• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
22 Қазан, 10:47:09
Назарбаев: "Нұр Отан" халықты мазалайтын мәселелерге араласпайды

19 Қазан, 2016 Аймақтар

АЛМАТЫНЫҢ ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫ – БАСТЫ БАҒЫТЫМЫЗ

 

 

Біз жуырда  Жер және құры­лыс жөніндегі мәслихат жанындағы комиссия мүшелерімен бірігіп, Жер мәселесі туралы жиын өткізіп, халық пікірін тыңдадық. Онда қала тұрғындары қала сыртында игерілмей жатқан жер телімдері болса, оны тұрғын үй салуға, болмаса, шаруашы­лық жүргізіп, жеке кәсіп ашу игілігіне берсе деген ұсыныстарын білдірді. Тұрғындардың бұл пікірлерін жинақтап, біз Жер мәселесі жөнінде құрылған комиссияға ұсынбақпыз. Ал енді өзім сайланған Алатау ауданындағы сайлау учаскесінің сайлаушылар  тарапынан берілген   тапсырмаларымның бірқатарын орындадым десем де болады. «Алғабас» ықшамауданы тұрғындары жүргінші жолдарын салу жөнінде ұсыныс айтқан еді, ол мәселе шешімін тапты. Ал осы ықшамаудан тұрғын­дарының  «Ақсай» көшесін асфальт­тап беру туралы мәселе көтерген­деріне біраз уақыт болса керек. Жақында ол мәселе де демеушілері­міздің арқасында шешімін тапты. Біз қаланың құрылысына көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстарын жыл басында қабылданған Алматы қаласын дамытуға бағытталған «Алматы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырып келеміз. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы аясында «Боралдай» ықшамауда­нында балаларға арналған  спорт-ойын алаңын салдық. Халық сенімін артып, қолымызға депутаттық мандатымызды алып жүргендіктен, сайлаушылар тарапынан айтылған қандай да бір өтінім, тілек болсын сергектікпен қарауға тырысамын. Алатау ауданы бойынша өткізілген «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына атсалысып, көпбалалы отбасылары мен тұрмысы төмен отбасыларында тәрбиеленіп жатқан балалардың қатарынан қалмай, мектепке баруына жағдай жасадық. Сонымен қатар,  ауыр науқасқа шалдыққан бір сәбидің емделуіне көмек қолын создық. Адамға көмек қолын созу депутаттық қана міндетім емес, өзімнің азаматтық, аналық парыздарымның бірі деп санаймын. Қолыңнан келсе, адамдарға қолұшын бергенге не жетсін. Осы ретте мен  әлеуметтік жобаларға грант бөлген кезде  сол қоғамдық ұйымдардың  қолға алғалы отырған жұмыстарының жоспары, бағыт-бағдарымен танысып, олардың осы ұйым арқылы адамдарға қандай көмек көрсете алады, соны бағамдап барып грант бөлсек деп ойлаймын. Болмаса, бізде әлеуметтік жобалаларға берілетін гранттарды  жыл сайын ұтып алғанмен, ол қара­жатты халық игілігіне жұмсайтындары некен-саяқ. Содан кейінгі қала тұрғыны ретіндегі тағы бір ұсынысым – орталық көшелердегі тамақ, киім, қымбат ұялы телефондар туралы жарнамаларды азайтсақ. Жарнаманың  қала бюджетіне қомақты қаржы әкелетіндігін жақсы түсінемін, бірақ, бізге дәл қазір  жастарды дүние­құмарлыққа тәрбиелейтін ондай сүреңсіз жарнамалардан гөрі, рухани  дем беретін, жастардың соларға еліктеуіне ықпал ететін  белгілі спортшыларымыздың, ғалымдары­мыздың, денсаулық сақтау, әдебиет пен өнер саласының көрнекті өкілдерінің, Алматы қаласының құрметті азаматтарының суреттері ілінулі тұрса, Алматы қаласының көшелері ажарлана түсер еді. Қазір көше бойларына даналық сөздерді жазып іліп қойыпты.  Орысшадан қазақша аударылса керек, кейбір сөздері орашолақтау көрінгенмен, оқыған адамын ойландырады. Бұл дегеніңіз қала басшылығының көше тәрбиесіне көңіл бөле бастағанының белгісі. Бала тұрмақ, үлкен адамның өзін қоршаған ортасы мен көше тәрбиелейтінін ескерсек, мұндай  санаға сәуле түсіретін көрікті ойлардың қала аудандарының көшелерінде де болғаны абзал. «Алматы-2020» бағдарламасының ең басты мақсаты – қаланы тұрғындарға жайлы қала жасау болып отырған­дықтан, біз  барынша осы мәселеге жан-жақты көңіл бөлуіміз керек. Мен жақында депутаттық жұмысыма байланысты Алатау ауданындағы АЗТМ деп аталып кеткен ықшам­аудан тұрғындарымен кездестім.  Онда тұрып жатқан 60 отбасының әлі күнге дейін тұрақты баспаналары мен тіркеулері жоқ екен.  Қазір шешімі табылмай келе жатқанына жиырма жылға жуықтап қалған осы АЗТМ ықшамауданы тұрғындарының мәсе­лесін шешу жолдарын қарастырып  жатырмыз. «Алматы – 2020»  даму бағдарлама­сының талаптарын ескере отырып, осы аймақтан шағын тұрғын үй кешенін салу ойымызда бар. Алматы қаласына қосылған елді мекендердің  мәселесі әлі шашетек­тен, дегенмен, күрмеліп қалған мәселелердің түйінін бір жылда шешіп тастау мүмкін емес, дегенмен, қала басшысының қазіргі ұстанып отырған  Алматы қаласын дамыту бағытындағы көреген саясаты бұл мәселелердің жақын уақыттарда оң шешімін табуына мүмкіндік береді деген сенімдемін. Ең бастысы,  ұстанып отырған бағытымыз дұрыс. Сол бағытта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етсек, алға қойған мақсаттарымызға қол жеткіземіз. Ал оған «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырна­малық бағдарламасы негіз болмақ.

Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫ

«Алматы ақшамы» газеті 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір