• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 02:33:29
Алматы
+35°

06 Қараша, 2016 NEWS

ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ АТЕИСТТЕР

«Қамшы» порталы поштасына «әлемге танымал атеисттер туралы» мақала келіп түсті. «Қамшы» порталы бүгінге дейін діндер...

«Қамшы» порталы поштасына «әлемге танымал атеисттер туралы» мақала келіп түсті. «Қамшы» порталы бүгінге дейін діндер татулығы, азаматтардың сенім бостандығы туралы көп жазды. Порталдың мінбері құрметті оқырмандарымыз үшін әр қашан еркін ой-талқы алаңы екенін ескерте отырып, түрлі салаларда өшпесте қолтаңба қалдырған атеисттер туралы мақаланы назарларыңызға ұсынамыз:

***

Мен, қазақтың қарапайым ғана баласымын. Осы елдің азаматы һәм мұсылман еркекпін. Өздеріңіз сияқты дүниедегі болып жатқан дүрбелеңге көз тастап, ой қосамын. Кейбір сұрақтарға мүлде жауап таппай дал болам. Ғылым жаңалықтарын іздеп жүріп оқимын. Сондай кездерде, мұсылман һәм мұсылмандық туралы әлеуметтік желідегі талқыны жиі көзім шалады. Тіпті, қазақтар бір-бірін жұлып жеп, жаға жыртысып жатады. Сондағысы қыздың басын бүркеуі мен ұзын сақал, қысқа балақтың әңгімесі. «Әйелдің қай жағынан келген дұрыс?» деген сияқты сасық әңгіме... Әлде бір ақылшы уағызшылар шығып алып, кейіпкері белгісіз, мекені анық емес, субъективті уағыздар айтып жатады. Бірі қолдайды, бірі сын айтады. «Қырық пышақ» сөз жарыс. Талқының болғаны жақсы ғой, егер нәтиже болса... Бұлардікі құр дүрмек! Өзіне де, өзгеге де пайда бермес құр талас...

Содан соң барып, мұсылмандық дегеннің не екені турасында іздене бастадым. Бірақ, мұсылмандықты тану үшін атеизмді білу керек сияқты. Атеизмнің Мекке немесе Ватикан, Құддыс сияқты қасиетті мекені жоқ, алайда көрнекті өкілдері бар. Әлемдегі танымалы атеисттер кімдер?

Сонау ежелден Томас Эдисон, Марк Твен, Чарлз Дарвин, Карл Маркс, Альберт Эйнштейн сияқты ғалымдар өз заманында табанды түрде «құдай жоқ!» деді, жай ғана «жоқ» демеді, діннің мақсатын түсіндірді, бетпердесін ашты. Ғаламның ғаламатын ғылыммен айқындады. Ғаламның дамуына орасан үлес қосқан ғалым атеисттерден бастайық.

Стивен Уильям Хокинг(Stephen William Hawking) - Ағылшын физик-теоретик және космолог. Кэмбриджде орналасқан Теоретикалық Космология орталығының іргетасын қалаушы және жетекшісі. Оның өмірі мен ғылымға әкелген жаңалығы туралы білмейтін жан аз шығар. Ол тіпті өзінің денсаулығына қарамастан 2009 жылы ғарышқа ұшты.

Ричард Филипс Фейнман(Richard Phillips Feynman. 1918 – 1988), Оның жасаған математикалық аппараты өрістің кванттық теориясының дамуында маңызды роль атарды. Нобель сыйлығының лауреаты.

Бор Нильс(Niels Henrik David Bohr. 1885 – 1962) 1927 жылы микро дүниенің ең маңызды принциптерінің бірі — толықтырғыштық принципін тұжырымдады.  Ол құранды ядро теориясының авторы (1936). Бор — Нобель сыйлығының лауреаты (1922)

Фрэнсис Крик (Francis Crick. 1916 –2004) – ағылшын молекулярлы биологы, биофизигі және нейробиолог. Крикке 1962 жылы (Дж. Уотсон, М. Уилькинсонмен бiрге) нуклеин қышқылдарының молекулалық құрылымын (структурасын) және оның ағзаның тұқым қуу белгілері мен қасиеттеріндегі маңызын ашқаны үшін Нобель сыйлығы берілген.

Швед өнертапқышы әрі кәсіпкері Альфред Бернхард Нобельдің(1833 — 1896) өзі атеист болған. Ол 1867 жылы динамит жасау жұмысына патент алып, оны көптеп шығаруға кірісті. Өз атынан халықаралық сыйлық тағайындады.

Зигмунд Фрейд (Sigismund Schlomo Freud. 1856 – 1939) — Австрия психологы, психиатры және неврологы. Психоанализ ілімінің негізін қалаушы. З.Фрейд теориясының әлемге әйгілі ілім ретінде танылғандығы соншалық бүгінде ғалымдар «психология – бұл Фрейдтің өзі» деген қағида қалыптасқан.

Джеймс Дьюи Уотсон (James Dewey Watson. 1928.) — американдық биолог Фрэнсис Крикпен және Морис Х. Ф. Уилкинспен бірге 1962 жылы ДНҚ-ның молекулярлық құрылымын ашқаны үшін — физиология немесе медицина саласындағы Нобель сыйлығына ие болды.

Иван Петрович Павлов(1849 — 1936) — орыс ғалымы, бірінші орыс Нобель сыйлығының лауреаты, физиолог, жоғары жүйке қызметін және жүйке тізбектерін қалыптастыру ғылымын жасаушы; Ресейдің ең ірі физиологиялық мектебінің негізін қалаушы; «ас қорыту физиологиясы бойынша жұмысы үшін» Физиология немесе медицина саласындағы Нобель сыйлығының 1904 жылғы лауреаты. Ол, құдай туралы: «Адам ақылы орын алған нәрселерге себеп іздейді. Қашан соңғы себепке дейін жеткен кезде, әне сол Құдай. Барлық істе де себеп іздеп талпынғандар сол құдайға жетеді. Ал, мен құдайға сенбеймін. Мен діндарлар отбасында өстім, өзім дін қызметшісінің баласымын. 15-16 жасқа келген кезде түрлі кітаптар оқыдым. Қайта өзгеріске түстім, әрі бұл маған оңайға соқты. Адамның өзі құдай туралы түсінікті санасынан шығарып тастау керек», дейді.

Альберт Камю (Albert Camus. 1913 – 1960) — экзистенциализм бағытындағы француз жазушысы және философ, тірі кезінде-ақ «батыстың ар-намысы» деп құрметтелген, Нобель сыйлығының әдебиет бойынша 1957 жылғы лауреаты болды.

Докинз Ричард(Clinton Richard Dawkins. 1941. ) Ағылшын этологі, эволюциялық биолог әрі жазушы. Атеист һәм гуманист. Ғалам мен жер бетіндегі жаратылыс туралы «қолдан жасалған» түсінігіне түбегейлі қарсы шыққан. Кітаптары 31 тілге аударылып, миллиондаған тиражбен сатылған. 2006 жылы жарыққа шыққан «Құдай елесі (The God Delusion) кітабында құдайдың барлығы мен діндердің қажеттілігі үшін айтылатын дәстүрлі «дәйектерге» қарсы шығып, атеистті көзқарасын ұстанды.

Виталий Лазаревич Гинзбург (1916-2009) - Кеңес Одағының және Ресей Федерациясының теоретик-физигі, физика-математика ғылымдарының докторы (1942), профессор (1945), Ресей ғылым академиясының академигі (1991), Нобель сыйлығының физика ғылымы бойынша лауреаты. Еңбектерінің негізгі бөлігі радиотолқындардың таралуы, астрофизика, ғарыштық сәулелердің пайда болуы, Вавилов-Черенков сәулеленуі, плазманың табиғаты, кристалдық оптика және тағы басқа тақырыптарға жазылған. Оның 400-ден астам ғылыми мақалалары мен теориялық физика, радиоастрономия мен ғарыштық сәулелердің табиғаты туралы 10 монография жазған. Ол, құдайдың жаратуын емес эволюциялық процесті қуаттайды. «Ресей ғылым академиясындағы мың 200 адамның, мыңы (%84) құдайға сенбейтініне сенімдімін» деп мәлімдеме жасаған болатын.

Стивен Вйнберг(Steven Weinberg. 1933.) Американдық физик. 1979 жылғы Нобель сыйлығы иегері. Ол, 1999 жылы Вашингтондағы космология туралы конференцияда жасаған баяндамасында: «Дін адамзаттың құндылығын қорлайды. Дінмен де, дінсіз де, жақсы адамдар мейірімділігін, жаман адамдар жауыздығын жасай береді. Бірақ, жақсы адамдарға жауыздық жасату үшін, оған дін қажет» деп мәлімдеме жасаған болатын.

Бұлардың арасына мұсылман деп білінетін Түрік елінен жазушы, ойшыл Тұран Дұрұн(Turan Dursun . 1934 – 1990) мен танымалы сықақшы Әзиз Несинді(Aziz Nesin. 1915 – 1995) қосуға болады. Тұран Дұрсұн өмірінің бастапқы жылдарында имам һәм мүфти болған. Кейіннен жасаған зерттеулерінде Ислам діні мен Мұхаммед Пайғамбарды ауыр сынға алған. Осындай зерттеулерінен кейін Ислам фундаменталистері қорқытып бопсалаған. 1990 жылы үйінің алдында қастандықпен атып өлтірілді. Оның сын сөздері кең таралған, солардың бірінде «Еркіндікті матаған әртүрлі шынжыр шағылуы керек. Ең әуелі бастағы «иман» шынжыры. Иман шынжырына байланған сана тұрақты, ауыспайды. Бұл болса табиғаттың эволюциялық құрылымына теріс. Шынжырлы сана толыса алмайды. Ауысуға, жетілуге пейілді де болмайды», дейді. «Ақыл мен білім интеллигент бөлімде. Дін мен Иман болса қараңғылықта. Ақыл мен білімнің өлшемдері белгілі, бақылайсың, тәжірибе жасайсың, объективті қарайсың. Дінде болса бұлар мүлде жоқ», дейді тағы бір сөзінде Тұран Дұрсын.

Азиз Несиннің тірі кезінде үстінен 300-ге жуық қылмыстық іс қозғалған. 5,5 жылға жуық өмірін түрмеге берген жазушының кітаптары 10 миллионға жуық тиражбен сатылған. «Дін мен Ақылақ сабағын дінсіздер үйретсін. Діндер арасында салыстыру жасайтын, обьективтік көзқараспен зерделейтіндер дінсіздер. Бір дінді ұстанушылар басқа дінге бірдей қашықтықтан объективті көзқараспен қарай алмайды» деп, дін ұстанушыларды сынға алады.

Әрине, атеист екенін ашық айтқан көптеген ғалымдар бар. Мен, ең танымалы дегендерін атап өттім. Әлемді уысына ұстап, билік жүргізген Қытай көсемі Мау Зыдоң, Коммунистер көсемі Ленин, СССР-дің соңғы билігін ұстаған Горбачев сияқтылар да атеист болған.

Нобель сыйлығын алған Бернард Шоу, Михаил Шолохов, Жозе Сарамаго сияқты жазушылар да атеисттер қатарынан.

Ал, қалың жұрт киноларын тамсанып көретін Анджелина Джоли, Брэд Питт, Кира Найтли сияқты Голливуд жұлдыздар тапқан табыстарының қаншама қаражатын қайрымдылыққа жұмсап жүргенін менен гөрі сіз жақсы білерсіз.  

Ал, технология әлеміне төңкеріс жасаған Microsoft-тің құрушысы, Билл және Мелинда Гейтстер қайырымдылық қорымен миллиардтаған долларын қайрымға жұмсап жүрген ең бай адам Билл Гейтсті;

Жұрт қолынан тастамай, жаңасы шықса алуға асығып армандайтын Айфондарды өндіруші Apple компаниясының негізін қалаған, Стив Джобсты;

Көбіңіз көтен ойылғанша  күнде жабысып отырып, «сақал санап» жүрген Facebook-ті өмірге әкелген Марк Цукербергті қайда қоясыз?

...

Кеше ғана әлемнің мұсылмандары үшін ең қасиетті жері Мекке орналасқан Сауд Арабия өзіне келушілер үшін виза құнын 5 есеге өсіргенін естідім. Сирияда күнде соғыс, миллиондаған тұрғын өздері кәпір санайтын Еуропаға босып кетті. Түркияда күнде жарылыс. ДАИШ ешкімге ес бермей тұр. Бағдатың да, Кабулың де тыныш емес. Не деуге болады? Құдайға біз ғана жақынбыз дейтін мұсылмандар төрт қатынның соңында жүргенде атеист ғалымдар айға да ұшты, көкті де, жерді де, теңізді де зерттеді. Ал, сіз мұсылман болсаңыз не істедіңіз? Ертең құдайыңыздың алдына не деп барасыз?

Оразиман Несіпұлы

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір