• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:29:38
Алматы
+35°

27 Қазан, 2016

Әсел Акбарова: «Баян Есентаеваға еліктемеймін!»

Жүрегіндегі бар арманын бір-бірімен ұштастырып, өнері мен отбасын қатар алып жүрген танымал ана – Әсел Акбаровамен жақында сұқбаттасудың сәті түскен еді....

Жүрегіндегі бар арманын бір-бірімен ұштастырып, өнері мен отбасын қатар алып жүрген танымал ана – Әсел Акбаровамен жақында сұқбаттасудың сәті түскен еді. Әрі ол тізгіндейтін «Хабар» арнасындағы «Біздің үй» ток-шоуына барып, кадр сыртындағы көріністермен, жұмыс барысымен танысып қайттық.

— Негізгі мамандығыңыз заңгер екен. Телевизия саласына қалай келдіңіз?

— Телевизия жүйесінде жұмыс істеу, диктор болу – балалық шақтан келе жатқан арман еді. Құдайға шүкір, бұл арманым орындалды. 2006 жылы Астана қаласына қоныс аудардым. Сол кезде мен негізі министрліктің бірінде жұмыс істеуім керек еді. Соған дайындалып, жауаптарын күтіп отырғанмын. Сол сәтте арналардың біріне «тележүргізушілер керек» деген хабарландыруды естідім. Бұрыннан келе жатқан арманым болғаннан кейін, бағымды сынамақшы болып бардым, көрдім. Бағыма орай, ол кісілер мені ұнатты, әйтеуір (күліп). «Даусың да, түр-әлпетің де келеді екен, жұмыс жасауға болады» деп, кеудеме бір үміт ұялатты. Әрине, мен бала арманымнан бас тартпай, телевизияда қалдым. Кім білсін, пешенеге жазылғаны сол шығар. Тағдыр өзі айдап келген шығар деп ойлаймын.

Тележурналистика курстарына қатысып, дайындалдыңыз ба?

— Жоқ, ондай арнайы дайындық болған жоқ. Сол арнада алғаш келгенімде дикциямен жұмыс істейтін, дауысты қоятын арнайы мамандар да болды. Сынақ мерзімі кезінде мен солардың артынан жүгіріп жүріп сұрасам да «Қой, айналайын Әсел, оның саған қажеті жоқ» деп өздері мені сендірді.

Мамандығыңыз басқа болған соң кәсіби тележурналистер тарапынан сындар жиі айтылатын шығар? Қалай қабылдайсыз?

—Әрине, енді ондай-ондай болады ғой. Әсіресе, әйелдер арасында. Енді жігіттердің ойында не жүргенін білмейміз ғой, ал қыздар айтып қалып жатады. Кейбір кезде неше түрлі пікірлерді естисің. Қазір әлеуметтік желілерде оңай болды ғой. Кез келген адам өзінің пікірін білдіре береді. Бірақ осы күнге дейін «Журналист маманы емессің, телевизияда не істеп жүрсің?» дегенді естіген емеспін. Қайта тәнті болып жүргендердің, менен дәріс алғысы келетіндер мен ақылдасқысы келетіндердің қатары көп. Енді бұл салада жүргеніме 10 жылдан асты ғой. Барлығы тәжірибенің арқасында келеді.

 

— Өзіңізді актрисалық қырыңыздан да көрсетіп жүрсіз. Бұл жолға қалай түстіңіз? Алдын-ала актерлық шеберлігіңізді дамытып, арнайы курстарға барасыз ба?

— Бұл да балалық арманым (күліп). Негізі адам армандай білу керек қой, алдына мақсат қоя білу керек. Мен тек үйде жатып армандап, ойлаумен ғана шектелген жоқпын. Телевизияға келу үшін мен алдымен өзімді сынап көрдім, көрсете білдім. Бұл – бір. Ал актрисалыққа келетін болсақ, оған да мен арнайы дайындалдым. Біріншіден, іштей дайындалдым. Содан соң актерлық шеберлік курстарынан өттім. Бұған да бір сондай мүмкіндік болды. Хабар арнасында, білсеңіз, баяғыда «Тоғысқан тағдырлар» деген телехикая болды. Соның жалғасы ретінде түсірілетін сериалға кастинг жүріп жатқанын естідім. Барып оны да көрдім. Бүкіл сатысынан өтіп, режиссердің көңілінен шыққандай болдым. Бірақ кім екенімді, қайда қызмет ететінімді айтқан жоқпын. Ол кісі де қазақша бағдарламаларды көретін адам емес, сондықтан менің кім екенімді біген жоқ. Сөйтіп кастингтен  өтіп, Салтанаттың рөліне мені бекіткен болатын.

— Бүгінге дейін қанша фильмге, сериалға түстіңіз? 

— Сол «Бақ мекенім, Астана» («Перекресток в Астане»), одан кейін «Зауал» деген телехикаяға түстім. Оны қазір «Хабар» арнасынан да көрсетіп жүр. Одан кейін, білсеңіз, осы жазда Асқар Ұзабаевтың «Гламур для дур» толықметражды фильміне түстім. Ол, Құдай қаласа, 1 желтоқсанда экранға шығады. Одан кейін Астанаға келіп, демалыс уақытымды пайдаланып, «Все из-за мужиков» деген киноға да түсіп келдім. Әзірше, екі сериал, екі толық метражды фильм.

«Гламур для дур» фильміне алғашында Баян Есентаева түсуі қажет екен. Сізге шақырту түскенде бірден келістіңіз бе?

— Бұл жерде неше түрлі алып-қашпа әңгімелер бар енді. Әркімнің аузына қақпақ бола алмайсың ғой. Нақты өзім білетінім, алғашында Баян Мақсатқызы бұл рөлді сомдауы керек болатын. Сөйтіп келісілген еді. Бірақ аяқ асты өзі бас тартқан. Содан осы фильмнің режиссері Асқар Ұзабаев хабарласып, маған осы рөлді ұсынды. Әрине, бас тартпаймын ғой (күліп). Келісімімді бірден бердім.

— Сізді көбіне «Баян ханымға еліктейді, сол кісіге ұқсайды» деп жатады. Өз басым, ұқсастық байқамаппын. Жалпы бұл сізге қалай әсер етеді?

— Мен де соны түсінбеймін. Біріншіден, ұқсамаймыз. Баян Мақсатқызын мен де білемін, бірге жұмыс та істедік. Неліктен жұрттың көзіне олай көрінетінін білмеймін. Меніңше, біз ұқсамаймыз. «Еліктейді» дейді.  Қалай еліктеймін? Менің шашымның түсін қараңыз. Ол кісінің шаш үлгісін қараңыз. Қай жеріммен еліктейді екенмін мен? Соны да түсінбедім. Ол кісімен салыстырып жатса, әрине, ренжімеймін, «Баянға ұқсатты» деп те ренжімеймін. Өйткені ол ең сұлу, көрікті аруларымыздың бірі ғой. Мұны мойындау керек. Оның үстіне біздің мәдениетімізге зор үлесін қосып жатқан тұлға, мақтанарлық, үлгі тұтарлық әйел. Реніш жоқ. Дегенмен қытығымды келтіретін тұсы да бар. Өз басым бұл пікірмен мүлде келіспеймін. Ұқсастығымыз да жоқ, еліктеу де жоқ.

— Оқырмандарымызға өзіңіз жайлы айта кетсеңіз.

— Мен жалпы, жеке өмірім, отбасым жайлы ашықтан-ашық көп айтатын адаммын. 17 жасымда тұрмысқа шыққанмын. Жігітім марқұм Оңтүстік Қазақстанның тумасы. Бірге заң университетінде оқып жүріп танысқанбыз. Сөйтіп, 1-курсты тәмамдаған соң, тұрмысқа шығып кеттім. 4-курсты бітіргенде менің үш балам бар еді. Қазір сол екі қызым, кенже ұлым – үш бала-шағам бар. Күйеуім марқұм 2005 жылы ауыр науқастанып, дүниеден озды. Былайша айтқанда, миында ісігі болды. Содан бері тұрмысқа шыққан жоқпын. Бірақ бәрін тастап, Астанаға көшіп келдім. Осында көшкеннен кейін жаңа өмір басталды.

Балаларды жалғыз тәрбиелеген қиын емес пе?

— Қиын, әрине.

Екінше рет отбасын құру ойыңызда жоқ па?

— Мен отбасын құрар едім. Біріншіден, мен тұрмысқа шығатындай, лайық адамымды кездестірген жоқпын әлі күнге дейін. Екіншіден, қазір кез келген адамның басқа біреудің баласына бауыр басуы екіталай. Оның үстіне, менің балаларым – жасөспірімдер. Қыздарым бойжетіп қалды. Бір жағынан қауіпті де. Неше түрлі жаңалықтарды естиміз ғой. Әлеуметтік желілерде де, теледидардан да көрсетіп жатады. Өзінің туған баласын аямағандар біреудің баласын аяйды дейсіз бе? Сондай да үрейлер бар. Сол үшін бөтен бір ер азаматтың үйде жүргенін өзім де қаламаймын. Бірақ менің бақытым үшін балаларым қарсы емес те шығар?! Олар тек қана жақсылық тілейді ғой маған. Тілектес, жанашырларым, көмекшілерім – менің осы балаларым.

— Бірақ мүмкін бе алдағы уақытта?

— Мүмкін енді, кім біледі? Кездестіріп қалармын. Мүмкін кездестірмейтін де шығармын. Оны тек қана Алла тағала біледі.

— Балаларыңыз осы төңіректегі ойларын айта ма сізге?

— Бұл тақырыпта ашық әңгімелесе береміз. Онда тұрған ешнәрсе жоқ. Өздері де біліп жүр, көріп жүр. Лайық адам жолықпай жүр маған (күліп).

— Сізбен тағдырлас қазақ әйелдері көп. Сол кісілерге сізден кеңес болсын, мотивация болсын. Қиындықпен күресуге, жеңуге қандай күш әсер етті? Осынша күш-жігерді қайдан аласыз?

— Сол қиындықты бастан өткергеннен кейін біз күшейеміз ғой. Ол бізге қуат береді. Біріншіден, бала-шағам бар. Соларды ойлауым керек. Қазір жолдасымсыз кешіп жатқан өміріме көз жүгіртіп, артқа қарасам, жасағанымның барлығы балаларым үшін ғана. Әрине, менің армандарым орындалып жатыр (күліп), оны да ескермеу мүмкін емес. Бірақ ең қозғаушы күш – балалар. Олар болмаса, мен білмеймін, мұңайып, қандай күйге түсетінімді, айтпай-ақ қояйын, болжамай-ақ та қояйын. Әйтеуір аман-есенбіз, деніміз сау, бала-шағам сау, ең басты байлық, бақыт осы.

— Бала тәрбиесінде, әсіресе, қыз баланың тәрбиесінде неге көңіл бөлесіз?

— Тиым көп. Бір жағынан ойлаймын, мүмкін мен шектен тыс қатыгез адам шығармын деп.

— Неге?

— Білмеймін, енді. Солардың әңгімесіне қарасаң (күліп) дегенім ғой. «Мама, түк те рұқсат етпейсіз ғой, бізге түк бостандық бермейсіз» дейді. Оларды осылай тиып ұстауым болашағына алаңдағандықтан, қорқыныштан. Жалғызбасты ана болғаннан кейін, қасымда жолдасым болмағаннан кейін мені де түсінуге болатын шығар. Кеңесетін әке-шешем де жоқ, әжем де жоқ. Бәрі осы өмірден қайтқан. Бүкіл жауапкершілікті мен өз мойныма алуға тура келді. Сондықтан да осы ұл-қыздарымның тағдыры, болашағы көбінесе маған байланысты деп ойлаймын. Сондықтан да мен осындай қатал шығармын. Барлығы осымен түсіндірілетін шығар.  Көбісі ойлайды ғой бұған біреу көмектеседі-ау, бұның тірегі бар-ау деп неше түрлі ойлар келетін шығар. Ешкімнің ойына тосқауыл қоя алмаймыз. Бірақ менің айтарым, үш баланы тәрбиелеу оңай емес, қиын. Кішкентай кезінде өзінің қиыншылығы болады, өскен сайын жауапкершілігі де артады. Жасөспірім шағында «өтпелі кезең» деген болады. Бұның бәрі оңай емес.

— Болашақта балаларыңыздың кім болғанын қалайсыз? Жалпы сіз олардың таңдауына араласасыз ба?

— Жоқ, олардың таңдауына мен араласпаймын. Өздеріне мүмкіндік беремін. Өйткені менің өз басымда өткен жағдайды айтайын, дәлел ретінде. Мен заң университетін бітіремін деп ойлаған жоқпын. Оны армандаған да жоқпын. Марқұм әкем жақсы заңгер болған, жақсы қорғаушы болған кезінде. Бастапқыда, тәуелсіздік алған кездерде елімізде заңгерлер, экономистер керек болды. Көпшілігі осы мамандықтарға түсетін. Содан анам ойлаған ғой осы салада білім алса деп. Ал өзім актерлық оқуды бітіремін деген едім. Өнерге барайыншы деп сұрағанмын да. Бірақ анам қарсы болды. Өз басымнан өткеннен кейін балаларымның қателеспеуін, өздеріне ұнаған мамандықты таңдағанын қалаймын.

— Соңғы уақытта ән жаздырып, музыкаға бет бұрғаныңызды байқап қалдық. Бұл да бала күнгі арманыңыз ба?

— (күліп) Иә, ол да арманым. Мен қайтпайтын адаммын ғой. Армандарымның бәрін орындамасам, көңілім жай таппайды. Даусым бір сондай керемет болмаса да балалық шақтан ән айтып жүргенмін. Негізі әжемнің даусы жақсы болған, әнді де шебер орындайтын. Кезінде Нұрғиса Тілендиевтің «Отырар сазы» оркестрінде шаңқобыз аспабында ойнаған. Музыкадан дәріс берген. Бірақ нағашы атам өте қызғаншақ кісі болған соң апама рұқсат бермеген (күліп). Мен енді арнайы мектепке барып, музыкалық білім алған жоқпын. Дегенмен аздап сол әжемнен берілген болар. Бірақ ән жаздsрғандa үлкен сахнаға шығып, эстрада жұлдызы боламын деген мақсат жоқ менде. Өзім үшін, жақындарым үшін орындап жүрмін.

— Заңгер, тележүргізуші, әнші, актриса. Қайсысы жаныңызға жақын?

— Бәрі жақын маған. Мен өзім сүймейтін жұмыспен, қызықпайтын нәрсемен айналыспаймын. Оған уақытымды бөліп қайтемін? Оған уақытымды бөліп емес, уақытымды жұмсап қайтемін? Өмір бір-ақ рет беріледі. Мүмкіндік болса тек қана өзіңді қызықтыратын, ұнайтын ісіңмен айналысуың керек деп ойлаймын.

— Бала күнгі армандарыңыздың барлығына қол жеткізіп келеді екенсіз. Тағы қандай армандарыңыз бар?

— (күліп) Айтпаймын. Әйтпесе, орындалмай қалады. Орындалғаннан кейін естисіздер ғой…

— Үй шаруасымен өзіңіз айналысасыз ба?

— Қолым қалт еткенде міндетті түрде, әрине. Балаларыма тамақ әзірлеймін. Менің қолым тимесе, жұмыстан шыға алмай жатсам, қыздарым істейді. Үй тазалау, үй жинау – солардың қолында, солардың мойнында. Мен оларға әкемін де, шешемін де. Қолымнан келгенше барлығын жасап жатырмын.

— Жас, әдемі көрінесіз. Өзіңізді қалай күтесіз?

— Көбісі осы сұрақты қояды. Аузымды толтырып айтатындай, күтім жасамаймын, шыны керек. Бұл қанымда бар нәрсе. Марқұм анам да біраз жас көрінген еді. Ол кісі де ауыр науқастың салдарынан дүниеден ерте қайтты. Өзіме келетін болсам, уақытым бар кезде спортпен айналысамын. Соның өзі әсер ететін шығар. Одан бөлек 5 жылдай балет училищесінде оқыдым. Физикалық тұрғыдан алатын болсақ,  мүмкін денеме оның да әсері бар шығар. Ал былай тұқымымызда 35 жасқа дейін өте жас көрінеміз. Кім біледі, мүмкін сосын жақсылап күтім жасау керек болар.

— Қыздарымызға, болашақ аналарымызға, сіңлілеріңізге қандай кеңес айтасыз?

— Адам деген өз өміріне қанағаттану үшін, сүйікті ісімен айналысу керек. Сосын отбасы құрған болса, бала-шағасы бар болса, ең бастысы сол бала-шағаның амандығын, денінің саулығын ойлауы керек. Ана үшін ең маңыздысы сол. Қалғанының бәрін күш-қуат, мүмкіндік болып жаста, орындауға болады. Тек бойдағы жалқаулықты, жігерсіздікті жеңе біліп, еңбекке құштар бола алсақ, барлығына қол жеткіземіз.

Материал ikerim.kz сайтынан алынды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір