• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 18:52:32
Алматы
+35°

29 Қазан, 2016 Саясат

Оңтүстік Кореяның 64 жастағы Президенті Пак Кын Хеге деген халықтың сенімі төмендеп барады. Осы аптада оның ел басшысы ретіндегі рейтингі 17 пайызға дейін төмендеген. Бұның басты себебі Пак Кын Хе баяндамаларының мәтінін түзетумен айналысатын жақын құрбысымен байланысты дауда болса керек. Президентті сынаушылар үкіметте қызмет істемейтін адамға маңызды құжаттарды беру мемлекеттік құпияның жария болуына әкеп соғатынын ескертуде.  

Пак Кын Хе Корея республикасының 11-ші Президенті. Ол бұрынғы Президент Пак Чон Хидің қызы. Пак Кын Хе ел басшысы лауазымына 2013 жылдың 25 ақпанында отырған.  

Пак Кын Хе 1952  жылы 2 ақпанда Тэгуде дүниеге келген. Ол Президент әулетіндегі тұңғыш бала. Пак Чи Ман есімді інісі және  Пак Се Ён деген сіңлісі бар.

Пак Кын Хе Сеулдегі орта мектепті 1970 жылы бітірген соң Соган университетінде инженер-электроник мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған. Ал 1987 жылы тайвандық Қытай мәдениеті университетін бітірген. Ол сондай-ақ Корея жетекші ғылыми-техникалық институты мен Соган университетінде түрлі ғылыми дәрежелерге ие болған.  

1981 жылы Пак Кын Хе діни оқу орнында бір семестр білім алып, христиан дінін зерттеген. Бұдан кейін ол саяси жолға түскен.

1974 жылы  15 тамызда Пак Чон Хи әулетіне қастандық жасалады. Президенттің әйелі Юк Ён Су осы оқиға кезінде мерт боп, елдің «бірінші ханымы» титулы Президенттің қызы Пак Кын Хеге өтеді. Президент Пак Чон Хи әйелі қаза тапқан соң үйленбеген. 1979 жылы Пак Чон Хи Ұлттық барлау агенттігінің директоры Ким Джэ Гюдің қолынан қаза табады.

1998 жылы ұлттық жиналыс (парламент) сайлауында Пак Кын Хе Ұлы ел партиясы атынан Тэгу аймағынан сайланады. Бұдан кейін ол 2008 жылға дейін осы аймақ бойынша үш мәрте депутат атанады.   

2004–2006  жылдары  Пак Кын Хе Ұлы ел партиясын басқарады. Барлық сайлауда аталмыш партияның өкілдері жеңгендіктен Пак Кын Хе ел арасында «сайлау ханшайымы» деген атқа ие болады. 2007 жылы Пак Кын Хе Президент сайлауына түседі. Алайда партия ішіндегі сайлауда Ли Мён Бактан жеңіледі. 2011 жылы рейтингінің төмендеуіне байланысты партия атауы Сэнури болып өзгертіледі. 2011 жылы 19 желтоқсанда Пак Кын Хе партияның Төтенше комитетінің басшысы болып сайланады. Ал 2012 Сэнури партиясы жеңіске жетіп, Пак Кын Хе Президент тағы үшін сайлауға түседі.

2012 жылғы Парламент сайлауында Пак Кын Хенің партиясы жеңіске жетіп, Парламенттегі 300 орынның 152-сін иеленеді.  

2012 жылы 20 тамызда  партия ішіндегі Президент сайлауында Пак Кын Хе бәсекелестерін басып озып, 83,97 % дауысқа ие болады. Сөйтіп ол Президент тағынан үміткер атанады.

19 желтоқсандағы сайлауда Пак Кын Хе сайлаушылардың 51,55% даусын жинайды. Сөйтіп ол Оңтүстік Корея тарихындағы алғашқы әйел Президент атанады.

Пак Кын Хе Президент тағына ресми түрде 2013 жылдың 25 ақпанында отырады.

Пак Кын Хенің отбасылық жағдайына келсек, ол үйленбеген, баласы жоқ.

Шарафат Жылқыбаева

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір