• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 13:41:36
Алматы
+35°

02 Қараша, 2016 NEWS

ӨЛІМ ЖАЗАСЫ ПОЛИЦЕЙЛЕРДІ АТҚАНДАРҒА ҒАНА БЕРІЛЕ МЕ?

Бүгін, 2 қарашада Алматыда жазда теракт ұйымдастырған Руслан Күлекбаевқа қатысты үкім шығарылды. Оның бұндай жазаға кесілуіне 18  шілдеде Алматыда ...

Бүгін, 2 қарашада Алматыда жазда теракт ұйымдастырған Руслан Күлекбаевқа қатысты үкім шығарылды. Оның бұндай жазаға кесілуіне 18  шілдеде Алматыда  Ішкі істер басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментіне қарулы шабуыл жасауы себеп болды. Шабуыл салдарынан Алматыда қауіпсіздіктің «қызыл» деңгейі жарияланды. Ал, Күлекбаев шабуылынан 8 құқық қорғау және арнайы орган қызметкерлері және 2 бейбіт тұрғын қаза тапты.

Оған үкім кесілгеннен кейін, Алматыда көз жұмған полицей Мақсат Сәлімбаевтың әкесі Қолғанат Сәлімбаев журналистерге білдірген пікірінде «Сот үкімі орындалады деп ойлаймын, бұндай қылмысқа басқа жаза жоқ. Бүгін Мақсаттың туған күні, тірі болса 25 жасқа келер еді» деді.

Ал, сот өтіп жатқанда Астанада отырысы өткен төменгі палата депутаттары «өлім жазасы» үкімі туралы төмендегідей пікірлер білдірді:

Перуашев: «Өлім жазасын орындау мәселесіне келгенде күмәнім бар... Өмір - құдайдың сыйы... Иә, ол сұмдық қылмыскер, жауыз - тапа-тал түсте бірнеше адамды өлтірді. Бірақ бұдан да ауыр қылмыстар бар, зорлайды, өлтіреді дегендей. Мұндай жағдайда қоғам өлім жазасын ақтап алады. Алайда өлім жазасы мұндай жауыздық үшін тым оңай жаза болып көрінеді. Оларға өмір бойында қинау, ауыр жағдайда қалдыру және өмірінің соңына дейін өкінумен өткені дұрысырақ па деп ойлаймын».

Әшімбаев: «Меніңше, үкім әділ, себебі мұндай террористік қылмысты ақтап алуға болмайды. Үкім Қазақстан заңының негізінде жүзеге асырылды, заң өлім жазасын қарастырады. Бұл жағдайда мораторийге байланысты үкімді орындаудың мүмкін еместігі негізгі мәселе болып қалып отыр, сондықтан ол өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады».

Қоңыров: «Меніңше, Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 30-дығына талпынып жатқанда мұны жасау мүмкін емес, бұл елдерде өлім жазасы жоқ. Сондықтан, үкім бар, бірақ оны орындау қиын».

Қазақстанда 2003 жылы 17 желтоқсанда Президент «өлім жазасына» мараторий жариялады. Мараторий 2014 жылдың 1 қаңтарына бастап күшіне енді. Ал, өлім жазасына Альтернатив ретінде «өмір бойы бас бостандығынан айыру» қарастырылды.

Өлім жазасына мараторий енгізуге басты себеп: Конституцияның «15-бап 1. Әркімнің өмір сүруге құқығы бар.» жолдары.

Мараторийден кейін саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевты және оққағарларын тапсырыспен өлтірген Рустам Ибрагимов алғаш рет өлім жазасына кесілген болатын.

Одан бері Қазақстанда талай жантүршігерлік аяусыз қылмыстар жасалды.

Ақпарат бойынша, Қазір, Қазақстанда 100-ге жуық адам «өмір бойына» бостандығынан айырылып, қамауда отыр. Олардың бәрі Қостанай облысы Жетіқара елдімекеніндегі аты шулы «Қара бүркіт» ауыр жаза өтеу түрмесінде.

2014 жылы Қазақстанда «өлім жазасынан» түбегейлі бас тарту қарастырылғанымен, биыл Ақтөбеде болған террорлық актіден кейін, мараторийді алып тастау күнтәртібіне шықты. Кейбір құқық қорғаушылар есірткі саудасына, педофилдік қылмыс пен жемқорлыққа өлім жазасын беру керек деп санайды.

Сондай-ақ, «өлім жазасы» әйелдер мен балаларға, зейнет жасындағы адамдарға қарастырылмайды.

Өлім жазасы орындала қалған жағдайда «ату, асу, таспен ұру, укол егу, электрлі орындық, бас кесу, газ камерасы» сияқты жазалардан Қазақстанда «ату» жазасы біршама гуманистік тәсіл ретінде қарастырылған.

«Қамшы» тілшісі соңғы он жыл ішіндегі «өлім жазасы» берілуі керек деп қоғамда талқыланған ауыр қылмыстарды санамалап көрді:

***

2011 жылы Көкшетауда өгей әкесі 3 жасар қызын екі күн бойы зорлаған қылмыс әшкереленді. Тіпті, араққа тойып алып, білгенін істеген азғын қыздың анасынан қызын қайтарып беру үшін 1 мың АҚШ долларын талап еткен. Аталған қылмыс қоғам наразылығына ұшырып, «өлім жазасына» кесу сұралған еді.

***

2012 жылы 31 мамыр күні Қазақстан Республикасының Алматы облысының Алакөл ауданындағы «Арқанкерген» шекара бекетінде аса ауыр әскери қылмыс болды. «Шығыс» аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының «Қазақстан-Қытай шекарасында» «Сары бөктер» заставасында 14 шекарашының және бір қорықшының мәйіті табылды, заставадағы «Арқанкерген» постының ғимараты өртелген. Бұндай қылмысты жасаған 15-нші шекарашы сарбаз Владислав Челах болып шықты. Қоғамда «өлім жазасы» сөз болғанымен Оған Талдықорғандағы әскери сот «өмір бойы» қамау жазасын кесті.

***

Осы 2012 жылы, адам сенгісіз екінші қылмыс тіркеліп, Ақсай шатқалынан 13 тамызда 12 адамның мәйіті табылды. Оқиғаға қатысты құзырлы орындар кейін Бағанашыл мен Таусамалы ауылдарында операция жүргізіп, лаңкестердің көзін жойғанын мәлімдеді. Ал, оқиғаға тікелей қатысы бар деп айыпталған, іздеу жарияланып, Қырғызстанда тұтқындалған Саян Хайровке де «өлім жазасы» емес 11 жылға қамау жазасы белгіленді.

***

2013 жылдың 11 маусымы түнде Алматы қаласының тұрғыны Ержан Сатыбалдының отбасы орыны толмас қазаға ұшырады. Ержанның үйінде жоқтығын пайдаланып, оның жақын ағайыны 19 жастағы Елмұрат Шешенқұлұлы мен жары Нұргүл Менесбаеваны өлтірген қанішерлер, тіпті далада ойнап жүрген 7 жастағы Сыламнұр мен 3 жастағы сәби Сырмұхамметті үйге шақырып, тұншықтырып өлтірген. Қылмысты жасаған Ихбол Тұрдиев есімді өзбек азаматы мен екі сыбайласына сот «өмір бойы қамау» жазасын тағайындады.

Ержан Сатыбалды: «3 пен 7 жастағы сәби. Әлі тілі шықпаған, сөйлей де білмейтін осы сәбилерді де аямаған адамды, аяғы ауыр ананы қарамаған адамды, жас жеткіншек, өзінің бауыры сияқты бауырын аямаған адамды біз неге аяймыз???», - деп ашынған еді.

 ***

Биылғы жылдың 20 тамызында, Ақтауда 32 жастағы азғын 6 жасар қызды зорлады. Бұған қатысты қоғамдық пікір «Оны өлім жазасына» кесу керек деді. Өлім қаупі төнген қыз әлі ауруханада жатыр. Ал, қылмыскер Өзбекстан азаматы болып шыққан.

***

Қыркүйек айының 18-і Ұзынағаш ауылында 1979 жылғы Долданұлы Жарқынбек, 1973 жылғы Зарлыханұлы Мұқият пен Әлімхан Қадылбек есімді мал саудалаған жігіттер айуандықпен өлтірілді. Қылмыс жасады деген 2 күдікті ұсталғанымен істің ақ-қарасы әлі ашылмады. Ал, марқұмдардың туыстары бірнеше отбасыны ойран еткен қылмыстыларға «өлім жазасы» берілуі тиіс деген еді.

...

«Өлім жазасын» қоғам назарына жиі салатын ауыр қылмыстар қатарында сәби зорлау, қасақана бір отбасын немесе бірнеше адамды өлтіру қылмыстарын атауға болады. Бұндайда «өлім жазасы» берілуі керек деп санайтындар Конституцияның 15 бабын аяға істеткен, «біреудің өміріне қол сұққандардың» өздері де өмір сүруге тиісті емес деп санайды. Тіпті, шеттен келген мигрант, келімсектердің емін-еркін қылмыс істеп, жеңіл жазамен сытылып кете беретін оқиғалар қоғамда қатты наразылық тудырып отыр.

Үкімет әржылдары жеңіл қылмыс жасағандарға Тәуелсіздік мерекесіне орай «Рақымшылық» жариялап келе жатқан еді. Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына орай Қазақстанда соттал­ғандарға рақымшылық жасалмайтын болды. Билiк алдағы уақытта мұндай тәжiрибеден бiржола бас тартпақ. Қазақстанның iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов ресми түрде кешiрiм сұрағандардың ғана бостандыққа шығуы мүмкiн екенiн мәлiмдедi. 

Біз жоғарыда санамалап өткен қылмыстардан Күлекбаев қылмысын бөліп қарау қиын. Қоғамға келтірген залалы орасан. Қылмыс біткен жаза қатаңдаспай тиылмайтыны ежелден ақиқат. Билік алдағы уақытта «өлім жазасы» туралы кейбір критерийлерді қайта қарастыруы керек шығар. Әйтпесе, айдың күннің аманында бір отбасын бүтіндей қырып салатындарды былай қойғанда, «өлім жазасы» кесілсе де қамауда отырамыз деп, полицейлерді ата беретіндер тағы шығып жүрер...

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір