• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:57:30
Алматы
+35°

 

 

Осыдан он тоғыз жыл бұрын 10 қазанда Президент «Қазақстан-2030» стратегиясын жариялады. Бұл Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауы еді. Осылайша, бүкіл қоғам алдында тұңғыш рет ел тәуелсіздігін нығайтудың ұзақ мерзімге арналған стратегиялық міндеттері қойылды. Бұл жыл сайынғы дәстүрге айналып, міне, бүгінгі күнге дейін Елбасы Қазақстан халқына 20 Жолдауын арнады.

Президент алғашқы Жолдауын 1997 жылы Алматы қаласында Парламентте жасады. Елбасы сол кезді кейін былай деп еске алады: «2030 жылға дейiнгi Қазақстанның даму стратегиясы мен оны жүзеге асырудың бiрiншi кезектегi шаралары 1997 жылы 10 қазанда ресми түрде жарияланды. Сол күнi мен елiмiздiң Парламентiнде Қазақстан халқына арналған ең алғашқы Жолдауыммен шығып сөйледiм. Маған халыққа Жолдау деген идеяның өзi ұнады, оның ел құлағына сiңiстi болып кеткенiне қуанамын».

Осылайша, Президенттiң Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау арнау дәстүрi «Қазақстан-2030» стратегиясынан бастау алды. Президенттік үндеу әлемдік дамуда өз орнын алып, оң-солын тани бастаған тұста жас мемлекеттің бағыт-бағдарын алдағы 30 жылға анықтап берді. Тарихи құжат жетi бағыт бойынша республиканың саяси-экономикалық, құқықтық-демократиялық және әлеуметтiк-мәдени дамуының ұзақмерзiмдi жоспарын қамтыды.

 

Әлемде «Азия барыстары» ретінде танымал Оңтүстік Корея, Сингапур, Гонконг, Тайвань секілді елдердің табысын зерделей келе, Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның осындай жетістікке жетуіне не кедергі» деген сұрақ қойды. Яғни, еліміздің 2030 жылға қарай «Орталық Азия барысына» айналып, өзге дамушы мемлекеттерге үлгі болуына толық мүмкіндігі бар. Стратегиядағы болашаққа бағдарланған басымдықтар жаһанданудың сын-қатерлеріне жауап беруге қауқарлы. Әлбетте, Азия барысына айналу жөнiндегi бұл асқақ мақсаттың өміршеңдігіне сенбегендер көп болды.

«Көптеген қиындықтарға байланысты алдымызда тұрған бұл жоспарлардың орындалуы мүмкін емес дейтіндер табылады. Кейбіреулер біздің миссиямыз бен стратегиямызды бос сөз деп қабылдайды. Енді біреулер орталық азиялықтардың, оның ішінде қазақстандықтардың барыс болатын қабілеті жоқ дейді. Уақыт бәріне таразы», - деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы Жолдауында.

Осы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін Президент Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында ел алдындағы аса маңызды жаңа міндеттерді белгілеп отырды. «Алдымен – экономика, cодан соң – саясат» деген айқын жолмен ілгерілеп жүрдік. Стратегия-2030 қабылданған 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енді. Нәтижесінде, 2012 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім көлемі жағынан әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кірдік. 2006 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясын айқындаған болатын. Бұл межеге 2013 жылы жеттік. 15 жыл ішінде ұлттық экономиканың көлемі 1997 жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы 28 триллион теңгеге өсті. 1999 жылдан бастап ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсуі 7,6%-ды құрап, алдыңғы қатарлы елдерді басып озды. Жан басына шаққанда ІЖӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетті. Қазақстан әуел бастан жан басына шаққанда тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі жағынан ТМД-да көшбасшы болды. Шикізат ресурстарынан түскен кіріс Ұлттық қорда жиналды. Осы жылдар ішінде халықтың тұрмыс деңгейі басты өлшем болып қала берді. Сөйтіп, 15 жыл ішінде қазақстандықтардың табысы 16 есе өсті. Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың саны 7 есе азайып, жұмыссыздар саны екі есе қысқарды. Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 10 есе ұлғайды. Ұлт денсаулығын жақсарту, білім беру ісінде едәуір ілгерілеуге қол жеткіздік.

 

Міне, бұл 2012 жылғы көрсеткіштер. Осылайша, «Қазақстан-2030» бағдарламасындағы негізгі міндеттерді республика мерзімінен бұрын орындады. Жаңа сын-қатерлерді лайықты қабылдау үшін ендігі жерде 2030 стратегиясының аясы жеткілікті емес. Сондықтан Президент осы жылдың соңында «Қазақстан-2050» стратегиясын жариялайды.

«2050 жыл – жай бейнелі дата емес. Бұл бүгінде әлемдік қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім. БҰҰ-да 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаһандық болжамы әзірленді. 2050 жылға дейінгі болжамдық баяндаманы Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы жариялады. Қазір елдердің дені осындай ұзақ мерзімді стратегиялар әзірлеп, қабылдауда. Қытай өзі үшін дәл осындай стратегиялық жоспарлау көкжиегін айқындап алды. Ірі трансұлттық компаниялардың өзі алдағы жарты ғасырға даму стратегияларын әзірлеуде», - деді Президент өз Жолдауында.

Ендеше, Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс. Үздік отыздыққа кіру оңай емес, бәсекелестік мықты. Сондықтан Қазақстан жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуы қажет. Бұл үшін мемлекеттілікті одан әрі дамытып және нығайтып, экономикалық саясаттың жаңа қағидаттарына көшу керек. Ұлттық экономиканың жетекші күші – кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету аса маңызды. Жаңа әлеуметтік саясат қалыптасып, білім беру мен денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы және тиімді жүйесі құрылады. Сондай-ақ, мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін, тиімділігі мен функционалдығын арттыру міндеті қойылып отыр. Халықаралық және қорғаныс саясатының жаңа сын-қатерлеріне парапар саясат құруға да үлкен көңіл бөлінеді.

«Қазақстан-2050» стратегиясынан кейін Президент Қазақстан халқына үш Жолдау жасады. Стратегияны жариялағаннан кейін бір жылдан соң Мемлекет басшысы дамыған 30 елдің қатарына қосылу жоспарын ұсынды. Осы уақытта Үкімет нақты тұжырымдаманың жобасын жасап үлгерген. Сонымен, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу жоспарымызды екі кезеңде жүзеге асыруымыз қажет. Бірінші кезең 2030 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Қазақстанда осы кезеңде индустриялық дүмпу жүзеге асырылуы керек. Яғни, экономиканың дәстүрлі салаларының қарқынды өсімі қамтамасыз етіліп, қуатты индустриялық өңдеуші сектор құрылады. Екінші кезеңде 2030 – 2050 жылдар аралығында еліміздің ғылыми қамтымды және жасыл экономика қағидаттарына негізделген орнықты дамуы қамтамасыз етілуі тиіс.

«Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты да осы асқақ арманға жетуге жасалған тағы бір қадам. Елбасының сенімінше, «Нұрлы жол» біздің экономикамыздың таяу жылдардағы өсімінің драйвері болады. Жаңа экономикалық саясаттың тұғыры инфрақұрылымдық дамудың жоспары болып отыр.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына қадам басқан тұста Президент жиырмасыншы Жолдауын жасады. Бұл құжатта «жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаңа жаһандық нақты ахуалда дамудың басты бағыттары» айқындалды. Ел халқы бес бағыт бойынша дағдарысқа қарсы және құрылымдық кешенді жаңаруларды жүзеге асыруы қажет. Атап айтқанда, қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру, жаңа инвестициялық саясаттың негіздері және жаңа әлеуметтік саясат.

Түптеп келгенде, ең ұлы мұратымыз – Мәңгілік Ел құру. Осы жалпыұлттық идеяны Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясының түп қазығы етіп алды. Өйткені, Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы.

«Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық. Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел!», - дейді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Президенттің Жолдаулары туралы бірер қызықты фактіге тоқталсақ. Елбасының халыққа үндеулері әлемнің 15 тіліне аударылған. Олардың негізінде жалпы тиражы 70 миллион дана болатын 1,5 миллион материал жарияланды. 1999 жылы ең қысқа Жолдау шықты, ол 1436 сөзден тұрады. 2013 жылға арналған Жолдау ең ауқымды – 15 465 сөз. Жолдаудағы түйінді сөздердің ондығына мыналар кіреді: «мемлекет», «қауіпсіздік», «экономика», «сапа», «инновация», «әлеуметтік», «әлем», « бірлік», «бәсекеге қабілеттілік», «бизнес».

2012 жылы Президент алғаш рет Қазақстан халқына екі рет Жолдау арнады: «Әлеуметтік –экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» (27 қаңтар) және «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» (14 желтоқсан). Осыдан кейін 2014 жылы да Елбасы екі Жолдау жасады.

Айымгүл ӘБІЛЕВА
 

 https://baq.kz/

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір