• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

17 Сәуір, 02:51:23
Алматы
+35°

03 Қараша, 2016 Әлеумет

Халық танитын Тұңғышбай қандай тұлға?

Тұңғышбай Жаманқұловтың «жемқорлық» айыбымен

Тұңғышбай Жаманқұловтың «жемқорлық» айыбымен ұсталғаны  хабарланды. Жаманқұловтың қазақ өнеріне сіңірген еңбегін халық жақсы біледі. Жақында ғана өнер ақсақалының басы дауға ілікті. ол, Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын жемқорлыққа қатысты айыптап, министрдің үстінен "сексуалдық бопсалау" бойынша арызданушыны қолдап шыққан еді. Көп ұзамай Жаманқұловтың өз басы дауға қалып, оны бір топ театр қайраткерлері жиналыс ашып сөккен. Мұхамедиұлы өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған болатын.

Осы ретте «Қамшы» порталы Тұңғышбай Жаманқұловтың қазақ өнеріне сіңірген еңбек жолына зер салады:

Жаманқұлов Тұңғышбай Қадырұлы, Әл-Тарази 1948 жылы 2 қазанда Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Абай аулында дүниеге келген. 1973 жылы Алматы өнер институтының (қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясы) актерлік факультетін бітірген. Актерлік өнер жолын студенттік кезінен Қазақ драма театрында бастады. 1993 — 2001 жылдары осы театрдың директоры әрі көркемдік кеңестің төрағасы болды. Жаманқұлов Қазақ драма театры сахнасында бағын сынап, дарынды актер екендігін танытты. 

Жаманқұлов Тұңғышбай Қадырұлы, Әл-Тарази деген текпен де танымалы актер, режиссер, Қазақстанның халық әртісі. (1992; 1982 жылдан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі), профессор (1979). КСРО Кинематографистер одағының мүшесі (1983). 

Қазақ драма театры сахнасында Бейсенбай (Қ.Мұқашев "Дала дастаны"), Арыстан (Қ.Мұхамеджанов "Бөлтірік бөрік астында"), Бақтығұл (Қ.Ысқақов "Таңғы жаңғырық"), Мырзахмет (Т.Ахтанов "Жоғалған дос"), Демесін (Д.Исабеков "Кішкентай ауыл"), Көтібар, Сырым (М.Әуезов "Айман — Шолпан" мен "Қарагөз"), Жалмұхан (ұ.Мүсірепов "Ақан сері — Ақтоқты"), Абылай хан (Ә.Кекілбаев "Абылай хан", М.Байсеркенов "Абылайдың ақырғы күндері"), Әбутәліп (Ш.Айтматов "Ғасырдан да ұзақ күн"), т.б. рөлдерді сомдады. Бұл рөлдерде Жаманқұлов ұлттық және әлемдік театр мектептерінің дәстүрін терең меңгерген, диапазоны кең актер екенін танытты. 

Жаманқұлов еліміздің кино өнерінің дамуына да елеулі үлес қосып, Чекист ("Отқа оранған Орал"), Тәңірберген ("Қан мен тер"), Әбілқайыр ("Жаушы"), Оразмерген ("Ақырғы аманат"), Болат ("Тарғыл қауын"), Әзімхан ("Қаралы сұлу"), Қайырхан ("Отырардың күйреуі"), Құнанбай ("Жас Абай") бейнелерін өзіне тән ерекше шеберлікпен сомдап шықты. 

"Отырардың күйреуі" фильміндегі Қайырхан рөлі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды (1992). Әл-Тарази режиссер ретінде К. Гоццидің "Турандот ханшайым", М. Ғапаровтың "Тұзды шөл", Қ. Шахимарданның "Томирис" пьесаларын сахнаға шығарып, бүгінгі заманғы отандық театр өнерінің деңгейін көтеруге үлес қосты. 

Жаманқұлов - концерттік ұжым "Тамашаны" алғашқы ұйымдастырушылардың бірі. Ол 1974 жылдан педагогикалық қызметпен шұғылданып, Қазақ драма театры жанындағы студияда, Алматы мемлекеттік университетінде дәріс оқыды. 1979 жылдан Қазақ ұлттық өнер академиясында актерлік шеберлік бойынша сабақ беріп, жеке курс жүргізеді.

Жаманқұлов роль сомдаған кинофильмдер:

1974 жылы – «Дала дауысы»

1976 жылы – «Фердинанд Люстің өмірі мен өлімі»

1978 жылы – «Қан мен тер»

1980 жылы – «Жаушы»

1980 жылы – «Мүмкін емес балалар»

1981 жылы – «Ешбір себепсіз»

1981 жылы – «Ақырғы өткел»

1982 жылы – «Қауын»

1982 жылы – «Қаралы сұлу»

1983 жылы – «Оның домбырасының әсем сыңғыры»

1983 жылы – «Күзгі ирелең жол»

1985 жылы – «Қақтығыс»

1985 жылы – «Менің әпкем Люся»

1986 жылы – «Жотадан өтерде»

1986 жылы – «Жәбірленушілерде шағым жоқ»

1987 жылы – «Түкпірден келген күйеу» 

1987 жылы – «Сұлу Айсұлу туралы ертегі»

1987 жылы – «Қар жолбарысы»

1989 жылы – «Үлкен соғыстағы кішкентай адам»

1991 жылы – «Отырардың күйреуі»

1991 жылы – «Апиын»

1993 жылы – «Әбілхайыр хан»

1993 жылы – «О, тағдыр, бақытсыз балалар»

1994 жылы – «Намыс»

1995 жылы – «Абай»

1997 жылы – «Сағыныш»

2003 жылы- «Сардар (Қазақстан, Қытай)»

2006 жылы – «Көшпенділер»

2008 жылы – «Александр. Невск соғысы»

2009 жылы – «Адасқандар»

2010 жылы – «Мүмкін емес махаббат»

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір