• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:38:01
Алматы
+35°

09 Қараша, 2016 Сұхбат

Ә. Сейфолла: «Сырласуға» шығу үшін қымбат көлік пен бағалы тон ұсынғандар болды

Әйгерім Сейфолла… Есіңізге бірден «Сырласу» бағдарламасы түсті ме? Иә, аталмыш бағдарлама бес жылға таяғанмен де, өз рейтингін жоғалтпаған....

Әйгерім Сейфолла… Есіңізге бірден «Сырласу» бағдарламасы түсті ме? Иә, аталмыш бағдарлама бес жылға таяғанмен де, өз рейтингін жоғалтпаған.  Талай марғасқалардың жүрек кілтін тапқан Әйгерімнің сырын бізде ашуға тырысып көрдік. Хабарласқан кезімізде өзінің аздап ауырып тұрғанына қарамай келісімін берді.   

 — Қайырлы кеш, Әйгерім! Сұхбатқа келгеніңіз үшін рахмет. Есіміңізді кім қойған, әңгімені содан бастасақ?

 — Ең бірінші, өзіме есімім өте қатты ұнайды! Ауылға белгілі, ері басшылық қызметте істеген, әкемнің ағайындас туыстары болған екен. Үйінен кісі кетпейтін, қонақжай шаңырақ болған деседі. Сол кісінің жары қойыпты. Ол кісіні кішкентай кезімде көргенім еміс-еміс есімде. Және тек менің ғана емес, отбасымыздағы бес баланың төртеуінің есімін сол кісі қойған. Ал мағынасы сол Абайдың Айгеріміне байланысты ғой.

Жақында «Біздің ауыл» бағдарламасын аштық, сол жобамен Семей жеріне барған болатынбыз. Абайдың басына соғып, ауылын көрдік. Бәрі көз алдыңа келіп «Абай жолын» оқып тұрғандай боласың. Сонда «Әйгерім» деген көше бар екен, сол жерге барып «Stand-ар» жаздым. Егер Абай болмағанда, ол Шүкіманды кездестірмегенде, Мұхтар Әуезов «Абай жолын» жазбағанда, оны қалың қазақ оқымағанда «Әйгерім» деп аталмас едік қой. Сондықтан да осы есім өзіме қатты ұнайды, соған сай «Әй, керім!» деп тамсанатындай, елдің аузында жүретіндей өмір сүргім келеді.

 — Оқырмандардың арасында сіздің туған жеріңіз туралы сұрағандар көп болды. Қарағандыдан екеніңізді білемін. Өзіңіз туралы нақтырақ айта кетсеңіз?

— Мен қазақша сөйлеп жатқан кезде, көбінде: «Шымкенттенсіз бе? Оңтүстіктенсіз, иә?» деп жатады. Мен: «Неге, қандай диалекті байқадыңыз?» деп сұрасам, «Жоқ, таза қазақша сөйлеп тұрсыз ғой!» деп жатады. Кешіріңіз, «Қарағандыда қазақша сөйлейтіндер жоқ!» деген қате түсінік. Бәлкім Қарағандының өз басында бар болар… Бірақ мен ауылданмын ғой. Біздің ауылда бір-екі ғана орыс болған. Қарағанды облысы Нұра ауданының Отарбай деген кішкене ғана ауылынан шықтым. Ол жерге араға он жыл салып таяуда ғана барып келдім. Сонда көп көрермендер: «Қазақстандағы бүкіл ауылды аралаған кезде, өз ауылыңызға неге бармайсыз, неге көрсетпейсіз!» деп жазып жатыр. Ол жерде қазір малмен айналысатын бір-ақ отбасы тұрады. Негізі онда үй де жоқ, баяғы біз тұрған жерде тек бір тал өсіп тұр. Он бірінші сыныпты бітіргеннен кейін Астанаға келгенмін, содан бері осы қаладамын. Алғашында группаластарым да сөзімді түсінбей жататын. Байырғы сөздерді қолдансам, «Сен қандай сөз қолдандың» деп сұрайтын еді.

— «Біздің ауыл» бағдарламасы туралы айтып қалдыңыз, сіздің жаңа жобаңыз. Ауылдың «геройларын» түсіруге не түрткі болды?

— Маған көп әйелдер «Неге тек танымал адамдарды түсіресіз, ауылдарды түсірмейсіз» деп жазатын. Содан жаңа идея келіп, бір күні оны басшылыққа барып айттым. Олар: «Сен ауылға барасың ба?» деді,  «Барамын!» дедім. Негізі өзім де ауылдан шықтым дедім ғой. Ол хабардың негізгі идеясы-ауыл әйелдерінің тіршілігі.

Олар үшін «Бақыт деген не?» соны білгім келді. Мен олардан «Бақыттысыз ба?» деп сұрасам,  «Иә, балам мен жолдасым қасымда. Малым анау…» деп айтады. Ал, оның жолдасы көп жағдайда дөрекілік танытып жатады, сыйламайды, сонда да ол әйел «иә, иә…» деп қойып жүре береді. Сол кісілер мен қала әйелдерін салыстырып көрдім. Сосын, екеуінің ортасында жүргеніме тәубе еттім. Бағдарламаны түсіруге сол ауылдағы әйелдерден келген хаттар негіз болды. Барған ауылдарымның барлығы жылы қабылдады.

 — Сіз сол ауылдағы әйелдердей «Әйгерім» бола алар ма едіңіз?

 — Мен бір отбасын көрдім. Жолдасы кәдімгідей ауыр сөздер айтып, ұрсысып жатты. Ол біздің естіп тұрғанымызды аңғармады. Мен сыртта тұрып естіп қалдым. Көп ұзамай екеуі де үйден шықты. Күйеуі аздап эмоциясын көрсетіп қойды, бірақ әйелі күліп шығып келе жатқанда «қалай?» деп таң қалдым. Тез арада қалай бойын жинап алды? Мен олай жасай алмайтын едім. Өзім тез құбыла алмаймын. Күйеуіммен ренжісіп қалсам бірінші кешірім сұрамаймын, көп ойланамын. Анализді ұзақ жасаймын.

  —Не үйреніп келдіңіз?

 —Шыдамдылықты. Сол ауылда жүргенде жолдасыма хабарласып «Мен көп қателіктер жіберіп жүр екенмін. Кешір мені!» деп айтқан болатынмын. Ол шок болды. (Күліп) Мен негізі әлсіз тұстарымды көрсеткім келмейді.

 —«Мінезі бірбеткей» дейді, кімнен дарыған? Кейде сұхбаттасушыларының жанды жерінен «тістеп» сөйлейді деп жатады…Өзіңізде бір сұхбатыңызда: «Көп адамға емеурін таныта бермеймін» дегенді айтқан екенсіз…

 —Иә, бір үлкен кісі: «Сен тік мінездісің! Қайсарлық, бірбеткейлік керек, бірақ ол дәл қазіргі қоғамға емес. Өскің келсе, жоғары жетістікке жеткің келсе өзгеруің керексің, кішкене «жалпылдау» дегенді үйреніп ортаға байланысты өзгере білуің керек!»-деп айтып еді. Өзім де байқаймын, кейде бұл мінезім кедергі жасайды. Өйткені мен «иә» десем «иә», ал «жоқ» десем «жоқ» болады. Кейбір жобаларға шақырғанда мазмұнын білгеннен кейін бас тартамын. Себебі болмысыма сай келмей жатады. «Жалпылдауды» да білмеймін. Ұнамай тұрса ұнамайды деп айтамын. Бірақ кімнен дарығанын білмедім. Папам мен мамамның мінезінен ондайды байқамаймын. Екеуі де жұмсақ, кең пейіл. Кейде оларға заман өзгерді ғой, «Неге «иә, жарайды» деп отыра бересіңдер? Ұнайды немесе ұнамайды деп айтсаңдаршы…» деймін. Жоқ, олар біреудің көңіліне қарап, анау ренжіп қалар, мынадан ұят болар, ананың жолы үлкен деп отырады. Олар жолды біледі!

Мен де білмейді емес, білемін! Кімнің жолы қандай екенін, қыздың жолы жіңішке болатынын  білемін. Оны сақтаймын да! Қатты бір шекарадан асып, этикадан аттап кеткен кезім болмаған. Оны ешкім жоққа шығара алмайды!

— Сұхбаттасушыңызға тіке сұрақтар қойып, өзіңізді үнемі сенімді ұстайсыз. Ол үшін алдын ала дайындаласыз ба? Қандай да бір психологиялық дайындықтар бола ма?

— Жоо-жооқ! Мен үшін «Сырласу» «Меншікті мекеннің» жалғасы сияқты. Соған дайындалған кезде «сен осындай болуың керек! Міне сұрақтар, мына сценариймен жүресің» деп ешкім айтқан жоқ. Менің барлық табиғи болмысым сол жерде экранға шықты. Кейбір жүргізушілерге образ беріп соған сай киіндіріп, бояндырып жатады. Біраз адамдар соған жұмыс жасайды. Мен олай етпеймін. Өзім қалай бармын, солай шықтым. Кейде «Бұл сенің образың ба? Осы сен қандай Әйгерімсің?» деп сұрап жатады. «Мен осындай эфирдегі Әйгеріммін!» десем, «Сіздің жолдасыңыздың жолы болмаған екен. Сіз оны қасқыр сияқты жеп қоятын шығарсыз!» дегендері де болған. Ойлайтын шығар мен экранда қандаймын, үйде де сондаймын деп. (Күліп)

 —Үй мен эфирдегі Әйгерімде айырмашылық бар ма?

— Аса жоқ. Бірақ негізі болуы керек! Жұмсақтық, нәзіктік болғаны жақсы. Жолдасым: «Сен неге ортаға қарай бейімделмейсің? Жұмсақ бол!»  деп анда-санда айтып қойып жатады. Әрине үйде енді ауысасың ғой, бірақ мүлде басқа Әйгеріммін деп айта алмаймын!

 —Ал, жаңағы сұраққа қайта келсек. Алдын ала эфирге дайындалып, өзіңізді дамыту үшін  не оқисыз?

 —Опра Уинфри. Жай емес көп эфирлерін қараймын. Еркіндікті қалаймын, бізде де сондай еркіндік болса екен деймін. Асанәлі ағаның бір сұхбатынан: «Экранда 5 минут сүйіскенді қойсын. Одан көп болмау керек» дегенді байқап қалған едім. Сол сияқты еркіндіктің де тежеулері болуы шарт. Біз қазақ екенімізді ұмытпаймыз, менталитетіміздің қандай екенін, қоғамның нені қабылдамайтынын білеміз. Мені де жақтырмайтын адамдар бар. «Үлкен кісілерге, халықтың алдында жүрген қалаулыларға неге ондай сұрақ қоясың? Сен мәдениетсізсің, әке-шеше тәрбиесін көрмегенсің» деген үшбу хаттар келеді. Бетіме айтқандар болса түсіндіремін, ал хаттарға шамам келгенше жауап беруге тырысамын. Кейбіреулерін жауапсыз қалдырып жатамын.  Оған бірінші уақыт кетеді, екіншіден жүйкеге тиеді. Мен мынаны айтқым келеді, «әке-шеше тәрбиесін көрмеген» дегендер олай айтпас бұрын менің ата-анаммен аралассын, қолдарынан бір кесе болсын шәй ішіп барып айтсын.

«Сен кімсің?»- дейді. Мен журналистпін. Бес жыл оқып, тәлім алдым. Оқып жүріп жұмыс істедім, тәжірибе жинадым. Үшінші сыныпта оқып жүргенде-ақ, үлкен-үлкен романдарды оқып бітірген едім. Өйткені анам кітап оқығанды жақсы көретін, көп оқитын. Мамамның оқығанын менде оқып жүретінмін. Дулат Исабековтің, Қабдеш Жұмаділовтің кітаптарын оқып, образдарына кіріп жылап жататынмын. Ол кезде ауылда жарықты көп өшіргендіктен шамның жарығымен оқитынмын. Журналистикаға алып келген, кітапты көп оқуым шығар. Жазушы боламын деп армандайтынмын. Оның барлығы кездейсоқ емес! Сондай-ақ, психологиялық кітаптарды да оқимын. «Өзіңді қалай қалыптастыру керек, қандай тұлға боласың, уақытыңды қалай тиімді қолдануға болады» дегендерді жиі оқимын. Бірақ осы уақытты тиімді қолдана алмай қойдым. (Күліп)

Өзіңіз айтып отырғандай әркім әртүрлі пікірлер жазып жатады. Оның ішінде ұстаздарыңыздың да жазғаны бар екен… Негізі сынға қалай қарайсыз?

 — Мен негізі сынды дұрыс қабылдаймын. Егер ол орынды, абыройға тимей, этикадан аспай айтылса. Кейбіреулер «Әйгерім кім соншама? Оған Мұхтар Шахановтай, Бекболат Тілеухандай ағалары кеп отырған да мынадай сұрақ қойған… Я болмаса, «Сырласу» деп аталмауы керек еді. Мынадай кісілер сырын айтатын ол кім дейді». Отбасында отырғанда, үстел үстінде шүйіркелескенде шынай нәрселер айтылады, иә? Ал, ол неге экранға шыққанда өзгеріп сала беруі керек? Неге сен гримерныйда айтылған әңгімелерді камера қосылғанда айтпайсың? Шын, нағыз «сырласу» гримерныйда болады. Тек студияға барып, шамдар жанып, камера қосылғанда адамдар кілт өзгеріп шыға келеді. Сен танымай қаласың! Керемет деген адамдардың өзгергенін көріп қарның ашады. Сосын әрине, естігеніңді сұрайсың. Өйткені біреуден емес өз құлағыңмен естіп, көзіңмен көріп тұрғанды неге сұрамасқа? Мен ойдан ештеңе құрастырмаймын! Тіке айтылатын, еркін сұрақтар солар. Кейде сұхбаттасушыларыңнан неге бір саты төмен тұрмайсың дейді. Меніңше, журналист өзінің кейіпкерімен тең отыруы керек.

 —Қазір «Сырласу»  эфирге шықпай жүр. Бәрімізді мазалайтын сұрақ жалғасы бола ма?

 —Болады! Таяуда бір кісі: «Меніңше оны бір дөкейлер жауып тастады» деп жазыпты. Айта кетейін оған ешқандай дөкейлердің қатысы жоқ! Ол бағдарлама жабылған жоқ, ресми түрде жалғасын табады. Негізі сол хабарды бастайтын кезде айтқан едім он жыл бір арнадан, бір уақытта эфирге шығатын бағдарлама болса екен деп. Бірақ ол қазіргі уақытта мүмкін емес. Әсіресе бір уақытты ұстап тұру қиын, себебі біз жарнамаға тәуелді арнамыз. «Сырласудың» эфирде жүргеніне бес жыл болып қалды. Сол уақытта өзінің сұранысын жоғалпаған бағдарлама деп айта аламын. Көрермендер көп іздейді. Осы «Біздің ауыл» жобасының түсірілімі кезінде көп ауылды араладым, сонда бәрінің сұрайтыны «Сырласу».  Бәрі «Сырласудағы Әйгерім тірідей келді» деп таң қалып жатыр. Қай ауылға барсам да қойларын сойып тастап күтіп алды. Сондықтан да аздап салмақ қосып алдым. Ауылдың 94 тегі аталары мені күтіп отырғанда ұялады екенсің. (Күліп)

 — Бес жылда «Сырласуға» талай адам келді. Сіздің кейіпкерлеріңіздің ішінде өміріңізге әсер еткен, тағы да солармен әңгімелесуді қалайтын адам бар ма?

— Бекболат ағаның әңгімелескені ұнайды. Ол кісіге сұрақ қойсаң тұщымды жауап алатыныңды білесің. Өзінің сөзі, эмоциясы, дауысы, айтылған әңгімесі, энергетикасы жақсы. Сондықтан сол кісімен сұхбаттасудан жалықпас едім. Одан кейін Мадинамен сұхбаттасқан ұнайды. Өйткені ол еркелеп отырып әңгімелеседі, бір жылылық бар. Мен негізі сұхбаттасушыларыммен етене жақын араласпаймын, ара қышықтық болғанын қалаймын. 2003 жылы ресми жұмысқа тұрған кезден бері қаншама адамдармен сұхбаттастым. Асанәлі аға, Әмина Өмірзақова, Кәукен Кенжетаев өзім бала кезде армандаған тұлғалардың бәрімен сұхбаттастым. Сосын Әбіш Кекілбаев ағаның сұхбаты ерекше есімде қалды. Ол кісінің жылылығы, қолымды ұстап «Айналайын» дегені қандай еді? Мұндай кісілермен сұхбаттасу маған мектеп болды. Өмір сүруге пісірді, жол көрсетті. Негізі отбасын құрғандағы алғашқы жылдар қиын болады. Сондай кезде сол кісілердің сөздерінен кәдімгідей сабақ алатынмын. Көп нәрсе үйрендім. Мысалы саған біреу осылай істеме деп айтса оны орындамайсың ғой. Ал солай болуы керек деп жеткізе білсе, ой түйесің. Қаншама депутаттармен де сұхбаттастым. Біз жолбарыстай көріп жүрген азаматтардың үйлеріне барып, олардың жарларымен қарым-қатынастарын көріп сабақ алдым.

 — «Сырласуға» шығу үшін қызмет ұсынғандар да бар деп қалдыңыз. Машина ұсынғандар да бар деп естіген едім… Өзіңіздің көлігіңіз жоқ екен. Неге сондай ұсыныстардан бас тартып жүрсіз.

 — (Күліп). Алдым ашық болуы керек! Бәлкім кейбіреулер оны да ұтымды пайдаланатын шығар. Бірақ мен артымнан сөз ергенін қаламаймын. Иә, бір кісі көлік ұсынған, бір-екі кісі қызмет ұсынғаны шындық. «Әдемі тон бар осындай жерден киіп кетуіңе болады, әдемі киім..» дегендей ұсыныстар  эфирде жүрген әрбір журналистке түсетін шығар. Бірақ мен осы уақытқа дейін ешкімнен ештеңе алған емеспін. Бәрінің көзіне тік қарай аламын! Сырласуға шығарып, жеке басым үшін пайда таптым деп айта алмаймын. Оны басшылық та біледі. Таза жұмыс жасаймын. Кейде эфирден кейін қоңырау шалып, ақша ұсынып: «Ананы бастығым естісе ренжиді, жолдасым естісе сөгеді, әріптесім естісе сөйлеспей қояды» дейтіндер бар. Оның қажеті қанша? Бірде бір газеттен сұхбат алайын деп журналист хабарласты. Сұрақтарыңызды алдын-ала жіберіңіз десем, ішінде Жадо ма сол ханымнан «Сырласуға» шығуы үшін ақша сұрапсыз дейді. Мен ешкімнен жеке басыма ақша сұраған жоқпын. Эфирге шыққысы келетіндер телеарнаның коммерциялық бөліміне барып, келісіп шығуға болады. Неге шықпасқа? Ол барлық телеарнада бар нәрсе.

 —Соңғы кездері «Сырласу» кейіпкерлерді шағыстырып отыратын сияқты көрініп жүр. Мысалы Төреғали мен Дастан, Ринат пен Ерболаттың арасындағы даулар сіздің хабарыңыздан кейін шықты.

— (Күліп )Біраз сайт соның арқасында рейтинг жинап, нан тауып қалды деуге болады. Бірақ ол қасақана жасалған дүние емес. Менде ондай мақсат та, ой да болған жоқ. Мен ешкімді араздастырғым келмейді, рейтинг үшін де жасамаймын. Ол кездейсоқ болды. Былтыр Алматыға барып Ринатты түсірген кезде ол өзі айтты: «Осындай-осындай топ бар, көргім келмейді» деп. Мен «Ондай деп айта беруге болады. Атын атап, түсін түстей аласыз ба?»-дедім. Ол топтың атын атады. Ол эфирге шыққасын басқалар көшіріп, сол отты тұтатты. Ринат қоғамның дертін айтты, оны ол ақын ретінде байқап тұр. Неге оны қоғамға көрсетпеске? Мен сол мақсатта шығардым. Ары қарай қырылыстырған басқа сайттар.

Одан кейін Дастан да өзі айтқан болатын. Мен нақты қандай әншілер дегенде Төреғали, Қайрат Нұртас деп атап кетті. Ал, Төреғали студияға келерде инстаграмдарына қарасам бірін-бірі бауырым деп жүр екен. Дастан сол әңгімесін эфирде емес, Төреғалидың өзіне айтуы керек еді. Ол эфирден кейін барлығының шулап кететінін білді ғой. Адамдардың қазіргі таңда қаншалықты шынайы екенін көргім келді. Төреғалиға мына сайт бұлай дейді деп әңгімені жалғаған жоқпын, өз құлағыммен естіген Дастанның сөзін айттым. Оған журналист ретінде менің құқым бар.

 — Өзіңіз сөзге келіп қалған сұхбаттасушылар бар ма?

 —Төреғалимен алғашқы сұхбатта түсініспеушілік болған. Ол түсірілімге кешігіп келді. Негізі Төреғалидың сондай қисықтау мінезі бар. Байқайтын шығарсыз, бірақ сол мінезі өзіне жарасады. Негізі әр адам индивид қой. Өзіне тән мінез болу керек. Төреғали сол мінезінің арқасында көп журналистермен келіспеуі мүмкін. Бірақ ол оның ерекшелігі, соны жоғалтпаса екен деймін. Өзі еркелеп еркін тұрады. Сол екеуміздің еркіндігіміз сәйкес келмей қалған шығар. Ал екінші рет келгенде дұрысырақ «Сырласу» болса екен, біріншіні көбі түсінбей жатыр деп өзі өтініш айтқандықтан, оның рейтингінің жоғары екендігін ескеріп сол негізде келістік. Бірақ бұл жолы да дұрыс аша алмадым деп ойлаймын. Себебі оның қасында әкесі болды. Әке болған жерде барлығы тізгінді тартады ғой. Сондықтан болашақта Төреғалимен тағы бір сұхбат болатын шығар деп ойлаймын. Ал басқа сұхбаттасушылармен келіспеушілік  болмаған сияқты есіме түспей отыр.

Шынымды айтсам сіздердің бірінші түсірілімде түсініспестік болғанын әлеуметтік желі арқылы білдім. Сіздің: «Күтіп отырмын өзін хит сезінетін әншіні» деген жазбаңызды оқыдым. Бірнеше сағаттар өткесін Төреғали екеуіңіздің суретіңізді салып: «Бір сағат сырласу не болады. Шәй ішіп отырып сырласайық» дегендей жазба салды. Кейін эфирден көргенде түсініспеушіліктің болғаны екеуіңізден де білініп қалған сияқты…

 — Әрине камераны ешкім алдай алмайды. Біздің қызыл диванға талай адам келді. Солардың бірде біреуі еркін келіп отырмайды. Бәрінің сұрайтыны: «қандай сұрақтар қоясың, не айтасың» деп диванның шетінде отырады. Бірақ сұхбаттан кейін көбі риза болып, кеткісі келмей, «Жүрегімнің бір сыры бар еді саған айтайын, сыртқа шықпай ма?» деп жатады. Сондай біраз сырлар, талай-талай үлкен дөкейлердің жылап-күліп отырып айтқан құпиялары бар, бірақ сеніп айтқан аманат болғандықтан оны жарияламаймын. Бірақ ол кісілердің өздері: «Мен мына қызметтен кеткеннен кейін, болмаса мен өлгеннен кейін шығарсаң болады» деп жатады. Әрине, рұқсатсыз шығармаймын. Бірақ болашақта шығатын жақсы дүниелер бар.

 —«Сырласудан»  қашып жүрген адамдар бар ма?

 —Менің эфиріме келмегендердің тізімін жасасам әлі біраз тұлғалар бар.

 —Менің естуімше Мейрамбек келмеген екен…

 —Менің жүкті кезімде  Мейрамбек «Кеш емес» бағдарламасына келгенде өзіне айтқанмын. Ол «Иә» деп уәдесін беріп кеткен. Бірақ одан кейін оны көріп ол уәдені есіне түсірген жоқпын. Бірақ директоры Ерланға бірнеше рет айтқанмын. Ол жеткізді ме, жеткізбеді ме, білмеймін. Сосын Тамара Асар келмей жүр. Ол кісі уақытым болмай жүр деп айтқан еді. Мүмкін солай…Мен негізі қадірімді қашырғым келмейді. Қайталап мазаларын ала бермеймін.

Мысалы бүгін ауырып отырсам да, сізге уаде бергесін келіп отырмын. Сондай бір жауапкершілік, сыйластық болса. Журналистер жүгірмесе екен деймін. Кейбір әріптестерім сахна  сыртында жүгіріп, әртістерді аңдып жүреді. Бір жағынан оларды түсінуге де болады, өйткені форматтары  солай. Бірақ осы үшін кейде өнер адамдары қазіргі журналистер «осындай» деп жалпылама сын айтып жатқанда, әрине қынжыласың.

 —Сіз өзіңіздің рейтинг үшін белден төмен әңгіме айтып, эфирден соң өкінген кезіңіз бар ма?

 — Енді олай деп айта алмаймын. «Сырласу» шынайы бет-бейнені көрсету үшін ашылған хабар. Өкінген эфирлерім сұхбаттасушымды аша алмай қалған кезде болады. Кейде аяқ астынан түсірілім болады, ондай да дайындық та аз, содан шала шарпы дүние шығады. Аяқ астынан жасалған эфирлердің жақсы жығуы өте сирек, ол үшін сұхбаттасушыңның базасы мықты болуы керек. Алғашында барлық күшімді сол жұмысқа салатынмын. Қазір балалар бар, менде біреудің жарымын, келінімін. Қайынжұртым Талдықорғанда тұрады, оларға да келін болып еңбегімді сіңіре қойған жоқпын. Одан соң жолдасымның жұмысы Павлодарға ауысқанына үш жылға таяп қалды. Сондықтан екі жылдан аса уақыт болды екі қаланың ортасында жүрмін. Сондықтан кейде асығыс хабарлар жасалып қалады. Ол үшін өзімді көрерміннің алдында кінәлі сезінемін.

Бір нәрсені айта кетейін бұл бағдарлама рейтинг үшін емес, имидж үшін жасалған. Кейде мүлде рейтинг әкелмейтін адамдар болады. Мысалы марқұм Әшірбек Сығаймен болған эфир мен үшін ерекше болған еді. Бірақ сенесіз бе нөл деген рейтинг келді. Кейде жұрт тұшымды сұхбаттарды көрмей жатады.

Жарыңыз басқа қалада деп қалдыңыз. Енді әңгімені сол жаққа қарай бұрсақ… Күйеуіңізден «тасташы жұмысыңды» дейтін ұсыныс болатын шығар?

 —Әрине кейде болады. (Күліп) Мысалы әйелінің жанында жүріп, тамағын істеп, кірін жуып қойғанын қай еркек қаламайды дейсіз? Бірақ менің жолым болды деп айта аламын. Себебі жолдасым: «Сен жұмысыңды тастама! Маған үйде отырған әйел қызықсыз болар еді? Сенің екі жақты бірге алып жүргенің жақсы» деп жиі айтып отырады. Одан кейін ол кісіден көп ақша да сұрай қоймаймын, ол кісі кәсіпкер емес, мемлекеттік қызметкер. Қаражат жағына келгенде тәуелсізбін. Кейде «Сенің жұмысың не ол? Сұрақ қою жұмыс па?» десе, көңіліме алып қаламын. Өзім журналистиканы тастамайтын сияқты көрінемін.

 — Өзіңіз айтып жатырсыз қаражат жағынан тәуелсізбін деп. Қазір солай жасайтын әйелдер көп. Ол ер азаматтарды босаңсытып жібермей ме?

 —Менің жолдасым бос деп ойламаймын. Ер мінезді, енді полиция қызметкері ғой. Қолында бар кезде аямайды, шектеу қоймайды. Мысалы «мынаны алғым келеді» десем, «ал» дейді, «барғым келеді» десем «бар» дейді. «Бірақ, сен әйелсің ғой, өзің ойланып тұрған шығарсың иә?-деген де, тізгінді тартасың.(Күліп)

Жолдасыңыз екеуіңіз қалай қосылған едіңіздер…

 —Кездейсоқ! Мен ойламаған, күтпеген жерден таныстық.

Көп балалы болуды армандаймын деген жазбаңызды оқыған едім…

  —(Күліп) Иә, енді ұлды болуды армандаймын. Қазір екі қызым бар. Мысалы менің анам он тоғыз жасында әкеммен қосылып, отызға келмей бес баланы өмірге алып келген. Бірақ мәселе санда емес сапада. Бала болғаннан кейін жауапкершілік болады. Әйелдер соны сезіну керек. Оны өмірге алып келер кезде ол жүкті қаншалықты көтере аламын деп ойлану керек. Мен оны қалай киіндіремін, қалай тамақ беремін, оқытамын дегенді ойлану керек. Балаларым біреудің киімін кимесе екен, таршылық көрмесе екен. Жолдасым да, мен де солар үшін еңбек етіп жүрміз. Жақсы оқу орнында оқыса деймін. Мысалы өзім ешқандай үйірмеге қатыспаған екенмін. Себебі ауылда ондай болған жоқ. Тек кесте тігуді үйренгенмін.

Бірінші баламды туған кезде «Шабытты» алған болатынмын, екінші қызымды босанғанда «Елбасының стипендиясын» алдым. Негізі әр баланың өз несібесі болады дегенге сенемін. Декретте көп отырған жоқпын, үнемі жұмыс істеп, ақша тауып мен көрмеген нәрсені балалаларым көрсін деп жанталасып жүрмін.

Оларға көңіл бөлуге уақытыңыз жетеді ме? Әлде күтушіңіз бар ма?

 —Жооқ, мен қарапайым өмір сүремін. Оларға қарауға да уақытым жетеді. Өзім қараймын, анам көмектеседі. Анама ол үшін алғыс білдіремін. Менің әке шешем жұмысымды тастап кеткенімді қаламайды. Бәрін бірге алып жүр, соған тырыс деп отырады. Үлкенім 5 те, кішіміз үшке келіп қалды. Екеуі де тілге жақын. Тура кішкентай кезімдегі өзім сияқты. Мен қыздарымды «Сендер әдемісіңдер! Сендер мықтысыңдар! Сендер менде жалғызсыңдар!» деп тәрбиелеймін. Жұрттың балаларымен салыстырмаймын, ол психикаға әсер етеді ғой. Мен жіберген қателіктерді олар жасамаса деймін. Қатты бола тұра, еркелеткім де келеді. Ол өте қиын білесіз бе? Біз мысалы анамызға ішіміздегінің бәрін айта бермейміз. Ал қыздарымның айтқанын қалаймын. Бар күш жігеріңді салып жақсы бағдарлама жасап шығаруға болады. Бірақ, бала үшін идеал ана болу қиын.

Өзіңіздің сұрағыңызды қойғым келедіАйнаға жиі қарайсыз ба? Кімді көресіз?

 —(Күліп) Айнаға жиі қараймын. Өйткені өзімді жақсы көремін. Негізі бізді әке-шешеміз лидер болуға тәрбиелемеген ғой. «Сен мықтысың!», «Сенің қолыңнан келеді!» демеген, ал қалаға келіп сондай тәрбие көргендермен араласқанда айырмашылықты байқайсың. Сондықтан мен айнаға қарап өзімді өзім тәрбиелеймін. Адам өзін жақсы көруі керек. Сонда сен өзгені жақсы көріп, өзгені жақсы көргізе аласың. Айнадағы Айгерімнің де сұхбат беретін шағы келеді. Айтатын көөп әңгімелер бар. Болашақта, бәлкім бір бес жылдан кейін айнадағы Әйгеріммен жақсы сұхбат болатын шығар.

Одан кейін нәзікпін, мені тез жаралауға болады. Бірақ алған бетімнен қайтпаймын.

 —Жалғыз қалған кезде не туралы көп ойлайсыз?

 — Көбінесе қазір балаларымды ойлаймын. Өзімнің құдағи болғанымды, әже болғанымды армандаймын. Үнемі ата-анамның, бауырларымның, жолдасым мен балаларымның амандығын тілеп жүремін. Жалғыз болғым келмейді.

 —Менің балаларым мен жасаған қателікті жасамаса екен деп қалдыңыз… Өмір болған соң түрлі жайттар болады. Сіздің есіңізге алғыңыз келмейтін оқиға бар ма?

 —Бар, бірақ айтпаймын. Жеке өміріме байланысты қателіктер бар. «Өзің қайта кірер есікті қатты жаппа» дейді, бірақ менің «Тарс» жапқан есіктерім болды. Жоғарыда айттым ғой, мінезім бірбеткей деп. Соның кесірінен кішіреймей қалған уақыттар бар. Бірақ адам өкінішпен өмір сүрмеу керек. Өкініш өзекті өртеп жібереді ғой. Сары уайымға салынып, кек сақтап  ғұмыр кешпеймін! Оларды жеңіп, қайталамауға тырысу керек. Мен ойлаймын қазір сәлде болса бір нәрсеге жетіп отырсам, ол өзімді қайраудың арқасында.

 —Бір оқырман жазыпты. Әйгерімнің көздерінен мұң көремін…Өмірде де солай ма?

 —Сіз байқайсыз ба?

 —Бұрын эфирден байқамайтын едім, қазір әңгімелескенде байқағандаймын.

 —Бар шығар… Адам болған соң мұң болады, сағыныш болады. Қайрат Нұртастың әніндегідей «Ауырады жүрек болғасын….». Бұрын жиырма жеті күнделік жазған едім. Оны біреу оқып қойғандықтан жағып жебердім. Сол үшін өкінемін. Қайтадан бастағым келіп жүр.

 — Осындай асығыс шешімдерді жиі қабылдайсыз ба?

 —Иә, қабылдаймын. Негізі асығыс шешім болмауы керек. Эмоцияның адамы болғандықтан ондай болады. Бірақ оны тежеуді үйреніп келе жатырмын. Бірақ қиын… Кәдімгідей мінезіммен күресемін. Менің жұмсаруымның бірден-бір себебі ана болғандығым шығар.

Сұхбат Ikerim.kz сайтынан алынды

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір