• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 02:34:30
Алматы
+35°

09 Қараша, 2016 Әдебиет

"Тұңғышбайдай ұлыңа араша сұрап халқың тұр"

Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың басына қиын күн туды. Есімі ел аузынан түспейтін ол мұндай «танымал» ешуақытта болған емес....

Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың басына қиын күн туды. Есімі ел аузынан түспейтін ол мұндай «танымал» ешуақытта болған емес. Тұңғышбайдың өнер-талантын мойындаған жамиғат оны жамандыққа еш қимайды. «Facebook» әлеуметтік желісіндегі оқырмандар Жаманқұловқа араша түсуде. Бірі қолдауын өлең арқылы жеткізсе, бірі Елбасына сөз үндеу тастады. qamshy.kz сайты өз кезегінде халықтың талап-тілегін назарларыңызға ұсынады.

 

Бұлбұл Бейбітова – Тұңғышбай ағама

Мен не істейін? Түңіренген кештеймін,
Деп жатыр ма қыранымды кешпеймін.
Сенің нардай қазақ сыйған кеудеңде,

Қоймады ғой қоймады ғой кешпей мұң.

Қалай ғана қаралауға дәт барды,
Қайтем енді қазақтағы жаттарды.
Олар өзін қазақпын деп жүргенмен,
Шын жанашыр ерлерімді даттады.

Сақта Тәңір жалған жала айыптан,
Мынау дала жалғандықтан жалыққан
Сенің үнің жүректерді пышақтап,
Тұла бойын тыныштықтан айыққан.

Естіді ме қазақ сенің зарынды,
Ұлы далам ұлыларға табынды.
Көздерінен көргендей боп шындықты,
Таба алмадым қоярға жер жанымды.

Шуақ болып жылытар адам жанын,
Мейір төгіп, сергітер санаңда мұң.
Құбылмалы жандардың қылығына,
Қайран қалып, ойланып, алаңдадым!

Адалдықтан қашанда жанады рең,
Адамдықты жоғалтсаң қалады нең?!
Ұғу жақсы егілген жүректерді,
Көңіл емес, жүректің жанарымен!

Мен не дейін, сөкпеңдерші нарымды,
Театрда қалған жалғыз барымды.
Е, Тәңірім, қолда өзің, қорғап ал,
Қазағыма біткен ұлы дарынды.

 

«Құрметті Елбасы! 
Мен Сәнді Ақылай жеті баланың анасымын. Сіздің алдыңызға баспана сұрап бармай-ақ қояйыншы. Өз кезегім келгенде алармын. Мен мына видеоны көріп жылап отырмын. Таяқтың екі ұшы бар!? Тұңғышбай ағаны да тыңдаңызшы. Егер мені ит қапса, қолым, жүрегім, басым, бәрі ауырады. Ал өнердің мына халге түсуі маған да таяқ боп тиді. Себебі мен өлең жазамын. Мен сүйіп тыңдаған әндерді, көрген киноларымды, көркем сөздерді өнер арқылы Тұңғышбай ағам жеткізіп талай сүйсінген едім. Қазақ өнеріне, өзімнің қазақ болғаныма қатты қуанатын сезімдер туғызған өнер адамы еді. Тұңғышбай ағаның мен жерлесі де, танысы да емеспін. Арыстанбек ағаны да жек көріп отырғам жоқ. Мен Арыстанбек аға басқарған білім саласында жұмыс жасап отбасымды асырап отырмын. Өнер саласынан да алшақ емеспін, себебі өлеңді есім кіргелі серік етіп келемін. Арыстанбек аға Тұңғышбай ағасымен түсінісуге келіп нүкте қойылса екен. Сіз шешесіз осы жағдайды. Сүрінбейтін тұяқ болмас деп аталар айтқан еді. Мен алыс ауылда жатырмын. Қарапайым ұстаз анамын. Саясатқа еш қатысым жоқ. Адам ретінде жүрегім ауырып, ақын ретінде толғанып тебіреніп отырмын. Қазаққа осы тыныштық жақпай отыр ма? Неге жақсылықты ойламаймыз? Еліміз аман жұрт тыныш болса екен!

Мен ақын ана, ұстаз Сәнді Ақылай»

 

Саят Әбенов – Тұлғаға тұсау

Аңыз адам, таудай тұлға – Тұңғышбай,

Қорып жүрген  өз қазағын қызғыштай.

Жесе жесін, асаса да жарасар,

Кім жемей жүр осы күнде кім құспай?!

 

Тапқан екен, таққан екен айыпты,

Ісі қандай айыбына лайықты?

Көрегендер көрмей қалып кемені,

Көрген екен шетте жүзген қайықты.

 

Жала жауып, жағып отыр күйесін,

Театрдың түсінбейтін киесін.

Жұрт сүйеді, егерде жұрт қаласа,

Ханның өзі сояр жалғыз түйесін.

 

Алаш қайда өз ұлына қарайтын,

КСРО-ның сызы бізде бар айқын.

«Жерім» деген ерлеріңді қанайтын,

«Елім» деген ерлеріңді қамайтын.

 

Біз отырмыз не болар деп алаңдап,

Жағымпаздар жар салып жүр жамандап.

Арыстардың күйін кешті... ақталар,

Арыстанның аузынан аман қап.

 

Ақтың өзін қара қылып қойған шын,

Қу саясат қулық табар ойдан сұм.

«Тұңғышбайлар» ұсталатын күн жетсе,

Біздің «Тұңғыш президент те» ойлансын!

 

Рашид Жақсылықов – Ашық xат


Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Сіз алыста, іс-сапарда жүрген кезіңізде мазаңызды алып отырмын. Бұл xатты жазуға себеп болып тұрған жағдай – ол соңғы кезде еліміздің ішінде қызу талқыда жүрген мәдениет министрі А. Мұxамедиұлы мен xалық әртісі Т. Жаманқұловтың арасындағы түсініспеушілік. Ел алдында өтіп жатқан аға мен інінің бітпес дауы көңілімізге қаяу түсіріп жүр. Келер ұрпаққа ауыз бірлігімізді мұра қылып қалдырсақ деп армандаймыз, бірақ өкінішке орай інінің ағасының жағасына жабысқан тәрбиені көруге мәжбүр болып отырмыз!
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, ағамызға араша көрсетуіңізді сұраймыз!

Құлақ салсаң, Елбасы, 
Ойлаймыз-ау жаман жоқ. 
Бірін-бірі даттаған,
Ақылды болған адам көп.

Оза шапқан пендеге, 
Қақпан болған қадам көп. 
Сұмпайы жəне сұрықсыз, 
Бара жатыр заман боп.

Өсер елдің баласы бірін-бірі қолдайды. 
Біріне-бірі жау болса,
Елің үшін сол қайғы. 
Маңдайға біткен Тұңғышбай, 
Жасытып алсақ жігерін, 
Өкпенің орны толмайды.

Тұңғышбайдай ұлыңа, 
Араша сұрап халқың тұр.
Қазақтай ұлы халқыңа,
Өнермен болған алтын құл. 
Үзбейді халық күдерін.

Жасытуға жол берме, 
Дарыныңның жігерін. 
Араша болшы араша, 
Сізден соны тіледім.

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір