• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 02:21:38
Алматы
+35°

07 Қараша, 2016 NEWS

БҮГІН МАРҚҰМ АСҚАР ЖӘКУЛИННІҢ ТУҒАН КҮНІ

«Ерді елі ұмытпайды. Елі ұмытса да жері ұмытпайды». Бұл халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің Жәкуланың "қызыл тасында" айтқан сөзі еді....

«Ерді елі ұмытпайды. Елі ұмытса да жері ұмытпайды». Бұл халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің Жәкуланың "қызыл тасында" айтқан сөзі еді. Бүгін сол Жәкуланың немересі Асқар Әнуарұлы Жәкулиннің туған күні.

Марқұм тірі болғанда 51 жасқа толар еді. Оның екі тегі де қаракөк болған. Өзінің атасы ­Жәкулә Күшікұлы 1885 жылы Омбыдағы фельдшерлік техникумді бітірген. Сол замандағы патша армиясының әскери дәрігері болған. 1909 жылы сол кездегі Прожевский (Қырғыз жерінде) губерниясының хатшысы деңгейімен қызметтен босап, туған жері - Ақсуатқа қайтқан. 20 жылдары Алаш қозғалысымен ниеттес, тілектес болғаны үшін қудаланып, ақыры балаларын-ауылын алып, қарулы қарсылықпен Шәуешекке өткен кісі. 1933 жылы Шәуешекте белгісіз жағдайда оққа ұшқан. Жакуланың інісі - Әбілмәжін де 1912-1917 жж. Варшава мал дәрігерлік институтын бітірген кісі. 1936 жылы алашшыл "халық жауы" ретінде атылған.

Асқардың нағашы тегі де Қу дауысты Құттыбай би, Байғара би, Ақтайлақ би болып, Абылайхан заманынан бастау алатын әйгілі тұлғалардан келеді.(Құттыбай мен Ақтайлақ 1761 және 1773 жылдары Қазақ хандығының елшісі ретінде Пекинге барып, Чин императорымен келіссөз жүргізген кісілер) Ал Асқардың әкесі Әнуар, оның ағасы ­Мағауия Қытайдағы үш аймақ үкіметінің белді кадрлары болған, ол жақта Іле қазақ автономиялы облысы құрыларда екеуі екі аймаққа басшы болған адамдар. Ал анасы - Бәтима Жәкулина да өз ғұмырында үлкен лауазымды қызметке жеткен жазушы, шешен тілді аса тәрбиелі, беделді адам болған.

Асқар өзі Қытайда туып-өскен, біраз жыл Германияда тұрды. Кейін Қытайға қайта келіп, Пекинде үлкен жеке меншік құрылыс компаниясын құрып, ірі ғимараттар тұрғызды. Бай болды, үйленді. Сөйте тұра сәбилі болар сәттерінде Пекинді, байлықты бәрін тастап, жары Жайнаны жетелеп, Тәуелсіз Қазақстанға - Алматыға біржолата оралды. Онымен сұхбаттас, сырлас болған азаматтар оның соншама терең білімді екенін, Еліне, ұлтына, ұлттық мемлекетіне деген сүйіспеншілігі шексіз екенін, және оның биік мәдениетті әрі жайсаң азамат екенін біледі. Ол атымтай жомарт,­ үлкен меценат еді, әрі керемет іскер ұйымдастырушы еді. Қазақстанға келгеннен кейін, ол "Асай" деген компания құрып,­ оны биік қаржылық мекемеге айналдырды. ­Ірі мәдени шараларды ұйымдастырды.

Жәкулин ұзаққа созылған науқастан 2016 жылы 2 ақпан күні Қытай астанасы Бейжіңде мәңгілік сапарға аттанды. Оның өсиет хаты «Қамшы» порталында жарияланған еді. Асқар Жәкулин бірнеше тілде (қытай, неміс , ағылшын, түрік жане өз ана тілінде ) еркін сөйлейтін. Елге оралған соң қазіргі кириллица жазуымен қоса орыс тілін де жақсы меңгеріп алып еді. Ұйғыр тілінде де әдемі әзілдер айтып, шалқая шашылып күлетіні болатын.

Асқардың өмірі мен атқарған ісінен отанға,  ұлтқа деген ұлы сүйіспеншілік көрініп тұратын. Біз, Асқар Әнуарұлының туған күнінде оны білетін сағынған жұртпен бірге құрметтеп, еске аламыз.

«Қамшы» порталы Асқар Әнуарұлының туған күніне орай оқырмандарына, ақын, Алмас Ахметбекұлының арнау өлеңін ұсынады.

Асқар ЖАКУЛИН:
(Монолог орнына)

Тәңірімсің –
кең даласы қазақтың.
Қанымда тұр қасиетің құюлы.
Мені шексіз махаббатпен жараттың,
Сен үйреттің қалай шексіз сүюді.

Азаттығын көрдім туған ұлтымның –
Еңсе тіктеп,
көтергенін тізесін.
Қуанышы жүрек жарар бұл күннің 
Маған қалай күш бергенін білесің.
Бір сен үшін бұлқындым да, ұмтылдым
Қайратты едім – «тепсе темір үзетін».

Сенде өтті ата-бабам еңселі,
таптым ізін – бір ғасырлық мұрасын.
Атамекен,
Құшақтадым мен сені
Құшақтауға жетіп тұрды құлашым.

Сүйген жарым,
маған арнап бар демін
Маған ерді күйдіріп қос өкпесін.
Ұлым, қызым –
менің асыл дәндерім,
Отанында ормандай боп көктесін!

Қазақстан,
сені сүйдім елжіреп,
Арнадым мен аз ғұмырда көп қайрат.
Көкке шықсын жеңіл жаным, желбіреп
ең соңғы рет жабыңдаршы Көк байрақ!

2016 ж.

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір