• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
24 Қазан, 00:31:57
Назарбаев: "Нұр Отан" халықты мазалайтын мәселелерге араласпайды

08 Қараша, 2016 Әлеумет

Қандасымыз Айшолпан туралы «Бүркітші қыз» фильмі «Оскарға» ұсынылмақ (Видео)

Монғолиядағы этникалық қазақ, бүркітші қыз Айшолпан туралы «Бүркітші қыз» фильмі Оскарға ұсынылмақ, деп хабарлайды «Қамшы» порталы

Монғолиядағы этникалық қазақ, бүркітші қыз Айшолпан туралы «Бүркітші қыз» фильмі Оскарға ұсынылмақ, деп хабарлайды «Қамшы» порталы Егемен Қазақстанға сілтеме жасап.

Бәрі бүркітшілікке тәнті атақты америкалық режиссер Отто Беллдің израильдік фотограф Ашер Свиденски түсірген Айшолпанның суретін көрген кезден басталыпты. Сол сәтте оған Айшолпан туралы фильмнің идеясы келеді.

Екі жылға созылған жұмыс аяқталып, Отто Белл «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntress) деректі фильмін қазан айында көпшіліктің назарына ұсынды. Фильм Нью-Йорк пен Лос-Анджелес кинотеатрларында 28 қазаннан көрсетіле бастады. Бір жарым сағаттық туын­ды ағылшынша және кейіп­керлердің сөзі субтитрлермен берілген.

Бүркітпен аң аулау ер адамның ісі саналатыны жайлы естіген фильм авторлары ауыл ақсақалдарына барып, бұл жайдың мәнін сұраған. Сонымен қатар, Отто Белл дәстүрді біл­мейтін көрермен дұрыс түсін­бей қалуы мүмкін деген оймен аңшылықтың кей көріністерін қысқартқанын айтқан.

Фильмнің продюсері әрі дыбыстаушысы «Жұлдызды соғыс» («Звездные войны») актрисасы Дейзи Ридли болды. Отто Белл Business Insider порталына берген сұхбатында Ридлидің Айшолпанның оқи­ғасына ерекше толқығанын айтқан. Deadline басылымына берген сұхбатта Дейзи өзі де: «Айшолпанның оқиғасы маған ерекше әсер етті. Сондықтан осы фильмнің бір қатысушысы болғым келді. Жобаға қатысқанымды мақтан етемін», – деді.

Фильмді Латын Америкасы, Жаңа Зеландия, Германия, Аус­тралия мен Азияда көрсету құ­қығы Sony компаниясына тиесілі. 20th Century Fox Animation картинаға ремейк түсіру туралы келісөздер жүр­гізіп жатыр. Бірақ бұл идеяны жүзеге асыру үшін Sony Pictures компаниясының келісімі керек. Екеуі бәсекелес болғандықтан, әзірге болашағы белгісіз. Деректі фильм негізінде анимациялық фильм жасау құқығы 2 миллион долларға бағаланып отыр. Бұл құқық аясына, сондай-ақ, әлемнің бірқатар елдеріне тарату мүмкіндігі де кіреді.

Айшолпан қазір Баян-Өлгий қаласындағы Моңғол-Түрік кол­леджінде 10-сыныпта оқиды.

1 қараша күні «Қазақстандық бүркітші қыз» деп мақала жариялаған «New York Times» екі күннен кейін қателескендерін жазып, Моңғолияда тұратын қазақ қызы екенін айтып, түзету жариялады. Фильм туралы басқа да әлемдік БАҚ жазып жатыр. Кейбірі Айшолпанды «ғасырлар дәстүрін бойына сіңірген ару» атады.

Айшолпанды ұяң, нәзік әрі батыр қыз деген North West Herald америкалық басылымы «Бұл фильм көрерменді Ай­шолпанның әлеміне апарады. Айшолпан өскенде дәрігер болуды армандайды. Бірақ бүркіт­шілікті тастағысы кел­мейді. «Бүркіт­ші қыз» – жастарға шабыт беретін, әсерлі пейзажымен жүректерге жылу беретін фильм» деп жазды.

Daily News «Моңғолияның батысындағы Алтай тауларында түсірілген фильм бүркітпен саятшылық жасау дәстүрін көрсетеді. Бұл көшпенді қазақ­тардың ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп келе жатқан өнері. Айшолпан – осы дәстүрді меңгерген ерекше қыз» деп жазды.

Айта кетейік, Отто Белл «Бүркітші қызды» «Оскарға» ұсынғалы отыр.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір