• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 04:58:36
Алматы
+35°

03 Қараша, 2016 Оқиғалар

Нацуко Оканың кітабындағы Жапония туралы қызықты деректер

Жапонияның Сыртқы саудаға қолдау көрсету ұйымы жанындағы Дамушы экономикалар институтының аға ғылыми қызметкері, доктор Нацуко Оканың "Другая Япония....

Жапонияның Сыртқы саудаға қолдау көрсету ұйымы жанындағы Дамушы экономикалар институтының аға ғылыми қызметкері, доктор Нацуко Оканың "Другая Япония. Жизнь без чайной церемонии" деп аталатын кітабы жарық көрді. Белгілі саясаттанушы Досым Сатпаевтың жеке қорының қолдауымен шыққан кітапта жапон қоғамының қыр-сыры кеңінен сөз болады. Оқырмандардың назарына аталмыш кітаптан қызықты деректерді аударып ұсынамыз:

Император әулеті ауқатты тұрады деп айта алмаймыз

Қазақстанның ірі кәсіпкерлері жапон императорынан анағұрлым бай шығар. Өйткені ІІ дүниежүізілік соғыстан кейін император әулетінің жеке-меншік мүлкі мемлекетке өткізілген. Сондықтан біз император әулеті ауқатты тұрады деп айта алмаймыз: олардың барлық шығындары мемлекет қаражатынан төленеді.

Бәлкім таң қалатын шығарсыз, Жапонияда қыздар император әулетіне келін болуға немесе сол маңда жүруге ұмтылмайды. Жапон императоры мен оның әулетінің мүшелері көптеген ережелер мен дәстүрлерге  бағыну керек. Олардың мойнында көптеген ресми міндеттер бар, барлығын қаз-қалпы сақтап, орындап жүру қиынның қиыны.

Жапон жігіттері тән тазалығын сақтайды

2010 жылғы статистикаға сүйенсек, 50 жастағы әр бесінші жапон еркегі ешқашан үйленбепті. Салыстыру үшін келтірейік: 1990 жылы бұндай бойдақтар барлық еркектердің 5,6 пайызын құраса, 2000 жылы бұл көрсеткіш 12,6 пайызға жеткен.

"О-net" неке агенттігінің 2012 жылғы сауалнамасына сәйкес, Жапонияда  28,8 пайыз жігіттер ешқашан қызбен жүрмепті, ал 29,6 пайызы пәк екен.

Жапондар туған күнін тойлауды ұнатпайды

Жапонияда ересектер Қазақстандағыдай туған күніне аса мән бермейді. Тіпті тойламайды десек болады. Атап өткеннің өзінде отбасы мүшелерімен ғана.

2060 жылы жапондардың саны 87 миллионға дейін кемиді

Әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық  институттың алдын-ала есебі бойынша 2048 жылы жапон аралдарында тұрғындар саны 100 миллионға жетпейді. Ал 2060 жылы 87 миллион жапон қалады, яғни қазіргіден 30 пайызға аз деген сөз. 

Егер 1970 жылдардың басында Жапонияда жыл сайын 2 миллион бала дүниеге келсе, 2014 жылы бар болғаны 1 миллион сәби туған.

Жапонияда босанған әйелдерге берілетін жәрдемақы

Жапонияда жүктілік, баланы дүниеге әкелу және бала күтіміне байланысты жәрдемақы мөлшері:

Баланы дүниеге әкелу мен оны күтуге байланысты бір реттік жәрдемақы  420 мың иен (4078 доллар). Бұл қаржы  бір балаға медициналық сақтандыру есебінен және әйелдің жұмыс істеу/істемеуіне байланыссыз беріледі. Жүктілік кезіндегі демалыста әйелдерге айлық жалақының үштен екісі мөлшерінде жәрдемақы төленеді.

Балам үш жасында қазақша әнұранды жаттап алды

Біздің ұлымыз  10 айынан бастап үш жыл бойы Жапонияда яслиге барды. Осы уақыт аралығында біз Алматыда да тұрдық. Алматыдағы балабақшада ұлым орысша тіл сындырып, қазақ тілінде Қазақстан әнұранын жаттап алды.

Жапон балабақшасындағы қатал тәртіп

Жапонияда ясли мен бала-бақшалардың өзіндік ережелері бар. Ата-аналар осы ережелерді мықтап ұстануға міндетті. Бірер мысал келтірейін.

Мен әр күні таңертең баламның шыныаяғы мен беторамалын кішкентай сөмкесіне салатынмын. Ал қосымша киім-кешегі мен пакетті (кешке кір киімін салып алу үшін) басқа сөмкеге саламын.

 Балабақшада баланың киімін ауыстыру міндеттеледі. Әр күні баланың анасы таза киімін бақшаға апарып тұруы керек. Ал жұма күндері оның көрпесі  мен орамал, т.б. заттарын үйге алып кетіп, жуамыз. Төсек керек-жарақтарын міндетті түрде арнайы қапқа салып апарамыз. Бұндай қапты балабақша көрсеткен нұсқаулық бойынша тігіп, дүйсенбі күні апарамыз. Баланың лас жөргектерін  яслиде қалдыруға болмайды, үйге алып кету керек.

Бұдан бөлек бала үшке толмаған болса күн сайын дәптерге баланың күні қалай өткенін, яғни, не ішіп-жеді, сағат қаншада төсекке жатты, қай уақытта орнынан тұрды, қашан дәрет сындырды, т.б. тіркеп, таңертең дәптерді тәрбиешіге апарып көрсетеміз.

Тәрбиешілер де арнайы дәптерге әр баланың бақшада немен айналысқанын тізіп жазып отырады.  

Бұл тілі шықпаған баланың әр күні қалай өткенінен ата-ана хабардар болу үшін аса қажет дүние.

Жапонды ренжітпеу үшін

Мынандай үш сұрақты қоймағаныңыз дұрыс:

жалақысы туралы сұрақ, жасы және отбасылық жағдайына қатысты сұрақтар.

Шарафат  Жылқыбаева

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір