• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 11:39:25
Алматы
+35°

«ТУҒАН КҮН ТОЛҒАНЫСЫ»

Туған күніңмен, Асқар - Бекзатым менің, туған күнің құтты болсын! Туған күн дегенде бірге өткен талай тәтті күндер еске түседі.

1985 жылы біз Бейжіңнің Сян-Шань тауында алғаш рет туған күн тойлап едік. Ол күні мен он тоғызға, ал сен жиырмаға толып едің. Біздің ең тамаша күндерімізде табыстырып, жалынды жылдарымызды қауыштырғаны үшін Аллаға алғыс айтамын. Менің туған күнім сенікінен бірнеше күн бұрын болатын. Студент кезімізде сенің қалтаң менен гөрі "қалың" еді. Сен үнемі менің туған күнімді ескерусіз қалдырғандай болып, қарашаның жетісі күні мен саған туған күн сыйлығын ұсынғанда барып, сен маған тосын сый жасайтынсың. Ол мені қысылып-қымтырылып қалмасын дегеніңнен, аялап-ардақтағаныңнан еді. Иә, ол сен едің, ол сенің жаның, сенің болмысың еді. Бейжіңде тұрғанымызда бір қыз үйге телефон шалып, сені іздеді. Мен оған сенің үйде жоқ екеніңді айтып, аты-жөнін сұрадым: − Мен бір қарындасы едім, сіз кімсіз? - дейді әйел дауысы. "Мен де қарындасымын ғой" деймін мен. Сен келген соң саған әзілдеп: "Мен сенен бір жас кішімін - ол мәңгі, ендеше, мен де мәңгі қарындастаймын", - дедім. Ал бүгін ше, мен айтқандай болмады. Сен қартаймадың, жасың мәңгі тоқтады. Ал мен ертеңге, егделік жасқа жалғыз кететін болдым. Сонда менің ертеде айтқан еркелік сөзім ерсі болғаны ма?

Біраз жыл бұрын менің туған күнімді үйде тойладық. Сен үйге қанша қыз шақырып, қызмет жасатып, айрықша әсермен, салтанатпен кемеліне келтіріп ұйымдастырып едің. Ал өзің ханзада бейнесіне еніп, суырыла сөйлеп, маған мақтаулар айтып, әлсін-әлі біздің махаббатымызға мадақ арнап тебірене жүргізіп тұрдың. Мен ыңғайсызданып, "Жасамыс тарттық емес пе, туған күнді жас жұбайларша жасағанымыз жарасып тұрған жоқ сияқты" дедім. Енді ойласам осының бәрі жазмыштың әдейі орналастыруы секілді. Біз 45 жасқа толарда туған күнімізге сыйлық болсын деп "Мерседес" автокөлігіне тапсырыс беріп едің. Автокөлікті алатын күні сен маған «Мені күт, түскі асты бірге ішеміз» дедің. Мен сені түс ауғанша күттім. Сағат үш болғанда ғана жаңа машинамызға отырып, енді мейрамхана іздедік. Біраз жерден көлік қоятын тұрақ таппадық. Түскі асты уақытымен ішіп дағдылаған менің шыдамым бітіп орындық арқалығына сүйеніп отырып: «Отағасы, енді түстенбесек ертең теле арналар жазады бізді» - деймін. − Неге, не деп ? –дейсің сен. − Ең соңғы үлгідегі мерседес авто көлігінде екі адам аштан өліпті деген сенсация болады,− деймін. Сондағы қарқылдап күлген дауысың әлі күнге құлақ түбімнен жаңғырады. Сен қырық тоғызға толған күні мен Жапонияға үлгеріп жетіп, сенің жанында болып едім. Мейрамхана сенің туған күніңе соншама әсем, әдемі бал күлше сыйлап еді. Қонақ үйге оралғанда сен менің қос қолымды алып, "Сен жеттің-ау, ақыры!"- деп, көз жасыңды төгіп жіберіп едің. Ал біздің сол жолы бөлінгенімізге тоғыз-ақ күн болып еді. Онда да мен Жапон елшілігінің визасын күтіп, Бейжіңде қалып қойған болатынмын. Сенің елу жасыңды біз емханада өткіздік. Аға-жеңгелеріміз, балаларымыз Бейжіңге жиналды. Қызымыз қаншама шарды бірден үрлеп, палатаны, коридорды әрлендіріп жүр. Ұлымыз үрлеген шарларды ұстап ерсілі-қарсылы ойнақ салады. Туыстарымыз, достарымыз, әріптестеріміз әр тараптан бейнелі құттықтау жолдады. Біздің көзімізде жас, көңілімізде мұң, жүрегіміз жылап тұрып сенің туған күніңе арналған оттарды жағып едік. Мен ол күннің сенің соңғы туған күнің боларын ойламаппын. Сен жарақатыңнан қансырап, естен танып ұзақ жаттың. Қайтадан басыңды көтеріп, үнсіз қалғаныңда дәрігерлер қатты абдырап, «Сені ақылына келе алмайды, қазір кісі танымайды», - деді. Мен қайтерімді білмей қарсы алдыңа барып, - Асқар, мен кіммін? - дедім. Сонда сен сұқ саусағыңмен мені нұсқап, сонан соң жүрегіңді көрсеткенде, "менің сүйіктімсің" деген сөзді естіп тұрғандай болып едім. Біздің туған күніміз келе жатыр, Асқар. Туған күніміз құтты болсын! Бірақ сенсіз мен оны қалай тойлаймын? Сен менімен бірге қартаюға уағда беріп едің, қайдасың енді? Еңірегенімді, етегім жасқа толғанын көресің бе сен? Сен Германияға кетіп төрт жыл бойы алыстаудың азабын тартып едік ғой. "Сен енді ешқашан бөлінбейміз"- дегенсің. Бүйтіп айырыламыз дедік пе? Бізді адам айырған жоқ, Құдай айырды. Біз 31 жыл бірге өмір сүрдік. Бір бірімізге күн сайын еміреніп, күн сайын тебіренетін едік. Онымызды Құдай көп көрді ме екен? Солай шығар. Ертерек білгенде бәлкім, басқаша жасар ма едік? Кеше көрген ауыл бүгін жоқ, уақыт қайта айналып келмейді, бірақ сен барсың, сен мені көресің, аялайсың, күтесің. Сен мені туған күніммен құттықтайсың. Көз жасымды құрғатасың. Мен де сөйтемін, туған күніңмен Асқар! Туған күн мәңгі тойлансын!

Жайна Жәкулина

28.10.2016 жыл Алматы

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір