұшпаны да бар. Осыны көбіміз ескермейміз. Ал ұры-қары үшін әлеуметтік желі тіпті тегін анықтамалық іспетті. Кімнің тұрмысы қандай деңгейде екенін тез біледі. Тіпті кісінің мекен-жайын да оңай тауып алады ғаламтор арқылы.

Әлеуметтік желі арқылы ұрылар тонайтын адамын оңай табатынын прокуратура өклідері айтты да. Былтыр мәселен, Астанадағы Алматы ауданының прокуратура өкілі ұрылар әлеуметтік желіге жүктелген суреттерден тұрғындардың тұрмыс дәрежесін оңай бажайлайтынын айтып, мәлімдеме жасады. Үйінің ауласы мен шифоньеріндегі көйлек-көншегіне дейін суретке түсіріп, желіге жүктеп қойған соң адам тоналуға  өзі сұранғандай әсер беретіні рас.

Енді біреулер алыс апарға шығар алдында үйінің маңында тоналғаны туралы ақпаратты естиміз. Әлгі жапа шегушінің әлеуметтік желідегі парақшасына кірсең "Ертең бәлен деген қалада жиын болдаы. Соған барамыз. Грант тапсырылады. Мені күтіп алыңдар, достар!" деген сияқты жазба тұрады. Осыдан кейін тоналуға кім кінәлі деп сұраудың өзі артық. Тағы біреулер "Бүкіл отбасымызбен шет елге демалуға кетіп барамыз. Он күннен соң келеміз" деген жазба қалдырады. Ұрылар оның үйінде ешкім болмайтынын осыдан біледі. Былтыр Астана қаласында әлеуметтік желі арқылы тоналатын нысанды оңай табумен айналысқан павлодарлық топ ұсталды. Ұрылар әл-ауқаты жоғары отбасын ғаламтордағы парақшалар арқылы тапқанын өздері айтып берген.

 

Бәрі де маркетинг үшін

Ғаламтордың адамдардың жеке өмірі үшін қауіпсіз еместігін америкалық инженерлер де жасырмайды. Мәселен, Tracx компаниясының бөлім басшысы Майк П. " Ғаламтордағы ақпараттардың басым бөлігі ашық, бәріне қол жетімді" дей келе, әлеуметтік желіге тіркелген адамның қайда жүргені, пәтерінде қай уақытта кісі болмайтынын анықтап беретін сайттардың бар екенін айтады. Мысалы, Украинада ұрылар осындай сайттарды пайдаланатын көрінеді. Ал АҚШ-тың Pallorium детектив агенттігінің жетекшісі Стивен Рамбам  халықаралық конференцияда жасаған баяндамасында  әлеуметтік желідегі ақпараттар маркетинг үшін дейді. Яғни, адамдардың қандай киім киетіні, қандай жеміс жейтіні, т.б. ақпараттарды жинап саралау үшін қажет. Капитализм заманында бұл өте тиімді болғанмен, екінші жақта жаман пиғылдылардың да бар екенін ұмытпаған жөн.


Сақтықта қорлық жоқ

Әрине, бүгінде ғаламторсыз өмір сүру қиын, тіпті мүмкін емес. Бір күн ғаламторға кірмеген жан өзін өмірден артта қалғандай, қоғамнан шеткері қалғандай сезінері хақ. Бірақ жұрттың бәрін дос көріп, жеке бас құпияларын көпшілікке жайып салу қаншалықты қажет? Танылған дұрыс, бірақ жеке бас амандығы бәрінен маңызды екенін ұмытпаған абзал.

 Әлеуметтік желіні мүлдем пайдаланба деуге болмас. Өйткені ғаламтор қазіргі қоғамның аса бір қажетті дүниесіне айналған. Мамандар әлеуметтік желіге тіркелген адам жеке өмірі туралы ақпараттың барлығын жұртқа көрсетпегені жөн дейді. Себебін жоғарыда айттық.

Айғаным Біртуар

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір