• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 17:35:35
Алматы
+35°

 

 

Үкіметтің қатаң қадағалауындағы басты мәселелердің бірі – жаңа жұмыс орындарын көбірек ашып, жұмыссыздықты азайту. Бұл – Елбасының тапсырмасы. Мемлекет басшысы жүктеген осы маңызды міндетті ойдағыдай жүзеге асырудың мүмкіндіктері мен тетіктері қандай?

Жол картасының  жақсылығы

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін бағдарламалардың қағаз жүзінде қалмай, баянды болуы үшін барлық іс-шараларды іске қосты. Алайда, бұл күрмеуі қиын көкейкесті мәселені бір сәтте, бір-екі жылдың бедерінде толық шешу әсте мүмкін емес. Оған уақыт керек.

Үкіметтің «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Осы жылдың тоғыз айының қорытындысына қарағанда, жұмыспен қамту бағдарламасына қатысушылар 111,9 мың адам болған. Оның ішінде 74,4 мың адам – жұмыссыздар, 36,2 мың адам – өзін өзі жұмыспен қамтушылар. Жұмыссыздардың жартысына жуығы 29-ға дейінгі жастар – 47,4 пайыз, қыз-келіншектер – 45,1 пайыз. Бұл – Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың Үкімет отырысында келтірген деректері.

Бағдарламаға қатысушылардың арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да, балалар үйлерінің, мектеп пен орта арнаулы және жоғары оқу орындарының түлектері де бар.

Жұртты жұмыспен қамту үшін арнайы бірнеше жоба жасалған. Сол жобалардың бүгінгі күнге дейін 400-ге жуығы жүзеге асқан. Оның ішінде жұмыссыздарды қайта оқытып, нарыққа сай мамандық алуына жол ашу, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрету, кәсібін ашуға көмектесу, қаржылық-несиелік қиындықтарды шешу секілді көп адамдар әлі күнге дейін жеткілікті біле бермейтін мәселелер бар. Осыған қарағанда, халықты жұмыспен қамту жобалары өмір елегінен өтіп, мәселенің мән-жайы түпкілікті зерттелгені байқалады.

 

Мал мұртымызды майлайды

Статистикаға жүгінсек, Қазақстандағы экономикалық белсенді халық 9 млн адамға жуық. Олардың ішінде ауыл тұрғындарының да үлесі аз емес. Осыншама халықты еңбекпен қамту бағытында Үкіметтің қолға алған жұмыстары көңіл қуантады. Әсіресе, ауылдағы ағайынды еңбекке тартудың түрлі жолдары мен мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.

Өзінің кіндік қаны тамып, бауыр басқан, үйреніскен ауылынан басқа жаққа жұмыс іздеп, қоныс аударуға немесе вахта әдісімен еңбек етуге құлқы жоқ жандардың негізгі айналысатын кәсібі – мал. Ауылда өскендіктен, басқа саланы білмесе де, төрт түліктің жайын жақсы біледі. Өзінің отбасын осы арқылы асырайды, еті бар, сүті бар, артылғанын саудаға шығарады. Бұл жаңалық емес, бәріміз күнде көріп жүрген көрініс. Рас, артылған азық-түлікті қайда өткізерін білмей, шақшадай басы шарадай болып отырған ауыл тұрғындары да бар. Олар үшін сауда орындары шоғырланған орталықтарға ет-сүтін апару оңай емес. Апарған күннің өзінде, көңілдегідей бағаға өткізуі екіталай. Екі ортада алыпсатарларға «жем» болады. Маңдай тері ақталмайды. Рас, темір жолға жақын орналасқан елді мекендердің халқы артылған өнімді саудалап, нәпақасын айырады. «Темір жол жағалағанның өзегі талмайды» деген мәні өзгерген мәтел осыдан шықса керек. Ал, темір жолы жоқ елді мекендердің тұрғындары не істемек сонда?

Бұл жерде әңгіме мал басын жыл сайын көбейтіп, тиісті орындарға тіркелген шаруа қожалықтары туралы емес, өзінің тұрғын үй жанындағы қорасында мал өсіріп, жан сақтап отырған жандар жайлы болып отыр. Олардың қатары Қазақстан бойынша 675 мың адамнан асатын болып шықты. Аз емес, әрине, дұрыс пайдалана білсе, зор ресурс. Айта кету керек, олар өздерін жұмыспен қамтығандар санатындағы адамдар. Елімізде өндірілетін ет пен сүттің 70-80 пайызы осы ресурстың еншісінде екен. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі осындай. Бірақ, сол ет-сүтті қабылдау, өңдеу, өнім дайындаушылармен уақтылы есеп айырысу қиынның қиыны. Шалғай ауылдарды былай қойғанда, сауда-саттыққа қолайлы елді мекендер тұрғындарының өзі осы жағдайды бастан өткеріп отыр. Мәселен, Павлодар облысындағы егін шаруашылығына да, мал шаруашылығына да қолайлы Ертіс ауданын алайық. Ресеймен шекаралас аудан. Көрші мемлекеттің елді мекендері таяқ тастам жерде. Барыс-келіс, алыс-беріс жасауға мүмкіндік мол. Бірақ, соған қарамастан, Ертіс ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың біразы соңғы жылдары жұмысын тоқтатқан. Соның салдарынан жеке қосалқы шаруашылықпен айналысып отырған тұрғындар өздерінің күнделікті тұтынуынан артылған ет-сүтті қайда өткізерін білмей шарасыз күйге түскен. Бұл жағдайға Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та қанық болған. Ауыл шаруашылық саласының жай-жапсарын жақсы білетін басшы қазір жағдайды түзеуге тырысып жатыр.

– Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласына 8,7 миллиард теңге инвестиция құйылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төрт есе артық, – деген еді облыс әкімі Болат Бақауов.

Осыншама мол қаржының шапағаты қорасында төрт түлікті көбейтуге мүдделі, өзін өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындарға да тиетіні анық. Тек жергілікті билік мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қамқорлықтарды жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын, жұмыспен қамтылғандар санатында бар адамдарға жеткізе білуі керек. Ең қиыны – оларға несие беру мүмкін емес көрінеді. Қаржыға қолы жетуі үшін олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс.

Тосын жағдай тосылдырмауы тиіс

Қазіргідей әлемді жайлаған экономикалық дағдарыс кезінде күтпеген тосын жағдайларға тап болуымыз әбден мүмкін. Бұл – нарықтың қатал заңы. Бірақ, тосын жағдай тосылдырмауы тиіс. Мұндай сәтте халықты жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктерін қарастырып, іске қоса білу керек. Үкіметтің де баса назар аударып отырған мәселесінің бірі осы.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі нарықтың талабы мен сұранысына сай жаңа жұмыс орындарын ашу, қажет болса, адамдарды жаңа кәсіпке бейімдеу, қайта даярлау мен оқытудың жоспарын жасады. Бұл – келешектің жоспары, тосын жағдай бола қалғанда, халықтың еш кедергісіз, жаңа жұмысқа орналасып, кәсібін жалғастырудың жоспары. Жақсы жоспардың шет жағасын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Үкіметтің отырысында айтып еді, естіген қауым қуанып қалды. Тосын жағдай туындап, мұнайшылардың арасында жұмысынан қысқарып жатқандары болса, оларды басқа жұмыс орындарымен қамтамасыз етудің іс-шаралары қазірдің өзінде жасалған. Оның үстіне болашақты болжап, мыңдаған адамдардың келешектегі тіршілігін ойлаған министр Дүйсенованың қадамы батылдық деген жөн. Ол ертеңгі күні жүздеген отбасы тап болатын жұмыссыздықты жоюдың жолын алдын ала айтып отыр. Соған алаңдаулы. Министр мұнайшылар жұмыстан қысқарып жатқандай жағдай болса, оларға ауыр соққы болмауы үшін жаңа жұмыс орындарына орналастыру ойластырылғанын жеткізді.

Министрлік тек мұнай саласына ғана емес, басқа да салаларға байланысты осындай бағдарламаларды жасаған. Негізгі мақсат – қалада болсын, ауылда болсын, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты еңбекпен қамту. Осы арқылы ел экономикасын көтеріп, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту министрліктің басты мақсаттарының бірі.

 

Өсу амалы – шағын кәсіпкерлікті өрістету

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында былай деген еді: «Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайызы орнына кемінде 50 пайызын өндіретін болады. Ішкі жалпы өнім көлемін жан басына шаққанда 4,5 есе – 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыруымыз керек».

Мемлекет басшысы мұны жайдан-жай айтып отырған жоқ. Бұл – әлемдік тәжірибе. Қазіргі алпауыт мемлекеттердің бәрі осы жолдан өткен. Шағын кәсіпкерлікті дамытудың нәтижесінде халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, экономикасы бірнеше есе өскен елдер аз емес. Бұған бір ғана мысал келтірсек, жеткілікті болар. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының мәліметтеріне қарағанда, әлемдік экономиканың тірегі болып отырған барлық кәсіпорындардың 95 пайызы шағын бизнестің еншісінде екен. Олардың ішкі жалпы өнім бойынша үлес салмағы 50 пайыздан асады. Жапония, Германия, Ұлыбритания секілді дамыған елдерде шағын бизнестің үлесі орасан зор. Елбасының айтып отырғаны да осы. Қазақстанның да экономикалық әлеуеті күшті елдердің қатарына қосылуға толық мүмкіндігі бар. Ол үшін шағын және орта кәсіпкерлікті өрістету керек. Олардың өнімдерін тек өзіміз ғана тұтынып қоймай, экспортқа шығарған жөн. Сонда ғана өсеміз, сонда ғана көсегеміз көгереді.

Әсіресе, ауылдық жерлерде шағын және орта бизнестің өркендеуіне мүмкіндік жасалса, мыңдаған отбасы жұмыс тауып, тұрмыс-тіршілігі жақсарар еді.

Ғалым ОМАРХАН,

«Егемен Қазақстан»

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір