• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 22:20:42
Алматы
+35°

09 Қараша, 2016 Саясат

Ақ үйге кім келеді?

Бүкіл әлем Америкаға қарап отыр. Енді санаулы сағаттардан кейін Ақ үйдің қожайыны кім болатыны анықталады. 

Бүкіл әлем Америкаға қарап отыр. Енді санаулы сағаттардан кейін Ақ үйдің қожайыны кім болатыны анықталады. 

Десек те, мерзімінен бұрын дауыс беруге құштар америкалықтардың саны кеше рекордтық деңгейге жетті. AssociatedPress басылымының жазуына қарағанда, қазірдің өзінде 46, 27 миллион адам алдын ала дауыс беріп қойған. Елдің 28 штатында өткен алдын ала дауыс беру рәсімінде әсіресе латынамерикалық қара нәсілділердің белсенділігі жоғары болып отыр. Бұл мүмкіндік демократтардың атынан додаға түсіп жатқан Хиллари Клинтонға жеңіс әкелуі мүмкін деген жорамалдар айтылуда. Бұл 2012 жылғы деңгейге қарағанда, өте үлкен көрсеткіш. AP зерттеу агенттігінің сараптамасына қарағанда, алдын ала дауыс берушілердің саны 50 миллионға жетіп жығылуы мүмкін. Солтүстік Каролинада қара нәсілділердің 2008 және 2012 жылдары Барак Обамаға басым дауыс бергені белгілі. Сондықтан, қазіргі уақытта Обаманың өзі Клинтонды қатты қолдап отырғанын ескерсек, қара нәсілділердің көзқарасы Хиллари ханымға жақындау екенін ұмытпау керек.

Қалай айтқанда да, әлем Ақ үйге кім келетінін ұзамай білетін болады. Бірақ қазірдің өзінде АҚШ президенті кім болатынын алдын ала анықтап қойғандар бар. Дүниенің әр түкпірінен көріпкелдік жасайтындар шығып жатыр. Кеше Қытайдың Шанхай қаласында саяси ойындарға сәуегейлік айтатын «Геда» атты маймыл Ақ үйде кімнің басшы болатынын қолын жоғары көтеріп, көрсеткен көрінеді. Үнемі қандай да бір ғаламдық оқиғалар болса, қытайлықтар осы сары көйлек кигізілген маймылға жүгінетін көрінеді. Сонымен, қытайлықтар қай кандидаттың жеңімпаз болатынын анықтау үшін Дональд Трамп мен Хиллари Клитонды қағаз картоннан жасап, оған маймылды жіберген. Ұсқынсыз маймыл миллиардер Трампты құшақтаған. Тіпті оны қайта-қайта құшақтап, ернінен сүйген көрінеді. Мүмкін, ақшалы азамат екенін маймыл да сезген болар. Ал саяси сарапшылардың болжамына сенсек, Хиллари ханымнан сәл ғана кейін қалып келе жатқан Дональд Трамп мүмкін маймылдың мейірімі түскеннен кейін күрт жеңіске жеңетін шығар.

Жалпы «Геда» маймылдың сәуегейлігіне қытайлықтар бекер назар аударып отырған жоқ. Осы 2016 жылдың басында «футболдан Еуропа чемпионы кім болады?» деген сауалға қытайлықтар жауап іздеген. Ақыры футболсүйер қауымның өкілдері «Гедаға» барған. Маймыл өз ұстанымынан жаңылыспай, Португалияның туын алып, оны қасындағыларға бермей қойған көрінеді. Ақырында, Португали Еуропа чемпионы атанды.

Мақұл, маймыл қателессе, оған кешіріммен қарауға болар. Ал адамның қателесуі мүмкін бе? Қазір саяси додаға құштарлықпен қарайтын америкалықтардың бірсыпырасы тарих саласының маманы, профессор Аллан Личтмэннің пікірі осы жолы сәйкес келе ме деп отыр. Өйткені америкалықтардың алаңдауының негізі бар. 1982 -2012 жылдар аралығында өткен барлық президенттік сайлауда кім жеңімпаз атанатынын дәл болжаған адам осы - Аллан Личтмэн. Профессор -саясаттанушы бұл жолы жеңісті республикалық партия өкілі Дональд Трампқа беріп отыр. Профессор өзі жазып шыққан «Ақ үйдің кілті» атты әдіснамалық жинақта сайлауалды науқанда жеңімпазды анықтайтын 13 пунктке басты мән береді. Бұл бап бойынша кандидаттардың өзін-өзі ұстау тәртібі, көзқарасы, елдегі экономикалық жағдай, халықаралық саясаттағы АҚШ-тың рөлі, шетелдегі әскери операциялар, жеңіс пен қателіктер сарапқа салынады.

Дәл осы себептерді сараптамадан өткізген профессор Хиллари Клинтонды жеңіске жеткізбейтін бірнеше себептің барын атап көрсетті. 2014 жылғы конгрестің жыларалық сайлауында республикашылдар жеңіске жетуі, Барак Обаманың шетелдік әскери операцияларының сәтсіздігі, елдегі ішкі қайшылықтар мен демократтарға қарсылықтың артуы және кандидат Хиллари ханымның харизмалық мінезінің жоқтығы оны сөзсіз жеңіліске ұшыратады. Оның үстіне осы уақытқа дейін Трамп ешқашан мемлекеттік қызметте істемеген, қарапайым халықтың арасынан өз еңбегімен шыққан миллиардер. Бұл да оған саяси ұпай әкелуі ықтимал.

«Біз осы уақытқа дейін, яғни АҚШ тарихында президенттік сайлау өткен соңғы 32 жылдан бері Дональд Трамп секілді халықтық ойлар айтып, президенттік кандидатқа дейін көтерілген қайраткерді көрген жоқпыз. Қатып қалған тарихи шаблонды Трамп секілді тұлғалар бұзды. Сондықтан оның президент болуы әбден мүмкін», - дейді профессор Аллан Личтмэн.

Міне санаулы сағат қалғанда, кімнің жеңімпаз болатынын қос көріпкел осылай алдын ала анықтап берді. Бірақ әлі де көкейде күпті сауал бар.

Ақ үйден көп ұзамай кететін демократ Барак Обаманы енді кім ауыстырады? Билік кезегі тағы Республикашыл партияның өкілдеріне келді ме?

Мүмкін бұл жолы маймыл да, профессор да қателесетін шығар.

  Материал Baq.kz сайтынан алынды 

 

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір