• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 08:37:19
Алматы
+35°

 

 

Газетімізде соңғы уақыттары ауылдағы ветеринария қызметі, мал дәрігерлерінің жағдайы туралы осы қызметпен шұғылданушылар тарапынан бірқатар мақалалар жарияланды. 
Осы мәселеге орай Ауыл ша­­руа­­шылығы министрлігі Ветер­инариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Сақташ ХАСЕНОВКЕ жолығып, газетте көтерілген ауылдағы мал дәрігерлерінің проблемалары бойынша бірқатар сауалдар қойған едік.

– Сақташ Сатыбалдыұлы, соңғы кездері ауылдағы мал-дәрігерлік қызметпен шұғылданушылар тарапынан осы қызметке қатысты пробле­маларды көтерген хаттар редак­циямызға жиі келе бастады. Сол хаттарда соңғы уақыттары ауылдағы малдәрігерлік қыз­метке қойылатын талаптар өзгергендігі, қағазбастылық ауқымы, жоғары жаққа есеп берушілік әуресі әлдеқайда арта түскені, мал дәрігерінің көп уақыты өзінің практикалық қызметімен емес, компьютерде отырып, тиісті есептерді толтырумен өтетіндігі, осы жағдай ауылдағы мал дәрігер­леріне негізгі қызмет­терімен шұғылдануына кедергі кел­тіретіндігі туралы айтылады. Осы жағдайлар рас па? Рас бол­са, осының себебі туралы не айтар едіңіз?

– Рас, ондай шағымдар­ды біз де жиі естіп жатамыз. Бі­рақ бұл – заманның талабы. Ол та­лапты біз ойдан шығарып отыр­ғаны­мыз жоқ. Халықаралық эпи­зоотиялық бюро (ХЭБ) деген бар. Екіншіден, біз Еура­зия­лық экономикалық одақ құра­мындамыз. Мұның сыртында бұдан біраз уақыт бұрын ғана Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өттік. Міне, осы халықаралық ұйымдардың қай-қайсысы болмасын бізге өз талаптарын қояды. Қазіргі ел ішін­дегі ветеринарлық тәртіптің өзі осы талаптардан туындайды.

Оның үстіне, Қазақстан өзінің бұрынғы аграрлық-индустриялық қуатын қайта қалына келтіру үшін шетелдерге ауылшаруашылығы өнімдерін, соның ішінде мал шаруашылығы өнімдерін экспорттамай тұра алмайды. Онсыз біз өзіміздің ұлан-байтақ жер байлығымыздың әлеуетін аша алмаймыз. Міне, сондықтан да мемлекет басшылығы қазіргі күні ауыл шаруашылығы саласын дамытуға аса үлкен мән беріп, оған орасан зор көлемде қаржылай жә­не әкімшілік қолдау көрсетіп отыр. Соның арқасында мал тұқымы­ның сапасы жақсарып келеді.

Менің ойымша, ауылдағы мал дәрігерлерінің қазіргі ве­теринарлық талаптарға шағым айтуының көбеюіне олардың бұ­рын компьютермен жұмыс істемегендігі себеп болып отыр. Сондықтан да олар қазірше мұны артық жұмыс деп есептейді. Олар компьютермен дұрыс жұ­мыс істеуді үйрене келе бұл істің қазіргі тәртіптің негізгі бір бөлшегі екендігін, мұнсыз ветеринария саласының алға баса алмайтындығын ұғатын болады. Сол кезде қазіргі өкпе-реніштер де сейіледі. Жалпы, қай ел, қай жерде болмасын жаңалық атаулының қоғам тарапынан бірден қолдау тауып кете алмайтындығы анық мәселе ғой.

– Қазір кез келген жұмыс­тың қайтарымы жалақы ар­қылы өтелетіндігі белгілі. Ауыл­дағы мал дәрігерлерінің қа­зіргі жағдайларына кө­ңіл толмайтындығының бір себебінің осы жалақы мәсе­лесіне қатысы бар секілді. Олар қазіргі атқарып отырған жұмыс­тың жауапкершілігі мен ауқымын жалақы кө­лемінің өтемейтіндігін айтады. Жастардың малдә­рі­герлік қызметке барғысы кел­мейтіндігін, ахуал осылай бола берсе, біраз жылдан кейін ауыл­дарда мал дәрігерлерінің қалмайтындығын ашына жазады.

– Бәлкім олардың мұндай шағымдарымен келісуге болар. Өйткені, қазір ветеринария са­ласына қойылар талап пен жауапкершілік артып отыр. Ал жергілікті жерде, жұмыстың алғы шебінде тұрып, бұл мін­дет­ті орындаушылардың шекесі шылқып жүр деуге келе қоймас. Бірақ бұл мәселені жеке мен шеш­­­пеймін. Оның үстіне, ауыл­дағы мал дәрігерлері біз­дің министрлік арқылы емес, жер­­гілікті бюджеттер арқылы қаржыландырылады.

Сізге түсінікті болу үшін айта кетейін, біздің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті негізінен алғанда ветеринария саласындағы инспекциялық жұмыстармен, яғни қойылатын талаптардың орындалуын ба­қы­лау және қадағалаумен шұ­ғы­лданады. Ауылдағы малдарды емдеумен, малдәрігерлік тиісті ша­раларды жүзеге асырумен біз айна­лыспаймыз. Бұл жергілікті әкімдікке қарайтын ветеринарлық қызметтің құзыретінде.

Сондықтан да мен әкімдермен, олардың біздің сала бойынша тиісті өкілдерімен кездес­кен кезімде ауылдағы мал дә­рі­герлерінің әлеуметтік жағ­дай­­ына көңіл бөліп отыру, жа­лақыларын атқарған қызметіне, жауапкершілігіне сәйкес көтеру керек екендігін үнемі еске салып жүремін. Өйткені, илегеніміз қалай алып қарағанда да бір терінің пұшпағы ғой. Егер ауылдағы мал дәрігері қызметі жағдайсыздық салдарынан қожырайтын болса, онда біздің ортақ ісімізде қандай мән қалмақ?!

«Дипломмен – ауылға!» бағ­дар­ламасының аясында біздің саланың жас маманы ауылға барып жұмысқа орналасқан жағ­дайда оған 70 айлық есептік көрсеткішке тең сомада бір жолғы көтермеақы беріледі. Сондай-ақ, барған жерінен тұрғын үй салу немесе сатып алуы үшін жылдығы 0,01 пайыздық жеңілдікті үсте­мемен 1500 айлық есептік көр­сеткіштен аспайтын сомада бюд­жеттік несие алуына болады. Бұл несиені 15 жылдың ішінде қайтарса болғаны.

– Бізбен көрші елдерде вете­ринария қызметінің жолға қойылуы қалай? Біздің ел олардан кейін қалып қойған жоқ па?

– Ветеринария жүйесін ха­лықаралық стандартқа  кө­шіру тапсырмасы Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың 2008 жыл­ғы 6 ақпандағы «Қазақ­стан хал­қының әл-ауқатын  аттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауында қойылған болатын.

Содан бері ветеринарлық-са­нитарлық қауіпсіздікті қам­та­­масыз ету мақсатында ве­те­ринарлық қызметті құруға мүм­­кіндік беретін  жүйелі өзге­рістерді енгізу бағытында көп­теген шаралар атқарылды. Әр ауданда, әр ауылдық округте ветеринарлық пункттері бар мемлекеттік ветеринарлық ұйым­дар құрылды. Соңғы жылдары олардың жұмыс ауқымы  кеңейтіле түсті, атап айтқанда, жануарларды жұқпалы емес ауру­лардан емдеу, біріздендіру дерек­қорын жүргізу, жануарларға ветеринарлық паспорт  және анық­тама беру жұмыстарын осы жергілікті атқарушы органдар құрған ветеринария саласындағы мемлекеттік ұйымның мамандары атқаратын болды.

Жаңадан құрылған ве­те­ри­на­рлық ұйымдарды жаб­дықтау бойынша бекітілген нормативке байланысты, 2013 жылы оларды материалдық-техникалық жаб­дықтауға  9,7 млрд. теңге  қаржы бөлінсе, 2014 жылы қосымша 6,3 млрд теңге немесе барлығы 16,0 млрд теңге бөлінді.

Сондықтан жоғарыда сіз қоз­ғап өткен проблемаларды, бір есеп­тен алғанда, дамудың проблемалары деп айтуға болады. Қазіргі уақытта бізбен көрші Орталық Азия елдерінің және ТМД-ның көптеген елдерінің ветеринария салаларына Қазақстандағы секілді мемлекет тарапынан көлемді қолдау шаралары көрсетіліп отыр­ған жоқ. Ветеринария саласын халықаралық стандарттарға көшіруде біз олардың көп­ші­лігінен алда келеміз.

– Ветеринария саласын ха­лықаралық стандарттарға кө­ші­рудің біздің елімізге тигізіп отырған нақты қандай пайдасы бар? Осыны мысал келтіре отырып айта кетсеңіз.

– Мәселен, 2015 жылдың 28 ма­мыр­ында Халықаралық эпизо­отиялық бюросы  Бүкіләлемдік делегаттар ассам­блеясының 83-ші сессиясында Қазақстан Республикасы ХЭБ-тың сертификатын алды. Осы сертификат Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, және Солтүстік Қазақстан облыстарынан тұратын өңірлерді аусылдан таза вакцина қол­данбайтын ел ретінде танытады. Бұл – осы 9 облыстың отандық ауылшаруашылық тауарларын өндірушілері мал және ауылшаруашылық өнімдерін сыртқа кедергісіз шығаруға мүмкіндік алады деген сөз.

Әңгімелескен

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір