• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
14 Қазан, 09:14:32
Расул Жұмалы: Қандастардың «тау-тасты басып өттік» деуі қисынға келмейді

26 Қазан, 2016 Ұлы көш

ЕРБОСЫН НҰРМҰХАНҰЛЫ, ЭКОНОМИСТ: «Қазақ көші» – Ұлттық қауіпсіздіктің ең басты кепілі

Арғы бетке жолы түскен қазақтың Ербосын Нұрмұқанұлын танымайтыны кемде кем. Ербосын Нұрмұханұлы Қытайдағы қандастардың мәдени өміріне үлкен еңбек сіңірген,...

Арғы бетке жолы түскен қазақтың Ербосын Нұрмұқанұлын танымайтыны кемде кем. Ербосын Нұрмұханұлы Қытайдағы қандастардың мәдени өміріне үлкен еңбек сіңірген, «Жаңа әуен» брендмен танымалы тұлға. Ол – Қытайдағы қандастарымыз арасында халқымыздың мәдени мұраларының бірі – ән-күй өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қазақтың байырғы және қазіргі ән өнерін заман талабына сәйкес техниканың тілімен үндестірді. Талайлаған әнші, биші, күйші болам деген жас таланттардың арманын ұштап, қанатын қомдап өнер өлкесіне аттандырды. Алғаш рет қазақ елінің өнерпаздарын Қытайға шақырып, ондағы қандастарымызбен қауыштырып, екі ел арасына мәдени көпір салды. Ол, 2014 жыл Атажұртқа ат басын тіреген болатын. «Қамшы» порталына берген сұхбаттарының бірінде ол, «Елден не алам деп емес, елге не беремін деп келдім» деген еді. Ол  Қазақ елініңдегі “Қазақконцерт” бірлестігі өнерпаздарының, “МузАРТ” пен “Шаншар” секілді көптеген өнер тобы мен театрлардың Қытай қазақтарына гастролдік сапарын ұйымдастырды. Сондай-ақ, Шәмші Қалдаяқов пен Мұқағали Мақатаевты еске алу кештерін қытай елінде өткізді. Оразәлі Досбосынов бастаған айтыскерлерді алыстағы ағайынмен қауыштырды. Айта кетерлігі, ол – «Қамшы» порталында жарияланған «Қазақ елі – 550 жыл» бәйгесінің Бас демеушілерінің де бірі болған еді. Ербосын Нұрмұханұлының қытайдың әйгілі Нанхай университетінен түлеген экономист екенін де біреу білсе біреу білмейді. «Қамшы» порталы Ербосын Нұрмұханұлымен сәті келген кезекті сұхбатын оқырмандарына ұсынады.

- Құрметті Нұрмұханұлы, Елге қоныс тепкеніңізге екі жыл болды,  бүгінде қандай шаруалар атқарып жатырсыз?

- Иә, Атажұртқа көшіп келгеніме екі жыл болды. Өз Атажұртымыз болғасын қоныс теуіп, сіңісіп кету ешқандай қиындық тудырмады. Еркіндік пен тәуелсіздіктің ләззатын татып жүріп жатырмын. Елге келген соң, өзім сырын білетін концерттік сервисті қолға алдым. LED экран, шоу шырақтарды және дыбыс аппараттарын концерттік қойылымдарға және үлкенді кішілі мерекелік шараларға қоюмен бірге сахна безендіру , аудио видио студио жұмыстармен де айналысып жүрмін. Елге келгеннен кейін, «Жібек жолы – Шоу техника» деген атаумен компания құрдым. Бұл компаниямның атқаратын қызметтері – концерт ұйымдастыру, концерттерге техникалық қызмет көрсету, Қытай мен Қазақ елі арасындағы мәдени байланысты одан әрмен дамыту. Соның ішінде басты жұмысым –елімізде өтіп жатқан үлкен деңгейдегі мерекелік шараларды, гала-концерттерді безендіру, шоу, акустика, LED экран бойынша ең жаңа техникалармен әрлендіру. 2013 жылдан қазірге дейін концерт ұйымдастырудың сыртында біраз шаруалар істеп үлгердік. «Дала даусы» фестивалінің концерттерін, «Наурыз» мерекесіне байланысты қойған концерттерді техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіп, декорациясын жасадық. «Ұлттық шоуға» көптеген жұмыстар істедік. Еуразия каналында жүріп жатқан «X-factor» жобасының LED экрандарын қойдық. КТК арнасындағы «Қабатов шоу» біздің бірлестіктің LED экрандарының көмегімен қойылды. «Бенефис шоуда» қызмет көрсеткен біздің «шоу-шырақтарымыз». Үстегі жылы өткен Президенттік шаралармен, Президент оркестірінің «Президенттік күзет қызметіне екі жы» концертіне де қызмет еттік. Басқа да көптеген ұсыныс, тапсырыстар алдық. Жалпы айтқанда жұмысымыз жаман емес. Қытайдағы «Жаңа әуен» концерттік компаниям да әлі жұмысын жалғастырып жатыр. Ондада 40-50 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Ал елге келген соң да 20 адамға жұмыс беріп, қазақ жастарын осы кәсіпке баулып жатырмын.

- Жұмыстарыңызға береке берсін, сіздің Экономист екеніңізді ді білеміз, Елдің экономикасын қалай бағалайсыз? Қазақ экономикасы қалай оңалатын болады?

- Экономика үлкен тақырып, елдегі экономикалық жағдайды бәрі де көріп біліп отыр. Ел экономикасы құлдырады, ақша құнсызданды, ішкі өнімнің артуы бұрынғы 6%-дан 1%-ға түсті, жұмыссыздық күннен күнге ұлғайып барады. Міне бұл ел экономикасының қазіргі қал-жайы, яғни Ел экономикасы дағдарыстық күйде. Бірақ, неліктен осындай дағдарыстық күйге түскенін кез келген адам түсіне бермейді. Экономика макро және микро экономикадан тұрады. Эконмикалық дағдарыстың пайда болуыда сол елдің макроэкономикасы мен микроэкономикасының қатынас сәйкессіздігінен тұындайды. Макро экономика саясатын мемелекет жүргізеді, оны экономикада “көрінетін қол” деп атайды, ал микроэкономика ол нарықтық қатынастар, оны экономикада “көрінбейтін қол” деп атайды.  “көрінетін қол” “көрінбейтін қолға” ықпал жасау арқылы экономика алып барылады. Бұны экономистардың барлығы біледі, бірақ сол екеуін қалай жақсы сәйкестіріп экономикалық дағдарысты мүлдем тудырмауды, әлі күнге дейін Нобель сыйлығын алған экономистер де шеше алмай келе жатыр. Сондықтан экономика жаратылыстық ғылымғада жатпайтын, қоғамдық ғылымғада жатпайтын, тек болжаммен жоспардан құралған ықтималдық ғылым. Яғни “сөзсіз алға ілгерлеймін”  немесе “артқа шегінбеймін” деп кесіп айта алмайтын ғылым. Бірақ нарықтық экономиканың өзгермейтін заңдылығы біреу ғана ол: “өсу бар да түсу бар, түсу барда өсу бар.” Кедейлікті ешкім жақсы көрмейді.  Халықтың бай, мемелекеттің қуатты болғанын,  дағдарыссыз күн кешкенін қаламайтын билік те жоқ, халық та жоқ. Әркім өзінше дағдарысты болдырмауға тырысады. Нарықтық экономикада экономистердің айтатыны да, болжайтыны да негізгі мақсаты дағдарысты болдырмау. Дамудың жолын ұсыну. Егер Ел экономикасының тізгінін ұстаған экономистер сол дамудың жолын тура ұсына алса жол қысқарадыда дамуға тез қол жеткізеді, тура ұсына алмаса жол ұзарып титықтайды.

Экономист ретінде, мен де бұл жолғы дағдарыс жөнінде көзқарасымды айтайын. Бұл экономикалық дағдарыс тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл жарты әлемде экономикалық дағдарыс болып жатыр. Бұл жолғы дағдарыс Батыс елдеріндегі дағдарыс емес, негізінен дамушы елдердегі дағдарыс. Ал, Батыс 2008 жылдағы дағдарыстан кейін эконмикасы оңалды, қалыпты даму үстінде. Бұл жолғы дағдарысты негізінен 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан айналып өткен Қытай бастаған алпауыт дамушы елдердің экономикалық құлдырауы, Батыс елдерінің Рессейге жасаған санкциялары сияқты көптеген факторлар келтіріп шығарып отыр деп болжауға болады. 2007 жылы батыс елдерінде қаржы жағдарысы болғанда, 2008 жылдың соңына барғанда қытайдың 60 пайызға жұық экспорты тоқтап, экспорттық өңдеуші кәсіпорындар күйрей бастады. Бүкіл Қытайды жұмыссыздық жайлады. Осыған байланысты қытай өкіметі экономиканы көтеру мақсатында 4 триллион юань ақшаны орталық банктен және орталық, жерлік қазынадан босатып, экономиканы ынталадыруға шешім қабылдады. Осы арқылы экспортқа тәуелді кәсіп орындарға қолдау көрсетіп және мемелекеттің инфрақұрлымдарын , тұрғын үй мәселелелерін шешуге қаржы бөлді. Бұндағы мақсат, экономиканың өзегін ішкі сұранысты арттыруға аудару мен жұмыссыздық мәселесін шешу болды. Бұл макроэкномикалық саясаттыңын жүргізілуі шынымен де сол кездегі қиыншылықты шешті, жұмыссыздық азайды, жалпыбеттік кәсіпорындардың күйреуінен аман алып қалды. Алайда, сол уақытта дағдарыстан Қытай құтылғандай болғанымен, ішкі өндірісте бүкіл тауардың бағасы қымбаттап, жылжымалы және жылжымайтын мүлік бағасы күрт көтерілді. Бұл  валютаның құнсыздануына алып келді. 2012-2013 жылдары Қытайдағы тұрғын үйдің шаршы метрі ең үлкен қалаларда 25000 долларға дейін жетті. Адамдардың сатып алу қуаты әлсіреп, 2014жылға келгенде Ішкі жалпы өнімнің өсуі құлдырай бастады, 2015жылға жеткенде Ішкі жалпы өнімнің өсуі бұрынғы9-10% дан 6.8% ға түсті, биыл соңғы жарым жылда 6,5 пайызға дейін төмендеді. Алайда, бұны Қытай дағдарыс деп мойындағысы келмейді. Бірақ мойындамаса да экономиканың шатқаяқтап тұрғаны шындық. Демек әлемдік қауымдастықтың құрамдас бөлегі болған кезкелген мемелекет әлемдік экономикалық дағдарыстан қашып құтылмайды. Ал, Ресейгеге келген санкциялар Қазақстанға тіке әсер етпей қоймайды. Ресей валютасының құнсыздануы, Ресей тауар бағасын төмендетті. Ресей мен Қазақстан кеден одақ болғаннан кейін, әлбетте тұтынушылар тауар қайда арзан болса содан алады. Қазақстан Рессейден тауар тасыды да, ақша Рессейге ағылып, өзі азғантай ғана өндіріс тіпті күйреуге бет алды. Сонымен еріксіз теңгені еркін бағамға жібердік, солайша Рессей нарығымен тепе теңдікті сақтап қалдық. Ал, сол кезде Қытайдан келетін тауардың құны қымбаттап кетті. Осындай сыртқы сауда айналымының 90% ұстаған екі алпауыт ел дағдарыста отырғанда, арасындағы кішкене ғана Қазақстанның дағдарыстан аман сау қалуы ешбір логикағада сыймайды.

       Қазақстан қалай дағдарыстан шығады? Мұнай бағасының өрлеуі дағдарыстан шығуға әсер ететін факторлардың бірі, бірақ шешуші фактор емес. Шешуші фактор: өндірсті қалптастыру керек. Жеріміздің асты да  байлық, үстіде байлық. Егер біз сол байлықтарды өз уағында ашпасақ, оны экономикалық құндылыққа айналдырмасақ, ертеңгі күні сол байлық деп отырғанымыз түкке жарамай қалуы әбден мүмкін. Сол үшін сол байлықтарымызды ашып игілікке жарататын, өндіріс орындарын көптеп ашу керек, ол үшін ақша керек. Ал ақшаны қайдан аламыз? Ақшаны Инвестор шақыру арқылы табамыз, одан басқа жол жоқ. Өндіріске өз шамамыз келмесе оны өндіре білетіндерді шақырумыз керек. Инвестор әрине алғашқы мақсатта өзі ақша табады, бірақ ол өндірісті жүргізіп отырғандықтан еңбек көзі болады, адамдарды жұмыспен қамтиды. Жұмыссыздықты жояды. Мемлекетке салық тапсырады. Одан халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі. Өндірілген тауар да халықтың игілігіне жарайды. Солай экономика аяқтан тұрады. Бұл жердегі ең басты жұмыс инвесторларды шақыра білуде, олардың жұмыс істеуіне мемелекет қолайлы жағдай жасауы керек.

     Сөзіме тұздық болуы үшін, Қытайдың Дэн Сяопин реформаторын бәріміз білеміз. Қытай Республика болып құрылған 1949 жылдан 1978 жылға дейін есін жимады. Жалған ұранмен «Зор Секіру» деген сияқты ақылға қонымзсы саясатты ұстанды. “20жылда Англияны басып озып, Америкаға жетеміз” деп өзеуреді. Болат темірді қорытамыз деп халықты аттанысқа келтіріп, тау-тасты талқандап, ормандарды отады, экология ауыр зардап шекті. 10жыл Мәдениет революциясын жасады. Дүкендерде мүлде тауар болмады. Талонмен азық-түлік таратылды. Сөйтіп қытай 30жыл сергелдең күй кешті. Ақыры 1978 жылға келгенде елге басшы боп Дэн Сяопин келді. Ол ел экономикасын аяқтан тұрғызу үшін эконммистерді билікке алып келді. Олар инвесторларды шақыруды күнтәртібіне қойды. Жер реформасын жасады. Дихандарға жерді 30жылға көтеріп берді. Шетелдік Инвесторларға бар мүмкіндікті беріп инвестиция тартты. Өнеркәсіп қолға алынды, Қытай эконмикасы өз қанын өзі жасай бастады. Сөйтіп соңғы 30 жылда Қытай алпауыт өндіруші елге айналып шыға келді. Сондықтан мен инвестиция тартуды бірінші орынға қою керек деп есептеймін. “Бермейтін сараң жоқ, сұрауың келіссе” деген ғой қазақ, сол үшін сұрауды  келістірсек инвестиция табылады.

     Инвестициямен бірдей маңызда қолға алынуға тиісті сала, ауыл-шаруашылық саласы. Бұл жерде қазақстанның ауыл шаруашылығының мүмкіндігін ашалап айтпайақ қояйын, мүмкіндігі шексіз. Ең маңыздысы ауыл шаруашылыққа бағыт бағдар беретін саясат, қолдайтын инфрақұрлым, қорғайтын кемелді заң, мемелекеттік деңгейде үгіт-нәсихат керек. Осылар  дұрыс сәйкестірілсе Қазақстанның ауыл-шаруашылығының ұшқан құстай дамуға қол жеткізетіндігіне сенімім кәміл. Ауыл шаруашылығы саласында көрші Қытаймен тығыз әріпестік қатынаста болу керек деп есптеймін. Қытай қазақстан ауыл шаруашылығы үшін ең үлкен базар.

     Үшінші, Туризмды қолға алып, жер ресурстарын экономикалық тимділікке айналдыру керек. Туризмді дамыту үшін бірінші инфрақұрылымды жақсарту керек. Екінші  дипломатиялық жағдайлар да жасалуы тисі. Мысалы шетел азаматтарына жеңілдетілген тәртіппен виза беру. Көркем жерлерде сервисті жақсарту, туристік компаниялардың еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек. Оған қатысты заңдар да жасалуы тиіс. Туристердің қауіпсіздігі де маңызды. Геграфиялық климаттық ерекшеліктер де ескерілуге тиіс. Осы жоғарыда айтылған бірнеше жақтарды жақсы қолға ала алсақ, мұнайсыз-ақ дағдарыстан 2-3 жылда шығып кетер едік. Мұнайдың да дәуірі өтіп бара жатыр. «Тас-құрал дәуірі тас жоқ болған соң аяқтап кеткен жоқ» деген сияқты мұнай дәуірінің аяқталуы мұнайдың сарқылуына байланысты емес, маңызын жоғалтуына байланысты.

- Алтынбек Сәрсенбай «шетелден келетін қазақтарды үлкен күшіміз» деген еді. Елге шеттен келетін қазақтар көшіне Қазақстандағы дағдарыс та әсер еткен сияқты. Бұндай рухани дағдарыстан қалай шығуға болады?

- Жер мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесі болатын болса, көші-қон да сондай Ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе. Жерді игеретін адам болу керек. Шетелдегі қандастарымыз ең сенімді,  ең үлкен инвесторлар, олар келсе жерімізді тек игеруге ғана емес, жаудан қорғауғада келеді. Деморграфиялық мәселеміз де шешіледі. Олар құры келмейді, қалтасында аз болса да қаражатымен келеді. Әлиханның сөзімен айтқанда, «Қазақстан қазаққа толмай тәуелсіздік баянды болмайды». Тіл мәслесі де шешіледі. Сондықтан, рухани дағдарысты шешудің жолы жалғыз, ол көші-қон саясатын барынша жақсарту.

- Сіз Қытайдың экономикасын жақсы зерттегенсіз ғой. Қазақстанда жерді жалға беру мәселесі өршігенін білесіз. Жалға бере салсақ басты инвесторлар қытайлар болуға тиісті еді, сіздің ойыңызша жерді жалға берген дұрыс па?

- Отан деген жер, жер деген отан, жер мәселесі өте сезімтал мәселе, оны дұрыс шешу керек. Қазақта «бос жатқан жер жау шақырады» деген сөз бар. Жер мәселесін шешудің басты жолы бос жатқызбай игеру керек. Игере алам дегендерге беру керек. Инвесторларды іштен де, сырттан да шақыру керек. Әрине, тоздырып жібермейтіндей етіп белгілі шарттармен. «Сырттан келген инвесторлар жерді басып алады» деген біздегі орнап қалған қорқыныш. Инвесторлардан қорықсақ, өзіміз де игере алмасақ онда қиын. Ал, Қазақстан халқы жерін бос тастамай өзі игере алса әрине инвесторға мұқтаждық жоқ. Бірақ, бізде ондай мүмкіндік әзірге бар емес. Ондай жағдайда игерілмей бос жатқанынан гөрі шетелден инвестор шақырған дұрыс. Бірақ, инвесторлардың санына, технологиясына шектеу қою керек. Оларды тек белгілі шарттармен кіргізу керек. Мысалы егін салатын инвесторларға химиялық тыңайтқыш қолдандырмау, жасылдандыру жұмыстарын жүргізуге міндеттеу, тау-кен өндірісін жасағандарға табиғатты ластамауға міндеттеу деген сияқты.

- Арғы бетте «Ербосын қайда жүр?» деп, ағайын жұртыңыз іздеп жатады екен. Сіз кеткелі концерт ұйымдастыру мәселесімен кім айналысып жүр? Ізбасарларыңыз бар ма?

- Мен Шыңжаңжа мәдениет саласымен 1997 жылдан бастап айналыстым. Қазақстаннан келген өнер адамдарын қарсы алып, Қытайдағы шөлдеп отырған қазақтың суысынын қандырдық. Тірідей көрсек, әнін естісек, сөзін тыңдасақ деген қандастардың арманын орындадық. 2013 жылға дейін осы жұмыспен айналыстым. 2013 жылы Шыңжаңда тыныштық кетіп, террорлық актілер көбейе бастады. Кейбір жоспардағы мәдени іс-шараларымыз, концерттеріміз өтпей қалып жатты. Құқықтық органдар келіп, аяқ астынан «өтпейді» деп кетеді. Былайғы жұртқа білінбегенімен жоспарланып өтпей қалған шаруаның шығыны айтарлықтай үлкен болады. Қауіпсіздігіміз үшін де,  арандаудан аулақ болу үшін де ол жұмыстарымызды тоқтаттық. Мен содан кейін 2014 жылы Қазақстанға бір жола қоныс аударып кеттім. Қытай қазақтары қашанда Қазақстанның өнер адамдарына зәру, көргісі тыңдағысы келеді. Бұндағы өнерпаздардың әрине, барып тұрғаны жөн. Ұйымдастырып жүрген жас буын бар, тәжірибелері жетпей жатады деп естимін, көш жүре түзелер.

Биыл Қазақстанның тәуелсіздігіне 25 жыл! Мереке қарсаңында халыққа қандай тілек айтасыз?

- Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы құтты болсын! Дағдарыс деген уақыттық қиындық, берекеміз бірлігіміз болса қиындық тудырмас. Халқыма айтар тілегім бай бақытты болайық, егемендігіміз баянды болып, қазақтар өсіп-өне берейік. Көп болсақ, тоқ болсақ басқа не арман?

Сұхбаттасқан Ерлан Төлеубай

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір