• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 11:12:10
+35°

30 Қазан, 2016 Дәстүр

СИЫР ЕТІНІҢ ЖЕРІГІНЕН ТУҒАН СИЫРШЫБАЙ БАЛУАН

Байғозы балуанмен тетелес өмір сүрген, Алтай өңірінде дүниеге келген, Ақарал бойында есейіп, ер жеткен Сиыршыбай Қарағұлұлы Залыңның аңыздық өмірбаянынан да...

Байғозы балуанмен тетелес өмір сүрген, Алтай өңірінде дүниеге келген, Ақарал бойында есейіп, ер жеткен Сиыршыбай Қарағұлұлы Залыңның аңыздық өмірбаянынан да біраз сыр шерте кетуді жөн көрдік.

Сиыршыбай балуанның атының Сиыршыбай қойылып, ел таныған атақты балуан болуының да жерік асымен қатысты туылымдық көрінісі бар...

Қарағұлдың әйелі Батима Сиыршыбай балуанға жүкті кезінде қызыл сиырдың етіне жерік болады. Жерігі ұстағаны соншалық өрістегі, қорадағы көрінген қызыл сиырға қарай ұмтылады. Әуелі, қызыл  сиыр жатып, тұрып кеткен орынға барып жылқыша аунайтын да болады. Әрі дәулетті, әрі мансап иесі, көреген де білгір Қарағұл Залың әйелінің бұл қылығын көрген соң одан сұрамай-ақ біліп, «Е, мына байғұс қызыл сиырдың етіне жерік болып жүр екен ғой» деп ой түйеді. Сиыр баққан құлы Әбубәкірді шақырады да:

  • Біздің сиырлардың арасындағы меңсіз қызыл сиыр болса, мүйізі бүтін, құлағы бүтін, дені сау біреуін алып келіп, есік алдына «жерік асқа» шал. Жеңгең қызыл сиыр етіне жерік болып жүрген көрінеді, - дейді.

Әбубәкір қожайынының айтқанын екі етпей орындайды. Жерігі әбден ұстап, көксіктен көзі көрмей жүрген Батима анамыз сойылып жатқан сиырдың иісін иіскеп, шикі етінен де ауыз тиіп үлгереді.

Қазақ салтында үлкен ірі қара малға жерік болған әйелді құттықтау салты бар. Жерік асына арналған ақ бата бар. Ондай кезде жерік асына ер адам емес, ауылдағы көпті көрген, көнекті тескен, аты елге мәлім, ел ішінде беделі бес батпан, жұрт түгел тегіс сыйлайтын, үлкеннен балаға дейін түгел білетін, жолы жақсы, қолы жомарт, пиғылы кең, мінезі жайдары, аузы дуалы, ардақты кейуаналардың біріне жерік асына арнап шалынатын малға арнап бата жасататын болған. Сонда жерік асы қайырлы болады, іштегі балаға жұғысты болады, сол бала туылса жерік асына және сол бата берген анаға тартады, ардақты адам болады деп ырымдаған. Сондай батаның бірі осы қызыл сиырға жасалған екен:

 

Ау, Батима, Батима,

Сиыр еті аузыңа тати ма?

Қызыл сиыр сойылды,

Жерік болған асыңа.

 

Ау, Батима, Батима,

Құрсақтағы бөбегің

Қызыл сиырдай ұл болсын,

Осы бір айтқан тілегім

Жерік асыңа жол болсын.

Балдан да тәтті жерік ас,

Қазанға сыймай мол болсын.

Туғанда осы ұлыңа

Бұдан да үлкен той болсын.

 

Ау, Батима, Батима,

Қызыр да келсін қасыңа.

Қыдыр да қонсын басыңа.

Береке берсін асыңа.

Бас қосылсын басыңа,

Жас қосылсын жасыңа.

Осы бір ұлың туғанда

Ұлық та болсын халқыңа.

 

Ау, Батима, Батима,

Балуан болып туылса,

Жауырын жерге тимесін,

Батыр болып туылса,

Жаудың оғы өтпесін.

Отта қалса қамалып,

Ешбір жері күймесін.

Арыста жүрсе ағалап,

Дұшпан тілі тимесін.

Киелі болған істерін

Харам көңіл білмесін.

 

Ау, Батима, Батима,

Құрсағыңдағы бөбекке

Сиыршыбай деп ат қойдым.

Есен-аман туылса,

Жасын берсін бір Алла.

Бақыт берсін бір Алла,

Береке берсін бір Алла.

Тілегімді қабыл қып,

Бәрін де берсін бір Алла.

 

Атадан қалған арысты

Ары қарай сен жалға.

Жағымды болсын халқына,

Аман болсын бағына.

 

         Осы батадан кейін Қарағұл Залың сойылған сиырдың етін қазанға бір-ақ асып, ауылындағы үлкен-кішіні түгел шақырып, алғашқы «жерік ас» дастарханын жайды. Батима апамыз жеті күн қызыл сиырдың етінен тоя жеп барып жерігі басылды. Осыдан кейін тоғыз ай, он екі күн өткен соң, бір қызыл шырайлы көрікті ұл туды. Ұлдың атын Сиыршыбай деп қойды. Шілдехана тойын жасады, баланы бесікке салды.

Иә, атақ-даңқы елге кең жайылып тараған Сиыршыбай балуан дүниеге осылай келді. Сиыршыбай екі жасқа келгенде Батима апамыз тағы жүкті болды. Бір қызығы, бұл жолы қызыл өгіздің етіне жерік болды. Алғашқы жерік асындағы әрекетін тағы қайталады. Бұл жолы Қарақұл атамыз жерік асына дәу бір қызыл өгізді сойды. Ай-күні толып, Батима апамыз тағы бір қызыл шырайлы ұл туды. Оның атын тағы да жерік асына байлап, Өгізшібай қойды. Өгізшібай да зерделі, сұңғыла, қармаулы азамат болып ер жетті. Ағасы Сиыршыбайға қарағанда салмақты, сабырлы, ғылым-өнерге бейім, ел билеуге жуық, әкесі Қарағұлға жақын болып өсті.

Ал Сиыршыбай аңғал-саңғал, даңғойлау, астым-үстім сидаң қағып жүріп кететін, отырмайтын, көп сөйлейтін, аузына сөз тұрмайтын, қыдырғыш болып өсті. Ағайын екеуі де елден ерек қарулы болды...

«Әке – балаға сыншы» демекші, Қарағұл екі ұлының қару-қайратын сынап көру үшін бір амал тапты. Үйіне жақын бір белдің астынан құшақ жетпейтін жуан қарағайды кесті де, Өгізшібайды қасына шақырып алып: «Мына қарағайды сүйреп үйге апарып таста», - деп бұйырды. Өгізшібай кесілген қарағайды қара қашалап темір қақты да, мықты арқанмен байлап, жотаның үстіне қарай сүйрете жөнелді. Қарағайлардың бұтақтары тасқа  соғылып, ұшып-ұшып кетіп жатты. Өрдің аты өр ғой. Жотаның басына шыққанда, Өгізшібай өкпесі қағып біраз отырып қалды. Осы кезде Сиыршыбай да далбаң қағып, олардың қасына жетіп келді. Қарағұл Залың ұлы Сиыршыбайға: «Ана інің тартып апара алмаған қарағайды үйдің қасына сүйреп апарып таста», - деп бұйырды. Сиыршыбай қарағайды еңкейіске қарай іркілмей сүйреп, үйдің қасына зу еткізіп тастай салды.

Қарағұл әрі-сәрі ойда болып, біраз отырды. Өгізшібай қарағайды өрге қарай тартты. Оған да оңай емес, ал Сиыршыбай қарағайды еңіске қарай сүйреді. Оған да жеңіл түскен жоқ. Бірақ екеуінің қайсысы қармаулы екендігін мұнымен өлшеп болмас. Тағы да бір амалын тауып байқармын деп ой түйді. Қарағұл екі ұлының адам айтқысыз қарулы екеніне іштей сүйінді. Сүйіне жүріп, тағы мынадай бір сынақ өткізді. Бір күні Сиыршыбай үйге кіріп бара жатыр еді, Қарағұл Залың қасында отырған Өгізшібайға қарап:

  • Балам, Өгізшібай, тез үлгер. Анық мықты екеніңді білейін. Ана ағаң Сиыршыбайдың белбеуінен тартып, мықтап ұстап, тұра қал. Сені үйге сүйреп кіріп кетсе – ол мықты, сүйреп кіре алмай, тұрып қалса – сен мықтысың деді. Бұл сөзді естіген Өгізшібай орнынан қырғидай шапшаңдықпен тұрды да, үйге кіріп бара жатқан Сиыршыбайдың белбеуінен ұстап, тартып тұрды. Сиыршыбай ары тартып, бері тартып, табандап тұрып қалды. Тағы бір күні Өгізшібай үйге кіріп бара жатқанда Қарағұл:
  • Сиыршыбай, балам, әнеукүні Өгізшібай інің беліңнен тартып үйге кіргізбей қойғаны есіңде шығар. Енді кезек саған келді. Тез ұмтыл, белінен тарт та, есіктен кіргізбей қой, мықты екеніңді білейін, - деді. «Бәлем, есемді бір алмасам» деп қаршығадай қарпынған Сиыршыбай атылып барып, Өгізшібайдың белбеуінен ұстап, табандап тартып тұр еді, Өгізшібай оны елең құрлы көрмей, қаңбақтай жеп-жеңіл сүйреп үйге кіріп кетті.

Осы көріністен кейін Қарағұл екі ұлы туралы мынадай қорытынды шығарды. Сиыршыбайда бір сиырдың күші бар екен. Осы өлкеде Сиыршыбай жыға қоятын адам шыға қалмас. Даңғой, ұрыншақ, мақтаншақ, аузына сөз тұрмайтын, сиырдай кимелеп, бар нәрсеге араласатын жаман мінезі бар. Бірақ, ақкөңіл, ешкімге жамандық істемесе де қарадай зиян тартып жүретін жігіт болар. Орныма отырғызғаныммен ел басқарып, билік ұстап жырғатпас.

Өгізшібайда бір емес, екі өгіздің күші бар көрінеді. Күшін қайтейін, салмақты, сабырлы, қозғалмайтын қорғасындай ауыр мінезді, жұртқа жағымды, елге беделді, он ойлап, бір пішетін, сан талғап, бір кесетін саналы азамат болатын түрі бар. Қара күшіне қарап, ел аралатып арысқа салып қайтем. Күш өгізде де бар. Бәрінен ақыл-білім қымбат емес пе. Осыған орнымды беріп, ел билетейін. Еліне әділ басшы болсын. Ал Сиыршыбай сол сиырдай күшімен де, ел ішінде жанын бағып, малын бағып, отын жағып, өз беделін өзі тауып жүре берер. Екеуінің де өлмейтініне көзім жетті. Енді өмірге келгеніме өкінбеспін деп ұзақ күндер ойланып жүріп, мықты қорытындыға келді.

Қарағұл дүниеден өткеннен кейін Өгізшібай ел биледі, Сиыршыбай балуан болып, арысқа түсіп атағы шықты.

Біз бұдан не аңғарамыз? «Алып – анадан, тұлпар – биеден» деген мақалдың мәйегінде өркешті ұғым бар екенін аңғарамыз.

Ол ғана емес.

Жерік  асынан жетілген ақыл-парасат, қару-қайрат, қан-тек, атақ-абырой, өнер-білім, ген қуған мінездік болмыстардың сапасы жерік аспен қатысы бар екендігін аңғарамыз. Расында, жерік асы жай ас емес. Оны ана сонша көксеп, сонша іздеп, түн ұйқысын төрт бөліп, бебеу қағып безілдеп, тірі малға неге жүгіреді? Оның сыры да, сиқырлығы да дәл осында жатыр.

 

Болат Бопайұлы Жота Қажы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір