• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 12:41:42
Алматы
+35°

30 Қазан, 2016 Дәстүр

БӨРІ ЕТІНІҢ ЖЕРІГІНЕН ТУҒАН ЖӘНІБЕК БАТЫР

а болып айтылып жүр. Ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ғасырдан-ғасырға өтіп, әңгіменің ұйытқысы ретінде бүгін де кітабымызға түсіп отыр.

а болып айтылып жүр. Ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ғасырдан-ғасырға өтіп, әңгіменің ұйытқысы ретінде бүгін де кітабымызға түсіп отыр.

«Ер Жәнібек» деп те аталады. Жәнібек батырдың әкесі Бердәулет орта жүз, арғынның қаракесек руынан шыққан айтулы шешен Қазыбек бидің қызы Шашамен үйленеді. Шаша апамыз Бердәулетпен тұрмыс құрған соң, бес-алты жыл бала көтере алмай, бедеу жүреді. Бір күні түнде Шаша апамыз ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде екі көкжал арлан бөрі көреді. Осыдан көп ұзамай Шаша апамыз Жәнібекке жүкті болған деседі. Екі ай өткенде Шаша апамыз көкбөрінің еті мен жүрегіне жерік болады. Ағынан жарылып қуанған Бердәулет қасына жолдас-жораларын ертіп, көкбөрі іздеп аң аулауға шығады. Алланың қалауымен тау жақтағы бір көкшалғынның ішінде суға жүзгендей бір көкжал арлан жон терісінің жүні желкілдеп көзге түседі. Ылғи ығай мен сығай батыр жігіттер мықты аттармен көкжал арланды қоршап, шалма тастап, тірідей ұстайды. Аузына кескек байлап, көкбөріні Шаша апамыздың алдына арсалаң қақтырып алып келеді. Сонда бебеу қағып жерік асын іздеп отырған Шаша анамыз көкбөріге қарай «жүрегін жеймін» деп тұра ұмтылады.

Бұл не?

Бұл – «нағыз жерік», «асқан көксік».

Мұндай жерік болған аналар  әуелі толғататын әйелдей бебеулеп жерік асын жегенше басқа еш ас жемей, үйге тұрмай, асау аттай тулап, тыным таппайды екен. «Жерік» деп осыны айтамыз.

Бердәулет атамыз Шашаның тірі көкбөріге жүгіргенін көргенде одан бұрын арғымақтан атылып түсіп, көкбөрінің жүрек тұсына үлкен кездікті салып жіберіп, көкбөрінің жүрегін жұлып алып, шикідей Шаша анамызға ұсынған деседі. Көзін қан басып, жерігі әбден ұстап тұрған Шаша анамыз көкбөрінің жүрегін жеп барып, ұйықтап кеткен екен. Осыдан кейін бір апта көкбөрінің етін түгел қуырып, асып жеп, жерігі басылған деседі. Шаша анамыз тоғыз ай, он екі күн дегенде толғатып балпанақтай ұл туады.

Маңдайы нұрланып, көзі күндей күлген Бердәулет ақ түйенің қарнын жарып, көк қасқа тай, ақ сарыбас қой сойып, үлкен «шілдехана» той жасайды. Жеті күн өткен соң баланы бесікке салу ырымын өтейді. Ауылдағы дүйім халықты түгел тойға шақырады. Жұрт мәре-сәре болып жатқан қуаныштың үстіне арғын руынан шыққан атақты батыр Шақшақ Жәнібек келіп, ат басын тірейді. Атағы жер жарған батырдың тойға келгеніне қуанған Бердәулет батырдың алдынан шығады. Ат сулығынан ұстап тұрып, баласына ат қойып беруді өтінеді. Мұны мақұл көрген Шақшақ Жәнібек батыр есік пен төрдей күрең қасқа аттың үстінде тұрады. Аттан түспейді. Бұрынғы батырлар алыс сапар алып бара жатқанда, шайқасқа, жауға кетіп бара жатқанда, жол ортада аттан түсіп аялдамаушы еді. Сол жол бойынша ат үстінде тұрып:

  • Баламды бесігімен маған берші,- деп сұрайды. Бердәулет бесікке енді ғана салынған баланы үйден алып шығып, шақшақ Жәнібек батырдың қолына ұстатады. Ат үстінде тұрып, баланы салмақтап көреді. «Көтергенде салмағына көңілім толды», - деп енді бетін ашып көреді. Балпанақтай ұл екен. «Дидарына көзім мен көңілім толды. Аты Жәнібек болсын. Жасын Алла берсін, жолымды қуып батыр болсын», - деп азан шақырып атын қояды да, баланы Бердәулетке беріп былай батасын жаудырады:

 

Керей деген елің көп,

Ел айналар шешен бол.

Жағаласар жауың көп,

Жауға шапсаң есер бол.

 

Ел ішінде дауың көп,

Жұрт алдында көсем бол.

Жабыққан жауды жапырып,

Шайқасқанда есен бол.

 

Жеке шықсаң жауыңа,

Жауыңның басын кесер бол.

Садақ тартсаң жауыңа,

Ақ сауытын тесер бол.

 

Бытырап кеткен елің көп,

Басын жиып қосар бол.

Қаптап жүрген жауың көп,

Алдын алып тосар бол.

 

Маңдайы қалың соры көп,

Бағын жарып ашар бол.

Тұйықталған жолың көп,

Жолын тауып ашар бол.

 

Батыр болсаң, кие бол,

Бар қазаққа ие бол.

Жұрттың жүгін көтерген,

Қайыспайтын түйе бол.

 

Қысыр сөзге қысқа бол,

Ұлы сөзге ұста бол.

Хан мен биге, халыққа

Алтын арқау тұтқа бол.

              Аллаһу әкбар!!!

 

Ықылас  батасын береді.

Бүкіл қазақ сахарасына атақ-даңқы кең жайылып тараған ер Жәнібек батыр дүниеге осылай келді. Аты осылай қойылды.  Расында, кейін атақты батыр болды. Абылай ханның оң тізесін басқан сенімді серігіне айналды. Жоңғар соғысында жауларын ойсырата жеңді.

Иә, бөрі етінің жерігі осымен біткен жоқ. Одан қанға сіңіп, қалыптасқан сүтпен бітіп сүйекке жеткен мінездің ізі арнасын ашып, ары қарай жалғасты.

Жәнібек батырдың әкесі Бердәулет жастай дүние салды да, Қазыбек би жиені Жәнібекті алты жасынан бастап өз тәрбиесіне алды. Қасына ертіп жүріп тәрбиеледі. Үлкен алпауыт сыншы Қазыбек би Жәнібекке алты жасында: «Алысса білегі бар, арбасса жүрегі бар, ұятқа толы ары бар, қайтпас жігері бар, мұқалмас азаматтығы бар», - деп баға берді. Ерте таныды. Бетінен қақпай, талабын тоспай, еркін шыңдап, қатаң талаппен өсірді.

Жәнібек ат жалын тартып мініп, азамат болғаннан бастап оған ауыр талаптар қойды. Қиын қиырға, қызық шиырға салып шынықтырды. Сөйтіп ерлік пен бірлікке баулып отырды.

Жәнібек он бес жасқа шыққан жылы Қазыбек бидің қаптаған қалың жылқысының ішінен бөгенайы бөлек, тұлғасы ерек бір көк дөненге көзі түсті. Оған қызыға, құмарта қарап жүрді. Бір орайы келгенде Жәнібек нағашы атасы Қазыбек биден осы көк дөненді «мен мініп жүрейін» деп өтінді. Оған нағашы атасы риза болып, мақұлдығын берді. Бірақ Қазыбектің алты ұлы – Жәнібектің алты нағашы ағасы оған көнбеді. Жәнібекті жетім деп менсінбей, көк дөненнің орнына бір жаман қотыр тайды ұстап берді.

Күндердің күнінде түйе табынын аралап жүрген Қазыбек бидің түйешісі алты атанның тілерсегі қиылып, қан жоса болып жатқанын көрді. Майданда шауып келіп: «Алты атанның тілерсегін біреу қиып кетіпті. Солай жатып арам қата ма, әлде бауыздап тастайын ба?» - деп Қазыбек биге мәлімдеді.

Қыранды тұғырда ұшпай танитын, жүйрікті кермеде шаптырмай танитын сұңғыла Қазыбек би: «Алты атанды бауыздап таста», - деді де мұны істеген кім екенін сұрамады түйешіден.

  • Жәнібек батыр қайда? – деп сұрады. Түйеші:
  • Анау белді асып кеткенін көргем...

Қазыбек би атына мініп, Жәнібек кетті деген белді бетке алып жүре берді. Бір белді асса, басын құбылаға беріп, екі аяғын күн шығысқа қаратып, екі қолын екі жаққа сермеп, шалқасынан түсіп, дөң басында ұйықтап жатқан Жәнібекті көрді. Қайран қалары сол еді, Қазыбек би өз көзіне өзі сенбей,  қайта-қайта қадала қарады. Бұл өңім бе, түсім бе деп зерделеді. Жоқ, өңім. Мұндай да ғажап болады екен-ау деп іштей таңырқады. Қазыбек биді таң қалдырған көрініс мынау еді.

Жәнібек шалқасынан қорылдап ұйықтап жатыр. Екі иығында қос бөрі ойнақтап, көкке қарап ұлып тұр. Ар жағында арқан бойы жерде алты ағасы бермей қойған көк дөнен екі аяғын көкке көтеріп кісінейді.

Қазыбек би терең ой түйді. Жәнібектің шешесі түсінде екі бөрі көріп еді. Бұл Жәнібектің «киесі» болды. Ауыр аяқ кезінде бөрінің еті мен жүрегіне жерік болып еді, бұл оның «көкжал мінезі» болды. Ал көк дөненді менен сұрап еді, бұл оның «мініс тұлпары» болды. «Батыр туғанда тұлпары бірге туылады» деуші еді, бұл сөз рас болды.

Ал алты атанның тілерсегін қиғаны көкжал мінезіне басып, алты ұлыңа да осыны көрсетем деген Жәнібек болды деп бірден айтқызбай-ақ білді.

Қазыбек би батырды айқайламай, түртіп, шошытпай баяу қасына барып, желпіп оятты.

  • О, батырым, тұр орныңнан, көтер басыңды. «Біліп тұрып, білмегенді кешпесең, білгенің қайсы». Алты ағаңның білместігін кеш. «Алты атанның тілерсегін қиғаның – көкжал мінезіңе басқаның, алтауыңа да осыны көрсетем дегенің болды ғой. Тұлпарың  әне тұр, қасыңда. Бүгіннен бастап сенікі, ешкім таласпайды. Ақ ниетіммен бердім. Қайратыңа қайрат төтейтін, ер қарызын өтейтін, қуса жететін, қашса құтылатын, астыңда жүріп аритын арғымақ болсын», - деп нағашы атасы Жәнібектің көңілін тауып, көк бөрі мінезін жұмсартты.

Иә, бұрынғы дана билер мойындаған «көк бөрі мінез» деген осы. Алған бетінен қайтпайтын қайсарлық, табандылық, шыдамдылық, беріктік, батырлық, бірбеткейлік деген де осы. Нағыз іргелі, ірі мінез.

Ол ғана емес, Жәнібек батырдың бөрі мінезі осымен тоқтап қалған жоқ. Жоңғар шапқыншыларының ат тұяғы бір сәт басылған бір күндері Жәнібек батыр қызын ұзатып той жасайды. Жәнібектің ордасына күйеу жігіттің жүгі келеді. Оған қыз жасауы қосылады, үй іші базардай жайнайды. Той салтанаты арта түседі. Тойға жолдас-жоралары, ел-жұрты жиналады. Таудай ет тартылады, көлдей қымыз құйылады. Не ғажап әндер, не керемет әңгімелер айтылады. Күйлер шертіліп, қобыздар сарнайды. Қызық қызыққа ұласып, бойлары кеңіп, ойлары сергіп, бір жырғап қалады. Ертесінде қыз ұзатылып, үйдегі жасау мен жүк түйеге артылады. Ұзатылған қыз көші бір белді асып, көрінбей кеткенше Жәнібек қызын қимай, артынан қарап тұрады. Ол қанша батыр болса да, жүрегі сонша нәзік еді. Бірақ ұзатылған қыздың артынан қыз әкесі бармайтын қазақ салтын аттап кете алмайды. Құрмет етеді. Қызын қимай-қимай, үйге кірсе, үй іші үңірейіп қалған. Біреу оны алып, біреу мұны алып, қорс-қопасы шығып жатқан. Жаны құлазып, қызын қимай үйге кірген Жәнібек: «Қанша жау көрсем де, қыздан үлкен жау жоқ екен ғой, үйді қойшы, жүрегімді алып кетіпті» - деп қолына көк сүңгіні алып, көк дөненге мініп, қыз кеткен жаққа қарай тұра ұмтылады.

Жәнібек батырдың қарасын алыстан танитын көк дөненнің шабысының дүбірін көз көрім жерден еститін Жәнібектің бәйбішесі асып-сасып күйеу баласына:

  • Күйеу бала, аттан түс. Атыңды көлденең тарт. Батыр атаң айбаттанып атқа қонған екен. Қан шығармай қайтпайды. Иә, Құдай, жазым қылмаса игі еді, - деп иман иіріп тұра қалады. Зәре-құты ұшқан күйеу жігіт атынан түседі де, атын батырдың алдына көлденең тартады. Құйғытып келген хас батыр күйеу баланың атын көк сүңгімен түйреп, көтеріп арқан бойы жерге лақтырып жібереді. Сонда аттан қорқырап аққан қанды көргенде барып, жаны жай тауып артына қайтады.

Міне, көкбөрі мінез бе?

Мінез.

Көкбөрі қойға шапқанда қан шығармай қайтпайды. «Қасқырға жеген атақ емес, қырған атақ». Көкбөрі түні бойы тісін қайрап ұйықтайды. Жәнібек батырдың жауға шапқанда, жауларын жеңген сайын жауларының қанын төккен сайын ерленіп, ереуілдеп, батылданып кетуі сол ана құрсағында жатқан кезіндегі жерік асынан жұққан, көксігінен қонған көкбөрі мінезінің көрінісі деуге болады.

Жәнібек батыр әбден қартайған шағында Қалба тауының етегінде жатып түс көреді. Түсінде Жәнібек батыр бір ұлы таудың етегінде тұрады. Сонда арт жағынан бір алып арыстан Жәнібек батырдың қасына келеді. Батыр оның жонынан рақаттана ары-бері сипайды. Жолбарыс рақаттанып тұрып-тұрып Жәнібекке тиіспей алға қарай кетеді. Әлден соң, дәу өгіздей бір қара аю келеді. Жәнібек оған қарғып мініп алады. Ол аю Жәнібекті көтере алмай жатып қалады. Жәнібек аюдың тісін ашып қараса, қартайып кеткен аю екен. Ол аю да Жәнібекке тиіспей келген ізімен кері қайтып кетеді. Енді бір уақытта Жәнібектің қасына арсалаң қағып бір көк бөлтірік келеді. Ол Жәнібектің етегін иіскелеп, бейне тістеп алатындай алды-артын орап, ойнақтайды. Жәнібек сәл тітіркенеді де, тістеп алмасын деп сезіктеніп, бөлтіріктің тұмсығына шертіп қалады. Сосын ол бөлтірік көтеріліп, бір белге шығады да, көк бұлтқа сіңіп ғайып болады. Оянса, түсі екен.

Жәнібек батыр таңғы асын ішіп отырып, өзінің түс жорушысын шақыртып түсін жорытады, сонда түс жорушы:

– Е, батырым, ашық аян көріпсің. Түсің киелі екен. Жолбарыс – батырлығың, айбатың еді. Бет пен беделің еді. Саған тиіспей алға кеткені – болашаққа кеткені. Алдағы ғасырдағы ұрпақтарың аузынан тастамай айтып, батырлығыңды мақтан етіп жүреді. Аю – қайратың еді. Батырым, қайратың қайтқан екен. Аюдың сені көтере алмай жатып қалуы – соның нышаны. Кері қайтқаны – күшіңнің қайтқаны. Енді жекпе-жекке түспе. Түссең де жеңе алмайсың. Түсіңде бір жараспаған жер бар екен. Соны айтайын ба, айтпайын ба?» - деп сұрады Жәкеңнен.

– Айт, айт. Айтушыда айып жоқ. Тыңдаушы ғибрат алады.

– Көкбөрі – ұрпағың еді. Тұмсығына бекер шертіпсің. Енді сенің ұрпағыңнан жекпе-жекке шығатын батыр шықпас болар. Шықса да ұзаққа бармас, - деп жорыды.

Иә, бұл аңыз, бірақ ақиқат. Осының бәрі де болды. Айнымай келді. Кейінгі ұрпақ құлақпен естігенді көзі боп көрді. Қарап отырсақ, жерік асының құдіреті соншалықты ер Жәнібектің сонау ана құрсағынан тартып, алып, батыр болғанға дейінгі тұтас өмірі, мінезі, ерлігі, батырлығы, жомарттығы, батылдығы, шешендігі, бейнесі, түр-түсі көкбөрімен өрнектеп қойғандай образды көз алдымызға келтіреді.

 

Болат Бопайұлы Жота Қажы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір