• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 09:55:06
Алматы
+35°

26 Қазан, 2016 Саясат

Түркияның жаңа Ата Заңы елді тығырықтан шығара ма?

Түркияның билік басындағы партиясы жаңа Ата Заңның жобасын жасауға көшті. Енді ел үкіметі тек саяси ғана емес, идеологиялық бағытын да өзгертпек. Жаңадан...

Түркияның билік басындағы партиясы жаңа Ата Заңның жобасын жасауға көшті. Енді ел үкіметі тек саяси ғана емес, идеологиялық бағытын да өзгертпек. Жаңадан қабылданатын құжатқа сәйкес Түркия парламенттік республикадан президенттік басқару жүйесіне көшпек. Бұл Ата заң билік басындағы Әділет және даму партиясы тарапынан дайындалған. Партияның ұсынысымен аталмыш құжат алдағы жылы күшіне енеді деп күтілуде. Отыз жылдан астам күшінде болған Ата Заңды өзгерту Түркияның батыстық өмір принциптерінен ажырап, исламдық және ұлттық тіршілік дағдысына еніп бара жатқанын білдірсе керек.

"Жаңа Ата Заң мен президенттік жүйе — бұл президент Реджеп Таип Ердоғанның өзінің қалауы емес, Түркияның қазіргі даму кезеңіндегі қажеттілік. Бұндай өзгерістерден қорықпау керек. Барлығы осы құжатты құптайды деп үміттенеміз" деп, мәлімдеме жасаған болатын Түркия басшысы биылғы жылдың мамыр айында.

Ердоғанның сөзінше, қазіргі парламенттік жүйе республиканы дағдарысқа әкеледі. Сарапшылар Ердоғанның бұндай өзгерістерді енгізуіне шілде айындағы мемлекеттік төңкеріс оқиғасы түрткі болған дейді. "Бізге қысқа мерзім ішінде жаңа Ата Заңды қабылдау керек" деп мәлімдеме жасаған еді, Ердоған ел билігі төңкерісті басып тастаған кезде.

Республика премьер-министрі және партия төрағасы  Бинали Йылдырым осы аптада жаңа Ата Заңның жобасы дайын болғанын және жақын арада Парламентке жіберілетінін мәлімдеді. "Халықтан қорықпау керек, ол бұл мәселені шешеді. Түркияның басқару жүйесіне қатысты дауды шешу керек" деді Йылдырым.

Түрік ақпарат құралдары Парламентке сілтеме жасап, заң жобасының алдағы жылы қаңтар айынан бастап қаралып, сәуірге дейін талқыланатынын хабарлады. Жаңа Ата Заңды қабылдау үшін оған депутаттардың басым бөлігі (367)  дауыс беруі керек. Басқарушы партия парламентте 317 мандатқа ие. Егер заң жобасы 330 дауыстан көп, 367 дауыстан аз  жинаса Ата Заңды қабылдау мәселесі референдум арқылы шешілмек.   

Естеріңізге салайық, Түркияның қазіргі Ата Заңы 1980 жылғы әскери төңкерістен кейін қабылданып, 1982 жылдан бері өз күшінде. 1980 жылы Түркияның жиырма шақты аймағында әскери жағдай жарияланып, әскерилер билікті басып алған болатын. Ұлттық қауіпсіздік Кеңесі үкіметті құлатқан соң ел басшысы тағына Кенан Эврен отырған.

Түркияның Ата Заңы 1982 жылдан бері бірнеше рет өзгертілген. Алайда құжаттың кейбір баптары өзгертуге жатпайды. Мысалы, Түркияның республика екендігі, мемлекеттік символдар туралы, республиканың демократиялық екендігі, т.б.

Сонымен жаңа Ата Заң Түркияның басқару формасын ғана емес, мемлекеттік идеологияны да өзгеріске ұшыратпақ. Енді елдің даму бағыты исламдық қағидаттарға көбірек негізделуі мүмкін.

Саяси сарапшылар Ердоғанның басты мақсаты да Түркияны президенттік республикаға айналдыру екенін айтуда. Түркияны бір тетікті Ердоған жүйесіне бағындыру Еуропалық Одаққа ұнамайтыны белгілі. Түркия басшылығын авторитаризмді орнатты, сөз бостандығына қысым жасап, оппозициялық күштерді басып тастады деп сынаған Еуропалық Одақтың Ердоғанға деген "ызасы" бұдан кейін  күшеюі  мүмкін.

Алайда Түркия халқының 50 пайызы жаңа саяси өзгерістерге қарсы. Иранист саясаткер Каринэ Геворгян "АиФ" басылымына берген сұхбатында  Ердоғанның "Мұсылман бауырлар" діни-саяси ұйымына жақын екендігін айта келе, Түркияның саяси жүйесінің өзгеріске ұшырауына аталмыш ұйымның ықпалы болды деген ой тастайды. Түркияны зайырлы мемлекеттен исламдық бағытқа қарай бұрған да осы ұйым көрінеді.

 

Шарафат Жылқыбаева

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір