• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 07:25:27
Алматы
+35°

18 Қазан, 2016 Аймақтар

Еңбек еткеннің еңсесі биік

Ауданда өткен жылдарға қарағанда өзгеріс елеулі. 

Ауданда өткен жылдарға қарағанда өзгеріс елеулі. 
Биыл «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындаудың тәжірибелік кезеңі басталған жыл. Осыған орай Сарқан ауданында  атқарылған істер ауқымды. Елді мекеннің экономикалық өсімі де өнімді. Ұлт жоспарының «Индустрияландыру және экономикалық өсім» атты үшінші бағытын жүзеге асыруда инвестиция тарту жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті болып табылады. Ағымдағы жылдың үш тоқсанында экономикада қол жеткізілген қарқын сақталған. Аудандағы іс-шаралардың барлығы негізгі басымдықты өндірістің төмендемеуіне, жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың өмір сүру деңгейін әрі қарай көтеруге бағытталған. Ауданда инвесторларға қолдау көрсету, сондай-ақ, көзделген заңнамалық деңгейде заңды тұлғалар үшін инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жасалуда. Атап айтқанда «LOYALMATY GROUP» ЖШС «Ауылшаруашылық өнімдерін және азық-түлік өнімдерін өндіру мақсатында агроөнеркәсіптік кәсіпорын салу» жобасына Лепсі ауылдық округінен жер ұсынылған. Қазіргі уақытта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ «Ақтоғай ресайклинг» ЖШС «Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының өнеркәсіптік алаңдарынан және вахталық қалашықтардан өнім қалдықтарын шығару және қайта өңдеу» жобасы да іске асуда. «100 қадамды» жүзеге асыру бағдарламасы аудан кәсіпкерлері үшін үлкен мүмкіндіктер туғызуда. Атап айтқанда,  рұқсат беру құжаттары қысқартылды, индустриялды аймақтарда жер телімдерін беру әрекеттері жеңілдетілді, инженерлік инфрақұрылым дайындалды. Сарқан ауданы көрікті жерлерімен де ел есінде екені белгілі. Сондықтан мұнда туристік сапарға шығатын шетелдіктер көптеп тартылуда. Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы бойынша ауданда  24 туристік инфрақұрылым бар. Қазіргі уақытта Сарқан филиалының «Осиновая», «Үлкен Басқан», «Тұқымбақ» орманшы үйлерінде келушілерді қабылдайтын 35 орынды 3 демалыс орны жабдықталған. 
Бүгінде өңірде Балқаш көлінің жағалауынан басталатын  туристік маршруттың бағытын әзірлеу қолға алынған. Балқаш көлінің жағалауы – Лепсі ауылындағы М. Төлебаев атындағы мұражай,  киелі Көтентәуіп кесенесі, Қаялық археологиялық қалашығы, М. Жұмабаев атындағы «Өлкетану» мұражайы, Черкасск қорғанысы мұражайы жаңа туристік бағыттар болып белгіленген. Болашақта мұнда 14 туристік маршруттың паспорты жоспарлануда. 

Аудан орталығындағы сапарымыз «Самал» шаруа қожалығындағы қант қызылшасын жинау барысын көруден басталды.  Көліктен түскенімізде көзімізге ілінген тынымсыз тірліктен тұрғындардың іске бекем, жұмысына мығым екенін байқадық. Ермек Қалиев басшылық ететін шаруа қожалығының табысы шаш-етектен. Аталмыш шаруа қожалығы 1997 жылы құрылып, 2012 жылы тұқым шаруашылығы статусын алған. Содан бері жұмысы өнімді, табысы берекелі. Шаруа қожалығының 1004 гектар ауылшаруашылық жері бар. Ағымдағы жылы 7 гектарға қант қызылшасы, 50 гектарға күздік бидай,  361 гектарға арпа, сондай-ақ  майбұршақ және көпжылдық шөп себілген. Мұнда 35 адам еңбек етеді. Келесі болып назарымыз түскені жастардың қуанышы болған «Жастар саябағы». Аталмыш бақ жаңғыртудан өтіп, кіреберісінде көзге бірден ілігетін жүрекше қойылған. Қала әкімінің қолдауының арқасында жүзеге асқан темірден жасалған сәнді көріністер саябақтың мәнін арттырып тұр. Сонадайдан көзге іліккен табысу орындығы да бақ келбетін кіргізген. Сондай-ақ бұл жерде жастарға арналған жазғы би орталығы, роллер клуб қарастырылған. Айтарлығы барлық жұмыс жастардың бастамасымен аға буының қолдауымен іске асқан. 
Аудандағы жағымды жаңалықтың бірі – қала тұрғындарына үй салу үшін берілетін жерлерді өңдеп, жарық тартып, су кіргізу жұмыстары. Жоспар бойынша  бұл игілікті іс ағымдағы жылдың соңында аяқталмақ. Қала орталығында 26,6 га. жерде инженерлік-коммуникациялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде берекелі іс басталып, жеке меншік тұрғын үйлер құрылысы қолға алынған. Жол айрықтары белгіленіп, кәріз жүйелерінің траншеясы қазылуда. Қазір де кәріз жүйесінің 20 құдығы орнатылып біткен. Мұнда 16  құрылысшы және 6 түрлі техника – күн-түн тіршілік етуде. 

Аудан бойынша алдыңғы орыннан көрінетін білім ордалары  жетерлік. Соның бірі  Н. Островский атындағы мектеп-лицейі. Білім сапасы да, материалдық жағдайы да жоғары. Мектеп директоры Күлшат Мұқашева жаңа технологиялық кабинеттерін көрсетті. Мекеме 1872 жылы төртжылдық бастауыш мектеп болып жұмысын бастаған. Білім сапасын басты орынға қойған мектепке 1993 жылы лицейлік статус берілген. Үш қабаттан тұратын білім ордасы жөндеуден өтіп, жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жарқырап-ақ тұр. Мектептің қысқа қалай қамданғанын да сұрадық. Ғимарат сұйық отынмен жылытылады. Көзбен көргеніміздей жылыту маусымына да сақадай-сай. Айта кетерлігі білім ордасының басшысы бұрыннан құрылған мектеп ішіндегі мұражайды қайта жандандырып, жаңартып жеке кабинет ашқан. Ол жерде мектеп құрылғалы бітірген түлектердің аты-жөні, суреттері мен жеткен жетістіктері жазылған құнды қағаздар бар екен. 

Өткен жылы ісін бастаған «Сарқан жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысы көңіл қуантады. 
Былтыр құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, орталық жылу қазандығы қолданысқа берілген болатын.  Аталған жылу қазандығында әрқайсысының жалпы қуаттылығы 6,5 Гкал құрайтын, 3 су қазандығы орнатылған. Олардың жалпы қуаттығы 19,5 Гкал құрайды. Оның екеуі  негізгі жұмысты атқарса, біреуі қосалқы көмек көрсетеді. Өткен жылы  жалпы ауданы 35 мың шаршы метрді құрайтын 32 ғимаратқа жылу берілген болатын. Ал биыл олардың қатары        24 ғимаратқа толықты. Білгеніміз ағымдағы жылы орталық жылу жүйесіне тағы да қосымша жалпы ауданы 15 мың шаршы метрді құрайтын  көппәтерлі тұрғын үй, 1 заңды тұлға,  дүкен,  автожуу орталығы және 15 жеке тұрғын үй қосылыпты. Сондай-ақ, ауданда шағын және орта бизнесті дамытып, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», бағдарламаларын тиімді пайдаланып, жұмыстарын жандандырған кәсіпкерлер де жетерлік. Солардың бірі – құрылыс материалдары мен жиһаздарды сататын «Әсемгүл» сауда үйі. Мұнда тұрғындарға қолайлы барлық жағдай қарастырылған. Тұтынушылар тауарды 1-3 жыл көлемінде несиеге де алуға  мүмкіндігі бар. Брифинг барысында аудан басшысы өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталып, тілшілер тарапынан қойылған сұрақтарға   жауап берді. «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» жүзеге асыру үшін төрт қаржыландыру көзі жұмыс істейді. 

Ұлттық қордан, республикалық, жергілікті бюджеттен және жекеменшік инвестициялардан құйылған қаржы өңір өркендеуіне жұмсалуда. Жарқын жобаларды атап өткен аудан әкімі  алда өте ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын  тілге тиек етті. Алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмыла еңбек етудің маңыздылығын атап өтті. Иә, Сарқандағы бір күндік  сапарымызды осылай тамамдадық. Қай қырынан алсақ та аудандағы ауқымды жұмыстар көз қуантып, көңіл шаттандырады. Жеткен жетістіктер мен жүйелі жұмыстың көп екендігін аңғарып қайттық. 

Құралбек Сәбитов, «Жетісу» газеті 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір