• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
18 Қазан, 05:39:44
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің келесі кезеңіне 904 қатысушы өтті

16 Қазан, 2016 Әлеумет

Арғы Алматының ақиқаты

Алматы қаласының ірге қалағанына 1000 жыл мерзім болуы тарихи шындыққа айналды. Осы жолда отандық археолог-ғалымдарымыз ұшан-теңіз жұмыстар атқарып, шырқырап...

Алматы қаласының ірге қалағанына 1000 жыл мерзім болуы тарихи шындыққа айналды. Осы жолда отандық археолог-ғалымдарымыз ұшан-теңіз жұмыстар атқарып, шырқырап тұрған шындықты шарайнаның жүзіне шығара білді. Соның нәтижесінде өткен жылдың ортасында бұл оқиға ЮНЕСКО деңгейінде мойындалып, осынау аса беделді халықаралық ұйымның мерейтойлар тізіміне енгізілді. Бұл шын мәнінде өте үлкен жеңіс қана емес, туған еліміз бен халқымыз үшін орасан зор мәртебе болатын.

Ал күні кеше біздің оңтүстік астананың он ғасырлық мерзімге мезіреттелген мерейтойы Еуропа мәдениеті мен руханиятының өзіндік бір орталығы іспеттес Париж қаласында одан әрі думан жалғастырды. Осыған байланыс­ты француз астанасына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бастаған арнайы делегация барып, Алатау аясында бастау алған мерекелік көңіл күй ауанын сол қалпында жеткізді.

Біз ақиқаттың арнасында қалыптаса бастаған айғақ турасында тағы да бір топ ғалымдарға сөз бергенді жөн көрдік.

Болат КӨМЕКОВ,

ҰҒА академигі, профессор:

– Алматы қаласының ірге кө­тергеніне 1000 жыл шамалас уа­қыт болғаны туралы мәселенің көте­рілгені кеше мен бүгін емес. Бұл бұ­рыннан бері айтылып келе жатыр еді. Оған дендеп мән беріліп, зерттеу жүргізе бастау 2000 жылдың басынан бері қарай ерекше қатты қарқын алды. Осы тарапта менің Карл досым, академик Карл Байпақов еш өлшеуге келмейтін ұлан-ғайыр жұмыстарды атқарды. Расында да Алматының тарихын 1854 жылы ғана бой көтерген Верныйдан бастау үлкен қателік болды. Олай дейтінім, сол Верный бекінісінің тақыр жерден тұрғызыла салынбағанын кезінде Ш.Уәлиханов пен В.Бартольд өз еңбектерінде жа­зып кеткен еді. Мұның арғы жа­ғында Бабыр мен Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбектерінде Алматы туралы жазбалар кездеседі. Міне, ке­ңес кезеңінде бізге осыларға сал­мақ артып, тірек тіреуге мүмкіндік берілмеді.

Мұның үстіне, қазіргі таңда ежел­гі қалалар мен қоныстардың нақты дәурен сүрген уақыттарын анықтауда жаңа тәсілдер іске қосылды. Енді археология деректері бірінші планға шықты. Біз шынында қандай да бір тарихи шындықты анықтауда ең алдымен археологиялық қазба жұмыстары барысында алынған мәліметтеріне сүйенуіміз керек. Со­дан кейін жазба деректерге жү­гінеміз. Осы арқылы зерттеліп отыр­ған нысан туралы алын­ған де­рек­терді тиімді пайдалана білуіміз қажет. Ең соңынан нумизматикалық заттар беретін мағлұ­маттарға ой жү­гіртеміз. Ал Ал­маты қаласының нақты жасы туралы деректер осы айтылып отырған үш сала бойынша да табылып отыр.

Осы жерде көңіл бөле кететін тағы бір жайт, өзінің ғасырдан ға­сырға созылған ұзақ тарихы ба­ры­­сында көптеген елді мекендер мен географиялық атаулар әртүрлі жағдайда өзгеріске түсіп, әлсін-әлсін алмасып жатады. Біз тарихи нысандарды зерттеу кезінде мұны да қаперімізден шығармауымыз керек. Бұл үшін кәрі Каспийдің күні бүгінге дейін бізге белгілі 70 түрлі атауы болғанын айтсақ та жеткілікті. Сол сияқты Тараздың 7 түрлі аты болғаны да мәлім. Осы тұрғыдан келгенде, бір кездері Алмату, Алмалық деген аттары болған Алматыға әр дәуірде әртүрлі аттардың таңылып қалған болуы да ықтимал екенін ес­тен шығармайық. Мұны неге айтып отырмын? Айталық, Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде және жасаған картасында Яссини (Яхинч) деген қала бар. Ол бұл шаһардың Іле өзенінің батыс қапталында орналасқанын жазады. Осыны зерттеп қарап, зерделей келгенде, әңгіменің қазіргі Алматы туралы болып отырғанын пайымдау қиын емес.

Зардыхан ҚИНАЯТҰЛЫ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Мен тарихи деректермен жан-жақты дәлелденіп тұрған ақиқат нәр­­сеге күмәнмен қарауға болмайды деп есептеймін. Сол сияқты өз тарихына құлдық психологиямен қарауға болмайтынын айтар едім. Бұлай дейтінім, бізде әлі де көршіге қарап жалтақтау, солардың көңілдеріне келмесін деп өбектеу қалмай келе жатыр. Әйтпесе, ресейліктер 1147 жылы іргесі қаланды деп жүрген Мәскеудің 1000 жылдығын 1997 жылы атап өткенде, ешкім ештеңе деген жоқ қой. Ал тарихи шындыққа келсек, бұл қаланың аты жалпақ жұртқа XIV ғасырда Ұлы Мәскеу кінәздігінің орталығы атанған кезде ғана белгілі болған. Бұл жерге 1237 жылдың күзінде Бату хан келгенде, қоныстың тіпті аты да жоқ еді. Алтын Орданың ханы өзеннің жағасына келіп тұрып: «Мушхийю гол хото» дейді. Ол «Қисық өзен жағасындағы қала» дегені еді. Содан кейін келе «Москва» деген атау шығып, ол өзенге де, қалаға да та­ңылса керек.

Моңғолияның қазіргі астанасы Улан-батордың атауын қазақ қайраткері Тұрар Рысқұловтың бер­генін де бүгінде жұрттың бәрі біледі. Бұдан бірнеше жыл бұрын моңғол елі осы қаланың негізі болған бұрынғы Урга қаласының 800 жылдығын тай­лы-таяқтары қалмай тойлап өтті. Он­да да оларға «бұларың қалай?» деген бір пенде болған жоқ. Ендеше, Алматының тура тарихы туралы сөз еткенде де, ақиқаттан ауытқып кетпей, шындықты айтуымыз керек. Ал жоғарыда аталған екі қалаға келгенде де, біздің тарихи дерегіміздің түбірі мықты, діңгегі мығым болып тұрған жоқ па? Ең бас­тысы, дә­лел деген жетіп-артылады. Біздің ар­хеолог-ғалымдарымыз мұның бәрін шегедей қағып, мықтай нықтап беріп отыр. Қазіргі Алматы қаласы орнынан табылған теңгелер заттар, байырғы қол өнері бұйымдары осыған нақты деректердің бірі болып табылады. Әртүрлі әдет-ғұрып­тарға арналған мерекелер үшін дай­ын­далған қола қазандар тіпті бұл маң­да біздің дәуірімізге дейінгі V-III ғасырлардың өзінде тіршілік бол­ғанын, мұнда елді мекен қанат жай­ғанын айғақтап береді. Демек, бұл қаланың орнындағы қонысты шығыс сақтар мен үйсіндер жайлаған деген тұжырым жасауға әбден болады. Ол кезде Алматының тарихы қазір біз айтып отырған мың жылдан көп әріге кетіп қалады.

Бұларға қосарым, Алматы атауы ертедегі араб, парсы жазбаларында кездесетіні сияқты, «Яса жаз­­басын» («Тодо бичиг») жазып қалдырған моңғол тарихшысы әрі діни қайраткері Зая Бандидтің өмір­баяндық материалдарынан да орын алған. Осы кітапта Талғар және Күрті деген елді мекендер атауларымен бірге, Алматының да аты жүр. Ал кітап XVII ғасырдың екінші жартысында жазылған. Мұның өзі бұл қаланың күні кешеге дейін осы атаумен келгенін тағы бір дәлелдеп өтеді. Бұдан туатын қорытынды: 1854 жылы Верный бекінісі ақ топырақ, тас қайрақтың үстіне орныға салған жоқ.

Амантай ИСИН,

тарих ғылымдарының кандидаты:

– Алматының көне қала екені анық. Бірақ дәл қазір оның пайда бол­­ғанына мың жыл болды ма, жоқ одан да бұрын қабырға тұрғызған ба, – бұл әлі зерттей түсуді керек етеді. Се­бебі, кейбір деректер қаланың біз айтып жүрген уақыттан да әріден бас­тау алып қалуы мүмкін екенін алға тартады. Ал қазба жұмыстары кезінде табылған нумизматикалық заттарға қарағанда, Алматының кемінде кейін­гі орта ғасырларда өмір сүргенін байқауға болады. Міне, осы күміс теңге – дирхемдердің бірінің айналмасына жазылған деректерде ақшаның соғылған ауласы мен күн бірлігі анық көрінген. Одан «Бұл дирхем Алмату аймағында (баладта) бесінші жылы соғылды» деген жазу шыққан. Алматы аумағынан табылған дирхемдер 1271-1272 жылдары Мауреннахр жері мен Түр­кістан қаласында Масуд­бек жүргізген реформа кезінде со­ғыл­­ғанын да білдіреді. Кейінірек В.Н.Настич оларда жазылған жазу негізінде сол кезеңде Алмату, Ал­маты қаласының аты қазіргідей ай­тылғанын да жеткізді.

Жалпы, бұл маңда Алматы жал­ғыз болмаған. Бұл жерде онымен қанаттас тағы екі қала орныққан. Солардың арасындағы ең үлкені – Алматы Ұлы Жібек жолының бойына орна­ласып, осы маңайдағы сауда мен экономикалық орталықтың қызметін атқарған. Тағы бір айтатын жайт, сол замандардың өзінде үлкен елді мекендердің серіктес қалалары болған. Мұндай үштіктің біз қа­зіргі Семей өңірінде де, Ертістің төменгі ағысы бойындағы қимақтар (қыпшақтар) меншігіндегі алқапта да болғанын айтар едік. Астана қаласының тарихы да тереңнен тартылатыны жөнінде деректер бар­шылық. Оның негізін Бұзоқ (Бозоқ) қаласа керек. Келешекте осылардың бәрінің тарихын зерттеп, шындықты бетке шығаруымыз керек. Әдетте шырғалаңның шиесін шындық қана шеше алады.

Бақытжан ЕЖЕНХАН,

тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Мен бұл тақырыппен тікелей айналысып жүрген адам емеспін. Бірақ осы жөніндегі деректерге әр­дайым құлақ асып, көз салып тұ­рамыз. Сол деректерде қазіргі Ал­маты қаласының маңында ерте әр­түрлі кезеңдерде біресе Алмату, біресе Алмалы деп аталып келген қоныстың болғаны айтылып қалады. Негізі, осындай шаһардың болғаны ешқандай күмән тудырмаса керек. Ол заманында Жібек жолының бір өткелі болған сияқты. Батыс пен Шы­ғысты жалғастырып жатқан сол атақ­ты жолдың иінінде тұру бұл қала­ның белгілі бір мәдениеттің ор­талығы мен ошағы ретінде таныл­ғанына да айғақ бола алады. Бірақ өз басым оның бұдан тап мың жыл бұрын өмір сүргенін кесіп айтып бере алмаймын. Біздің тарихшы ғалымдар да бұл жөнінде бірауызды пікірде бола алмай отыр. Себебі, кейінгі кездері белгілі бола бастаған археологиялық қазба жұмыстары мұндағы ежелгі қоныстардың тарихы екі мың жыл­дың маңайынан арна тартатынын байқатып жатыр. Демек, бұл тарапта тағы біраз ізденіп, нақтылы бір шешімге келуге тура келетін шығар. Қалай дегенде де, қаланың шежіресін 1854 жылы ірге қалаған Верныйдың тарихынан бастауға болмайды.

Жазып алған

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан»

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір