• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
14 Қазан, 10:20:31
Расул Жұмалы: Қандастардың «тау-тасты басып өттік» деуі қисынға келмейді

20 Қазан, 2016 Саясат

Еуразиялық одақтағы Қазақстан: еңселі елден – мәңгілік елге

 

 

2014 жыл бүкіл дүниежүзі үшін сан қилы оқиғаларға толы кезең болды. Ойласарлығы сол, Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс және басқа аймақтарда қанды текетірес ушыға түссе, әлемнің алыбы АҚШ мемлекетінде билікке қарсы азаматтық ереуілдер дәстүрге айналғандай бір іс болса, әлемнің ауқымды бір бөлігінде қаржы экономикалық дағдарыс шиеленісе түссе, біздің Қазақстан үшін бұл тек ырғақты даму және болуы мүмкін қатерлерге алдын ала дайындалу шараларын жүзеге асырған жемісті уақытқа айналды. Мемлекетіміздің экономикалық жыл қорытындысы әлі нақтыланған жоқ.

Солай бола тұрса да біз болмыстан жыл ұзағына көз үзбей қарап отыратын ғалымдар ретінде бұл жылғы даму көрсеткішіміз 5 пайызды алқымдап қалады, деген сөзді сеніммен айта аламыз. Іргедегі алып көршіміз Ресей Федерациясы сыртқы әсерлердің салдарынан өсім ала алмайды, деген болжам бар. Демек, Қазақстан – қазірдің өзінде дүниежүзі бойынша экономиканың қалыпты дамуын сақтай алған санаулы мемлекеттердің бірі. Орайы келгенде айта кетейік, бұл жылы біздің негізгі экспорттық өніміміз – мұнай бағасы айтарлықтай түскен кезең болды. Бұл Ресейге үлкен кері әсер еткенімен, Қазақстанға алаңдайтындай жағдай болған жоқ. Тіпті таяуда Парламент мүшелері алдында есеп берген экономика министрі Ерболат Досаев «Бюджетке түзету енгізбейміз» дегенді нық сеніммен айтты.
Оның бұлай сенімді сөйлеуінің жөні бар. Біздің бюджет «мұнай долларынсыз» жасақталады. Ал мұнай сатқаннан түсетін кіріс бір­ден Ұлттық қорға құйылады. Елбасымыздың осындай көрегендік ұстанымының нәтижесінде Ұлттық қорымызда Ұлттық банктің сақтық қорын қоса есептегенде 105 миллиард доллардай алтын-валюталық қазына жинақталған екен. Сондықтан да Ресей басшылығы бұл күндері бюджеттік міндетті төлемдерді қалай төлейміз, деп бас қатырып жүрсе, біздің басшылық оған алаңдамайды. Тіпті 2015 жылға ұланғайыр жоспар белгілеп қойдық. Ол жоспар Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауында баяндалған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасында баяндалған отандық жол-коммуникация же­лілерін, электр өндірісін, тұрғын үй құрылысын қарқынды дамытуды көздеп, бүкіл Қазақстанды екпінді еңбек майданына айналдырмақ. Бұл жоспар жүзеге асқан кезде Қазақстанда «жұмыссыздық» деген сөздің өзі келмеске кететін шығар. Өйткені осы бір ауқымды іс нәтижесі халық игілігіне айналған кезде жүздеген мың жаңа жұмыс орындары ашылып, Қазақстанның болмыс-бітімі танымастай өзгеріп шығады. Салынатын жолдар халықаралық транзиттік тасымал арнасына қызмет ететін «Ұлы Жібек жолының» бір буыны болатындықтан да мұнда сол жолдың бойындағы логистика мен қызмет көрсету инфрақұрылымдарының өзі халықаралық қалып деңгейінде болатындықтан өмірімізге бұған дейін мүлде болмаған жаңа мамандықтар енеді. Ал олардың алатын жалақысы сол жаңа атауына сай болатынына сенімдіміз.

Қысқасы, Қазақстан 2014 жылды ойдағыдай қорытындылай отырып, өзінің әлемдегі еңселі елдердің бірі екенін іс жүзінде дәлелдеп шықты. Қазақстанның осындай мол мүмкіндігін жіті қадағалап отырған әлем саясаткерлері мен қалталы тобы бізге деген ықыласын бұрынғыдан да ерекше таныта бастады. Мұны 2014 жылдың соңғы кезеңіндегі жаңалықтардан-ақ айқын аңғаруға болады. Қазақстанда ресми сапармен болып қайтқан Өзбекстан президенті Ислам Каримов: «Бұл келісімшартқа былтыр қол қою керек еді. Осыған қарап сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы дана болып жаратылған тұлға екендігіңізді көргендей болдым», – деп салды. Бұдан кейін «өз аяғымен» елімізге келген Франция президенті Франсуа Олланд Қазақстанның бұл аймақтағы іргелі ел екенін ашықтан ашық мәлімдеді. Сөйтіп, өзімен ере келген кәсіпкерлер біздің елге 500 миллион доллар көлемінде инвестиция құятын келісімшарт жасаумен сапарын қорытындылады. Бұдан кейін Астанаға Шанхай ынтымақтастық ұйымының үкімет басшылары жиналғаны баршаға белгілі. Осы жиынға қатысуға келген Қытай Халық Республикасының үкімет басшысы Қазақстанға құйылатын 15 миллиард долларлық инвестициялық келісімшарт жасасып қайтты. Бұрын біздің басшыларымыз әлемді шарлап инвестиция іздегенін білеміз. Ал қазір инвестиция Қазақстанға «өз аяғымен» келетін болды. Мұның сыры неде? 
Осынау сұрақ төңірегінде зерттеулер жүргізгенде бір ақиқатқа тап болғандаймын, ол – Еуразиялық интеграция жайлы 1994 жылдың өзінде ұсыныс жасаған біздің Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігі. 2015 жылдан бастап жұмыс істей бастайтын Еуразиялық экономикалық одақ ақиқатында Ресейдің келмеске кеткен КСРО державасын тірілту саясатының жемісі емес, жүзеге асқан Қазақстан Көшбасшысының өміршең ұсынысы екенін солтүстік көршіміздің президенті Владимир Путиннің өзі әлем алдында мойындады. Иә, Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан Елбасының төлтумасы. Оған дау жоқ. Ал бұл тұстағы Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігі неден байқалды? Енді осы сұраққа жауап берейік. 
Біріншіден, Қазақстанның экономикалық қуаты ұдайы өсетіні белгілі. Демек, ұдайы өсетін тауарлы өндірісті қамтамасыз ететіндей базар, рынок қажет. Сондықтан да Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан үшін интеграциялық ынтымақтастық қана емес, сонымен бірге алып базар да. Кедендік одақ кезінде үш елдің тауар айналымы шамамен 50 пайызға өскен екен. Бұл кімді де болса қызықтыратын көрсеткіш. 
Екіншіден, әзірге Қазақстан экономикасының негізі – шикізат. Қосымша құны жоқ осынау тауарлы өндіріс тасымал шығынын азайтқанда ғана тиімді болмақ. Демек, Еуразиялық экономикалық одақ арқылы біз тасымал шығынын азайтқан, іргедегі алып базарға қол жеткіздік. 
Үшіншіден, Қазақстан индустрия жағынан мешеу, КСРО державасының аграрлық шикізаттық аймағы болып келгені ақиқат. Ал капитализмге дендеп енген кез келген ел үшін шикізатқа тәуелділіктен құтылып, қосымша құны мол тауарлы өндіріс жасайтын индустрия керек. Міне, осы индустрияны жасау мақсатында біз «индустриялық-инновациялық бағдарлама» қабылдаған елміз. Осы бағдарлама бойынша бұл күндері біздің елімізде талай-талай дамыған елдердің кәсіпкерлері өз филиалдарын ашқан. Ресей Федерациясы, қалай десек те, бізге қарағанда ғылымы мен индустриясы әлдеқайда озық еді. Міне, осындай жағдайда олар біздің елде өз филиалдарын ашып жатса, Қазақстанға керегі сол емес пе? Айталық, қазіргі таңда елімізде ауыл шаруашылығына қажетті толып жатқан техника түрлері шығатын болды. Оны бұрын Белоруссия мен Ресейден импорттап, толып жатқан валюталық шығын жасайтынбыз. 
Төртіншіден, Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігі нәтижесінде біз салық мөлшерін азайта алған посткеңестік аумақтағы бірден бір елміз. Айталық, дәл бүгінгі таңда біздің салықтық жүктемеміз Ресейге қарағанда 6 пайызға, Белоруссияға қарағанда 9 пайызға жеңіл екен. Индустриялық-инновациялық бағдарламамыз бойынша жұмыс істеп өз филиалдарын ашқысы келген шетелдік инвесторлар үшін қай ел тиімді десек, әрине, ол Қазақстанды таңдар еді. Байлар үшін 6 пайыздық жеңілдік зор маңызға ие. Міне, осы жағынан алғанда соңғы жылдары алыс шетелді былай қойғанда, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше қалған екі әріптес мемлекеттің кәсіпорындары Қазақстанда өз өндірістерін ашып жатса, бұл біздің осы тұстағы нақты жеңісіміз. Бұл да Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көрегендігінің нақты дәлелі. 
Бесіншіден, бұл күндері Еуразиялық экономикалық одаққа қызығушылар саны уақыт озған сайын өсе түскендей. Армения одаққа мүше болып енді. Қырғызстан жаз ортасына дейін мүшелікке өтетін болды. Бұлардың сыртында Вьетнам, Түркия, Израиль, Үндістан және басқа елдер қызығушылық танытуда. Олардың бәрі де Қазақстанда өз өндірістерін ашуға шешім қабылдары алдағы уақыттың еншісінде. Бірақ бұл бәрібір жүзеге асатын істер. Өйткені Қазақстан алып базардың белсенді бір ойыншысы ғана емес, сонымен қатар әрі салықтық жүктемесі мейлінше аз, әрі халқы 100 пайыз сауатты, әрі шикізат қоры мейлінше мол, ақыр аяғында «Ұлы Жібек жолының» өзегінде жатқан халықаралық транзиттік тасымалдың бір буыны. Қазақстан арқылы Еуропаға да, Таяу Шығысқа да, Азияға да еркін шығуға болады. Осының өзі-ақ біздің мол мүмкіндігімізді мейлінше тиімді пайдаланудың бір жолы – Еуразиялық экономикалық одақ екенін дәлелдеп тұрғандай. 
Біз барлық мүмкіндік пен ақиқатты ғылыми сараптан өткізе отырып мынадай қорытынды жасадық: Қазақстан Көшбасшысы Еуразиялық-экономикалық одақ арқылы еңселі елін «Мәңгілік елге» айналдыруды о бастан-ақ жоспарлаған. Иә, Нұрсұлтан Әбішұлы мейлінше қысқа мерзімде елін гиперинфляция мен алапат рецессиядан аман алып шығып, қарқынды даму арнасына салып, нәтижесінде Қазақстанды әлемдегі ең еңселі елдердің біріне айналдырды. 1997 жылы біз дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы 50 елдің сапында болсақ, деп армандап, жоспар жасадық. Ол бағдарламаны мейлінше қысқа мерзімде ойдағыдай қорытындыладық. Содан соң Елбасымыз барлық мүмкіндік пен әлемдегі қалыптасқан жағдайды ой сарабынан өткізген жаңа бағдарламаны ұсынды. Ол бойынша 2050 жылға қарай Қазақстан дүниежүзінің алдыңғы қатарлы 30 елінің сапында болуға тиіс. «2050 Стратегиясын» ғылыми сараптан өткізген кез келген адам осынау ауқымды бағдарламаның сөзсіз орындалатынына толық сенеді. Біз бұл жайлы ойымызды «Егемен Қазақстан» газетінде бұған дейін де жазғанымызды оқырман білуге тиіс. Енді оған тоқталып жатудың қажеті жоқ. Тек айтарымыз, «2050 Стратегиясы» – елін осынау алып іске алдын ала жан жақты дайындап алған Көшбасшының ғылыми негізді жоспары. Бұл үшін бізде адам ресурсы, қаражат қоры, шикізат молшылығы ғана емес, сонымен бірге салықтық жеңілдіктеріміз арқылы өзіміз басты ойыншысы болып саналатын 170 миллион тұтынушысы бар алып базар да игі қадамымызға демеушідей қолдау жасайтын тұстар болып шығады. 
Қорыта айтқанда, біреулер үшін 2014 жыл «бас қайғы» кезеңі болса, Қазақстан Республикасы үшін алдағы қарқынды дамуға жан жақты негіз қалаған өміріміздегі ең ұтымды уақыттардың бірі болғаны даусыз. Қазақстан «Нұрлы жол» бағдарламасын дер кезінде қабылдағаны соншалық оған үлес қосуға әлемнің түкпір-түкпірі ынта білдіруде. Бұл жолда олар тіпті біздің Ресей Федерациясымен Еуразия­лық экономикалық одақтағы әріптес екенімізге де көңіл аудармағандай. Яғни, Қазақстанға толық сенетінін әлем дүрліккен мына кездің өзінде айқын ісімен дәлелдеу үстінде. Ал Қазақстан болса өзінің көптарапты бейбіт саясаты негізінде алға жылжи береді. 
Сөз соңында айтарымыз, ұлттық валютамыз теңге өзінің әлемдегі ең сенімді құнды қағаз екенін өмір ақиқатында дәлелдеп шықты. Соңғы кездері Қытаймен және басқа елдермен ұлттық валюта бойынша экспорт импорт айналымында есеп айырысуға келістік. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың даму банкі де өзінің инвестициялық қоржынында 30 пайыз рубльді, 10 пайыз теңгені ұстайтынын заңдастырды. Қалған 60 пайызы халықаралық валюталар бойынша есептеледі. Демек, теңге халық­ара­лық кеңістікке шыққан валюта, деп батыл айта аламыз. 
Сонымен, 2014 жыл тарих қойнауына енеді. Біз бұл кезеңге ризашылық сезіммен қарап, жаңа 2015 жылдың табалдырығынан болашаққа деген зор сеніммен аттайтын боламыз. Алла алдымыздан жарылқағай.


Сағындық САТЫБАЛДИН

«Экономика» газеті

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір