• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
16 Қазан, 15:17:14
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің келесі кезеңіне 904 қатысушы өтті

03 Қараша, 2016 NEWS

ПРОФ. МЕКЕМТАС МЫРЗАХМЕТҰЛЫ. ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ — ҚАЗАҚТЫҢ КҮРЕС ҚАРУЫ

Бүгінгі Қазақстан өмірінде жеті түрлі идеология қанат жаюда. Оларды бас басына атап өтер болсақ: 

Бүгінгі Қазақстан өмірінде жеті түрлі идеология қанат жаюда. Оларды бас басына атап өтер болсақ: 
1. Мемлекеттік саяси идеология. 

2. Діни идеология.

3. Миссионерлік идеология. 

4. Ұлттық идеология. 

5. Жарнамалық идеология.

6. Евроцентристік идеология.

7. Бүгіндері түрлі саяси мақсат ұстанған сырттан келетін әрі жат, әрі жау діни идеологиялық ағымдар. 
Осы идеологиялардың бірі, бірі болса да бірегейі — ұлттық идеологияда өз әлінше қазақ ұлтының өткені мен бүгінгі жағдайы, ұлттық тарихы, әсіресе, тарихи жады мен тарихи санасы әрқалай сөз болып әрқилы пікірлер көтеріліп жатады. Сөздің басым жағы Ресей, Қытай отаршылдығы тудырған қазақ елінің қасіретті тағдыры, геноцид саясатын саналы әрі жоспарлы түрде қолдануы, немесе бүгінгі тәуелсіздік заманында ұлттық салт-сана, халықтық дәстүріміздің аяқ асты жағдайда қалуы, құлдық сана шырмауынан құтыла алмай батыстың әлем-жәлеміне еліктеушілік әрі ислам дінін жамылып, саяси мақсат көздеген бағыттар да қанат жайып, аңқаулау халқымыздың ой танымын бүлдіруде. Олар насихаттан аттап өтіп, шет елдік қожаларының ымдауымен тікелей шабуылға шыға бастады. Көзсіз шабуылды олар тікелей ел қорғаны милициялардан бастауы жай нәрсе емес, астыртын сыры бар, бізді көр дегендей жұмбақ құбылыс халықты ойландырып тастады...

Ерекше есте ұстайтын бір жағдай Ресей империясы мен Кеңестік биліктің қол астындағы қырық жеті түрік халықтарының тағдыры туралы ұстанған отаршылдық қасіретті құпия саясатын толық, тұтас танып біліп, объективті шындықты ашып ғылыми тұрғыдан танымайынша, адасудан арылмаспыз. 
Қазақстан билігі халқымыздың ұлттық санасын, ұлттық әдет-ғұрпын, тарихи жады мен тарихи санасын шайып, халқымызды рухани құлдықта ұстап мәңгүрттендіру иіріміне тартқан отаршылдық астарлы саясаттың қалдығымен күрескен бағыт бағдары болғанымен, «мылтықсыз майдан» дәуірінде ұлттық идеологиясыз мақсатын жүзеге асыра алуы екі талай. Осы себепке байланысты жоғарыда аталып өткен жеті түрлі идеологияның бір түрін бірегей орынға қоюды заман талабы алға қойып отыр. Мысалы, мұсылман мемлекеттері немесе өткендегі Орта Азиялық хандықтар мен бүгінгі ислам мемлекеттері де шешуші идеология ретінде діни идеологияны бірінші орынға қойып, қалың елді сол идеологияның негізінде ұстап, билігін жүргізіп отырғаны өмір шындығы. Ал, біздер мемлекеттік билікті оның саяси әлеуметтік бағытын зайырлы қалпын ұстануымыз себепті, діни идеологияны шешуші орынға қоя алмаймыз. Бірақ қоғам өмірінде әрекет үстіндегі бір идеологияны шешуші орынға қоюға мүдделіміз. Осыдан бірер жылдар бұрын Тараз қаласында президент Нұрсұлтан Назарбаевпен пікір алысу үстінде екі түрлі мәселе жайлы сұрақ қойғанымда: 

а) Қандай жазу таңбасын ұстанамыз? Дегенде

-Асып - саспай, уақыт талабына орай латын жазу таңбасын алатын шығармыз деген еді. 

ә) Ұлттық идеологияны ұстанамыз ба? Дегенде

-Капиталистік жолға түскен заманда ұлттық идеология деген бола қояр ма екен? деген еді. Содан бері де біраз уақыт өтті. Қоғамдық ой танымымыз заман ағысымен қатарласа шапшаң дамып, дүниетанымымызз түбірлі өзгерістерге түсуде.


Қоғамдық пікірде ұлттық идеология уақыт талабына қажет деген пікірлер көтерілуде. Осыған орай ұлттық идеологияны жеті түрлі идеологияның ішінен қажетті орынға қою мәселесі сөз етілуде. Әрине, бұл талаптың да сүйенер саяси әлеуметтік негіздері баршылық. Осы негіздерге сүйене отырып, айтылып жатқан пікірлерге құлақ түріп, кейбір кедергілердің көрінісін ойға оралтып қарайықшы?

Қазақ халқының тағдыры адамзат баласының көрмеген қасіреттің сан түрін басынан кешті. Соның ішіндегі айтулы әрі басты қасіретіміз Ресей мен Қытайдың отаршылдық саясатынан туындап жатқан тарихи жадымыз бен орныққан тарихи санамыздың шайылып, жойылып кетуінде жатыр дер едім. Осы себептерге байланысты біз екінші рет маригиналды санаға ауысқан халықпыз. Енді Ресей империясы мен кейінгі орыстандыру саясатын мықтап ұстанған Кеңестік билік кезіндегі материалистік, атеистік дүниетаным бүгінде түбірінен өзгеріп, ғылыми тұрғыдан терістелді. Енді кванттық физиктердің көш басшысы немістің ғұлама ғалымы, Нобель сыйлығының лауреаты Макс Планк «Ғаламды ҰЛЫ САНА билейді. Күллі әлем оның көзге ілікпес қуатымен өзара байланысып тұр» деп жаңа дүниетаным заманы басталғанын көрсетті. Біздер ұстанып келген материалистік, атеистік дүниетаным жалған құбылыс болып шықты. Бірақ бұл жаңа дүниетанымды европалықтар, Кеңестік билік құрамында болған республикалар мен қытайлықтар да ХХ1 ғасыр ішінде қабылдай қоюы екі талай. Ол үшін уақыт керек. Затшылдық, атеистік таныммен қалыптасып қатып қалған қасаң сананың тез өзгере қоюы екіталай. Бұл құбылыс тұсында да ұлттық идеологияны өз орнына қоймай заман ағысына бейімделіп тірлік етудің өзі қиынның қиынына айналары байқалуда. Халқымыздың ХХ ғасыр ішіндегі ой санасы мен дүниетанымында болып өткен сан қилы ерікті, еріксіз күрделі жағдайда туындаған ой санасындағы өзгерістер де өз көрінісін беріп жатуы да заңдылық. Олардың кейбір елеулісін тілге тиек етер болсақ, олар мыналар: 

Біріншіден, не себепті қазақ өзінің моно тілді табиғатынан миссионерлік бағыттағы орыстандыру саясаты нәтижесінде тіл жағынан ыдырап, шала қазақ, ада қазақ, таза қазақ деген үш жікке бөлініп, моно тілдің болмысын бұзып алды. Әрине, бұл Ресейдің империя болғалы жүргізіп келе жатқан миссионерлік кертартпа саясатына тікелей байланысты құбылыс екені тарихи шындық. Оны ешкім де терістей алмайтын аксиомаға айналған құбылыс. Кеңестік билік тұсында қазақты орыстандырудың кілті ретінде патшалы Ресейдің ұстанған «орыс -түзем мектебін» қазіргі аралас мектепке айналдырып, оны интернационалдық тәрбие мектебі деп оны үдере дамудың жолына түсірді. Бұл мектеп түрі Қазақстанда әуелі отыз шақты мектептен басталса, Тәуелсіздігімізді алған күннен үдере даму жолына түсіп, материалдық базасы аса мықты екі мың тоқсан жеті аралас мектепке айналып, жылына үш жүз мыңнан астам шала қазақтар мен ада қазақтарды даярлап қоздатуда. Білім, ғылым министрлігі шала қазақтар мен ада қазақтарға қазақ тілін оқытуға мемлекеттік бюжеттен сан миллиардтаған қаражатын босқа шашуда. Бүгінге дейін аралас мектеп түрі туралы бұқаралық аппарат құралдары арқылы қаншама ауыр сын пікір айтылса да, білім, ғылым министрлігінің білсе де білмегенсіп қимылсыз жатуы — оның құлдық санадан құтыла алмай келе жатқан еркі жоқ дүбәра қалпын көз алдымызға келтіреді.
Екіншіден, Ресейдің отаршылдық миссонерлік саясатын толассыз жүргізуі себепті, біртұтас қазақтың бір жазу таңбасын қолдану орнына үш түрлі жазу таңбасына таңылуынан, қытай қазақтары арап жазу таңбасын, Еуропа, Түркия қазақтары латын жазу таңбасын, Қазақстандық қазақтар өз еркінен тыс кеңес билігі зорлықпен ендірген орыс жазу таңбасын қолдануы себепті, біртұтас монотілді қазақтар бірін бірі оқи алмай, рухани байланысын үзуге мәжбүр болып келеді. Бұған кім кінәлі дегенде, әрине, ұлы орысшылдық пен аспан асты Қытай империясының қазақ жерін жабайыларды жабайылардың қолымен қыру әдісін қолдануы арқылы екеуара бөлісіп алып, халқымызыдң рухани тұтастығын бұзуы себепті болып отыр. Бүкіл әлемде осы екі империя ғана дәстүрлі миссионерлік саясаттан бастартпай келе жатқан отаршыл мемлекет қалпында артта қалып отыруы ұлтаралық қайшылықтарды тудыруда. Бұдан құтылудың бірден бір жолы ұлт мәседесінде Қазақстандық ұлгіні жүзеге асыру. Өйткені отаршыл екі империя да отарланған халықтар өз ата бабасы жайлаған өз жерінде отыр. Бұл ойландырмай қоймайтын аса күрделі түбірлі мәселе...

Үшіншіден, қазақ халқы ҮІІІ ғасырдан бастап ислам дінін қабылдап, оның Әбу Қанафи мәсхабын ұстанып, өзінің бірқалыпты дәстүрлі дініне айналып, соған ұйып өмір сүріп жатты. Бұл қалыпты өзгертіп қазақтарды шоқындырып, орыстандыру саясатын орыс миссонер ғалымдары профессорлар Ильминский, Алекторов, Остроумовтар жүзеге асыруға бел шеше кірісіп басшылық етті. Мемлекет те бұл жолға қаржысын аямай төкті. Мысалы Алматыдағы кафедральный собардың орташа діни қызметкерінің бір айлық жалақысы төрт жүз құнан қойдың бағасына тең түсуі не деген жолда жатқан батпан құйрық?

Кеңестік билік атеистік дүниетанымды ұстануы себепті, патшалық биліктің шоқындыру саясатын алып тастап, орыстандыру саясатына біржолата мықтап кірісті. Мақсаты, халықты өз ұстанған дінінен бездіріп, тіпті өзінің «Құдайсыздар» ұйымын ашып, халықты дінсіздендіру саясатына жан сала араласты. Бұл жолда алға қойған мақсатына жетті де.

Қазіргі қазақтардың ата буыны мен аға буыны, орта буыны өте сауатты, пайымды болғанымен, атеистік дүниетаным негізінде қалыптасты. Яғни, еріксіз түрде белі бесіктен шықпай жатқан кезінде-ақ мәңгүрттік қалыпқа түсті. Соның бірі менмін. Шешем діндар кісі еді. Мені ұйықтар кезде кәлимаға тілімді келтіріп, мұсылмандық қалыпқа бейімдей бастады. Бірақ мектепке барған кезімде ұстаздарым ашық түрде атеистік көзқарасты насихаттап, танымымды өзгерте бастады. Екі арада сандалып миым қатты. Шешем болса, оларға сенбе, олар құдайсыздар, деп құлағыма құяды. Ақыры не керек оныншы класта партия қатарына өтіп, атеистік, материалистік танымда қалыптасқанымды өзім де байқамай қалдым-ау деймін. Ал, егде жастағы ауыл қазақтары қаншалықты қысым жасалса да, дүниетанымы қаншалықты әлсіресе де, ата баба танымын ұстанып қалды. Жақын ағаларым саясаттан сескенгендіктен «Құдайсыздар» ұйымына кіріп, жарнамасын төлесе де, түнде шам жақпай -ақ намаздарын оқып, таңертең жұмыстарына түк білмегендей кете беретін.

Міне, жағдай осылай ары бері аумалы төкпелі болып тұрғанда, тәуелсіздік туын көтеріп өз саясатын жүргізе бастаса да, біздер бодандық құлдық санадан арыла алмай келе жатуымыз отарсыздандыру саясаты жолына түсе алмауымызда жатты. Әрине, оның да саяси әлеуметтік себептері барын сезінеміз. Көрші екі империя да орыстандыру, қытайландыру саясатынан бастартпай қайта күшейте түсу саясатын ұстануда. Осы қиянатты көре отырып біз олармен идеологиялық күреске түспей тұра алмасақ керек. Оған қарсы, әрине, ұлттық идеологияны қоя алмақпыз. Сол ғана шындықтың бетін аша алады.

Олардың миссионерлік әрекеті ХХІ ғасырдың басында да кертартпалық құбылыстан арыла алмай келеді. Олардың дүниетанымы бүгінде квантты физиктер ұсынған жаңа ҰЛЫ САНА дүниетанымынан алыс жатуы себепті, олар отаршыл мемлекет қалпында қалып, ұлт аралық қайшылықтан жол тауып шыға алмай тұйыққа қамалуда.

Төртіншіден, кеңес билігі құлап, олар ұстанған отаршылдық идеология да жер жастанып, уақытша бос кеңістік пайда болды. Осы жағдайды аңдып отырған шет елдік әккі миссонерлер христиан мен мұсылман дінін жамылып жасырын саяси мақсат көздеген жат ағымдар осы бос кеңістікті пайдалануға жан сала араласуда. Көпшілікті ата бабасы ұстанып келген дәстүрлі діннен қол үздіруге барын салып алас ұруда. Осы келеңсіз құбылысты байқап отырған Президентіміз Н.Назарбаев «Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек». [Қазақстан жолы, Қарағанды, 2006, 372 бет] деп ескертуінде терең мән-мағына жатыр. Бүгінде әрқилы саяси мақсаттарды ұстанған діни миссионерлер тәуелсіздік туын көтерген республикалар жеріне қаптай шауып, орналасып та алды. Толыспаған жас буын балауса ұрпақты діни оқу орындарына тегін оқытамыз деп шет елдердің діни оқу орындарының есігін айқара ашып тастады. Рухани жағынан толыспаған жас ұрпақ олардың шақыруына алданып, діни жат ағымдардың қармағына ілікті. Өздері оқыған жат ағымдардың жалған танымына шырмалып, өздері оқып білген салафиттік жат ағым идеологиясын елге оралған соң, қызу насихаттауға кірісіп кетті. Шет елдегі ислам дінін жамылған мейлінше кертартпа ағымдар да еркін қимылдай бастады. Өз мақсаттарына жету үшін миллиардтаған долларларын аяусыз жұмсап, біздің жас ұрпақттың өз идеяларын насихаттайтын айтулы мамандарға айналдырып алды. Сол күштерді шебер пайдалану арқылы ел ішінде уахабистік, кришналық, құраниттік тағы сол сияқты неше түрлі жат ағымдар еркін қимылдап мақсаттарына жетуге қол созуда. Мысалы, Қазақстанда таралған уақабистік теріс ағымның негізі Тараз қаласында салынды. Оның басында аса дарынды айтыс ақыны Тазабек тобы тұрды. Олар, тіпті университет аудиторяларында жастардың біразын тартып, суырып салма атақты айтыс ақындардың біразын соңынан ертіп, көпшілік арасында солардың жат идеологиясын насихаттау арқылы шеттен келген астыртын қаражатты өз мақсаттарына жұмсап жатқаны да жасырын емес, шындық қой. Тараздағы айтулы айтыс ақындарын да ақшаның күшімен соңдарынан ілестіре кетті. Мен олармен Тазабектің үйінде жиырмадай уахабистермен үш сағаттай пікір алмастым. Уахабизмнің пайда болу тарихын шамам келгенше баяндап түсіндірдім. Уақыт өте келе шындық ашылып, халық алдында қарабет болмайық деп тарастық. Кейінірек «Ақжол» газетінің кабинетінде дөңгелек үстелде бас қосып тағы да пікір алыстық, айтысып та қалдық. Пікір таласында ащы шындықтар беті ашыла түсті. Сөздеріміз диктофонға түсірілді. Редактор пікір сарынымыздан сескеніп, газетінде жарияламауды жөн көрді. 
Семейде кришнаны доцент Омаров, жаңа пайғамбар идеясын жазушы Ролан Сейсенбаев, құраниттк идеяны жоғары биліктегі чиновниктің баласы насихаттап жатты. Бұлармен қатарлас христиандық діни ағымдар да қызу ат салысып жарты миллионнан астам қазақтарды жат ағымға өткізіп, елді рухани қасіретке ұрындырды. Бір қызығы бұл жат ағым атаулының бәрі де Яссауи мұрасын мансұқтап жатты. Әбу Қанипа масхабын ұстаған өзінің ұлттық дәстүрі қалыптасқан қазақтарды діни жат ағымдарға тартып, ой санамызды, дәстүрлі діни танымымызды ыдырата түсті. Әрине, бұл жат идеология мен күресті ұлттық идеологияны ұстанған зиялыларымыз қарсылық көрсетіп бетін қайтарып та жатты. Жат діни идеологияның әсері кешегі Ақтөбеде болып өткен қанды оқиғаның барысында айқын белгі беріп жатуы тегін нәрсе болмаса керек. Уақабистердің Қазақстандық «көсемдері» қоғамдық пікірді адастыру үшін екі жүзді қалыпқа түсіп уақыт қажеттілігіне орай шебер құбылуда. Бірақ бұл алдамшы айла тәсілді зерек оқырман қауым танып біліп іштей мысқылдай күліп жүргенін көріп те жүрміз. Егер құзырлы орындар ислам, христиан дінін жамылған жат ағымдарға астыртын келетін миллиардтаған доллардың қайдан келетінін, кімдерге берілетінін, оларды не мақсатқа жұмсалатынын есепке алып бақыласа, оны сезген діни жат ағымдардың «көсемдері» алты қырдың аржағынан бой тасалап қашар еді... 
Бірер жыл бұрын атақты тарихшы, тарих ғылымдарының доктооры, профессор мәслихаттың алты депутаттарын бастап келіп, жат діни ағым өкілдерімен пікір алысу үстінде оларға сырттан келетін мол қаражатты бақылап есепке алуды көтерген едім. Бірақ бұл өте қажетті өткір мәселені көпшілік мақұлдаса да аяғы сиыр құймышақтанып аяқсыз қалғаны ойландырып тастады. Діни жат ағым атаулының жолын кесудің бірегей амалы-олады сырттан келетін он миллиардтаған долларды есепке алып бақылауда жатыр.

Уақабистердің, әсіресе, басқа жат ағымдардың Яссауи дүниетанымына жаны өлердей өш болып келеді. Өйткені Яссауи дүниетанымына патшалы Ресей, Кеңестік билік қарсылық көрсетсе, бүгін енді бұлардың тобына уақабистер тізе қосуда. Не себепті үшеуі де бір бағытта, бір нүктеде Яссауи мұрасына қарсыласуда? Мұның себебі Яссауи ислам діні мен халықтың ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын табиғи түрде үйлестіре білуінде жатты. Халық Яссауи дүниетанымына ұйыды. Осы табиғи ұйтқы бұзылса, уақабистердің арман тілегі оңынан келмек. Ол бұзылмаған жағдайда уақабистер бәрібір жеңіліс таппақ. 

Осы себепті олардың Яссауи жолына жаны қас. Бұл жерде де ұлттық индология тірек болып, идеялық күресті қанаттандыра алмақ. 

Бесіншіден, «жұт жеті ағайынды» дегендей жас толқын жастарымызыдң ой санасын, мінез-құлқын батыстық шатқаяқтаған мінез-құлқына ұлттық негізден қол үзген өнерсымағына дейін жалаңаштанып киінген, нәпсі қоздырар әлем-жәлем киім модасына көзсіз еліктеу де жақсылықтың белгісі емес. Өйткені батыс бүгінде бізге рухани азық бере алмайды. Оған өздері зәру болуда Шынын айтқанда, орынсыз еліктеу әлсіздіктің, ұлттық менталитеттің мықты жетілмеуінің белгісі болып қала бермек.

Жарнамалы идеология да оңай шағылар жаңғақ емес. Қазақстан қалалары мен елді мекендерінде көше толы шет елдік аталымдар мен жеке кәсіпкерлер де өз аталымдарын соларша қойып, тіпті ұлттық антропонимдердің жарықшақтануы, көзсіз еліктеулері де жақсылықтың нышаны болмас. Олар ұстанған жарнамалық жат атауларға қарсы үн қатып, күресер ұлттық идеологиядан асып, қайрат көрсетер идеология бола алмай тұр. Қазақ республикасының елді мекен жер атауларында орын тепкен отаршылдық, тоталитарлық елді мекен жер атаулыларынан арылту жолында кескілескен күрес арқылы осы ұлттық идеология шешуші күреске түсіп бетін қайтарғаны халқымызға танымалы оқиға ретінде халық жадында қалғаны белгілі ғой. Осы тақырыпқа арналған « Жер тарихы — ел тарихы» деп аталатын кітап та басылым көрді.

Алтыншыдан, әлем халықтарын жаһандану процесі өзінің тарихи алапат иіріміне тарту қарқыны көптен бері жүріп жатқаны танымалы құбылысқа айналуда. Жаһандану ұлттың рухани болмысы мен әдет ғұрып, салт санасын, ұлттық дәстүрі мен тілін жұтып, әлемдік стандартқа түсіру бағытында өріс алуда. Мысалы қазір әлемде алты мың тіл өмір сүріп келе жатса, осы ғасырдың ішінде олар мыңдап жұтылып үш мың тіл ғана қалмақ деген болжам бар. Бұл, тіпті, он миллионнан астам халқы бар ұлттың өзіне де қауіп тудыруда. Жаһандану деген майда ұлттардың жұтылып жойылуы деген ұғымды білдіреді. Бірақ әрбір ұлт ірі ме, ұсақ па өз ұлттық табиғи болмысын сақтап, жоғалтпай өмір сүру үшін жанын сала тайталасуы заңды құбылыс. Оның да күрес құралы ұлттық идеологияға келіп тірелмек.

Күрестің ең киын буыны - отаршылдар санаға сіңірген рухани құлдықтан арыла алмай отырғанымызда жатыр. Бұл ұзаққа созылар рухани құбылысқа айналып тұр. Бұған қоса бүгін де затшылдық дүниетанымымыз терістеліп, Ұлы Сана жолына түсуіміз қосылғанда мәселе өте күрделеніп, тарихи жадымыз бен тарихи санамыздың шайылып кетуі, оны қайтару жолындағы мәселе қойылғанда бұл өте күрделі мәселелердің түйінін шешіп, арқауын ағытуға бел шешіп күреске түскенде қолға ұстар айбарымыз тағы да ұлттық идеология мәселесіне тірелері айтпасақ та белгілі ғой. Сонда біз ұлттық идеологиядан қашсақ та құтыла алмайтын құбылысқа бетпе бет келіп отырғандаймыз. 

Жетіншіден,
Қорыта айтқанда, ұлттық идеология қоғамдық ой санамызда орын алып отырған әрқилы саяси әлеуметтік және ҰЛЫ САНА жолындағы жаңа дүниетаным сияқты аса күрделі мәселелерге дем беретін, аянбай күресетін тек ұлттық идеология болып тұр. Ұлттық идеологияны бүгінгі күннің аса қажеттілігіне айналып отырған бірегей құбылыс деп танып, бүгін де ой санадан орын алған әрқилы теріс танымдарға қарсы келіп, идеялық күрестің өзегіне айналуы — заман талабынан туындап отырған қоғамдық ой сананың шешуші буыны деп тануға бейімбіз. Яғни ұлттық идеология өз орнына көтерілмейінше «мылтықсыз майдан» заманында ұтудың орнына ұтылу жағы басымдық көрсете бермек. Осы құбылыстың мән мағынасын жете ұғынғанда ғана ұлттық идеологияның заңды орнында тұруы бізді идеялық күресте жеңіске бастай бермек. Бұл құбылысты танып білу — идеялық күрестің дүниетанымдық тірегіне айналмақ. Бүгінгі басты бірегей міндет - ой санасы, дүниетанымы бөлшектеніп ыдырауға айналған қазағымызды жұмылған жұдырықтай тас түйін монақалыпқа түсіруде жатыр. Бұдан басқа ұтымды жол бола қояр ма екен?

2016 ж.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір