• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
18 Қазан, 04:38:41
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің келесі кезеңіне 904 қатысушы өтті

30 Қазан, 2016 Дәстүр

БИ-ШЕШЕНДЕР БАТАСЫ

Қара бидің батасы

Қара бидің батасы

 

Қошқарұлы Жәнібек он үш жасында Қара биге барып батасын алмақшы болып жолға шығады. Бірақ оның сәті түспей, жаугершілік басталып, үлкен соғыстың арасынан өте алмайтын болған соң кері қайтады. Содан арада үш жыл өтіп, ол он алты жасқа шығады, соғыс та аяқталады, Қара биге келіп сәлем береді. Қара би оның сәлемін қабылдап тұрьш:

— Әй, мен сені осыдан үш жыл бұрын күтіп едім, сонда неге келмедің?- деп сұрайды. Жәнібек болған оқиғаны айтады.

— Е, онда жөн басқа,- дейді Қара би, — Менде қандай бұйымтайың бар? Оны өзіңіз де білесіз, маған керегі сіздің батаңыз, — дейді Қошқарұлы Жәнібек. Сол кезде би қолын жайып:

—Бедері жоқ қылқадан,

Берік тоқылған бөз артық.

Бірлігі жоқ туыстан.

Берік сөйлескен жан артық.

Пайданы алыстан қылғайсың,

Залалды жақыннан қылғайсың,

Тапқан да інінің айналасына оттамайды,

Оны да есіңе алғайсың,

Әумин, Аллауһуакбар! —

деп батасын беріпті.

 

 

 

 

Шәңкінің батасы

(Мендікеүлы Шәңкінің Бөлтірік шешенге берген батасы)

Дауда жалдап өткіздім,

Ат орнына шапанды.

Он жеті жаста әкеміз,

Жасанған жауды түсіріп,

Астынан алды тұлпар ат,

Үйірлеп жылқы айырып,

Жаудың бетін қайырып,

Атақты батыр атанды.

Көңілімді көтеріп,

Тәңірі өзі берер деп,

Берейін саған батамды,

Жай қолыңды, Бөлтірік,

Аққа қойып ниетіңді.

Қадірлі бол халыққа,

Қайырмасын бетіңді.

Арыстандай бетті бол,

Дұшпанға сөзің өтімді.

Дәулетің мен бақытың,

Жетсін жеті ұрпаққа,

Пешенеңе берген секілді.

Алтын ерлі ақбоз ат,

Астыңда сенің арысын,

Қолаң шашты, қой көзді,

Алғаның бірге жасасын.

Көптің алып алғысын,

Бақыт, дәулет дарысын!

 

 

 

 

Жапақ шешеннің батасы

 

Ертеде Жапақ дейтін сөзге тапқыр кедей жоғальш кеткен сиырын іздеп келе жатып, бір байдың үйіне қоныпты. Шөлдеп келген жолаушы сусын сұрапты. Бәйбіше кәрлен кесеге толтырып айран құйып беріп жатса:

—                             Әй, қатын, аздау бермесең ол мешкей айраннан түк те қалдармас, — депті бай әзілдеген боп.

Сараң байдың үйі қонаққа қаба бақанда жаюлы тұрған көп еттен аспай, жай көже жасап беріпті. Дастарқан жиналарда үй иесі Жапекеңе:

—                             Ал ас қайырып, дасгарқанға бата бер,- дегенде ол іркілместен:

Менен бата сұрайсың аталаға,

Атала ішіп жолаушы жата ала ма?

Бір қабырға сыдыртсаң көзің қиып,

Мына отырған жаман шал қақала ма? — деген екен.

Сөзден жеңілген үй иесі ертесінде мал өріске кетпей бір лақты есік алдына көлденең тартып:

—                             Уай, Жапеке, сені бір қатырайын деп едім, өзімді ұялттың ғой, енді бір малдың басын жеп кет. Қане, бата бер,- дегенде, қонақ лақтың әрі жас, әрі союға жарамсыз екендігін байқап:

—Бата бер дейсің лаққа,

Дауысы кетер жыраққа.

Ет жемесем жемейін,

Бейшараны жылатпа.

Мына сорлы жас екен,

Қоң жинасын қоя бер,

Сыйлаймын десең басқа бер,

Пышаққа ілінерін соя бер, - депті.

Әбден сөзден жеңілген үй иесі Жапекеңді семіз мал сойып, көңілін тауып, риза еткен соң: «Ақыры бата бердің ғой, енді мына асқа бірдеме де»,- деген екен, Жапекең қолын жайып:

—Әуелі бердің шай,

Көңілің болсын жай.

Сонан соң бердің тоқаш,

Болмасын мінезің оғаш.

Әлден соң бердің ет,

Қызарған соң бет.

Одан бердің сорпа,

Сөзімнен тек қорқа.

Сөз реті осылай болды,

Болмасын басқа қолқа.

Әумин аллаһуакбар! — депті.

 

Болат Бопайұлы Жота Қажы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір