• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 00:38:45
Алматы
+35°

10 Қараша, 2016 NEWS

Қазақ басшысы Корея Президенті Пак Кын Хемен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Елбасы Жапониядағы сапарынан кейін, 9 қарашада Оңтүстік Кореяға ресми іс-сапарымен келді, деп хабарлайды "Қамшы" порталы Ақорданың баспасөз қызметіне...

Елбасы Жапониядағы сапарынан кейін, 9 қарашада Оңтүстік Кореяға ресми іс-сапарымен келді, деп хабарлайды "Қамшы" порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеп.
Корея президенті Қазақ басшысын ерекше салтанатпен қарсы алды.
Мемлекеттер көшбасшылары екіжақты өзара іс-қимылдың, соның ішінде сауда-экономика, қаржы-инвестиция, көлік-коммуникация, ғылым, техника салаларындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ, тараптар күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті жайттар, атап айтқанда, ядролық қарусыздану мен таратпау, киберқылмыс қатерінен төніп отырған жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев пен Пак Кын Хе келіссөз аясында Оңтүстік Корея президентінің Астанаға 2014 жылғы маусымдағы мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын қарастырды.

Екіжақты байланыстарды одан әрі дамыту мен өзара тауар айналымын жандандыру перспективалары айқындалды. Екі елдің басшылары Қазақстан мен Кореяның стратегиялық серіктестігін жаңа сапалы деңгейге көтеру бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Келіссөз барысында Корея тарапы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайлануына байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруға қарсы бастамаларының жүзеге асырылуының қарқын ала түсетініне сенім білдірді.

Энергетикадағы ынтымақтастықты жандандыру жолдары, мұнай мен газ өңдеу, медициналық туризм салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ Корея Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы еркін сауда аймағын құру мүмкіншілігі қарастырылды.

Корея тарапы көлік-транзиттік өзара іс-қимыл перспективаларына ерекше қызығушылық танытты.

Қазақстан Президенті Тынық мұхиты жағалауындағы Қытайдың Ляньюньган портының қазақстандық терминалы құрылысының аяқталғанын атап өтті.

– Бұл терминал арқылы қазірдің өзінде миллионға жуық контейнер тасымалданды. Сонымен бірге Қытаймен шекаралас Қорғас «құрғақ портын» Каспий теңізіндегі Ақтау теңіз портымен жалғайтын теміржол салынып, Түрікменстан және Иран арқылы Парсы шығанағына дейін теміржол төселді. Осы бағыттардың бәрін корей бизнесінің пайдалануына болады, – Мемлекет басшысы.

Пак Кын Хе Нұрсұлтан Назарбаевпен елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толу қарсаңында кездесіп отырғанына айрықша қуанышты екенін жеткізді.

– Мемлекеттер басшыларының арасындағы өзара сенімге негізделген  жеке достық қарым-қатынастың қалыптасқаны елдеріміздің стратегиялық әріптестігінің де нығая түсуіне септігін тигізеді. Қазақстан мен Кореяның қарым-қатынасы бір-бірін өзара толықтырушы ынтымақтастық негізінде жедел қарқынмен дамып келеді, – деді Корея Республикасының Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Корея Республикасының іскер топтар өкілдерімен кездесті. 

Кездесуге ірі корей компанияларының өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Корея Республикасы Қазақстанның Шығыс Азиядағы негізгі әріптестерінің бір екенін, тәуелсіздік жылдары осы елден келген инвестицияның жалпы көлемі 9 млрд долларға жеткенін атап өтті.

Қазақстан Президенті 2015 жылы бірқатар сыртқы факторлар мен объективті себептерге байланысты өзара сауда-саттық көлемі біршама азайғанын айтты.  

 Осы орайда біздің экономикалық ынтымақтастығымызға тың серпін беру маңызды. Энергетика, ауыл шаруашылығы, машина жасау, құрылыс, қаржы және инвестициялар, көлік-логистика жүйесі өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары болып саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті атап өткендей, біздің елде оңтүстіккореялық капиталдың үлесі бар 465 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде, соңғы үш жылдың өзінде жалпы құны 160 млн доллар болатын 14 инвестициялық жоба іске асты.

Мемлекет басшысы өзара тиімді ынтымақтастықтың әлеуетін арттыру үшін Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономиканы әртараптандыру жөніндегі құрылымдық реформалар мен шараларға тоқталды.

– Атап айтқанда, инвестициялық ахуал мен бизнес жүргізу үшін қажет жағдай біртіндеп жақсарып келеді, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылуда. Басымдығы бар салаларда инвесторларға салық жеңілдіктері жасалуда, шағын және орта бизнеске қолдау көрсететін арнаулы шаралар қабылдануда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті республикада салық мөлшерлемелеріне қатысты заңнаманың және жұмыспен қамту саласындағы заңнаманың тұрақтылығына кепілдік берілгеніне назар аударды.

– Біздің елдеріміздің азаматтары үшін визасыз режім енгізіліп, тікелей әуе рейстері ашылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан аумағындағы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда корей компанияларына өз жобаларын іске асыру үшін орын бөлуге әзір екенін айтып, сол аймақтарды басқару мүкіндігін ұсынды.  

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы корей компанияларын Қазақстандағы мемлекеттік кәсіпорындарды жаппай жекешелендіру үрдісіне, алдағы «ЭКСПО-2017»: болашақтың энергиясы» халықаралық мамандандырылған көрмесінің жұмысына, «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне белсене атсалысуға шақырды.

– Біз корей компанияларымен экономиканың барлық секторында ынтымақтастық орнату әзірміз. Бүгінгі біздің кездесуіміз елдеріміздің іскер топтарының өзара тиімді ынтымақтастығының жаңа мүмкіндіктері мен перспективаларын анықтап береді деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сапар аясында Оңтүстік Кореяның Президентімен жүргізілген келіссөздің жемісті болғанын айтып, онда іскерлік ынтымақтастық аясын кеңейтудің жаңа мүмкіндіктері, соның ішінде Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамыту, ЕАЭО нарығына шығу перспективалары талқыланғанын атап өтті.

– Біз Еуразиялық экономикалық одақпен арада еркін сауда аймағын құру жөнінде әңгімелестік. Биыл бұл ұйымға төрағалық етіп отырған Қазақстан Кореяның осы кеңістікке ену жөніндегі ниетін құптайды. Бұл бәрімізге жақсы және біз осы идеяны ілгерілететін боламыз, – деді Қазақстан Президенті.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір