• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
24 Қазан, 00:56:40
Назарбаев: "Нұр Отан" халықты мазалайтын мәселелерге араласпайды

20 Қазан, 2016 Аймақтар

Қазақ киносының құлагері

Ұлы Дала еліне небір дарындарды берген ақындар мен батырлар жұрты тағы бір перзентін ұлықтады. Қазақ киносының классигі Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 90 жыл...

Ұлы Дала еліне небір дарындарды берген ақындар мен батырлар жұрты тағы бір перзентін ұлықтады. Қазақ киносының классигі Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 90 жыл толуы режиссердің туған жерінде аталып өтті. Белгілі өнер қайраткерлері қазақ киносының құлагері жайында өз естеліктерімен бөлісті. Бүгінгі кино өнерінің өркендеуіне зор үлес қосқан бірегей дарын иесін мәңгі есте қалдыру шаралары жарасымды жалғасын тапты.

Алдымен Жаңақұрылыс ауылындағы А. Қарсақбаев атындағы орта мектепте мұражайы ашылды. Бұл мектеп ғимараты биылғы оқу жылында облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қатысуымен салтанатты жағдайда ашылған болатын. Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша  заманауи үлгіде салынған кең де жарық жаңа білім ұясы Абдолла Қарсақбаев есімімен аталады. Қазақ балалар киносының атасы, «Менің атым Қожа» тәрізді тамаша фильмдер түсірген көрнекті кинорежиссер, ұлттың біртуар тұлғасын ел жадында мәңгі қалдыру шарасының жарқын бір көрінісі осы. Бүгінде 85 мұғалім еңбек етіп, 1200 шәкірт оқитын мектептің материалдық-техникалық жабдықталуы жоғары деңгейде.

Ұлттық қордан және жергілікті бюджеттен бір жарым миллиардтан астам теңге жұмсалған нысанда алаңсыз еңбек етіп, сапалы білім алуға барынша жағдай жасалған. Мұнда  шеберхана, мультимедиялық, лингафон және информатика, жаңа үлгідегі химия, физика, биология кабинеттері бар. Асхана, мәжіліс залы, кітапхана, медицина кабинеті толықтай жабдықталған. Екі бірдей спортзалда оқушылар волейбол, баскетбол ойнап, дене шынықтырады. Енді екінші қабаттан өрендерді өнерді бағалап, елжандылыққа, ұлттың ұлы тұлғаларын құрметтеуге тәрбиелейтін мұражай пайда болуы аса құптарлық игілікті іс. Оған мемлекеттің емес, аудан азаматтарының бір жарым миллион теңге қаржысы жұмсалыпты. 

Лента қию рәсімін аудан әкімі Жандарбек Далабаев, Халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев және Абдолла Қарсақбаевтың жары Клара Хамитқызы жасағаннан кейін алғашқы келушілер режиссердің өмірі мен шығармашылығына қатысты құжаттар, фотосуреттер, бюсті қойылған мұражай ішін аралап көрді.
Аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Кино майталманының мерейтойы:
«Абдолла деген есімің-дағы 
ерек тым,
Қазақтың намыс, рухына мәңгі 
керектім.
Халқымның сендей жігерлі ұлы 
азаймас
Барында елім, жалынды жастар, 
өр екпін.
Балауса, балғын бүлдіршіндерді 
күлдірген,
Бар ісіменен-ақ адалдығын 
білдірген.
Балалық шақты сағынған кезде, 
дәурен-ай,

«Алпамыс» пенен «Қожаны» көріп жүрмін мен», – деген ақын жырымен басталды. Кешті Жүргенов атындағы Ұлттық академия профессоры, академик, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы мазмұнды, мәнді жүргізді. Асылдың сынығы, Абдолланың артында қалған тұяғы Тоқтар Қарсақбаевтың әке жолын қуып, кино саласында еңбектеніп жүргені белгілі. Зал толы көрермен назарына кинорежиссер Тоқтар Абдоллаұлы түсірген бір сағаттық «Елім деп соққан жүрек» деректі фильмі ұсынылды. Онда Абдолла Қарсақбаев талантының қырлары баяндалады.

Салтанатты жиында аудан әкімі Жандарбек Далабаев ұлт өнерінде өзіндік орны бар дара тұлға жөнінде сөз сөйлеп, көпшілік алдында Клара Қарсақбаеваға сый-құрмет көрсетті. Режиссермен бірге еңбек етіп, киноларына түскен әріптестер, шәкірттер естеліктер айтты. Бұл орайда Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев, «Даладағы қуғын» фильмінде Әйгерімнің бейнесін сомдаған танымал актриса Гүлнара Досматова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Дариға Тілендікеліні естен кетпес қызықты сәттерден сыр ақтарды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы басшылығының құттықтауын Ұлжан Қолдау мен Бекболат Мырза жеткізіп, әке жолын жалғаған Тоқтарға қазақ киносының антологиясын тапсырды және «Қазақфильмнің» келешекте А. Қарсақбаев киносының антологиясын шығару жоспарын мәлім етті. Туыстарынан Абдолла Қарсақбаевтың жары Клара, ұлы Тоқтар мен келіні Майра лебіз білдірді. Сондай-ақ, «Ақ Орда» қозғалысы төрағасының орынбасары Қанат Мұсақұлов құттықтады.

Негізінде, 1926 жылдың қазан айында қарапайым отбасында он алтыншы перзент болып дүниеге келген ол бала жанын терең түсінді. Балалар киносының атасы атанды. Балаларға арналған қазақ көркем киносының негізін қалаушы Абдолла Қарсақбаев фильмдері  оқиғалық құрылысымен, терең мазмұнымен, шынайылығымен ерекше. Ол түсірген туындылар өміршең, қанша уақыт өтсе де көрерменін жоғалтқан жоқ. Осындай картиналардың қатарында «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Алпамыс мектепке барады», «Балалық шақтың кермек дәмі» сияқты басқа да фильмдерін атауға болады. Тек жаны таза жаралған нар қазақтың ғұмыры қысқа болды. 
Режиссердің 90 жылдығы ауданда арнайы іс-шаралар жоспары бойынша кеңінен аталу үстінде. 

Серік САТЫБАЛДИЕВ, «Жетісу» газеті

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір