• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

17 Сәуір, 01:32:01
Алматы
+35°

Еврейлер өз балаларына ерекше ықыласпен қарайды. Сол себепті еврей балаларының тәрбиесі басқа халықтарға ұқсамайды. Психологтар мұндай тәрбиенің жағымды тұстарымен қоса, жағымсыз тұстары бар екенін айтады.Қалай десек те, еврей балалары жылу мен мейірімге зәру емес. Ең бастысы, олар өздеріне сенімді әрі табысты болады.

1. Баланы кемсітуге болмайды

Еврей халқында қай ана болмасын баласына ешқашан «сен жамансың» деп айтпайды. Оның орнына: «Сен сияқты керемет бала мұндай ақымақтыққа қалай барды?» дейді.

«Менің баламда кемшілік жоқ және болмақ емес» - бұл еврей ананың басты ұстанымы. Анасы баласының кемшілігін көруі мүмкін, бірақ ол туралы ана ешкімге тіс жармайды.

2. Шамалы еркіндік

Еврей отбасында балаға еркіндік беру және жоғары талап қою сияқты бір-біріне қайшы келетін екі ұстанымды үйлестіруге тырысады. Бұл дегеніміз қабырғасы берік, кең, жарық бөлме деген сияқты.

Еврей отбасында бала ата-анасының басына шығып ойнап, анасының бет бояуымен әкесінің құжаттарына сурет салуы мүмкін. Бұл үшін балаға ата-ана айқайламайды. Еврейлік ата-ана үшін, баланың еркіндігі – арнайы тәрбие тәсілі емес, ауадай қажет дүние. Ал бала шектен шыққан жағдайда қатал тәрбие басталады. Бала да мұны түсінуі қажет. Себебі, анасының әтірін төгуге рұқсат берілгенмен, әжесінің басынан ұрып ойнауға ешқашан рұқсат жоқ!

3. Баланы мақтай беру

Анасы баланы үнемі мақтай береді. Бала кішкене қолын қимылдатса да, бір буын артық оқыса да, анасы үшін ол үлкен жетістікпен пара-пар. Бұл «жаңалықты» баланың көзінше барлық таныстарға, туыстарға хабарлайды. Ал одан да үлкен жетістікке жеткен бала міндетті түрде қолпашталып, мақтау-мадақтауға ие болады.

4. Өзінің іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау

Еврейлер баланың көз алдында жасалған кез келген іс-әрекеттің салдары қиын болуы мүмкін екенін біледі. Баланың алдындағы жауапкершілікті сезінеді. Сол себепті ойланбай сөйлей салу, оғаш іс-әрекет жасау деген сияқты дүниелерді балаға көрсетпеуге тырысады. Сол арқылы балаға өзінің іс-әрекетіне, сөзіне жауап беруге үйретеді.

5. Отбасындағы махаббат пен сыйластық баланың психикалық саулығының кепілі

Еврей дәстүрі кез келген отбасының негізі әке мен ана екенін ерекше дәріптейді. Сондықтан балаға ерте жастан ананың әкеге деген ықыласы мен әкенің анаға деген құрметі арқылы тәрбие береді. Егер бала ата-анасының қарым-қатынасы дұрыс екеніне, олардың бірін-бірі құрметтеп, сыйлайтынына көзі жетіп, махаббатты көріп өссе, ол өзін қорғаныста сезінеді. Сонымен қатар, ата-ананың мұндай әрекеті – бала үшін үлгі-өнеге. Кейін өскен кезде, ол тура сондай отбасын құруға ұмтылады.

6. Ата-ана болуға үйрену

Ата-ананың тәрбиесі бала туылмай тұрып басталады. Тұрмысқа шыққан қызға «өзің үшін өмір сүр» деп үйретпейді, ең негізгі қызметің отбасың мен үйің деген түсінік қалыптастырады. Қажырлы, білімді, өзіне сенімді бала тәрбиелеу үшін, еврей халқы тәрбие берудің кешенді әдіс-тәсілдерін дайындаған. Израильде кез келген адам осындай курстарға барып, балаға тәрбие берудің түрлі жолдарын үйрене алады. Мұндай еврейлік курстар әлемнің басқа да қалаларында бар. Бұл жерлерде айтылатын ең басты қағида – «әйел, ана», «ер-азамат, әке» болу үшін, бәрін өзіңнен бастау керек, яғни, өзіңді тәрбиелеп, өзіңнің біліміңді жетілдір.

7. Уақытты дұрыс пайдалануға үйрету

Еврей балалары жалқаулық пен аулада бос уақыт өткізудің не екенін білмейді: музыка, ағылшын тілі, математика — аз-аздан болса да, бәрін білуі тиіс. Олар кішкене кезінен бастап үнемі бірдеңемен айналысу дұрыс деп санайды.

Материал  Mazhab.kz  сайтынан алынды

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір