• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
24 Қазан, 01:13:49
Назарбаев: "Нұр Отан" халықты мазалайтын мәселелерге араласпайды

30 Қазан, 2016 Дәстүр

АЮ ЕТІНІҢ ЖЕРІГІНЕН ТУЫЛҒАН БАЙҒОЗЫ БАЛУАН

Жә, жерік асының ырымдық түп-тамырын өткен ғасырдағы аңыз әңгімелерден із сабақтап көрейік. Баяғыда өмір сүрген аты аңызға айналған Байғозы балуанды естімеген...

Жә, жерік асының ырымдық түп-тамырын өткен ғасырдағы аңыз әңгімелерден із сабақтап көрейік. Баяғыда өмір сүрген аты аңызға айналған Байғозы балуанды естімеген қазақ баласы аз шығар. Бірақ Байғозы балуанның Хадиша анасы жүкті кезінде аю етіне жерік болғанын бір қазақ білсе, бір қазақ білмесе керек-ті.

Байғозы балуанның әкесі Бұланбай балуан елге атақ-даңқы кең жайылып, тараған адам екен. Ол көп жылдары балаға зар болып жүріп, бір күні Бұланбай балуанның әйелі Хадиша апамыз  жүкті болады. Бір ай өткен соң, аю етіне жерік болыпты деседі. Төбесі көкке тиіп қуанған Бұланбай балуан Қалба тауына аңға шығып, аю атып алады да, оның етінен мол қуырдақ қуырып, әйелі Хадишаға жегізеді. Сонда бебеулеп тұрған Хадиша апамыздың жерігі басылады. Бір қызығы, осыдан бір ай өткен соң Хадиша апамыз енді қозының етіне жерік болады. Мұны білген Бұланбай балуан қорасынан бір ақсарбас қойды ұстап, оны әйелінің жерік асына арнап сояды. Әйелі бір қозының етін бір жұмада тауысып жеп, жерігі басылады. Мұны қазақ ырымында «жұп жерік» деп атаушы еді. Осы жұп жеріктен кейін Хадиша апамыз тоғыз ай, он екі күн өткен соң, ұзақ және ащы толғатып барып, балпанақтай бір ұл туады. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып, ұл сүйіп қуанған Бұланбай балуан баласына «шілдехана» ырымын өткізеді. Үлкен той жасайды. Әйелінің қалжасына көк қасқа тай атап, атан өгіз сояды. Бесік той жасайды. Осы тойда Бұланбай балуан дүйім жұрт алдында молдаға баласының оң құлағына азан шақыртып, сол құлағына тәкпір айтқызып, «Байғозы» деген есімді таңдап қойғызады.

Иә, Бұланбай балуанның баласына Байғозы деп ат қоюының да өзіндік сыры бар еді. Хадиша апамыз бірде аюдың етіне, бірде қозының етіне жерік болды. Осыны ой елегінен өткізген Бұланбай балуан баласына Аюбай деп қойсам жараспас, харам нәрсенің есімі болар, Қозы деп қойсам мал төлі, халал есім болар. Бай деген сөзді қоссам дәулеті артар, мінезі жақсы болар, анасының соңғы жеген жерік асына тартар деген ырыммен Байғозы деп осы есімді таңдаған екен.

Жә, «Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деген сөгіс сөз бар.

Бұл дұрыс па?

Ырымның да озығы бар, тозығы бар. Атадан қалған, анадан жеткен салт-дәстүр, ғұрыптар ешқашан қиялдан, ойдан туған нәрсе емес. Ұзақ ғасырлық тәжірибеден өткен, өмірмен бірге жасап жеткен, тіршілік аясында дәлелденген тәрбиелік мәні бар ырымдар жай ырым емес, «Қазақы ғылымдар» деуге болады.

Ал көр жерді, көрінгенді, түкке тұрғысыз нәрселерді ырым ете берсе, өмірге көрсетер өнегесі, жастарға берер тәрбиесі, тіршілікте мағынасы болмаған ырымдардың қырын кететіні де рас-ау.

Аңыз түбі – ақиқат. Мына аңыздағы ырымды қырын кетеді деп ешкім де теріске шығара алмас. Өйткені, бұл өмірде болған тіршілік тәжірибесінен өткен көнекөз қариялар көзімен көріп, аузымен айтып ұрпаққа жеткізген уақыт өтісімен аңызға айналғаны ақиқат...

Байғозы есейе келе әкесі Бұланбай балуанға тартқан тартымды азамат болып ер жетті. Бүкіл қазақ-қалмақ даласына атақ-даңқы кең жайылып тарады. Өз дәуірінде Байғозы балуанды еш пенде мықты балуан белдесіп жыққан былай тұрсын, сүріндіре алмады...

Бір жылдары Байғозы балуан әкесінен жүз қара жылқы алып, енші бөліп, өз алдына отау тікті. Сол жылы төр жайлауда Байғозы балуанның қара шаңырақтан еншіге алған жүз жылқысы түгелімен жоғалып кетті. Астына есік пен төрдей тор жорғаны мінген Байғозы балуан Қалба тауының сай-саласын тінтіп жылқысын іздеді. Үш күн, үш түн ат үстінде аш жүрді. Ақыры жылқыларды таба алмай, түн ортасында үйіне оралды. Әбден қапырық атып, сусап келген Байғозы балуан киіз үйдің есігінен кірер-кірместе шырт ұйқыда жатқан келіншегін дауыстап оятып:

  • Әй, келіншек, сусын бар ма? Әбден сусап, қаным кеуіп кетті, - деп аюдай күркіреген даусымен тіл қатты. Үлкен үмітпен жатқан келіншегі:
  • Е, Балуаным, келдің бе? Әлгі жылқылар бар ма? - деп сұраққа сұрақ қоя сөйледі.

Байғозы:

  • Келдім, жылқы жоқ, табылмады. Саған сусын бар ма деп сұрап тұрмын, - деп келте қайырды.

Жылқы табылмағанына біраз шамырқанған келіншегі:

  • Есік жақтағы сабада іркіт тұр. Қазанда сүт бар. Астауда айран бар. Таңдағаныңды іше бер, - деп қайтадан жастыққа басын қойды.

Әбден көні кеуіп, сусап келген Байғозы балуан есік жақтағы ыдыс-аяқтарды салдыр-күлдір еткізіп, сусындарды жұтты да, төсегіне қисайды.

         Таңертең ертемен тұрған Байғозы балуанның келіншегі жастықтан басын көтеріп, есік жақтағы қабысып жатқан сабаны, құрғап қалған қазанды, босап қалған астауды, төңкеріліп жатқан тегенені көріп қайран қалды да, жалғыз өзі сық-сық етіп күлді. Күле отырып, есік жақтағы ыдыстарға тағы да көз салды. Төрт құлынның терісінен құрастырылып тігілген дәу сабадағы іркіт жоқ. Қабысып бос жатыр. Үлкен тайқазандағы қаймақты сүт жоқ, түбі көрініп бос тұр. Астауда айран жоқ. Бәрін де қойшы, ең қызығы, таң қаларлығы сол, үлкен астауға салып, иге малып, сапсып қойған екі ешкі терісі де жоқ. Бәрі жылан жалағандай тап-тақыр. Осыларды түгел көзден кешіріп шыққан келіншек:

  • Әй, батырым, балуаным, Байғозы, тұр. Ана астаудағы иге малып қойған екі ешкінің терісін қайда жібердің? – деп дауыстады.

Жатқан орнынан абың-күбің етіп, аюдай қоржиған ірі денесін зорға қозғап, басын көтерген Байғозы сығырайған жұмық көзімен есік жаққа қарады. Біраз жымиып отырды да:

  • Түнде сусын ішіп отырғанда кеңірдегімнен қаймақ тәрізді екі жұмсақ нәрсе өте шығып еді, бәлкім екі терің сол болған болды-ау, - деп келіншегіне жымия қарады.

Күйеуінің алып денесі мен ожар мінезіне қайран қалып, ішек-сілесі қанқанша күлген келіншегі:

  • Е, сенің шешең, менің қайын енем саған жүкті кезінде бірде аюдың, бірде қозының етіне жерік болды деп естігенім бар еді. Рас екен-ау. Сендей шылғи теріні қылғи салатын батыр ұл туғаны, бала жерік асына тартады дегені ып-рас екен, - деп Байғозыға ерке-назды көзімен бір қарап алды да, сық-сық күлді.

Міне, нағыз мінез. Нағыз ерлік. Нағыз ерлі-зайыпты жарастық. Ақиқи махаббат жарасымы. Жоғалған жүз жылқыны мүлде ұмытып, жайраң қағып күліп отырған ерлі-зайыпты екеуінің мінезі кім-кімді де қайран қалдырары һақ.

Ірі мінез, дархан жомарттық, кең пейіл, кешірімділік, бақыт-байлық, қуаныш-шаттық деген адамдар ортасында дәл осылай болуға тиіс.

Тоқ етерін айтқанда, жерік асынан жетілген жетелі мінез деген, ұрпаққа ұласқан ұлағат  деген осы.

 

Болат Бопайұлы Жота Қажы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір