• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 04:51:19
Алматы
+35°

 

Қарт Қаратау мен Аралдың арасын кең жайлаған Ақмешіт атырабындағы айшықты мекеннің бірі – Қазалы. Қазаққа қадым заманнан бері қадірлі өлкенің тамыры терең, тарихы кенен. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданның бүгінгі ахуалы қандай? Несімен мақтана алады? Ел дамуына қосқан үлесі қаншалықты? Біз бүгін Қазалы ауданының даму жолына зер салып көрмекпіз. Сонымен…

Ажары артқан ауылдар

Ауданның ахуалы ауылына тіке­лей байланысты. Ауыл кіндік байлар темір­қазығымыз болғанда, оның өсіп-өркендеуіне әрбір саналы адам мүдделі болса керек. Бұл ретте Қазалы ауданының Қы­зылорда облысының экономикасы мен әлеуметтiк дамуында ерекше орны бар. Елбасының алға қойған мiндеттерiн орындауда ауданда индустриялық-инновациялық жобаларды iске асыру, өндiрiстi индустрияландыру, агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту шаралары жылдан-жылға дамып келедi. Ең бастысы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасы тұрақты дамып, аудан бюджетінің кірістер бөлігі көбейді.

Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында Жалаңтөс батыр ауы­лындағы 90 орындық ба­лабақша құры­лысы мен «Сыр Маржаны» ЖШС-нің 500 басқа арналған мал бордақылау алаңының инфрақұрылымы құрылысын салу жұмыстары жалғасын тапты. Сон­дай-ақ, құрылыс саласында көптен ше­шімін таппай келе жатқан мәселелерді қаржыландыруға қол жеткен. Ал, екінші жартыжылдықта бірнеше әлеуметтік және басқа да нысандардың құрылысы басталды. Атап айтқанда, Майдакөл, Лақалы, Бірлік, Шәкен, Шилі ауылдарындағы апаттық жағдайдағы 5 мектептің құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 860,5 миллион теңге қаралды. Ал Әйтеке би кентіндегі жалпы құны 4285 миллион теңге болатын аудандық аурухананың құрылысын бастауға республикалық бюджеттен биылға 200,0 миллион теңге, облыстық бюджеттен 20,0 миллион теңге бөлінуде.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағ­дар­­лама­сы бойынша биыл Ақ­суат ауылын­дағы №100 мектепке, Әйтеке би кентіндегі «Бал­дырған» балабақшасына, Ақ­тан батыр ауылындағы клуб­қа, Қазалы қала­сындағы мәде­ниет үйіне, Жалаңтөс батыр ауы­лын­дағы кітапханаға күр­делі жөн­деу жүргізілді. Биыл аудандық ма­ңыз­дағы жолдар­ды жөндеу жұмыс­тарына да республикалық және облыстық бюд­жеттерден қаржы бөлінді. Атап айт­қанда, төрт жобаға 621,8 миллион теңге қаржы қаралды. Қазіргі таңда «Бозкөл – Та­сарық», «Қожабақы – Аранды», «Самара – Шымкент – Ақсуат», «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Кәукей» автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары атқарылуда.

Мемлекеттік «Таза су», «Ақ­бұлақ» бағдарламалары арқылы тұр­ғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақ­сатында Қазалы ауданында соңғы бірнеше жылдар бойы ауқымды жұмыстар жасалды. Соның нәтижесінде, аудандағы 45 елді мекеннің 31-і орталықтандырылған су құбырын пайдаланады. Кезінде алғашқы болып таза ауыз су барған Ақтан батыр, Басықара, Бекарыстан би, Жалаңтөс батыр, Жалпақ, Жанқожа батыр, Майдакөл, Мұратбаев, Пірімов, Түктібаев секілді елді мекендерді сер­вис­тік желіге қосу үшін 2013 жылы об­лыстық бюджеттен 36 миллион теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Осы жылы аталған ауылдардың ішінен 3 елді мекенді сервистік желіге қосуға қол жеткен. Сонымен қатар, жалпы құны 2415 миллион теңгені құрайтын «Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласындағы сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысын салу және кеңейту» жобасы қаржыландырылды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2334,4 миллион теңге қаралды.

Бизнестің түрлері тек аудан орта­лығында ғана емес, ауылдарда да кеңінен дамып жатыр. Тіркелген кәсіпкерлердің 76,2 пайызы Әйтеке би кентіне тиесілі болса, 8,3 пайызы Қазалы қаласы, 15,5 пайызы ауыл кәсіпкерлерінің үлесінде. Жал­пы кәсіпкерлік субъектілерінде барлығы 8 715 адам тұрақты жұмыс­пен қамтылған.

Ауданның географиялық орналасуы мен негізгі кәсіп түрі ауылшаруашылығы саласын да­мытуға бейімделгендіктен қазіргі уақыт талабы өнім өндіру, өңдеу саласын дамытуға басымдық берілуде. Кәсіпкерлер тарапынан өндіріліп, өң­делген күріш, балық өнімдері бүгінде бірқатар шетелдерге экспортталса, мал бордақылап, оны консервілеп ұқсатуға бетбұрыс жа­салуда. Бұрындары қолға алын­ған кәмпит өнімдерін өндіру мен жемістерден тосап дайындау кә­сіптері де қайта жандануда.

Ауыл тұрғындары «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағ­дарламасының «Ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамыту бағыты» бойынша және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы несие­лендірілетін бағдарламаларға қа­тысуда. Нәтижесінде кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан бе­рілетін жеңілдіктерді пайдаланып, мал, құс шаруашылықтарын қолға алуда. Сонымен бірге, қазіргі таңда аудан көлеміндегі шаруалардың өздері еккен бақшалық дақылдары пісіп, алды аудан орталығына және Ақтөбе қаласына сатылымға түсіп, жұртшылықтың оң бағасына ие болуда. Алдағы уақытта да шағын және және кәсіпкерлікті кеңінен өрістету міндеті тұр. Ол үшін мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімділігін кеңінен пайдаланып, кәсіпкер шаруаларға жан-жақты көмектер көрсетіледі деген жоспар бар.

 

 

Кәсіпкерлікке – кең өріс

Бүгінде Қазалы ауданы «Дәмді» сүт өнім­дерімен, Қазалы кәмпитімен, ет, балық және күріш өнімдерімен мақтана алады. «РЗА» АҚ-тың 550 басқа арналған ірі қара өсіру кешені және сүт өңдеу зауытының сапалы сүт өнімдеріне нарықта сұраныс жоғары. Зауыт күніне 15 тоннаға жуық сүт қабылдап, одан өнімдерін дайындауда. Алдағы уақытта йогурт, кілегейлі айран, сүзбе ірімшік өнімдерін шығаруды жоспарлауда.

50 жылға жуық тарихы бар Қазалы кәмпитін шығаратын цехта күніне 250-300 килодан аса өнім өндіріледі. Тәтті өнімдер Қы­зылорда, Ақтөбе облыс­тарына сатылуда. Қазір 17 адамды жұ­мыспен қамтып отырған кәсіпкер цехта 10-нан астам өнім түрін өндіруді көздеп отыр. Қазалы ауданынан шетел­ге экспортқа балық және күріш өнімдері де жіберілуде. Бүгінде «Қызылорда Балық» ӘКК» ЖШС-нің сүбелері мен балық өнімдері Еуропа мемлекеттеріне, «Сыр Мар­жаны» серіктестігі мен жеке кәсіпкер М.Есқожаевтың күріш өнім­дері ТМД елдерінің нарығына шығарылуда.

Сонымен қатар, «Сыр Маржаны» ЖШС-нің өткен жылы пайдалануға берілген 500 басқа арналған мал борда­қылау алаңындағы ірі қара­лар қазір Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен аудан көлемінде жоғары сұранысқа ие. Серіктестік енді консервідегі бұқты­рылған ет, шұжық, сүбе шығару комбинатын іске қосуды жоспарлап отыр.

Аудан көлемінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, жаңа өндіріс орындарын ашу мақ­сатында «Өндірістік аймақ» және «Сауда-логистикалық орталық ұйымдастыру» бойынша да бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асыру жұмыстары жасалып жатыр. Қазір орталықтарға бюджет тарапынан автокөлік жолы, электр мен ауыз су жүйе­лері жеткізіліп, кәсіпкерлердің өз жобаларын кедергісіз бастауына көмек жасалуда.

«Өндірістік аймақ» бойын­ша бірінші кезекте бөлінген 12,7 гектар жер учаскесі қажетті инфра­құрылыммен қамтамасыз етіліп, жалпы құны 302,0 миллион теңгені құрайтын жаңа 10 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, уақыт талабы мен нарық сұранысына сай кәсіпкерлер тарапынан көкөніс сақтау қоймасы, жылыжай шаруа­шылығы, құрылысқа қажетті бұй­ымдар өндіру және түрлі қызмет көрсету орындары салынды.

Осы аймақтан биыл жас кәсіпкер Еркін Алданазаровтың «Тамшы су» өнді­ру цехы пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын цехта пластмасса ыдыстарына құйылған таза су өндіріледі. Цехты іске қосу ар­қылы 5 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкер Б.Бөлебай тарапынан «Күріш өңдеу цехы мен ұн сақтау қоймасы» жобасы жүзеге асуда.

Жалпы, индустриялық-инно­вациялық даму жөніндегі 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы ая­сында аймақтық үйлестіру кеңесіне 21 жоба ұсы­нылған болатын. Одан 17 жоба толық іске қосылып, 212 жаңа жұ­мыс орны ашылды. Алдағы уақытта аталған бағдарлама аясында аудан бойынша «Кірпіш шығару цехын кеңейту», «Консервіленген ет өнімдерін өндіру», «Кәмпит өнімдерін шығару цехын кеңейту» және «Газоблок өндіру цехын ашу» жобалары іске қосылатын болады.

Кәсіпкерлік саласы ел экономи­касы­ның күретамыры десек, артық айтқандық болмайды. Дамыған елдердің бәрінде кәсіп кеңге қанат жайған. Сол себепті Елбасы бұл салаға ерекше назар аударып отыр. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау күшейді. Әрбір сала бойынша өміршең бағдарламалар қабылданды. Еңбек етемін, өрелі істерге өріс ашамын дегендерге жол ашық. Тек ұтымды ұйымдастырушылық, ілкімді іскерлік қажет.

Бұл ретте Қазалы ауданында к­әсібінен нәсібін теріп жүрген азаматтар аз емес. Олар шаруасын ұршықша иіріп, бейнетінің зейнетін көріп отыр. Соның арасында жастардың қатары да көбейіп келеді. Бүгінгі күні аудан бойынша 4 202 шағын кәсіпкерлік субъектісі есепке алынса, оның 13,1 пайызын жас кәсіп­керлер құрайды.

Мемлекеттік бағдарламаларға қатысу деңгейі жөнінен Қазалы ауданы облыс бойынша белсенділік танытуда. Солардың бірі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы Қазалы ауданында 2012-2015 жылдар аралығында 20 жоба бойынша 333,8 миллион теңгенің несиесі алынып, «Даму» қорынан субсидияланды. Аталған жобалар аясында 168 жаңа жұмыс орны ашылды.

Ал биыл құны 101,2 миллион теңге құрайтын 3 жоба екінші деңгейлі банк арқылы несие қаражатын алып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы субсидия­лануда. Бұдан бөлек, банктер ар­қылы кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыру мақсатында бірнеше жобалар қаралуда.

Сонымен қатар, «Тұран-Қазалы» ЖШС-нің «10 мың басқа арналған құс фермасының құрылысын салу» және «Ақарыс» ЖШС-нің «Ешкі және қой өсіру базасында, сүт және ет өндіру» жобаларының құжаттары оң қорытынды алып, қаржыландыру мәселесі шешілуде.

 

Егістіктегі еңбек

Қазалыда ауыл шаруашылығы да жақсы жолға қойылған. Жыл сайын диқандар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, қам­басын тол­тыруға, халықты қажетті азық-түлік өнім­дерімен қамтамасыз етуге атсалысып келеді. Соның бір дәлелі ретінде ауданда аймақтың негізгі дақылы саналатын күріштен соңғы жылдары жоғары өнімділікке қол жеткізіп келеді.

Биылғы жылы 16 848 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды, оның ішінде, күріш егісінің көлемі – 6 670 гектар. Аудан диқандарының ала жаздайғы еңбегінің арқасында биылғы жылы да бітік егін өсірілді. Суармалы су көлемінің жеткілікті болуы да күріштің жақсы өсуі­не оң әсерін тигізді.

Дақылдарды күтіп баптау жұ­мыстары өз дәрежесінде жүр­гі­зілді деуге болады. Егілген күріш егісінің 5 870 гектары қажетті дәру­мендермен қоректендірілді, 5 268 гектарына арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жасалды. Күтімге алын­ған күріштің 78,6 пайызы бітік шықты. 20,1 пайызы орташа болды. Ал 1,3 пайызын диқандар қанағаттанарлық деп бағалады.

«Жаздың бір күні қысқа азық» дегендей, бұл – аудандағы күріш өндірісінде тұрақты жұмыспен қамтылған 1000-ға жуық дала ең­беккерінің ыстық-суыққа қара­мастан атқарған еңбектерінің бере­келі нәтижесі. Қазіргі кезде ауыл шаруа­шылығы құрылымдарында ақ күрішті жинау толық аяқталды. 450 гектардан жинап алынған жаздық бидайдың орташа түсімі 12,9 центнерден айналды.

4138 гектар ескі жоңышқаның 670 гектарын тұқымға қалдырып, 3 468 гектарына екі орым жүргізіліп, барлығы 5 610 тонна өнім жиналды Сонымен қатар, келесі жылдың егісі үшін 25 тоннаға жуық жоңышқа тұқымы құйылды.

2510 гектарға орналасқан жаңа жоңыш­­қадан қажетті шөп жиналды.100 гектар мақсары дақылынан 37 тонна өнім алынып, орта өнім көлемі гектарына 3,7 центнерді құ­рады. Ал 700 гектар сүрлемдік жү­геріден қамбаға 7 450 тонна жү­гері салынып, орта өнім 106,4 центнерден айналды.

Ауылының ажарын ашып, кәсіп­керліктің кеңінен қанат жаюына ықпал етіп, егіс алқабында ерінбей еңбек етіп, қажетті өнімін жинап алып жатқан ауданның өзгеге алақан жаяр реті жоқ. Өздеріне қажетті дүниенің барлығын өздері өндіріп, халықты тұрақты жұмыс­пен қамтып, ел экономикасының дамуына тиісті дәрежеде ықпал етіп келеді.

«Егемен Қазақстан»

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір