• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 04:45:49
Алматы
+35°

 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясы Корольдігінде ресми сапармен болды.

Медина қаласына келісімен Нұрсұлтан Назарбаев провинция губернаторы, ханзада Фейсал бен Салман Әл Саудпен екіжақты кездесу өткізді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Медина қаласындағы Мұхаммед пайғамбар мешітіне барып, намаз оқыды, сондай-ақ Масджид ан-Нәбауи мешітінің сәулетімен және интерьерімен танысты.  
Одан кейін Қазақстан Президенті Сауд Арабиясы Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудпен келіссөздер нәтижесі бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланып отырған Эр Рияд қаласына келді.    
Келіссөздер барысында екі елдің көш­бас­шылары Қазақстан мен Сауд Арабия­сы ынтымақтастығының негізгі бағыт­тарын, атап айтқанда, сауда-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды нығайту перспективаларын талқылады.
Сондай-ақ тараптар өзара іс-қимылдың түрлі салаларында, соның ішінде ауыл шаруа­шылығында зор әлеуетке қол жеткі­зілгенін және қарқынды даму бар екенін атап өтті.   
Сапар барысында Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігінің аш-Шура Меджлисінің басшысы Абдуллах ибн Мұхаммед Әл-Шейхпен, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Ияд ибн Әмин Маданимен, Ислам даму банкінің президенті Бандар бен Мұхаммад Хаджармен, Amiantit Group компаниясының вице-президенті ханзада Турки бен Мұхаммад бин Фахдпен, сондай-ақ Сауд Арабиясы Корольдігінің іскер топтар өкілдерімен кездесті.

Сауд Арабиясының  әлемдік деңгейде жұ­мыс жүргізетін жетекші компания­ларының басшылары қатысқан іскер топ­тар өкілдерімен кездесуде Қазақстан Пре­зи­денті Сауд Арабиясы біздің еліміз­дің Таяу Шығыс аумағындағы негізгі серік­те­сінің бірі екенін айтты. Елбасы екі елдің экономикалық ынтымақтастығының перспективалы бағыттарын атап өтті. Олардың арасында тау-кен металлургиясы кешені, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, қаржы және ислам банкингі, атом өнеркәсібі бар. «Қазақстанның стратегиялық мақсаты – әлемнің ең озық 30 елінің қатарына қосылу. Бұл мақсатқа жетудің негізгі жолы елдегі кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске барынша жеңілдіктер қарастырып, инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
– Дүниежүзілік банктің «Бизнеспен айналысу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 41-ші орынға ие болды. Бизнес үшін әкімшілік кедергілер мейлінше азайтылды. Қазір бізде 10 арнайы экономикалық аймақ құрылып, онда либералды салық режімі қолданыла отырып жұмыс жүргізілуде, – деп іскерлік және инвестициялық ортаны жақсарту үшін елде қолға алынып жатқан жүйелі шараларға тоқтала келіп, Қазақстан Президенті Сауд Арабиясы кәсіпкерлерін индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырды. «Өз кезегінде Қазақстан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Мәселен, инвестор корпоративтік табыстан және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазір рес­публикада ірі мемлекеттік нысандарды жекеше­лендіру науқаны жүргізіліп жатқанын айтты.
– Жалпы құны 10 миллиард доллар болатын 800-дей мемлекеттік кәсіпорын бәсекелестік ортаға шығарылды. Тізімге мемлекеттің үлесі бар тау-кен металлургиясы, мұнай өңдеу, энергетика, көлік және байланыс саласындағы кәсіпорындар, инфрақұрылым нысандары енгізілген. Сауд Арабиясы компанияларының осы жекешелендіру шарасына қатысуын қолдаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына және келер жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне тоқ­тал­ды.
Сауд Арабиясы бизнес құрылымдарының же­текшілері Қазақстанда жасалып жатқан қолайлы инвестициялық жағдай үшін Мемлекет басшысына алғыс білдіріп, ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін жеткізді. Атап айтқанда, олар ауыл шаруашылығы, мұнай өңдеу, металлургия және атом энергетикасы салаларына қызығушылық танытты. 
Соңында Қазақстан Президенті өзара тиімді серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері жасала беретінін және оның перспективасына сенімді екенін айтып, Сауд Арабиясы бизнесінің «капитандарына» табыс тіледі. 
Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін өткізген баспасөз брифингінде Нұрсұлтан Назарбаев: 
– Сапар аясында энергетика, тау-кен саласы, ауыл шаруашылығы, сауда-саттыққа қатысты жалпы құны 60 млрд теңгеден асатын 10 келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, олардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысындағы құс фабрикасы, Ақмола облысындағы азық-түлік өндірісі жөніндегі келісімдер бар. Қазіргі таңда Қазақстанда Сауд Арабиясының қатысуымен 17 кәсіпорын жұмыс жүргізуде, – деп атап өтті.
Екіжақты тауар айналымын ұлғайтуға логис­тикалық қиындықтар кедергі келтіріп келгеніне тоқталып өткен Елбасы: «Бұл ретте біз болашақта жемісті ынтымақтастық орнату үшін Жол картасын жасап, екіжақты үкіметаралық комиссия, экономиканың жекелеген салалары бойынша жұмыс топтарын құру туралы келісімге келдік. Біздің елде ортақ жобаларды қаржыландыру үшін бірлескен инвестициялық қор құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ  мен сау­дтық серіктестерімізді ин­вес­тициялық-инно­вациялық жобаларға, «Нұрлы жол» бағдар­ламасына атсалысуға шақырдым. Бұл Қазақ­станның пайдасы үшін ынтымақтастық орнатуға өте жақсы негіз болады, – деді.
Сонынмен қатар Мемлекет басшысы Ко­роль­­дікпен өзара іс-қимылдың перспективалы бағытта­рына назар аударды.
– Саудтық серіктестеріміздің күн мен жел энергетикасын пайдалану тәжірибесі бар. Сауд Арабиясы энергетика саласындағы өздерінің жаңа әзірлемелерімен Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне белсене қатысатын болады. Сондай-ақ келіссөздер барысында біз мұнай мен газ саласындағы жүргізіліп отырған саясатты талқыладық. Жалпы, біз осы өңірдегі маңызды бұл елде өте пайдалы әрі аса қажетті кездесулер өткіздік деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Рымтай Сағынбекова

«Экономика газеті»

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір