• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 18:23:32
Алматы
+35°

11 Қазан, 2016 Саясат

Келелі мәселелер кеңінен талқыланды

 

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен  селекторлық режімде Үкімет отырысы өтті. Онда еліміздің отандық мұнай сервисін дамыту бойынша шаралар, жекешелендіру, мүлікті жария ету, сондай-ақ астық жинау науқанының барысы талқыланды.

Мұнай сервисін дамыту мәселелері бойынша Энергетика министрі Қанат Бозымбаев баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, мұнай бағасының төмендеуі еліміздегі мұнай-сервистік нарығының көлемін азайтқан.

«Мұнай-сервистік сектордың дамуы мұнай өндіру саласының даму қарқынына тікелей тәуелді. Мысалы, 2014 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-сервистік қызметтердің жалпы көлемі 1,4 триллион теңгені құраса, 2015 жылдың қорытындысы бойынша осы салада 1,3 триллион теңге жұмсалды. Бұл Қашағандағы құбырлардың ауыстыру жұмыстарын қосқанда естептеліп отыр. Егер Қашағандағы жұмыстарды алмасақ, бұл көрсеткіш 1,055 трлн теңгені құрады, яғни жиырма екі пайызға азайған», – деді министр.

Ең үлкен төмендеу  – бұрғылау, геофизика мен құрылыс салаларында байқалған. Мәселен, мұнай сервисінің жалпы көлемінің отыз екі пайызын  алатын және саланың негізгі драйвері ретінде есептелетін «бұрғылау» сегментінде  жұмыс көлемінің ең үлкен төмендеуі байқалды. Бұрғылау көлемдері үш есе қыс­қарған. 2013 жылы 1865 ұңғыма болса, биыл 663 ұңғыма пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, бұрғылау жұмыстарында қазақстандық компаниялардың үлесі елу алты пайыз ғана құрап отыр.

Қазір елімізде екі мыңнан астам мұнай-сервистік компания бар, қызметкерлердің жалпы саны 169 мың. Оған жер қойнауын пайдалану саласындағы 150 компанияның 76 мың қызметкерін қосуға болады.

Министр сондай-ақ, отандық мұнай сервисі компанияларын ірі мұнай-газ саласы жобаларына тартуда қолданылып жатқан шаралар туралы мәлімдеді. Бұл ретте ұсыныстар әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылғанын жеткізді.

«Айта кетейік, жұмыстың ауыр түр­лерінде қазақстандық компа­ния­лар­дың тәжірибесінің аздығы көрі­неді. Бұл операторлардың талабына сай бол­ма­ғандықтан, олардың алаң­дау­шылығын тудырады. Бұл мәселені біз шетелдік және жергілікті компаниялар арасында консорциум құру арқылы шешеміз», деді Қ. Бозымбаев.

Ол сондай-ақ, компаниялардың сатып алу кезінде және шетелдіктердің қаты­суымен мұнай-газ компанияларын са­тып алу туралы шағымдар кезінде шама­дан тыс орнатылған талаптарға байла­нысты қиындықтарға тап болатынын да алға тартты. Осыған байланысты министрлік тиісті жұмыстар атқарып жатыр екен.

Мұнайшылар жұмыссыз қалмайды

Мұнай саласында туындаған қиын­дықтардан елдегі компанияларда жұмыс­сыз­дық туындауы да әбден ықтимал. Осыған байланысты Үкімет арнайы зерттеулер жүргізіп, мәселенің алдын-алуды қолға алған. Жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайы туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүй­сенова есеп берді. Мәселен, арнайы жұ­мыс тобы өткізген зерттеу нәтижесінде 99 мұнай-сервис компаниясының өз қыз­меткерлерін жұмыстан босату қаупі барлығы анықталыпты. Бұл мекеме­лерде 44 мыңға жуық адам жұмыс істей­ді екен. Министрлік қолдауды қажет ететін жұмысшыларды үш топқа бөліп қарастырады. «Бірінші топта 1239 адам бар. Олар 52 кәсіпорында қыз­мет етіп, биыл жұмыстан шығарылған. Жұ­мыс­шылардың басым бөлігі Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында», – деді Т.Дүй­сенова. Министрдің айтуынша, осы уа­қытқа дейін сан алуан бағдарлама бо­йынша жұмыссыз қалған 325 адам тұрақты жұмыс тапты. 355-і қайта даярлау курс­тарынан өтті. Олардың ішінде уа­қытша жұмысқа тұрғандар да бар. Тағы 100 адам өздігімен жұмыс тапты. Қазіргі кезде қалған 500 адамды жұ­мысқа орналастыру жалғасып жатыр. Екінші топқа 22 кәсіпорынның жұмысшылары кірді. Себебі, олардың жұмысы тұрақсыз кестеге ауыстырылды. Мұндай 3200 жұмысшы бар. Олардың 1316-сы жұмыс істемейді. Өйткені, кәсіпорындардың жұмысы тоқтаған. 1290-ы мерзімсіз демалысқа жіберілсе, 594-і толыққанды жұмыс істеп жатқан жоқ. Ал үшінші топқа алдағы уақытта жұмыссыз қалады-ау деген азаматтар кіреді. Олар – Атырау облысындағы кәсіпорындардың жұмысшылары. Алдағы екі жылда облыста 3804 адам жұмыссыз қалады деген болжам бар.

Министр Т.Дүйсенованың айтуынша, алдағы уақытта Теңізшевройлды кеңейту жобасы аясында қосымша 20 мың жаңа жұмыс орнын ашу жос­парланып отыр. Осының есебінен жұмыссыз қалған азаматтарды қызметке тұрғызу жоспарланған. Бұдан бөлек, индустриялық-инновациялық бағдарлама мен жұмыспен қамтудың басқа да шараларын қолдану қарастырылып отыр.

Келісімдер керексіз болмайды

Бұл мәселеге Үкімет басшысы да үн қосты. Мұнайшылардың жұмыссыз қалмауына меморандумдардың да ықпал етпей жатқанын сынға алды.

«Қазақстанда мұнай секторында, мұнай-сервистік салада жұмыс орындарын қысқартпау бағытында барлығы 19 мыңнан астам меморандумдар жасалған. Біз меморандумдарға қол қойғанда, бас­шылық алдында біз қандай керемет еке­німізді көрсетіп, «меморандумдарға қол қойдық, бізде барлығы жақсы» деп есеп береміз. Қазір біз өз материалдарымыздан көріп отырмыз, кейбір меморандумдардың талаптары орындал­май отыр», деді Үкімет басшысы. Министрге меморандумдарды қайта қарап, орындалмай жатқандарын анық­тауды тап­сырды. «Мәселені әкімдер мен министр­ліктер бірлесіп қарасын», деп нақтылады.

315 нысан жекешелендірілді

Отырыста қаралған екінші мәселе жекешелендіру барысы және ірі ұлттық компанияларды қор нарығына шығару бойынша жоспарлары туралы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев есеп берді. Министрдің мәліметінше, өткен жылдың желтоқсан айында 2016-2020 жылдарға арналған жаңа Кешенді жекешелендіру жоспары қабылданғанын және мемлекеттік жеке меншіктің ірі нысандары мен квазимемлекеттік сектордың жеке меншігін қамтитын 783 ұйымнан тұратын тізім анықталғанын айтты. Соны­мен қатар, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-тың 173 нысаны қамтылған тізім белгіленген.

«2014-2016 жылдардағы жекеше­лен­­дірудің екінші толқынының нысан­дарының негізгі тізімінде 545 ұйым қамтылған. Олардың қатарында респуб­ликалық, коммуналдық меншіктегі, сон­дай-ақ ұлттық холдингтер мен компа­ниялардың меншігіндегі нысандар бар. 2016 жылғы 1 қазандағы мәліметтер бойынша 14,3 млрд теңге сомасына Кешенді жоспардағы 96 актив жүзеге асырылған.

Ал Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жекешелендірудің екінші толқыны аясында жалпы сомасы 86 млрд теңгені құрайтын 315 нысан жекешелендірілгенін мәлімдеді. «Оның ішінде 2016 жылы жалпы сомасы 7 млрд теңгеге 67 нысан сатылды, сондай-ақ, 186 млрд теңгені құрайтын 200 нысан сау­дада тұр. Осылайша, барлығы 515 нысан саудаға қойылды, 19 нысан қайта құрылды және таратылды. Сатылған нысандардан кірістің артқанын және салықтың артып жатқанын, сондай-ақ жалақы қоры және жұмыспен қамту сақталатынын білу үшін жекешелендірілгенге дейін және жекешелендірілгеннен кейін талдау жұмыстары жүргізілді», – деді министр.

Жария ету акциясы аяқталуға жақын

Қаржы министрі сондай-ақ жария ету акциясының жұмыстары туралы есеп берді. Министрдің айтуынша, мүлік­­ті заңдастыру бойынша акцияның аяқ­та­­луына үш айға жуық уақыт қалды. «2016 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойы­н­ша 2,7 трлн теңге заңдасты­рыл­ды, оның ішінде 853,2 млрд теңге – мү­лікті заң­дастыру, 1 813,8 млрд теңге – ақ­шаны заңдастыру», – деді Б.Сұлта­нов.

Оның айтуынша, бұл сома республика аумағында орналасқан заңдастырылған мүлікті қамтиды – 104 903 нысан және 846,3 млрд теңгені құрайтын құнды қағаздар, сондай-ақ шетелдік мүлік түріндегі 159 нысан және 6,9 млрд теңгені құрайтын құнды қағаздар.

«Мемлекеттік кіріс органдарының желісі бойынша шетелдегі мүлікті жария ету құны 7 млрд теңгені құраса, шетелдегі мүлкін жария етуге жүгінгендер саны 182 адамға жетті. Біз шетелдегі мүлкін жа­рия етудің бөлігінде әлі де әлеуеттік бар деп ойлаймыз», деді Б.Сұлтанов. Соны­мен қатар, министр науқанды кідіртіп жатқан бірнеше факторлар болуы мүмкін екендігін айтты.

«Қазір жалпыға ортақ декларациялау мерзімін 2020 жылға дейін шегерілуіне бай­ланысты жылдың соңына дейін жедел­детіп мүлікті жария етудің қажеті жоқ деген жалған пікірлер қалыптасуы мүмкін. Бұл жерде ең маңызды мәсе­леге көңіл аудару керек. Жария ету жөнін­дегі науқан аяқталғаннан кейін азамат­тарға қылмыстық, әкімшілік және салықтар бойынша рақымшылық жасау қолданылмайды. Жалпыға ортақ декларация тапсыру тек бақылау процесінің тағы бір қадамы болмақ. 2020 жылға қарай уәкілетті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің кемшіліктері жойылып және деректер базаларының синхрондау процесі толық аяқталады», – деді министр.

Биыл астық мол

Үкімет отырысында қаралған соңғы мәселе – егін жинау жұмыстарының қоры­тындысы туралы Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндады. Оның мәліметінше, астықтың жалпы жиынтығы бункерлік салмақта 23,1 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артық. Орташа өнім 15,2 ц/га құрады. Ал астық қабылдау бекеттеріне 4,6 млн тонна астық жеткізілген. Оның ішінде 3,8 млн тоннасы – бидай. 14,5 пайызға дейінгі дымқыл бидайдың үлесі жалпы көлемде 57,4 пайызды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,2 пайызға артық.

Министр баяндамасында егін жинау науқанының оңтайлы уақытта аяқталуы ұйымдастырушылық деңгейінің жоғары болуының, материалдық-техникалық жабдықтау мәселесінің дер кезінде шешілуінің және жоғары түсімді егін жинау техникасын қолданудың арқасында болғанын айтты.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан»

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір