• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 18:47:12
Алматы
+35°

30 Қазан, 2016 Дәстүр

ЖҮКТІ ӘЙЕЛ ҚОЙ-ЕШКІ ЕТІНЕ ЖЕРІК БОЛСА...

Қазақ ана қой етіне жерік болса, кейін туылған баласы қойдай қоңыр мінезді, қозыдай момақан, жуас болады, жібек сөзді, қой көзді, жұқа жүзді, маржан тісті,...

Қазақ ана қой етіне жерік болса, кейін туылған баласы қойдай қоңыр мінезді, қозыдай момақан, жуас болады, жібек сөзді, қой көзді, жұқа жүзді, маржан тісті, шебер істі, мөлдір сезімді, иманнан ұят, ақылынан қуат төгіліп тұратын, жүрегі нұрлы адам болады деп ырым етеді. Өйткені, «қой Меккеден жаралған», «қой пірі – шопан ата» деп ұйғарады.

Мұндай адам жан баласына қас қылмайды. Жамандық ойламайды. Жадылық істемейді. Бәріне қарайласып, қамқоршы болып жүреді. Жүрегі жылы, сезімі ыстық келеді. Сөйлесе, бұлбұлдай сайрап кетеді. Сөз  мағынасы шекердей тәтті, балдай дәмді болады. Дүйім жұртты, бір тайпа елді аузына қаратады. Көреген көзді, шешен сөзді, иманды болады. Жаны жақсылықтан нұр төгіп тұрады. Сосын байызды болады. Әлдебіреулер сияқты сыздап, шиқандай қызарып тұрмайды. Ішімдегіні тап деп томырықтанбайды. Бұлтсыз, мөлдір аспандай көңілмен, тас жарып аққан тас бұлақтай таза сезіммен жайнап жадырап, мұңсыз көзбен алдыңда тұрады.

Мұндай бала өнерлі, шебер, іскер келеді. Өзінің қызыққан нәрсесін іске асырмай тынбайды. Еңбекқор, бейнетқор, көнбіс мінезді болып келеді.

Қазақ ана ешкі етіне жерік болса, кейін туылған баласы ешкідей бақырып жылап туылады. Есейгенде заржақ өлеңші болады. Мінезі ұшқалақ келеді. Сабырсыз, сасқалақ, ұшып-қонған, бір жерге тұрмайтын, өрлі-құрлы, жоғары-төмен шауып жүретін, бір есіктен бір есікке кіріп, қыдырып жүретін, сыйдаң аяқ, қу мінезді болады. Әрекеті тез болады. Денесі нәзік келеді. Дүниеқұмар, қызғаншақ, бұлданшақ, шамданшақ болады. Айналасын-дағылармен қазір ұрсысып, қазір шығысып жүреді.

Мұндай ешкі етінің жерігін көксеп туылған ұл не қыз болсын сұлу шырайлы болады. Қыз болса, көзі айнадай жарқырап жанып тұрады. Ақша жүзді, алма бетті, қыр мұрынды, қыпша белді, нәзік жанды, қаймақ ерінді, ойнақы сезімді, от мінезді, сетер келеді. Жаңалықтарға бой ұрып, елең қағып елдің алдында жүреді. Құлағын түріп тұрады. Топ жиналған жерден қалмайды. Сауық-сайранға келгенде алдына жан салмайды.

Ал ер адам болса сығыр көзді, сыбыр сөзді, қаба сақалды, қыңыр мақалды, қушық денелі, шор шекелі, қылжақ мінезді келеді. Айналадағыларын мазақтап, мысқылға қосып, түйреп сөйлеп тұрады. Сабырсыз, сасқалақ, өкпелегіш, ашушаң келеді. Сын көтермейді, мақтау сүйеді. Титтей кемшілігін айтсаң, ол саған жау болып шыға келеді. Көңілі бос, жылауық келеді. Өнерге келгенде алдына жан салмайды. Дүйім жұртты өзіне бағындырып, ел аузына тез ілінеді. Топырағы жеңіл болады.

Қазақтың әдеби тіл өнерінде қой мен ешкіге қатысты мақал-мәтел, бейнелі сөз тіркестері бар. «Қойдың сүті – қорғасын, қойды қырған оңбасын», «Қой Меккеде жаралған», «Ақсарбас қойдың садақасы адамды ажалдан ап қалады», «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды», «Қойлы ауылда құт бар», «Семіздікті қой көтереді, қойдан басқа не көтереді», «Қойдан қоңыр, жылқыдан торы», «қой көзді», «қозы құйрық», «қошқар тұмсық», «қошқардай сүзісті», «қойдай маңырап», «қой тісті», «қой мойын», «қой басты», «қозы ерін», «қозы мұрын», т.б. толып жатқан бейнелі сөз тіркестері бар. Осы сөздердің кейбіреулері малдың ажарын ашса, кейбіреулері адамның мінезіне қатысты айтылады. Сымбат көркін білдіреді...

Ал «Ешкі сүті - емге, еті – желге тиеді», «Ешкілі бай – көшпенді бай», «Ешкі баққан жылап бағар», «Ешкілі қой өреген, Қызды ауыл өсеген», «Атан серке жол бастар, Атпал азамат қол бастар», «Қорыққан қасқыр ешкіні апа дейді», «текедей бақ-бақ етеді», «ешкінің құйрығындай шошаң-шошаң етеді», «теке мүйізін көрсетті», «ешкі еті ермендей, жерден шипа тергендей», «серке мүйізіндей», т.б. теңеу сөздер мен мақал-мәтелдер тағы да адам мінезін аша түседі.

 

Болат Бопайұлы Жота Қажы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір