• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 01:39:10
Алматы
+35°

08 Қараша, 2016 NEWS

ТҰҢҒЫШБАЙ ЖАМАНҚҰЛОВТЫҢ ЕЛБАСЫНАН АРАША СҰРАҒАН ВИДЕОСЫ ЖАРИЯЛАНДЫ

Интернетте жақында ғана «қаржы жымқырды» деп тұтқындалған Тұңғышбай Жаманқұловтың, қамауға алынардан бірнеше күн бұрын Елбасына арнап жазған видео...

Интернетте жақында ғана «қаржы жымқырды» деп тұтқындалған Тұңғышбай Жаманқұловтың, қамауға алынардан бірнеше күн бұрын Елбасына арнап жазған видео мәлімдемесі пайда болды, деп хабарлайды «Қамшы»  порталы  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Видеода актер Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен бас араздығының болғанын, фильмге бөлінген қаражатты «Қазақ елі» сериалына аударып жібергенін, Талғат Жәнібековтің шалыс басып, министрді айыптап ағат қылық жасағанын, өзінің Еңлік Сыдықованы қорғап, журналиске видео сұхбат бергенін, Арыстанбек Мұхамедиұлымен түсінісу үшін Астанада кездескенін, кешірім сұрағанын мойындай отырып, бірақ мәдениет министрінің мәміледен бас тартқанын, «бала-шағаң қаңғырып қалады» деп қоқан-лоққы көрсеткенін, қисынсыз айып тағып, талап қойғанын айтқан.

Еске салсақ, 2 қараша күні «69 миллион теңге жымқырды» деген айыппен Халық артисі, танымал актер Тұңғышбай Жаманқұлов қамауға алынды. Бұған дейін Жаманқұлов продюсерлік ететін "Феникс" көркем фильміне қатысты дау туындап, бірнеше тексеру болған.

Кино мен театр сахнасында жүздеген рөл сомдаған актер Жаманқұлов бұған дейін Мәдениет және спорт министрін айыптаған еді. Оған Еңлік Сыдықова есімді қыздың министрді айыптаған мәлімдесі түрткі болған болатын.

Тұңғышбай Жаманқұловтың Елбасына арнаған видеодағы «араша сұрау хаты»:

 «Аса құрметті Президент мырза! Қадірлі Елбасы! Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы!

Мен Тұңғышбай Жаманқұлов, өзіңіз жақсы білетін, Қазақстанның халық әртісі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ өнеріне қал-қадірінше қызмет етіп жүрген бауырларыңыздың бірімін.

Осы видео арнау арқылы сұхбат жүргізуіме бір мәселе болып тұр. Ол - Мәдениет министрі Арыстанбек ініміздің менің түбіме төндіріп отырған қара бұлттары жайында. Өзіңіз білесіз, мен 2 жыл бұрын сіздің қабылдауыңызда болғанда Арыстанбек екеуміздің арамыздағы қарым-қатынас жайында сұрағаныңызда, Мен, сіздің кадрыңыз болғандықтан, министрлік жұмысын енді бастап жатқандықтан артық ештеңе айтпаған едім. Өйткені, ол, елдің қадірі, сіздің қадіріңізге байланысты болғандықтан, жұмысты жаңа бастаған соң жауапты істейтін шығар деген ойда болдым.

Әрине, басқа жұмыстарының бәрі жақсы болып жатқан шығар. Бірақ, менің төңірегімде болып жатқан ыңғайсыз жағдайларды сіздің құлағыңызға шалдырып, есіңізге салғанды жөн көріп отырмын:

Міне бір жылдан асты. Арыстанбек Мұхамедиұлы менің барлық жұмыстарымның алдына тосқауыл қойып, түсіріле бастаған кинома шектеу жасап, мемлекеттің бөлген ақшасын бізге жіберттірмей, әр түрлі сылтауларды айтып, тоқтатып, ақыры ол ақшаның тоқсаннан астам процентін «Қазақ елі» сериалына аударып жіберді. Бұл мәселе жөнінде маған өзі ертерек айтса, маған осы керек болып жатыр десе, мен ешқандай да қарсылық білдірмес едім, өйткені бұл еліміздің абырой үшін түсіріліп жатқан дүние.

Бірақ, күнде ертеңмен, ертең, тағы біраздан кейін, ақша жіберем тосасыздар деген сылтаумен соза келіп, ақыры аяғы осындай болды. Кейіндері біздің төңірегіміздегі жұмыс істеп жүрген жиырма шақты адам айлықсыз қалып, аса қиын жағдайда жүрген кезде «Феникс» фильмінің режиссері және сценарий авторы Талғат Жәнібеков деген бауырымыз жастықпенен, ашуменен байқамай теледидардан ауыр сөз айтып қойды. Оның өзіне «ұят болды» деп айтқан болатынмын. Кейінірек түсініскендей болып еді, бірақ бәрібір сотқа беріп оның жүнін жықты.

Сол кездерде аяқ астынан «Өнер академиясында» оқыған бір қыздың видео мәлімдемесі шығып, айғай-шу шығып кеткенін жұрт біледі. Мен жеті қарындастың ағасы болғандықтан, менің де қызым болғандықтан, бұл қыз бала жылап жатыр, осыған қысым жасалып жатыр деген сөздер айтылған соң журналистпін деп келген бір қызға «ондай өсекті естіп едім» деп видео интервью беріп қойып едім. Ол кінәмді мойындаймын.

Бірақ, мен кейін Арыстанмен түсініспек болып алдына барып сөйлескен кездердің бәрінде «мақұл, мақұл» деп менің сөзімді құптамай, ісімді оңға бастырмай қойды. Кейін, қысастықпен қастандық жасап менің басқарып отырған «Қазақстан театр қайраткерлері» одағын ыдыратып, оның Алматыдағы театр директорларының бәріне қоқанлоқы жасап, «одақтан шығыңдар» деген әңгіме жүргізіп, осындай ыңғайсыз жағдай жасады. Алматыда алты театр болды, еліміздегі басқа өңірлердегі 48 театрдың қызметшілерінің бәрі менің жағымда. Олар менің бұл одақты қалай көтергенімді біледі. Сондықтан маған деген олардың ықыласы ерекше.

Бұл – Сіздің арқаңызда маған келген абырой-атақ деп есептеймін. Мен әрбір артық сөзімде елімізге ешқандай да нұқсан келтіретін сөз айтқан емеспін. Сізге деген ерекше ықласымды ылғи да алдыма сөз қып айтып жүремін. Сіздің елімізге сіңірген еңбегіңізді ылғи да аспандатып жүремін. Қазір біздің қазақ мемлекеті жер дүниеге мәшһүр болған үлкен мемлекет болғанын мақтанышпен айтып жүремін. Мен ешқандай бір саяси топтарға, басқа да бір өсек әңгімеге араласқан емеспін. Ешқандай хаттарға, қолдауларға қол қойған емеспін. Тек сіздің ғана саясатыңызды қолдап, сіздің қасыңызда жүруді армандап жүрген Өнер адамымын.

Бірақ, кейігі кезде Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің мүмкіндіктерін пайдаланып, сол фильмге бір жылдан астам жаратылған қаржыны жерге шаштыңдар деп, нахақтан кінә тағып, бір емес оншақты рет тексертіп, ақыр аяғы бас прокуратураға арыз жазып, Бізді астаналық қаржы полициясына тексертіп жатыр. Міне оншақты күн болды, қаржы полициясының ең бір қатал тергеушілері келіп, менің төңірегімдегі адамдарды бопсалап, зорлап, Болмаған нәрсені болды деуге дейін жеткізіп, қатты қинап жатыр. 2 әйел адамды отырғызып, 3 күннен бері оларды болмаған нәрселерді болды деп айтқызып жатыр. Бұндай ыңғайсыз жағдайды сізге айтуыма тура келіп отыр.

Енді, кеше ғана, 26 қазан күні, мені бұрынғы шәкіртім, Әуезов театры Ерлан Біләл мен өзінің министрліктегі «Қазақ әуендері» деп аталатын акционерлік қоғамның президенті Асхат Маямеров екеуі мені Арыстанбек шақырып жатыр, сөйлескісі келеді, мәмлеге келгісі келеді деп Астанаға алып барды. Түсте ұшып барып, кешке дейін күтіп отырып, кешкі сағат жеті жарым, сегіздерде «Кафестар» деген ресторанда кездесіп, бір сағаттай әңгімелестік. Мен сол жерде өзімнің жіберген кішкентай қателігімді, әлгі қызды қолдап, «ұят болған» екен деген сөзім үшін кешірім сұрадым. Бірақ, ол оны қабылдамай, мені ол жерде түсінісушілікке, мәмлеге емес, маған қоқанлоқы жасау үшін, мені пайдаланып, әлгі қызды тауып алып «айтқанын терістеп, менен кешірім сұрайтын» видео мәлімдеме жасатасың деп күштеді. Мен ол қызды білмейтінімді, көрмегенімді айттым. Ол мені тыңдай ма, мен ұйымдастырмасам қалай болады деген сөзіме көнбей, «Мен сені құртамын, адамдарыңның бәрі кінәні сенің мойныңа артып жатыр, ертең сотталасың, 6 жылға отырасың, әйелің, бала-шағаң қаңғырып қалады» деген сияқты қоқанлоқылар жасады. Осының бәрін мен жасым үлкендікпен, бетпақтанбай өзімді ұстап түсіністікпен тыныш отырдым. Бірақ, әлгіндей сөздерден кейін, анау қызды ұйымдастырған сенсің, оны жазған, жаздырған сен деген нақақ күйе жақты. Сен саясат жағына кеттің, сен оппозиционерлерге де қосылып жатсың дегенді айтты. Мен тіпті тілден қалып өте қиын жағдайда отырдым. Осындай сөздерді айтып, «саған 2 күн рұқсат беремін, 2 күнде жаңағы тапсырманы орындамасаң, қызды тауып теледидар арқылы кешірім сұратпасаң басыңа «күн туады»» деп мені қорқытып, бопсалап осындай жағдайға жеткізді, АҒА!

Мен сізден Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, өзіңіз менің өнерімді жақсы көретін ініңіз ретінде Маған азаматтық қорған болуыңызды, араша түсуіңізді сұраймын. Өйткені осынша жылдардан бері жинаған абырой атағым, халықтың маған деген сүйіспеншілігінен айрылып ұятқа қалайын деп отырмын. Әрине, менің ешқандай жазығым жоқтығын баса айтқым келеді. Мүмкіндігіңіз болса мені қабылдап, көзбе-көз сөйлессеңіз деп едім. Алдын ала 2-3 рет осы жайында араша сұраған хаттарымды сізге жіберіп едім, жетпеген көрінеді. Өкінішке орай, сізге осы видео сұхбатымды жеткізбекпін. Араша болыңыз АҒА! ӨТІНЕМ СІЗДЕН!

Біздің жазығымыз жоқ, тек қана жақсы кино түсірейік. Қазақстанның абройын көтерейік, Қазақстан космонавтикасының абыройын дүниежүзілік жағдайға жеткізейік деген ізгі үмітімнің аяқасты болғанына қапалы болып отырмын. Мен Арыстанбекті онша жау көрмеймін. Істеп жатқан жұмыстары бар шығар. Арамызда қандай қара мысықтың жүгіргенін, не себеп болғанын түсіне алмай далмын. Оны өзіңіз білесіз. Мені онша ұнатыңқырамайтын тұлғалы азаматтарды маған қарсы қойып, 6 театрдың директорымен қоса Асанәлі ағамызды маған қарсы қойып, Менің сыртымнан ғайбат сөз айтқызып осындай нәрсеге барып жүр. Бұл алдымен біздің елімізге сын. Мәдениетімізге өнерімізге сын болады, түптеп келгенде сіздің абройыңызға сын болама деп алаңдаймын. Маған көмектесіңіз аға, араша түсіп, қорған болуыңызды өтініп сұраймын.

Ініңіз Тұңғышбай Жаманқұлов

Айта кетер болсақ, 2 жыл бұрын, 2014 жыл 21 тамызда Мемлекет басшысы Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловты қабылдады.

Кездесуде театр өнерін дамытудың негізгі аспектілері, театрлардың репертуар саясаты және олардың шығармашылық деңгейін одан әрі көтеру мәселелері қаралды.

Нұрсұлтан Назарбаев елдегі мәдениет пен өнер саласының жүйелі дамуын атай келе, тарихи тақырыптарға арналған қойылымдардың маңыздылығын айтқан болатын. 

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір