• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
18 Қазан, 04:39:52
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің келесі кезеңіне 904 қатысушы өтті

26 Қазан, 2016 Саясат

КӨНЕ ТҮРКІЛЕР АҢСАҒАН МӘҢГІЛІК ЕЛ – БҮГІНГІ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ

«Ұлы Дала елі», «Қазақ елі», «Мәңгілік ел» деген киелі ұғымдар талайлы тарихында басынан қилы қиындықты өткерген қазақ...

«Ұлы Дала елі», «Қазақ елі», «Мәңгілік ел» деген киелі ұғымдар талайлы тарихында басынан қилы қиындықты өткерген қазақ халқының бұрыны мен бүгінінен хабар беріп тұрғандай.

Елбасымыз тәуелсіздігімізді алғаннан бастап «Тұтас түркі елі» идеясынан «біртұтас Түркістан» идеясына дейінгі бабаларымыздың ізгі армандарын іске асыру ниетімен «Түркі бірлігі» идеясын айтып келеді.

Көне түркілер аңсаған Мәңгілік Ел – бүгінгі қазақ мемлекеті. Ежелгі Ұлы даланың мұрагері, ұлтын сүйетін перзент,құнды дәстүрлердің мирасқоры ретінде қазақ елі басшысының «Мәңгілік Ел» идеясын жаңғыртуы – заңдылық әрі перзенттік парыз.

Ұлт жасампаз болу үшін ұлтты ұйытатын ұлы идея қажеттілігін болмысымен сезінетін, мақсатсыз елдің тарих көшіне ілесуі неғайбыл екенін тереңнен пайымдайтын Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында «Мәңгілік ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. ...Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел», – деп елді елең еткізген«Мәңгілік Ел» идеясын жариялады.

Тарихқа тағзым жасап, бабалардың ұлы істерін ұлықтау – мемлекеттілік ұғымынұлттық идеологияның алтын қазығынаайналдыру. «Мемлекеттілік» ұғымы мемлекеттік құрылым ғана емес, мемлекеттілік – әр мемлекеттің дамуы мен қызметін ұйымдастыруға қажетті идеялар мен көзқарастардың тұтас жүйесі. Демек, «Мәңгілік Ел» идеясы – ұлттық-мемлекеттік идеяның іргетасы, елдің болашағына қызмет ететін жасампаз озық ой.Бір кездері дүркіреген Көктүріктер империясы ту етіп, Тоныкөк негізін қалаған, Мәңгі ел құндылығы бүгін, міне, осылайша Қазақстан мемлекетінің түп қазығы – ұлттық идеясына айналды.

2015 жылғы 11 қыркүйекте Астанадағы салтанатты жиыннан басталған Қазақ хандығының 550 жылдық мерейлі мерекесі ежелгі мемлекеттігімізді дүйім елге паш етті. Сəні мен мəні үйлескен торқалы той елдігіміз бен береке-бірлігіміздің, жарқын болашағымыз бен мəңгілік мұратымыздың бүкілхалықтық аламанына айналып, барша қазақстандықтарды, жалпы республика жұртшылығын бір серпілткені аян. Елбасының осы жиында: «Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дəуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды», – деп айтқан тұжырымы ондаған жылдар бойы қиянатқа ұшырап, көмескіленіп келген тарихи ақиқатқа шамшырақтай жарық шашып, тарихшы-ғалымдардың тиянақтайтын тұғырнамасына айналды.

Халқымыздың береке-бірлігін паш етіп, мерейін тасытқан Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі қазан айында қасиетті Тараз төрінде үлкен табыспен, шарықтаған көңіл-күймен түйінделді. Алғаш рет «қазақ» атауымен ежелгі ордамыздың шаңырағы көтерілген көне Тараз жерінде мемлекет басшысының қатысуымен «Қазақ хандығы» монументі бой көтерді. Қазақ хандығының негізін қалаған айбынды хандар Керей мен Жəнібек қос қапталдағы тақта отырып, өздеріне ыстық ілтипат көрсетіп жатқан ұрпақтарын елдіктің мерекесімен құттықтап тұрғандай әсер қалдырады.Ән әуелетіп, шашулар шашқан халық көңілі – жаймашуақ. Тараз тарих бесігінде тербелгендей тебіреніп, 17 елден келген қонақтарды тарихи той қызығы тамсандырғаны анық.

Елең еткізген ерекше құбылыс– Қытайдың Сиань қаласынан шығып, бір жылдан аса жол жүрген қазақ-қытай достығының жаршысындайкеруеннің дəл той болып жатқан күні Тараз қаласына келуі. Өткен заманның елесіндей болып, жүк артқан 136 түйе, 8 ат-арба мен 100-ден астам қарауылы бар керуеннің бұрынғы бабаларымыздың жүрген жолын жаңғыртып, сапар соңын Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап жатқан көне қалада түйіндеуі – торқалы тойға шашылған шашу мен тартылған тартудың төресі.

Қазақ хандығының 550 жылдығы – тарихқа тағзым ғана емес, қазақтың жаңа сапаға көтерілуінің маңызды межесі, ұлт ұрпақтарына ой салып, отаншылдығын тереңдетудің, азаматтардың жүрегіне мемлекетшілдік сезімін ұялатудың жаңа бір мүмкіндігі болды.

Көптің бірі болып тасада қалмай, дамыған, ықпалды мемлекет құруға ұмтылу – елдігімізге сын, ұлтымызды әлемге танытудың мүмкіндігі, қазіргі ұрпақтың асыл мұраты. Өйткені, әлемдік қатерлерге төтеп бере алатын  қуатты мемлекет қана өміршең ел болатыны қазір ешкімге құпия емес.

Ғажап ізденіс ғаламат жаңалық жасайтынын дәлелдеген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауындақазақстандық жолдыңкелешекте қалай кемелденетінін, ең бастысы қандай ел құрумен тиянақталатынын түсіндіріп, жаңа дәуір келбетін сөзбен сомдап жеткізді.

Әлемнің ең беделді жиыны – Біріккен Ұлттар Ұйымының мерейлі 70 жылдық сессиясындаЕлбасымыздың ана тілінде үн қатуы елді бір серпілткені аян.«Мәңгілік елдің»ұлттық тілі асқақтаса,ұлттың абыройы асқақтайтынын Ұлт көшбасшысы осылай дәлелдеді. Тіл – мемлекеттіліктің кепілі болса, елі мәңгі, ұлты мықты болатыны анық.

Рухы берік, арманы асқақ елдің азаматтарыөзіне сенеді, өзгені сыйлайды,басқамен санасады, жақсысын үйренеді.Сондай азаматтар нағыз патриот болады, өз елін, жерін, Отанын сүйеді, халқының тілін, дәстүрін, мәдениетін, тарихын біледі, қадірлейді.Соны бағалап, үлгі алатындар көбейсе...

«Мәңгілік ел» – Тәуелсіздік алғаннан кейін қалыптасқан, мыңжылдық мәні бар жалпыұлттық, философиялық идея. Көреген хандарымыз бен дана билеріміз, Алаш арыстары елін қайырымды қоғамға, қазақ жерін жайлы мекенге, Жерұйыққа айналдыруды арман етіп, сол үшін жанын да аямағаны тарихтан белгілі.

Көпұлтты әрі көпдінді Қазақстанның алған асулары мен жеткен жетістіктерінің бастауы – бейбітсүйгіш халқымыздың ақ-адал пейілі мен  қонақжайлылығы, төзімділігі мен еңбекқорлығы, елімізді мекендейтін түрлі ұлт өкілдерінің қазақтың дәстүрлі құндылықтарын қадірлеген доспейілділігі. Сондай-ақ, жүз отызға жуық ұлттар мен он сегіз конфессиялық топ өкілдерінің береке-бірлігі жарасып, ынтымақтаса өмір сүруі – еліміздің бейбітшілік пен келісімді сақтау жолындағыұтымды саясаты мен ауқымды еңбектерінің жемісі.

Елбасымыз «Жер бетінде мыңдаған ұлттар мен ұлыстар бар. Біз – дербес мемлекет құру бақытына ие болған 193 ұлттың біріміз. Басқа бақыттың қонуы – бір бөлек, сол бақытты бағалай білу – бір бөлек.

...Тәуелсіздік – тарихтың сыйы немесе бүгінгі буынның меншігі емес. Ол – өткен бабалардың алдындағы қасиетті борыш және келешек ұрпақтың алдыңдағы зор жауапкершілік. Біз Тәуелсіздігімізге тәу етіп, тәубе деп, Тәуекелмен болашаққа бет түзеп келеміз. Біз бүгін Ұлы тарихымыздың тағы бір шебінен сенімді өтіп келеміз», – деген еді.

Ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы арманы, бүгінгі ұрпақтың ақиқаты болған қасиетті тәуелсіздігімізді, елдігімізді сақтап, дамығанелдердің қатарына қосылу – Мәңгілік ел болудың нысаны. Келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін әрқайсысымыз ортақ құндылыққа үлесімізді қосуымыз шарт.

Бабалар арманы болған тәуелсіздікке қол жеткізген соң, оны сақтап қалу үшін ел ішіндегі алауыздыққа жол бермейтін біртұтас идея, алға жетелейтін бағыт-бағдар, мақсат-мұрат болу керек. Алдына асқақ мақсаттар қоятын, тілі мен дініне берік, жастары алғыр, рухы биік, жақсылыққа жаны құштар, ертеңіне сеніммен қарайтын халық қана тарихта «Мәңгілік ел» болып қалатыны анық.

«Мәңгілік ел» идеясы – халықтың мүддесіне, қоғамдағы тыныштық пен ынтымақтастыққа қызмет ететін, бағыты мен бағдары анық жол, бейбітшілік пен келісімді, ұлтaрaлық татулық пен төзімділікті сақтaп, сындарлы сәттерден сүріндірмейтін ұлы мұрат.

Бұрынғы-соңғы білімдарлардың пайымдауынша, елді ілгері сүйрейтін идея мемлекеттік сипат алып, қоғам мүшелерінің көңілінен шығуы үшін негізгі екі талап орындалуы тиіс екен.

Оның біріншісі – сол мемлекетте өмір сүріп отырған халықтың болмысымен, мақсат-мүддесімен толық сәйкес келуі;

Екіншісі – мемлекет тарихымен сабақтасып, ұзақ мерзімдер бойы сол қоғамда қалыпты, жетекші идеологиялық мәні болуы.

Ұлы қағанат құрған түркілер осы екі қағиданы да ұстанған екен.

Қазақ халқыТүркі қағандары мен Қазақ хандарының, Абай мен Алаш қайраткерлерінің ізгі арманы болған ұлттық идеологияны қалағандықтан, «Мәңгілік Ел» идеясын ту етіп көтеру қажеттілігін сезінді.

Қазақ елінің бүгінгі басты мақсаты –бірлігі жарасқан, экономикасы мығым,әлеуеті жоғары, бәсекелестікке қабілетті, алдыңғы қатарлыотыздыққа ену. Қазақтың біртуар перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздік алған күннен бастапқұндылықтарымызды қадірлеп, асылымызды ардақтауға үндеп келеді. Бүкіл әлем қызыға қарайтын елдегі тыныштық пен тұрақтылық, экономикалық даму, ұлтаралық татулық – халқымыздың салқынқанды сабырлылығы мен Елбасымыздың сындарлы саясаткерлігінің жемісі.

Мемлекеттің тірегі – халықтар достығы, ел бірлігі, қоғам тұтастығы. Осы үш тұғыр бекем болса, Мәңгілік елдің шаңырағы биік, келешегі кемел.

«Мәңгілік ел» – кемел келешектің жобасы, сондықтан оның ұрпақтар сабақтастығына ұласатыны мәлім. Ұлы Дала елінің ғаламат тарихы мен қайталанбас құндылықтарын ұрпаққа ұлағаттап, үлгі болатындай игі істер атқару – бүгінге міндет, келешекке – аманат.

«Мәңгілік Ел» идеясын іскеасыруды бастау бақыты бүгінгі ұрпаққа бұйырса, бабалардың алдындағы қарызымыз бен балалардың алдындағы парызымыздың орындалғаны. Қазақстан әлемдегі алып елдердің қатарынан өз орнын алса, әлемге танылған елдің өрендері ел мен жердің иесі болатындай намысты болып жетілсе, ұлттық дәстүрлі құндылықтарымыз жоғалмай, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырса, «Мәңгілік ел» болашағы баянды, келешегі нұрлы болары айқын.

Қазақ хандығын құрған бабалар тағылымы, Ұлы Жеңіске жеткізген аталар ерлігі, елді біріктіруші күш – «Мәңгілік ел» идеясы жаңа Қазақстанды тың серпіліске бастап, арман ақиқатқа айналса, келешек ұрпақты ізгі ниеттерге жетелеп, отаншылдық рухын күшейте түсетіні анық.

Отаншылдық – елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезіну, өз елінің бостандығы мен Тәуелсіздігін қорғау, Отанының тарихын құрметтеп, өзінің адал еңбегін туған елінің гүлденуіне арнау. Жастардың санасында шынайы патриоттық сезім мен Отанына деген адалдықты қалыптастыру – қазір бұрынғыдан да өткір, өзекті мәселе. Парасатты қоғам құру үшін жастардың бойындағы ұлтжандылығын шарықтату – әрбіріміздің қасиетті парызымыз.

«Патриотизм – Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы, өзінің мемлекетке тәуелді екенін мойындау, яғни патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды, оның жеке адаммен барлық жағынан өткені мен бүгінгі күні және болашағымен қарым-қатынасын білдіреді», –  дейді қазақтың біртуар перзенті Б. Момышұлы.

«Қазақстандық патриотизмнің» ерекшелігі – тек қазақтардың ғана емес, кең-байтақ елімізді мекендейтін барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің тілегінің ортақ болуы, өзі мекендеп отырған елдің тағдырына алаңдап, жанашырлық жасауы. Отаншылдық – жерге деген іңкәрлік, халқының жетістігі мен еліңнің игілігіне қуана білу, ол – үздіксіз тәрбиенің нәтижесінде санада біртіндеп қалыптасатын ұлы сезім. Қазақстандық патриотизм өн бойына рух пен намысты жинақтаса, келешегіміз кемел, ұрпағымыз алғыр болары хақ.

Cалиха Дуанаева,

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

Дін істері комитетінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ғылыми хатшысы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір