• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 08:29:39
Алматы
+35°

10 Қараша, 2016 NEWS

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ ОҚУ-АҒАРТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТУРАЛЫ ОЙ ТОЛҒАМДАРЫ

Әлихан Бөкейханның бүкіл саналы қызметі ұлттық жаңару мен жаңғыруға қуатты серпін берді. Алаштың жаңа тұрпаттағы мемлекетшіл элитасын қалыптастырған санаткер...

Әлихан Бөкейханның бүкіл саналы қызметі ұлттық жаңару мен жаңғыруға қуатты серпін берді. Алаштың жаңа тұрпаттағы мемлекетшіл элитасын қалыптастырған санаткер кейінгі толқын алдындағы парызына сарабдалдықпен келді. «Алда әлі күнді көре білетін ұрпақ келеді!» деп, текті де кекті өскіннің түптің түбінде тәуелсіздік жолындағы кемел істі жалғастырарына әрі баянды етеріне нық сенімде болды. «Жолдастарыма жұрт һәм Отан игілігіне еткен жұмыстарына өнім, береке берсін деп тілеймін. Қайда жүрсем де бар күшімді Отанның бағы һәм еркі жолында сарп етпекпін» деген азаматтық ұстанымын өнегелі ісімен дәлелдеп, ұлтқа қызмет ету ұлағатына ақтық демі таусылғанша адалдық танытты.

Қайраткер ең бірінші кезекте «бойында ата қаны суымаған» (Қошке Кемеңгерұлы) ұрпақты коммунистік идеология аранына жұтылып кетуден сақтандырып, рух тазалығын қастерлеуді аманаттады. Дінше Әділұлына жазғанындай, «не балаларға сабақ беріп, не журналға, газетке мақала жазып Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой!». Міне, «ақылға, жан жүрекке кісен салған» (Мағжан Жұмабайұлы) тоталитарлық жүйе қысымына алынып, кеңестік цензураның жіті бақылауында болған Әлихан Бөкейхан ғаламдық ой-сана биігіндегі энциклопедиялық білімін ел игілігіне жаратып, өмір талқысында жинақтаған тәжірибесімен бөлісуді перзенттік борышы санады. Жас ұрпақтың санасына Алаш идеясын сіңіру мұратындағы табанды да қажырлы қадамдарынан бір табан шегініс жасағаны жоқ.

Қазақ топырағындағы іргелі ғылым салаларының орнығуына еңбек еткен санаткердің бұл бағыттағы игі істері, біріншіден, «Алаш» партиясы бағдарламасы жобасындағы «Ғылым-білім үйрету» әрі Жалпы қазақ құрылтайының (сиезінің) оқу мәселесіне қатысты қаулысындағы «1. Ұлт мектептеріне программа жасау. 2. Мұғалімдер қалай оқыту тәртіптерін үйрететін жолбасшы кітаптар жазу. 3. Тәрбие жайынан кітаптар жазу. 4. Бүкіл қазақ-қырғызға оқу ісін қалай жүргізу туралы жоба шығару. 5. «Қазақ» емлесін тексеріп, түзету. 6. Қазақ-қырғыз тіліне пайдалы кітаптарды тәржімә ету» сипатындағы күн тәртібіне өткір қойылған мәселелердің оңтайлы шешім табуына ұйытқы болу мұратынан туындады. Екіншіден, 1921 жылдың бас кезінде Ташкентте құрылып, 1922 жылдың күзінен Халел Досмұхамедұлы төрағалық еткен Қазақ білім комиссиясы ұйымының ұлттық мектептерді ғылыми және көркем әдебиеттермен қамтамасыз ету жұмысын жандандыруға бағытталды.

Әлихан Халелдің халық мұрасын жинауға қатысты ұсыныстарын қолдап, «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» жырының (В.Радлов жазып алған нұсқасы) алғысөзін, ғылыми түсініктерін жазып, өңдеп баспаға ұсынды (КСРО Халықтарының кіндік баспасы, 1924. Мәскеу). Ахмет Байтұрсынұлымен бірге «Жиырма үш жоқтауды» (КСРО Халықтарының кіндік баспасы (ЦИН СССР), 1926. Мәскеу) жарыққа шығарды. «Қозы-Көрпеш-Баян» — біздің түрік баласының сүйген ертегісінен. Норманға «Фауст» қандай қымбат болса, түрік баласына «Қозы-Көрпеш-Баян» сондай» деген эстетикалық таным биігінен бағалады. Әубәкір (Әбәбәкір) Диваев жиған «Бекет батыр», «Мырза Едіге» кітаптарына жазған рецензияларында (сын мақалаларында) аталған жырларды мектепте оқытудың әдеби-тарихи сипаттағы маңызына баса назар аударды.

Әлихан Бөкейхан Мәскеу, Ташкент, Орынбор, Қызылорда қалаларында жарық көрген «Темірқазық» (1923), «Сәуле» (1923-1924), «Жас қайрат» (1923-1924), «Жас қазақ» (1923-1924), «Қызыл Қазақстан» (1921-1929, қазіргі «Ақиқат»), «Әйел теңдігі» (1925-1934, қазіргі «Қазақстан әйелдері»), «Шолпан» (1922), «Сана» (1923-1924), «Жаңа мектеп» (1925-1933, қазіргі «Қазақстан мектебі») журналдары, «Ақ жол», «Теңдік», «Кедей теңдігі», «Қосшы» газеттеріндегі оқу-ағарту саласы мен қазақ мектептерінің жай-күйі, мұғалім білімін жетілдіру мен оқыту әдіснамасы, шет елдерде білім алып жүрген шәкірттерге жәрдемдесу, жергілікті биліктің халық ағарту ісіндегі жауапкершілігіне қатысты мақалалары, көркем және ғылыми аудармаларымен қазақ халқын рухани кемелділік биігіне жетеледі.

Орта мектеп мен жоғары оқу орындарына арналған педагогикалық және ғылыми-әдіснамалық журналдарды жарыққа шығаруды қолға алған қыр перзенті зайырлы білім беру талаптарын өткір көтеріп, өркениет өріне ұмтылатын елшіл жастар ой-өрісінің арынды болуын көздеді. Олардан өмір тәжірибесін оқыту үдерісінің практикалық мәселелерімен байланыста зерделеген ерекше бітімдегі білікті әдіскер маман Әлиханның жаңашыл тұрпаттағы ұстаздық ұлағатын танимыз.

Ұлттық педагогикалық тәлім-тәрбие рухында өсіп-өнген қазақ баласының әлемдік ақыл-ой қайнарынан нәр алуын нұсқаған Алаш қайраткері: « — Біздің қазаққа қазіргі кезде баласын оқытатын мектеп, жерін гүлдететін су, елге қызмет қылатын Боргенсен мен Миллер сықылды жігіт, май алатын, жүн жуатын, тері илейтін, ет сататын, мал өсіретін, егін салатын кәператип керек», деп ұтқыр уақыттың талабымен толықтай үйлесетін кәсіби біліктілікті мамандар дайындауды қазақ қоғамының түйінді мәселесі деп білді. Мектеп мұғалімдерінің шәкірт тәрбиелеуге жауапкершілікпен қарап, оқушыларды кәсіби шеберлікке баулудың ел өркендеуіндегі маңызына айрықша ден қойды. «Ала арқанға шандыған сынық арба қазақ елінің мәңгі-бақи еншісіне тиген жоқ. Қазақ шаруасы да өркендемек. Әйтпесе, қазақ еліне кеңес өкіметінің орнағаны өтірік» деген толғанысымен қазақ шаруасының шаруашылық тізгінін нық ұстауына, «шабандылықтан» (Әлиханның қалың елі қазағына тағатын көп кінәсінің бірі) арылып, заман талабына бейімделуіне ой салды. Қазақ қоғамындағы дәстүрлі мал шаруашылығын әлем елдерінің озық үлгісімен дамытудың маңызына жаңа билік назарын аудартып, сөз бен нақты істің үйлесімде болуын ескертті.

Мектеп мұғалімдері мен жоғары сынып оқытушыларына арналған «Жаңа мектепті» неге шығару керек болды?» мақаласында «қазақша жаңадан жазылған кітаптар, қазақша оқыту, айналадағы жағдайға қол артып оқыту – еңбек мектебі, баулу мектебі. Жаңа програм» екенін зерделеп, журнал «мақсұты қысыр пәлсапа сату емес, қисын жырларын жырлау емес, қазақ мектебіне араласу, қазақ оқытушысының мектептегі күнбе-күндік жұмысына жәрдемші болу, оқытушылармен пікір алмастырып, жүкті «әуп-әуп» деп күш қосып бірге тарту» болатынын ұғындырды. Осынау кемел де келелі істерде мұғалімдерге қолдау білдіріп, жәрдемші болуды перзенттік парызы санады.

Терең энциклопедиялық білім иесі Әлихан жаһандық білім саласында қалыптасқан кейбір дәстүрлі оқыту әдіс-тәсілдеріне сын көзімен қарап, ұлттық дүниетанымға үйлесе бермейтін педагогикалық пайымдардың қисынсыздығына өз уәжін айтып отырды. Сан ғасырлық рухани құндылықтар тұрпайы социологизм тезіне алынып, пролеткультшілдікпен таза мансұқталып жатқан бассыздықты тежеу мақсатында адамзаттық гуманизм биігіндегі өміршең тәжірибелерге иек арту ғана қоғамдық ілгерілеуге жол ашып отыратынын парасат биігінен зерделеді. Бұл ретте «ғұмыр сыны мен тіршілік тезінен оқшау жатқан түпнегізі дүдәмәл тәжірибесіз білімде негіз де, бет те жоқ, білім анасы – тәжірибе» деген Бөкейханның «Серуен жасап зерттеу әдісі» мақаласы қазақ педагогикасының тарихында оқшау тұратын өзгеше бітімдегі ой-толғам тұрғысынан құнды.

ХХ ғасыр басындағы қазақтың мемлекетшіл тұлғаларын қалыптастырған Әлихан Бөкейхан елдік істерге ұйытқы болып, қоғам ісін атқарар жаңа тұрпаттағы зиялы қауымның кісілік кейпі, азаматтық болмысы қандай болу керек деген өміршең мәселеге жауап іздеді. «…Қорқамын: жалпы жұрттың қараңғылығынан, «басшы боламын» деп тонын айналдырып киіп, жұрт тілегін өзінің соқыр тиынына айырбастағаннан!» деп әлеуметті өрге жетелер ел азаматтарының ар-ұждан тазалығын, қоғамға адал қызмет ету парызын ұғындырды.

Коммунистік билікке тән әміршіл-әкімшіл жүйенің шындықты бұрмалап, ақиқаттан алшақтауын нақты мысалдармен дәйектеп берді. Мысалы, «Қазақтың саны көп пе, аз ба? Бұл екінші мәселе. Тынышбайұлының, жолдас Сириустың, Есеп мекемесінің құшақтап отырған сипырлары (цифрлары) өтірік» екенін сын тезіне салғанында, 1926 жылы Кеңестер Одағында жүргізілетін кезекті санаққа жауапкершілікпен келу қажеттілігіне нақты ұсыныстарын білдірді.

Иә, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханды Қазан төңкерісінен кейін орын алған аштық алапаты, өртеңге өскен ұрпақтың тұрлаулы тағдыры бей-жай қалдырмады. Қазақ даласын жайлаған аштықтан қандастарын құтқару ісіне ұйытқы болып, Алаш мұратындағы сенімді ізбасар серіктерін жұмылдырған қайраткер Семей губерниясы аштарға жәрдем қылу комитеті «Семей губернесінің үйездеріне бөліп 20 шақты қазақтың азаматтарын жіберді. Олардың көбінесе жинағандары аяқты малдар. Бұл малдарды осы тірікүйінше ашыққандарға жіберу үшін Ақмола һәм Қостанай губернелерінің жәрдемдес болып көмек көрсетулері қажет. Сондықтан ол жаққа екі кісі жіберіп отырмыз. Олар біздің аяқты малдан берген жәрдемдерімізді ешкімнің қатысына қарамай-ақ бөліп береді. Һәм Семейден жиналған малдарды ашыққандарға аман жеткізіп беруге де олар көз болатынын» жеткізді.

«Ауылдағы панасыз балаларды қорғау — міндетіміз» атты мақаласымен 1914-1923 жылдардағы қилы кезең шындығына ақиқат сәулесін түсіріп, тоталитарлық жүйенің қылмысын әшкереледі. Кеңес қоғамының көкейкесті мәселелерін өткір көтеріп, айдай анық шындықты тұмшалап жасыруға болмайтынын ұғындырды. «…Ел ішін апат ауыр қаптады, ашаршылық кірді; ел шыбындай қырыла бастады… осындай сұрапыл мезгілдерде оқу тәрбие жұмысы жесір қалды. Жетім-жесір байсыздар көбейді. Ашаршылықтан кейін қазақ ауылында катөлек (котелек – ыдыс, құты) арқалаған жетім бала толып кетті. Мұндай балалар орыс қалаларында да көбейді».

Әлихан, біріншіден, Қазақстанда есепке алынған панасыз балалардың саны 180.000 мың болатынын, алайда ол санатқа енгізілмей, есебі алынбай қалғандары да бар екенін; екіншіден, ата-ана мейірін, отбасы шуағын көрмей өскен көңілі қаяу, қаны қара жеткіншектердің психологиясындағы ауытқулардың қоғам үшін қаншалықты қауіпті екенін ескертеді.

Осындай қиямпұрыстар орын алған қатыбас қоғам шылауында үйсіз-күйсіз көше кезген аш-жалаңаш, қарасирақ панасыздарды қамқорлықтан айырып, тәлім-тәрбие беруге немқұрайлы қарауға болмайтынына большевиктер билігінің назарын аудартты. Оның ішінде қазақ ұстаздарына жүктеліп отырған зілдей ауыртпалықты парасат пайымына салып, «панасыз балалардың ауылындағы қамқоры – оқытатын ұстазы, оқытушылары… ауылдағы балаларымызды қорғау – зор міндетіміз» екенін ұғындырып, оларға қорған болудағы қоғам жауапкершілігіне, мұғалім мейіріне сенім артады. Міне, қаймана елінің осынау қилы тағдырына күйінген қайраткер бұрын-соңғы болмаған саяси катаклизмдерді басынан өткеріп жатқан халқына дем беріп, әрбір саналы азамат атқаратын келелі істердің бағыт-бағдарын нұсқады, одан шығудың тағылымды жолдарын көрсетті. «Тозған егістікке жоңышқа салсаң, бидай жақсы өседі» мақаласында «Мал бақ, егін сал, әдіс қыл, амал қыл, шебер бол, мерген бол, еңбекке, білімге жалын. Еңбекке, білімге жалынған еуропалықтар  — міне, бес жүз жыл болады – жұт, аштық жоқ…

Қазақ кедейі, сен қашан осы жолға түсе аласың?» деп, аштықтың қанды шеңгелінен аман-есен шыққан елдердің өмір тағылымын алға тартты. Ұлтын бейқамдықтан арылуға шақырып, тары салып, оны қауға тартып суарған Қарқаралы оязы Шұбартау елінің игілікті істерін үлгі етіп ұсынды. Өзенге тоған қазып, егін салған елдің кәператип (кооператив) болып іс қылып отырғанын айтқанда, «егін салатын жабдық, жақсы тұқым беріп, инженер жіберіп тоғанын түзетіп, жоңышқа салатын жолды көрсетіп жіберетін Наркомземнің жер бөлімі болу керектігін» үнемі пысықтап отыруы, әсіре науқаншыл большевиктік саяси сойқандардың кезекті ылаңынан халқын сақтандыруы болатын.

Алаш көсемі Қазақстан билігінің саяси ағысынан күштеп шеттетілгенімен, қазақ шаруашылығын қолға алу, шаруашылықты (кооперация) дамыту, шикізаттан дайын өнім мен бұйым алудың нақтылы жолдарын бағамдау, ұлт мамандарын дайындау сынды өміршең мәселелердің бағыт-бағдары мен жай-күйін назардан тыс қалдырған емес. Кооператив мектептерін ашудың ұлт өміріндегі маңызын бағамдап, қыр тіршілігіне қан жүргізетін осынау істердегі ұстаздар қауымының абыройлы міндеттерін ой талқысына салды.

Кооперация жайын толық түсіну үшін Смағұл Садуақасұлының қазақ тілінде жазылған «Кооперация мен қазақ шаруасы», «Салмақбай ауылында кооперация қалайша ашылды», «Қарыз серіктігі, оның қара шаруаға пайдасы» кітаптарын оқу керектігін айтты. Отаршылдық дәуірден бері шикізат орталығы болып келген қазыналы жер қойнауындағы байлықты қазақ игілігіне жаратып, өңдеу зауыттарын ашу туралы ұсыныстары бүгіндері де өзінің өзектілігін жойған жоқ.

«Исторические судьбы киргизского края и культурные его успехи» атты іргелі зерттеуімен ұлы даланың мың жылдық жылнамасын зерделеп, азаттық үшін арпалысып өткен Кенесары Қасымұлы көтерілісінің ұлт-азаттық сипатына алғаш тарихи баға берген Әлихан қазақ тарихын оқыту мәселесіне де ұлттанудың күретамыры тұрғысынан келді. «Тарих керек» мақаласында («Қызыл Қазақстан», № 10, 1922) «-Афтономиялы республика болып, қағазға жазған тарихы болмаса, қазақ халқы басы бақыр қазандай ергежейлі болады. Мұны еске алып, аңды, қазақ азаматы! Көбінесе оқу білім камиссарииаты қазақ халқының тарихын түзуге кірісу керек» деп рухани кемелділіктің өзегі ұлт тарихын оқытуда жатқанын шегелеп көрсетті.

«Тарих – елдің айнасы, тарихтан ел өткен уақыттағы мінін көреді. Айна жоқ болса, адам бет-аузын көре алмайды. Тарих жоқ болса – ел өткен күнін һәм мінін көре алмайды. Мінін көре алмаған соң, өмірін оңдай алмайды. Оңдамаған соң мәжнүн болып, құдыққа құлайды», «Тарих болса ел өсіп өнеді. Тарих болмаса, ел жоғалады. Бұл – хақ нәрсе» деген толғанысымен ұлт жасампаздығы ата тарихынан бастау алатынын ұрпақ санасына сіңірді. Ол, түптеп келгенде, бәлшебектер өкіметін қабылдамаған Алаш көсемінің кеңестік ұлтсыздандыру саясатына деген рух қарсылығы болатын.

Әлихан француз жұлдызшысы Камиль Фламмарионның «Астрономия әліп-биі» (1924), Т.Тутковскийдің «Жердің қысқаша тарихы» (1926) Д.Гравенің «Дүниенің құрылысы» (1926) ғылыми еңбектерін қазақшалап басып шығарды. Сонымен қатар қазақ тіліне аударылған ғылыми кітаптарға сын пікір жазып отырды. Мәселен, А.Байтасұлының Ю.Вагнерден аударған кітабына («Еңбекші қазақ». 1925.08.05), М.Әуезұлының ғылыми аудармасына қатысты «Жердің жаратылысы жайында әңгімелер» («Еңбекші қазақ». 1925.28.02), Ешмағамбетұлының М.Томскийден жасаған аудармасына («Еңбекші қазақ». 1925.14.05), М.Жұмабайұлының «Сауатты бол!» кітаптарының («Жаңа мектеп».1926.№5) басты жетістіктерімен қатар негізгі кемшіліктеріне әділ сын көзқарасын білдірді.

Әлихан «жаңа дәуірдің жаңа қалам қаһармандары шығулы, жаңа салт-сананың жырын жырлайтын жаңа кітаптар жазулы, мектептер бүтіндей жаңарулы» екенін айтқанда, таптық танымға шырмалып қалмай, ұлттық және адамзаттық ой-өріс биігінде болуға шақырды, әсіре тапшылдыққа сын көзімен қарады. Мәселен, «Ана мен бала» кітабына (Мананикин, М.Шомбалұлы, Аққағаз Досжанқызы, Ермек келіні Рақия, Сара Есқызы) жазған сынында «Саулық комиссариаты «кедейге кітап жазып бастық» деп көкірегін соғар. Ол соқырлық. Кітабың таптікі емес, елдікі» деп ескертті.

Қорыта айтқанда, Мәскеуден аттап шыға алмай үйқамағында отырған 1922-1937 жылдары Әлихан Қазақ елін адамзат өркениетінің төріне шығаруды мақсат еткен «Алаш» бағдарламасындағы жаппай оқу-ағарту ісін енді кеңес өкіметі дәуірінде тиянақты жүзеге асыруға басшылық етуімен қатар, оған өзінің қомақты үлесін де қоса білді. Қазақ халқының рухани кемелденуіне қажетті келелі мәселелерді шешудің практикалық жолдарын нұсқады. Иә, «Алаш» бағдарламасы – жапондарды артта қалған феодалдық сегундар елінен небары 21 жылдың ішінде (1868-1889 жылдар аралығында) әлемнің ең дамыған қуатты мемлекетінің біріне айналдырған «Мэйди исин» (немесе «Мэйдзи жаңғыруы») бағдарламасының қазақша баламасы болатын.

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,

филология ғылымдарының докторы,

 Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры

Егемен Қазақстан газеті

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір