• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:25:17
Алматы
+35°

30 Қазан, 2016 Дәстүр

ТҮЙЕ ЕТІНІҢ ЖЕРІГІНЕН ТУЫЛҒАН ҚАЛЫШ БАЛУАН

Ертеде тағы да қазақ арасында Қалыш атты анамыз болған екен. Іле өзені бойында 114 жас жасап аты аңызға айналған батыр қыз – балуан анамызды біреу білсе...

Ертеде тағы да қазақ арасында Қалыш атты анамыз болған екен. Іле өзені бойында 114 жас жасап аты аңызға айналған батыр қыз – балуан анамызды біреу білсе де, біреу білмесе керек...

Қалыш анамыз баяғыда Қазақстан жерінде туылып, 14 жасында атқа қонып, ерлерше соғысып, қалмақтарды жеңіп, Іле өзеніне келіп, қоныстанып, дүниеден өткен деседі. Аңызда айтылуына қарағанда Қаныштың анасы екіқабат кезінде бураның етіне жерік болады. Қазақ ырымында аталық мал бураны қалжаға шалмайды. Бірақ зәру етім болғанда жерік ас үшін бураны да шалған көрінеді. Қалыштың анасы жерігі ұстағанда жарап тұрған бураны да қуған. Тірі түйенің үстіндегі шудасын да аузына салып шайнап, иісін иіскеп, түйе жатқан жерге аунап, түйе ішіне қонып, үйге де оралмай қойған деседі. Бір бураның етінің жартысын жеп, жерігі қанған Қалыштың анасы тоғыз ай, тоғыз күнде бураның жараған кезінде, ақпан айында Қалышты босанған екен. Бір қызығы, Қалыштың анасы бір үйде жалғыз босаныпты. Құдайдың құдіретінше басқа елдер сыртқа шығып кеткен кезде, толғағы қысыпты. Сол кезде күркіреп жараған көкбас бура толғақ қысып жатқан әйелдің үйінің есік алдына шөгіп, жатып алып сырттан жәрдемге келетін «туыт аналарды» босанғалы жатқан әйелге кіргізбей қояды. Бір заманда сәбидің шырылдаған дауысы естілгенде, әлгі көкбас бура үй есігін сүзе-мүзе басын сұғып, мойнын жан-жағына созып-созып бұлғайды да, көбігін шашып жіберіп, сыртқа шегініп шығып, қырдағы жайылып жүрген түйе табынына қарай тайраңдап жорта жөнеледі. Содан соң барып, далада күтіп тұрған туыт аналар үйге кіреді...

Бұл қыз бала түйе етінің жерігін көксеп туылды. Анасының толғағын көкбас бура күзетті. Дүниеге келе сала бура көбігін шашты. Бура сол кезде «қалш-қалш» етіп жарап тұрды. Бұл тегін іс емес. Жай оқиға емес, Құдайдың құдіретімен болған ашық аян болса керек. Қыздың атын – Түйе немесе Бура деп қойса оғаш болар. Бураның бір белгісін алып, жараған кезіндегі ең үлкен айбары – «қалшылдау». Сол айбар, киесі дарысын. Сондықтан қызымыздың атын Қалыш деп қояйық деп туыт аналар таласпай-ақ бекітті...

Қалыш ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу қыз болып, бой жетіп келе жатты. Тез өсті. Бойшаң болды. Қарулы болды. Ақылы мен ары ажарына сай болды.  Қалыш он төрт жасқа толған жылы ауылдағы еркек кіндікті түгел соғысқа аттанды. Үйде жаман қатын, жас балалар қалды. Әлден уақытта: «Азаматтарымыз жаудан жеңілді. Күннің көзін, жердің жүзін көрсетпей, қаптаған жау келе жатыр, ауылды тастап қашыңдар», - деген хабар да жетті. Осы кезде ашуға мінген Қалыш шашын желкесіне түйді. Ер адамша жасанды. Қолына көк сүңгі ұстады, мойнына садақ асты. Бір түйені мінді де, ауылындағы сексен үйлі қатын-баланы алдына салып, Іле өңіріне қарай көш бастады. Көш артынан қуалап жау да жетіп қалды...

Қара құмырсқадай қаптап, қапталдай шауып келе жатқан жауды көргенде Қалыш қыз бағанағы көк бураның күйіне келіп қалш-қалш етіп жарады, тісін қайрады. Бура мінезі көрінді. Ызалы, долы күйге келді. Көк сүңгіні серт ұстап, басқаларға «Тоқтамай, алға қарай көше беріңдер», - деп жаудың алдын жалғыз тосты.  Алыстап келген жауды құрықпен ұрып құлатты. Жақындап келгенін қылышпен шауып сұлатты. Қарсыдан келгенін қақ айырды. Қырынан келгенін қырғидай түйреді. Жалғыз келгенін жамбастан ұрды. Тобымен келгенін топырлатып түсірді. Бәрін елең құрлы көрмеді. Қара борандай ұйытқып, құжынаған жауды топандай ұшырды. Сөйтіп жаудың бетін жалғыз қайтарып, қарасы азайған жауды қырқа асырып қуып жіберді.

Қалыштың бурадай бұрқыраған күші, айбарлы мінезі жауға төтеп беріп, елін аман сақтап қалды.

Иә, осыдан кейін ел есін жиды. Бейбіт өмір басталды. Тамаша тыныш күндер, тымық түндер жетті. Осындай бейбіт күндердің бірінде қызай елі атақты Сасан болысқа ас берді. Тұтас бейбіт жатқан қазақ еліне сауын айтты. Алтай, Тарбағатай, Іле, басқа да аймақты елді мекендерден ақын-жыршы, батыр, балуан, шешен, шежіре, сәйгүлік, жүйрік жорға алдырды. Жарыс басталды. Астың құрметіне небір шонжар байлар мал атады. Алтын-күмістерді үйіп төкті. Тай-тұяқ, жамбылар сыйлады. Ас-сақаналарын  әсемдеп әшекейлеп, оюлап, өрнектеп, сән салтанат пен бедерге келтірді...

Талай күндер жалғасқан арыс өтіп жатты. Осынша көп балуанның бәрін жеңген Тарбағатай аймағының «түйе балуаны» ең соңғы майданда түйедей тайраңдап жалғыз күрес майданына шықты. Оның аты Сыдық еді. Ер болып туғалы жалпақ елде ешкім оның тізесін жерге тигізіп, сүріндіріп көрмеген еді. Түйе балуан аталатын жөні де бар. Шын айтқан кісіге түйедей, асырып айтқан кісіге төбедей алып жойқынның өзі еді. Басқа аймақтардан келген балуандар ол дәудің қасында бес-алты жастағы баладай ғана көрінуші еді. Ел күрескен былай тұрсын, алыптығынан да сескенуші еді. Қай асқа, қай тойға барса да, күреспей-ақ бәйгесін алып үйренген еді. Сөйтіп, бас балуан да атанып кеткен еді. Бұл жолы да есік пен төрдей қаракер жорғаны мініп, майданда ары-бері тайраңдатып, «Қане, бәйгемді шаппай беріңдер, күресетін ер азамат болса шықсын, омыртқасын үзейін, белін сындырайын. Қол-аяғын шырпыдай быртылдатайын», - деп айқай салды. Ақсақалдардың басуына дес бермеді. Қымыз ішіп қызарып, бөртіп алған түйе балуан, расында, аттың үстінде төбедей болып отырғанда қаракер жорғаның белі де майысып бара жатқандай көрінді. Елдің десі бір сәт су сепкендей басылды. Ерлер күрескенге шыққанды қойып, таңырқап-таңырқап қарап тұрысты. «Әке-ау, мынау адам ба, мақұлық па, адам баласында да мұндай ірі денелі болады екен-ау», - деп таң қалысты. Осы топтың ішінде Қалыш апамыз да бар еді. Бірақ жасы өтіп, қаруы қайтып, жасанып қалған кезі еді. Ер намысына тиіп, жерге бөлініп, түйе балуан «бәйгемді әкел» деп айқұлақтанып тұрғанын көргенде, Қалыш апамыздың бура мінезі тағы ұстады. Қалшылдаған киесіне басты. Ол еру жұрт арасында ерше киінді де, майданға шықты. Түйе балуан Сыдық мұны біліп қойды да: «Мен әйел адаммен күреспеймін, күресетін болса еркек кіндіктісінен шықсын мына елдің», - деп өзінше намыстанып Қалыш апамызды ат кеудесімен соғып құлатып кетпекші болып ұмтылды. Тебініп Қалышқа қарай келе жатқан түйе балуанды Қалыш апамыз ат-патымен бір-ақ көтерді де, арқан бойы жерге сілтеп, лақтырып жіберді. Аты да мертігіп, өзінің бұғана сүйегі, бір аяғы сынғанда барып, әлгі түйе балуан:

  • Иә, Алла, иә, Алла, иә, Құдай, иә, Құдай, - деп иман үйірді, - Әйел адамға да мұнша қару-қайрат береді екен-ау, иә? «Алып – анадан» деуші еді. Анадан алып қыз да туады екен ғой. О, Жасаған, ерден жығылмай, әйелден жығылған мен – Сыдық қалған өмірімде енді белдеспеспін, - деп күреспей алған бәйгесін Қалыш апасының қолына ұстатып, жанының қалғанына тәубе деп еліне қайтыпты деседі.

Атам қазақта «Күш атасын танымайды» деген мақал бар. «Киелі-иелі батырды жау ала алмас» деген тәмсіл бар. Осы сөздер дәл Қалыштай анамызға арнап айтылған сияқты.

Біз бұдан нені аңғарамыз?

Аңғарарымыз көп. Білеріміз жеткілікті. Біз бұл жерде бір ғана жерік асы туралы айтып отырғандықтан, адам геніне жерік асының сонша үлкен әсері бар екенін білген үстіне білгеніміз жөн болар. Жерік асында – жетелі сыр бар, теңіздей терең құпия ырым бар. Оны да тану, табу, білу, түсіну біз үшін парыз.

 

Болат Бопайұлы Жота Қажы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір