• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 19:20:22
Алматы
+35°

10 Қараша, 2016 Сұхбат

Аңсаған Мұстафа, иллюстратор: Кей кездері қазақ жігіттеріне ренжимін

Аңсаған Мұстафа –   қазақ өнеріне өзінің иллюстраторларымен үлесін қосып, қоғамдағы өзекті проблемаларға үн қосып жүрген ұлтымыздың жұлдызды...

Аңсаған Мұстафа –   қазақ өнеріне өзінің иллюстраторларымен үлесін қосып, қоғамдағы өзекті проблемаларға үн қосып жүрген ұлтымыздың жұлдызды өнерпазы. Аңсағанның графикалық суреттері әлемнің бірнеше тілдеріне аударылып, тіпті сонау Оңтүстік Америка халқына да жеткен.  Қылқаламымен қоғамға ой салып жүрген суретшілер біздің қоғамда өте аз. Аңсаған солардың бірегейі десек те болады.  Әлеуметтің желіде де өзінің өткір пікірімен, замануи көзқарасымен танымал Аңсаған Мұстафамен «Қамшы» порталы шығармашылық, әлеуметтік мәселелер төңірегінде сұхбаттасқан еді.

– Аңсаған ханым ең алдымен оқырмандарымызға өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

– Таза қазақпын!

– Аңсаған деп әдетте қазақ көптен күткен, аңсап жүрген балаға ат қояды. Сіздің есіміңізді кім қойды? Ата-анаңыз көптен күткен перзентсіз бе?

–  Иә, мен туғанда әкемнің  жасы 35- ке келіп қалған екен. Мен  үйдің тұңғышымын, мені ата-анам ұзақ, аңсап  күткен екен. Әкем  жазушы, сондықтан сондай әдемі ат қойған болар.

–  Сурет өнеріне қашан келдіңіз?

 –  Мен бұл салаға мектеп жасымнан әуестенгенмін. Негізі былай болған еді. Үшінші сыныпты бітіріп, демалысқа шыққан кезде әкем велосипед әперемін деп көндіріп, шашымды алып тастады. Кейін біраз күн өткен соң, мұғаліміміз телефон соғып, бізді мектепке шақырды. Тақыр басыма үйреніп алған мен мектепке сол күйі бара салдым. Бірақ, сыныпқа кіріп келгенім сол, балалар ду күлді. Қолдарын шошайтып мазақтап, мені ұялтты. Содан кейін бұл мектепке енді бармаймын деп, жылаумен болдым. Әке-шешеме басқа мектеп іздеуге тура келді. Үйімізге ең жақыны көркемсурет колледжі жанындағы мектеп болатын. Сөйтіп, шашымды тақырлауы себеп болып, бейнелеу өнеріне бет бұрып кеттік. Кездейсоқ ештеңе болмайды дейді, өнерге солай аяқ басуым керек болған шығар, кім біледі.

Суретті осылай бала кезімнен салып жүрдім. Бертінде тақырыптарымның түрленгені рас. Өйткені, мен көрген, сезінген нәрселерімді саламын. Ол – заңды. Сол секілді, қазір мен суреттерімді тез саламын. Өйткені, уақыт  аз. Өзіңіз де білесіз, әйел адамның шаруасы бітпейді ғой. Сондықтан, күнде ыдыс жуып немесе шәй құйып отырғанда ойыма келген нәрсені жоғалтпауға тырысып, жанталасамын, қалай да жарты сағат тауып, әлгі ойымды қылқаламмен қағазға түсіріп тастаймын. Үнемі ізденіс үстінде жүрем.

–  Қоғамда болып жатқан елеулі оқиғаларға өзіңіздің өнеріңізбен үн қатып жатасыз. Оның үстіне иллюстрацияларыңыз ұлттық нақышпен, қазақтың асқынып жүрген проблемаларының төңірегінде. Әлеуметтік желіде де өте белсенді жаннның бірісіз. Осы тұста сізді қазақ қоғамындағы қай проблема қатты алаңдататынын білсек?


–  Проблемалардың бәрі алаңдатады. Елімізде ешқандай проблема болмаса екен деймін. Әсіресе тастанды балалар. Өткен жолы бірінен кейін бірі туалетте балалар табылып жатты. Ол баланың жазығы қанша? Жарық дүниеге келген бойда нәжістей болып  әжетханаға түсетіндей, не жазды ол?! Сондай сәттерде қазақ жігіттеріне ренжимін. Намыстарына тисін деп, парақшамда неше түрлі жазбалар жазамын.  "Әжетханада  жатқан бала қайсысыңның ұрпағың? Қайсысыңның өміріңнің жалғасы екен" -деген сынды пікірлер айтамын. Неге бұндай оқиға болған жағдайда қыз бала кінәлі болып, ол баланы жасаған жігіт сүттен ақ, судан таза болып, интернетте отырып сол қыздар туралы жаман комент жазуы тиіс? Жалпы тек қыздарды ғана емес, түгел қоғамды тәрбиелеу керек. Еркектер қыздары екіқабат болып қалғанын біле сала, екі-үш көршінің айтқан өсегінен қорқып, қыздарын үйінен қуып шығады. Қыз оның баласы екенін, қателескенін, алданғанын ескермейді, әкелік қамқорлық көрсетпейді. Иттік жасап проблемадан қашады. Еркек ретінде қызын дұрыс тәрбиелемегенін мойындап, қызын жаман нәрсеге итермелемелемесе екен.

  – Қыздар мәселесінде ашық пікір айтып, көп қазақ қыздарының көнбістігіне, жуастығына налып жатқан жазбаларыңызды оқып жатамыз. Бүгінгі қазақ әйелі қандай болуы керек деп ойлайсыз?

–  Енді бұл мәселе Баянның оқиғасынан кейін қатты өршіп кетті ғой. Соны ойлап, еліміздегі нөмір бір әйел, күйеуінен қорлық көріп, өлуге қалды, ал басқа әйелдер не көрмей жатыр деген сияқты. Кейбір қыздар өз құқықтарын білмейтін сияқты. Тапталып,  басылып өмір сүріп жатыр. Басқа елдің қыздарын қараңызшы  қақшаңдап жүреді, түрлері де бақытты. Біздің аруларымыз солардай болса деймін!  Ең бірінші қыз бала қоғам мүшесі, біреудің әлпештеп өсірген баласы, балаларының анасы деген сияқты, содан кейін ғана біреудің әйелі. Бақытсыз әйел бақытты ұрпақ тәрбиелеуі мүмкін бе? Еркектер неге болашақты ойламайды?!

 – Әлеуметтік желіде болсын, күнделікті тұрмыста болсын «қазақ қыздары бұзылып барады», «қазақ қызына анау жат», «қазақ қыздары боянбаған» «бұрынғы қазақ қыздары арман болды» деген сияқты пікірлерді өте жиі естиміз. Бұрымдыларға қатысты сынға етіміз үйреніп кетті. Қалай ойлайсыз, ер азаматтар сыбап жүрген қазақ қыздарының солай бетімен кетуінде қазақтың жігіттерінің, аға-әкелерінің осалдығы жатқан жоқ па?

– Қыздарымыз тамаша біздің! Әдемі, ақылды, салмақты, әлемдегі ең күшті қыздар ол қазақтың қыздары!  Нашар жігіттер нашар әңгіме айтады, оларға сондай қыздар бұйырады!

– Өзге ұлт өкілдеріне қыздарымыздың тұрмысқа шығуы қалыпты нәрсеге айналып барады. Қыздарымыз болса оған «Қазақ жігіттерінің қыздарды өз деңгейінде қадірлемеуі, сыйлай алмауы себебінен бардық дейді. Біздің біраз жігіттер «өздеріне жар іздегеннен гөрі, туған-туысына қызмет етіп, жаға білетін қызметші іздеп жүреді»,- деп ақталады. Шыныменде біздің жігіттеріміз қыздарды өз деңгейінде сыйлай алмай ма?

 –  Мүмкін...

– Біздің дәстүрлі сұрағымыз, сіз қолында билігі бар шенеунік болсаңыз еліңіз үшін ең алдымен не істер едіңіз?

– Коррупцияны жояр едім

– Қазақтың әр отбасында неше бала болуы керек деп есептейсіз?

– Қазақтың санын көбейту керек. Әрине, әркімнің жағдайы әртүрлі, бірақ сол жағдайға байланысты бала саны да көп болуы керек деп ойлаймын. Жеріміз өте үлкен, адам  саны өте аз. Әлемдік нарық үшін біздің ел қызықты нысана емес. Адам саны аз болғандықтан, кейбір тауарлар бізге келмей жатады, өкінішті-ақ. Келсе, бағасы удай қымбат болады. Ал, халық саны артса, мұндай болмас еді. Өз басым, әрбір қазақ отбасында кем дегенде төрт бала болса деп ойлаймын.

– Сіздің «Түсікке қарсылық», «Ана, темекі тартпа», «Құдай, неге мені теледидар қылып жаратпадың», «Қарттар үйінде қазақ көп», тағы басқа айтары анық, проблемалы суреттеріңіз бар. Шет елдерде мұндай әлеуметтік мәселелерді көтеретін суретшілерге үлкен қолдау білдіріп жатады. Біздің билік тарапынан сізге қандай да бір қолдау бар ма?

– Сөйле, сурет көрмесі еліміздің барлық қаласында болды. Ең алғаш Астана, содан кейін Алматы, Шымкент, Тараз, Талдықорған, Атырау, Теміртау қалаларында болды. Шақырып, ұйымдастырып жүрген әкімшіліктер ғой. Солар билікке жатса, иә. Суреттерді халыққа көрсетуге көмектесті. Бірақ мен бұл суреттердің көшеге, аялдамаларға, базарларға шыққанын қалар едім. Орал өткенде бір сөйлесіп қойған. Ойланып жатыр...

– Отбасылы адамсыз, үйдің тірлігі, шығармашылық пен бизнесті бір арнаған тоғыстырып алып жүру қиын емес пе?

–  Қиын екен...

–  «Қамшы» порталының оқырмандарыне деген тілегіңіз

–  Соңғы кезде ұры-қарылар көбейді, кризис кезінде жиі кездесетін жайт екен. Кеше ғана ұялы телефонымды ұрлатып алып, қиналып қалдым, көп адамдардың нөмірі кетті. Сақ болып жүріңіздер!

Сұхбаттасқан: Айжан Қалиева 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір