• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 15:57:06
Алматы
+35°

07 Қараша, 2016 NEWS

ТҰҢҒЫШБАЙДЫҢ ТЕРЕҢ СӨЗДЕРІ

Поэзия, оны прозаға, тозаққа айналдырып жүрген өзіміз… Алла Тағала адамдардың тілдерін әр түрлі ғып, түсіністікпен айырып жібермегенде, құдаймен...

ӨМІР

Поэзия, оны прозаға, тозаққа айналдырып жүрген өзіміз… Алла Тағала адамдардың тілдерін әр түрлі ғып, түсіністікпен айырып жібермегенде, құдаймен теңеспек оймен бе, бәлкім аспандағы Жұмаққа қайта оралу үшін бе екен, олар әйгілі Бабыл Мұнарасын аспанға дейін салып алар ма еді…

БАҚЫТ

Соқыр құс. Сондықтан кім көрінгеннің басына қонады. Қадірін білген ұялатады. Білмеген үркітеді. Адам баласы өмір бақи сол құстан көз алмай, күтіп өтеді. Бақытты өз қолымен жасаймын дейтіндер де болады. Қолдан жасалған нәрсенің қадірі болғанмен, қасиеті болсын ба…

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Жапалық.  Ортаңнан оқшаулық. Өзге өлшем. Айналаңның арзандығын сезіну. Биігің пәс, тереңің саяздағанына қапа болу. Бұл ақылы барлардың ауруы, ақылсыздар жалғыздықты сезінбейді ғой. «Ақымақтың аты арып, тоны тозбайды» дегенді атам Жаманқұл Рахымелі жиі айтатын. Алайда жалғыздық Аллаға ғана жарасқан. Біздікі әшейін пендешілік.

МАХАББАТ

Мән. Мазмұн. Өмірдің мәні мен мазмұнын айтамын. Бұл да адам баласына Алланың жіберген құдіреті. Жалғыз адамға ғана емес, бүкіл жан-жануарға да дарытылған сиқыр. Олар тек оны сезіне алмайды, оларға жүрек дейтін «жұдырық» берілмеген. Махаббат бар жерде аспандау, ұшу бар, мұңдану бар. Сағынып, сарғаю бар. Аһылеп, үһілеу бар. Аспандау деген – жұмаққа жақындау емес пе?! Демек, махаббат – Жұмаққа талпыну!

СҰЛУЛЫҚ

Көздің құрты. Тән сұлулығын айтамын. «Сыңғырлап өңкей келісім» деп Абай хәкім айтқандай, сұлулық деген – нәзіктік, мөлдірлік, түзулік, тазалық, симметрия, параллель… Ал жан  сұлулығы көкірегі соқырларға көрінбейді. Бұлар да Алланың өзінің аса ықыласпен жаратқан пендесі Адамды елжірей сүйіп, сүйсініп, шын жүрегімен, ерекше мейірлене жасайтын «шығармасы», құдіреті.

ҚЫЗҒАНЫШ

Қызыл ит.  Дерт. Адам баласының ағзасына, мендік эгоизм мен меншіктік менталитет пайда болғанда, Ібіліс жіберген індет. Тобашылдық бар жерде ол ит «үрмейді де, ырылдамайды». Сүйіспеншіліктен туындаған қызғаныш деп, адамдар өзді-өзін алдарқатуға болмайды, демек, ол сезім екеудің бірінде жоқ болғаны…

ТАҒДЫР

Адамдардың өздері, өз қолымен жасайтын тәлкегі. Өзің жасаған нәрсеге өкпелеуге болмайды…Қоғам мен заманның тәлкегіндегі тағдыр – зауалды күнә. Ол зауалмен күресіп немесе мойынсұнып шейіт болғандардың жаны жәннатта шығар… зауал жасағандар – тозақта болар…

ТӘУЕЛДІЛІК

Құлдық. Кемістікті мойындау. Ноқтаға көнушілік. Ынжықтық. Тұяқ серіппеуді әдетке айналдыру.

ТЕКТІЛІК ПЕН ҰЛЫЛЫҚ

Тереңдік. Қаннан келеді. Ұлылық – биіктік. Алладан дариды.

ӨНЕРДІҢ МАҚСАТЫ

Өмірдегі өтіріктерден алшақтату. Кездесе бермейтін әділет пен шындықтың ауылына жол сілтеу. Адам баласының бір-біріне бауыр екендігін көзге шұқып айту. Жүректеріне көбірек құлақ асып, ақылдарын ат теппеуін ескерту.

Әзірлеген – Әсия Бағдәулетқызы.

"Халық сөзі"

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір