• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 18:53:31
Алматы
+35°

11 Қараша, 2016 NEWS

ДУЛЫҒА АҚМОЛДА: ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАНЫМЫЗҒА 25 ЖЫЛ БОЛДЫ ДЕП ҚУАНЫП ЖАТЫРМЫЗ. БІРАҚ, НЕ БІТІРДІК?

Дулыға Ақмолда, актер, ҚР  Еңбек сіңірген қайраткері.  Дулығаны халық сонау кездері болған «Жетпіс жеті күн», «Еркетің  аты еркек» бағдарламалары арқылы...

Дулыға Ақмолда, актер, ҚР  Еңбек сіңірген қайраткері.  Дулығаны халық сонау кездері болған «Жетпіс жеті күн», «Еркетің  аты еркек» бағдарламалары арқылы кеңінен таниды. М.Әуеов атындағы драма театрының актері.  Соңғы шығып жатқан «Оралман», « Өліара» фильмдерде басты рөлді сомдайды.  Бұған дейін «Ақылдың кілті», «Аманат», «Біржан сал» сынды бірнеше фильмдерге түскен.  Дулыға қазақ актерларының ішінде көп көріне бермейтін, салмақты ой айта білетін, кәсіби мамандардың бірегейі. Кешегі Ә.Мәмбетов, Ә.Молдабековтердің мектебінен шыққан. «Қамшы» порталы Дулығамен театр төңірегіндегі, қазақ ұлтына қатысты өзекті мәселелер жайында ой өрбітіп, сұхбаттасып қайтқан еді.

Дулыға аға, сіз БАҚ беттеріне жиі сұхбат беріп, өзін–өзі жарнамаламайтын, тіпті әлеуметтік желіде көп отырмайтын актерлардың бірісіз.  Журналистерге өзін-өзі тықпалап жататын актерлар мен әншілер жетерлік. Сіздің бұлай  бәрінен жырақ жүруіңізге не себеп?

– Жырақ жүрмін деп айта алмаймын. Өйткені актер болғаннан кейін бәрібір халықтың ішінде көп жүресің, елмен сұхбаттасу, елмен тілдесу бірінші кезекте тұрады. Премьералар болып жатқан кезде, театрлардағы, кинодағы жетістіктер кезінде БАҚ өкілдерімен кездесіп тұруға тырысамын. Өзіңнің жасап жатқан еңбегіңді көргеннен кейін, онымен көрермен, өзің сияқты журналистер ой бөлісіп, сұхбат алғысы келіп жатса,  «жоқ, менің қолым бос емес» немесе «мен сұхбат бере алмаймын» деген сияқты қытымыр мінез танытқан емеспін.  Енді өзін өзі жарнамалауға келсек, қазір өзіңді жарнамалаудың ең бір оңтайлы тәсілі инстаграм ғой. Бірақ, кейбіреулердің көңіліне келмесін «мен анда жүрмін», «мен мынаны жеп отырмын» немесе «әжетханаға бара жатырмын» деген сынды арзан әңгімелерді онша ұнатпаймын. Әрине, баз біреулер үшін ол өзін танытудың құралы шығар.  Өзекті әңгімеге, шулы оқиғаға, өнер, шығармашылық туралы әңгімеден шынын айтсам бас тартып көрмеппін, кет әрі де емеспін.

Қалың көрермен сізді театрдағы, кинодағы рөлдеріңіз арқылы актер ретінде жақсы таниды. Бірақ, көбі өмірдегі Дулығаның қандай екенін білмейді. Сондықтан өзге емес өз аузыңыздан өзіңіз жайлы айтып берсеңіз.

– Менің негізгі ортам өнер ортасы. М.Әуезов атындағы драмалық театрда қызмет етіп келе жатқаныма  24 жылдан асып барады, 92 жылы келдік, бірақ біздің қатарлар 93-ші жылы  қатарға ресми қабылдандық. Ол кезде театрдың директоры, көркемдік жетекшісі КСРО халық әртісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзірбайжан Мәмбетов болатын. Сол кісі қабылдағаннан бері театрда қызмет етіп келе жатырмыз. Ал енді өмір мен өнер екеуі екі бөлек нәрсе. Өмірдегі Дулыға, өнердегі Дулыға деп айтып отырсың, шыныменде оның ара-жігін ажырата білген дұрыс. Өмірдегі Дулығаны қоғамда болып жатқан жайттар көп мазалайды. Өмірдегі Дулыға өнердегі жолымен өмірдегі жолын кей кездері қатты айыра алмайды. Неге десеңіз, бәрібір сахнагер адам өзінің ойын, жалпы қоғамда болып жатқан жайттарды сахна ғана арқылы айтуы керек деп ойлаймын. Неге десеңіз, кей кездері сіздің оппозиция болуыңызға тура келеді, я болмаса үкімет жағындағы жақсы нәрселерді  айтуыңызға тура келеді, ол үшін сіз қоғам қайраткеріне айналуыңыз керек. Өз басым өнер адамы, актер болғандықтан осының бәрін көрерменге сахнам, қойылымдарым мен рөлдерім, образдарым  арқылы  жеткізуге тырысамын. Өмірде айтып жатады ғой «адамды ортасы тәрбиелейді» деп, сол айтқандай менің өмірдегі, өнердегі ортам көпті көрген, білген, өз істеріне берілген жандар. Нақтылап айтсам, мен көбіне-көп  профессионалдардың ортасында жүремін, ол өнердегі ғана кәсіби мамандар емес, журналистер, жазушылар, ақындар басқа саладағы жігіттерде жетерлік. Сыныптас бірге өскен достарым, институттағы жолдастарым бар, міне солармен ой бөліскен ұнайды. Яғни, осылардың бәрі өмірдегі Дулығаның ұстамды болуына, оның кей кездері артық кетіп жатқан жерлерін көрсе, өзінің шама-шарқымен, белгіленген мәреден өтіп кетпей «золотая середина» дейді ғой, осы межеде жүруге ықпал етіп жатады. Байбалам салып жататын кездерім бар, үндеме Дулыға үндеме дейтін сәттер де  болады.

  

Яғни, өмірдегі Дулығаны өнердегі Дулыға тәрбиелеп жүр деуге болады ғой

– Ол да мүмкін. Көп нәрсе адамның ортасына байланысты.

Дулыға деген есім өте сирек кездеседі. Тіпті, осы есімді иеленген өзім танитын, естіген жалғыз адам өзіңізсіз.  Осы ерекше  есіміңізді кім қойған?

– (Күліп алып) Мен ауылда жүрген кезде, қалаға келгенде де есіміме таң қалғандар көп болды. Менің  туған жерім Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам деген ауылда менен басқа Дулыға деген үлкен кісі болатын, қырықтан ассам да одан басқа Дулығаны кездестірмеппін.  Менен кейін нағашы әпкем менен рұқсат сұрап, немересіне Дулыға деген есім берді. Мен білетін сол үш Дулыға болып тұрмыз. Ал, есімімді атам қойыпты. Атам биік жүрсін деген ниетте болған болуы керек, дулыға деген кеңінен алып қарасақ жақсы нәрсе ғой. Біз көбінде оған батырдың бас киімі ретінде ғана қараймыз. Т.Жұртбайдың «Дулыға» деген кітабы бар. Аңыз бойынша, Түркі халқында Дулыға деген хан болыпты,  еліне нәубет келіп, ашаршылықтан қырылатын болғаннан кейін Дулыға хан бәрін тауға көшіріп алып кетіп, аман алып қалған.  Осыдан кейін ел-жұрттың бәрі ол ханды Дулыға атап кетіпті, оған дейінгі аты басқа болса керек-ті. Содан бастап әскер бастайтын хандар, сұлтандар мен батырлар ырымдап бастарына дулыға киеді-мыс. Сол айтқандай, Дулыға деген атқа лайық болып жүрудің өзі үлкен жүк. Алматыға келіп жазушы ағаларымызбен етене араласа бастағанда менің атыма таң қалатындар көп болды, өзімде атыма сол кезде таң қала бастадым.

Шет елдерде театрға интеллектісі жоғары, ақсүйек, өнерді түсінетін, зиялы адамдар барады. Біздің театрға бара қалсаң, жартысынан көбі бала-шаға, оның өзі бір мектеп- интернаттың немесе колледждің жастары. Той-томалақтан қолы тимейтін қазақтардың театрға баруы да  сиректеу құбылыс сияқты.  Сіздің театр, өнер, мәдениет  саласында жүргеніңізге біраз жыл болды. Зиялы қауым өкілдерін театрдан жиі байқасыз ба?

– Сұрағыңыз өте дұрыс. Біздің театрлардан қазір зиялы қауым өкілдерін жиі көре бермейміз. Бұрындары Ә.Мәмбетов ағаларымыздың қойылымдары кездерінде, Асанәлі ағаларымыздың, Әнуарбек Молдабеков ағаларымыз, Фарида Шәріпова, Хадиша апаларымыздың «дәуірлеп» тұрған заманында, Ш.Аймановтар бар кезде зиялы қауымның бәрі театрдан табылған. Неге десеңіз театр ол кезде үлкен жаңалық болды. Кино өнері оншалық дамымаған. Бірақ, мен ойлаймын зиялы қауым бәрібір де театрға оралуы тиіс. Сол кездегі студент болған кісілер қазіргі Асанәлі, Әнуар ағаларымыздың ол дәуірдегі рөлдерін шағып тұрып, кәдімгідей жіліктеп айтып отырады. Әлі күнге дейін сол кісілерді аңсайды, дауыстарына тамсанады, әжуаларын айтып жатады. Яғни осы «поколениемен» өсіп, тәрбиеленді. Біздің де көрермендеріміз бар, бірақ сол өзіңіз айтқан зиялы қауымдарды көре бермейміз. Оларды арнайы шақырту керек. «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай деген ағамыз бар, мен сол кісіге риза боламын. Ол кісі ешқашан театрға шақыртумен келмейді, қандай премьера, қандай спектакль болмасын, ақырын ғана билетін алып, ешкімге күтіп ал демей-ақ көрермен болып, алғысын білдіріп, өз ойын айтып отырады.  Міне, осындай зиялы қауымдардың көп болғаны, ол кісілердің театр туралы пікірі, ойы керек. Ол кездегі актерлар, қойылымдар, режиссураның өзі басқа деңгейге кетіп қалды. Сондықтан да осының бәрін саралап, бағасын беріп отыратын, айтып отыратын зиялы қауым керек. Ол үшін театр сыншысы болуы міндетті емес, оның арасында оқушының болғаны, студенттің жүргені бізге керек. Болашақтағы зиялы қауым солар.

Қазіргі қазақты қаншалықты мәдениетті халық деп есептейсіз? Сіз үшін халық мәдениетінің өлшемі қандай?

– Қазір бәрімізді ақсатып жүрген нәрсе – интернет жүйелері, қазіргі келсін-келмесін елді шатыстырып, бір қайнауы ішінде қалып қалатын, редакциядан өтпейтін, жеңіл-желпі, осындай сарыжағал басылым ақпараттары көрермендері, оқырмандарды шатастырып жүргені рас. Өзіңіз байқасаңыз, біздің телеарналарда шоу көп, шоу болмасын демеймін, оларға қарсылығым жоқ, бір өкініштісі солардың көбі піспеген, жетілмеген. Шала шоуларды көрген кезде, олар сені күлдіре алмай, сен күле алмай отырғанда қарның ашады. Шоудың аты шоу болуы керек. Еуропаға еліктедің ба, таза елікте, дәл солардай қайтала. Таза еліктей алмайсың ба, өз өніміңді жаса. Мен қазір арналардан ұлттық санаға су себетін, дән егетін ештеңе көріп жүрген жоқпын. Бірен-саран бағдарламалар бар, көбіне-көп жаңалықтар, оның өзі өлді-жітті, атты-шапты, бір бірін қайталау. Осыдан кейін мен қалай баламды теледидар алдына отырғызамын. Осының бәрін көрген қоғам әлсіреген, көшенің әндерін естіп, жеңіл-желпі дүние көріп халықтың  талғам мәселесі нашарлап кетті. Әрине, жұрттың бәрінікі  нашар дей алмаймын. Соның ішінен мынау керек, мынау керек емес деп, бір бетке өтіп жатқандар да көп. Міне, осындай басты нәрселер пайда болған кезде адамда қорқыныш пайда болады. Ол қандай қорқыныш сезім, жаңағы талғам мәселесі. Ненің не екенін білмеу, ұлттың өзінің діні, ділі, тілінен алшақтататын нәрселер көп.  Кейде маған осының бәрі әдейі жасалып жатқан саясат сияқты. Қобыздың, домбыраның үнін естімей өскен бала, ертең болашақта қазақ туралы не айта алады?! Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болды деп қуанып жатырмыз, осы 25 жылда біз не бітірдік, не үйреттік, болашақ немен қоректеніп келе жатыр деген сұраққа келгенде бәріміз де бүгежектеп қаламыз. Неге бүгежектейміз, себебі ұлттық тәрбиені тәуелсіз Қазақстан былай беріп жатыр деп мақтанатын халде емеспіз.  Талғам мәселесі тайғанақтап тұрған халықтың, мәдениет деңгейі қандай болатынын ойлай беріңіз. Сондықтан халықтың мәдениетін оның талғамынан білуге болады. Жұрттың бәрі талғамсыз деп тағы айта алмаймын, бірақ талғамы жоғары жандар аздау. 

 – Станиславскийдің «Театр киім ілгіштен басталады» деген сөзі бар. Өз басым опера және балет театрында да, орыс театрларында да болдым. Қазақ тетарларының тұрақты көрерменімін. Сонда бір байқағаным, орыстың театрында  джинсы шалбармен барсаң кіргізбейді. Дресс-код (dress-code). Ерлер классикалық костюмде, қыздар әдемі көйлекпен жүр. Ал, қазақ театрларында ондай ереже-шектеу жоқ.  Спорттық аяқ-киіммен жүргендерді де көреміз. Осы орайда бізде театр мәдениеті қалыптаспаған ба деген ой пайда болады, келісесіз бе?

– Менің ше, театр мәдениетінде  киімге байланып қалған ештеңе жоқ. Театр мәдениеті деген, жүз көрерменнің ішінде сенің айтайын деген ойыңды, режиссураңды түсініп, өзінің жүрегіне бір байлам жасап кететін адамның болуы. Онда киімнің айтарлықтай рөлі жоқ. Бәрі шырттай киініп келіп, өнерді түсінбей жатса сол өкінішті болар еді. Қазір біз көрерменді театрға қандай болған жағдайда да тартуға ұмтылуымыз керек. Театр өсиет айтатын жер емес қой, ол қойылымың арқылы халыққа ой тастау. Басты рөлдегі жағымды кейіпкерді де ұнатпай шығатындар бар, демек бұл ой. Біздің мақсат көрерменге ой салып жіберу. Біз тәптіштеп тәрбиелейтін балабақша немесе мектеп емеспіз.  Сондықтан театр мәдениетін киіммен емес, талғам, ой, пікірмен өлшеу керек.

 – Қазіргі қазақтың қай харекетіне көңіліңіз толмайды?

– Қазақтың харекетіне ешқашан қазақтың көңілі толмаған ғой. Көңіл толмайтын харекеттерін тізбелесек, ұзаққа шабатын шығармыз. Бір айтып кеткен мәселем, жаңағы талғам мәселесі. Содан кейінгі қисайып тұрған нәрсе – қоғамда болып жатқан көп нәрсеге  біздің  зиялы қауым өкілдерінің жас буыннан бастап, орта буын бар, қарты бар немқұрайлылық танытуы. Қазақ та «Аш бәледен, қаш бәле», «Сен тимесең, мен тиме бадыраң көз» дегендей, қоғамдағы кей мәселелерге жұмыла кету аз, жұмыла кету көшеге шығып аттандау емес, өздерінің пікірлерін білдіру, өздерінің ойларын айту, үлкен бір азаматтардың оспадар қылығына жүрек ауыратын  кісі аз, қазаққа қой дейтін ақсақал аз, ара түсетін құрдас кеміді. Тіпті, «бұларыңыз не ағалар – ау?!» дейтін жастар аз. Қазір қоғам мең-зең күйде. Оны жалқаулық деп айтуға да келмейді. Қазір жұрттың бәрі жұмыс басты. Бүкіл қазақ қазір осыдан он жыл бұрынғы алған кредиттерін жабудың қамында. Олардың негізгі ойлайтын ойы сол. Ара-арасында  отбасын ойлап, ақпараттарды көріп таңдайын қағуы мүмкін.  Мен ойлаймын, қазіргі қоғамның бей-жай жүргенінің өзі сол кредит мәселесі. Той жасау үшін кредит алатындар бар, той деген қызық, қызық үшін қарызға бату сорақы нәрсе. Оның бәрін айта берсек, аяғы жылауға әкеледі. Ал, өзің қойған сұраққа орай, мені алаңдататыны  –  бойкүйездік, немқұрайлылық. Бұрындары, ауылда бір кісі қайтыс болса дүйім ауыл болып қайғырып, «ол мынандай кісі болған еді ғой» деп жататын,  жап-жас болсақ та соларға қайғыратынбыз. Қазір небір атпал азаматтар өмірден өтіп жатыр, небір үлкен қуаныштар орын алып жатыр. Сол қуаныштардың өзі көңілсіз өтіп жататын кездер бар. Қазақ біз «скромныймыз» ғой, сонда да биыл тәуелсіздіктің 25 жылдығы деп жатырмыз, бірақ халықтың түрінен қуаныш, алға ұмтылушылықты байқамадым. Әлде кеңес үкіметі кезіндегі мейрамдарға үйреніп қалдық па, міне осылардай салғырттықтарды көп байқамын.

Осы орайда сіздің ұстазыңыз, өнердегі ағаңыз, қазақтың  актері Тұңғышбай Жаманқұловтың жақында ғана «пара алды» деген айыппен ұсталғанын білесіз. Осы орайда біраз адам пікір беруден бас тартты. Енді біреулер бұл қазақ өнеріне жасалған қиянат деп пікір білдірді. Сіз не дер едіңіз?

– Тұңғышбай аға мен министрдің арасындағы мәселеге ешкімнің араласуға құқы жоқ деп ойлаймын. Бұл екі адамның арасында болып жатқан жеке жағдай. Сондықтан да менің ұстазым болса да, ана кісінікі дұрыс, мынаныкі бұрыс деп айту әбестік болады. Оның басы-қасында болмағандықтан, жанында жүрмегендіктен бірдеңе деуге келмейді, оны шешетін заң орны бар, үлкен зиялылардың ара түсіп, солардың арасындағы шешілетін мәселе негізі. Жаңағы менің қарным ашып отырған мәселенің бір ұшы осыған келіп тіреледі. Тұңғышбайдай атпал азамат осындай жағдайға түсіп жатқан кезде, ешкімнің үн қоспауы, ешкімнің ара-қатынасы жоқ адамдай тым-тырыс қалуының өзі өкінішті. Айтып жатқан азаматтар мүлдем жоқ дей алмаймын, Фейзбук парақшасында айтып, жазып жатқан азаматтар пікірі көңіл қуантады. Дегенмен, әліптің артын бағайық. Қандай болғанда да соңы жақсылыққа шешілсін. Екеуі татуласса екен, аяғы дұрыс болса екен. Бетке ұстар ағаларымыздың мұндай жағдайға тап болып жатқаны, бәріміздің жүрегімізді ауыртатын нәрсе.

Өнерде болсын, кино саласы мен шоу-бизнес әлемінде болсын «тектілігін» сақтаған актерлар азайып бара жатқан сияқты. Әншісі де актер, актеры да әнші, одан қалса асаба. «Вездеходтардан» (Әмбебаптардан) халық шаршап кеткен. Қалай ойлайсыз қазақ өнеріне «тазалау жұмыстары» керек емес пе?

– Оны қалай жүргіземіз?! Қазір бұрынғыдай худсовет жоқ, оның қазір керегі де жоқ сияқты. Ал, өнердегі тазалықты халықтың өзі жасауы керек, халық өзі іріктеп, тазалап алуы тиіс.  Талғамдары бүгін төмендегенмен, ертең бәрібір ол талғам көтеріледі. Бәрібір шынайы өнер, шын талант артынан көрермен ертпей қоймайды. Жалпы, шын өнердің, шын өнерпаздың жанкүйері қашанда аз болады. Неге десеңіз, оны түсіну, оның жасап жүрген өнеріне үңілу қиынның қиыны. Содан да болар жалпы көрерменнің жеңіл-желпі нәрсеге жүгіруі. Ол тазартуды әрбір көрермен, әрбір тыңдарман өзінен бастауы тиіс. Рухани талғамды өсіру керек. Және біздің көрерменнің бәрі сұмдық дәрежеге түсіп кетті деп тағы айта алмаймыз, неге десеңіз бәрібір бізде рух бар. Қанымызда баяғы мақал-мәтеліміз болсын, жыршылардың жырының сарқыншағы жатыр, біз солардың ұрпағымыз. Сондықтан біздің зердемізді түртіп, түйсік салудың өзі жетіп жатыр. Сол үшін өнерпаздарымызда күресуі тиіс. Тұңғышбай ағамыз айтпақшы: «Ышқырымды шешсем елдің бәрі күледі екен» деп күлгенге күле баға беретін болсақ, біз үшін ол трагедия. 

Қазір қоғамда өршіп тұрған тақырыптың бірі – дін. Сақалын сапситып, балағын шұнтитып алған іні-бауырларыңыз жетерлік. Олар өнерде де, өлеңде де, анау креслода да өріп жүр. Мүмкін, маған діннің қатысы қанша, мен актермін ғой дерсіз. Бірақ, ұлт жұлдызы ретінде, сіздің азаматтық позицияңызды білсек деп едік. Қазаққа діншіл болу қаншалықты қажет? Мүмкін ғылым-білімі дамыған ел болуға ұмтылған дұрысырақ шығар...

– Дінге қатысым қанша деп айта алмаймын. Себебі, дін біздің темірқазығымыз. Біз танысқанда   дінің не деп жатамыз. Енді одан ажырап кетіп, қатысым жоқ деуден құдай сақтасын. Оған бәріміздің қатысымыз бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с айтады дінде болыңдар, намаз оқыңдар, Алла тағаланың айтқанын істеңдер, бірақ оның фанаты болмаңдар. Мен соны ұстанамын. Себебі, әр нәрсенің өз өлшемі болады. Тек, дінді уағыздағың келсе, мешітке барып, діннің оқуын оқып, уағыңызды айт. Ал, оны оқымай, бір-екі сүрені жаттап алып, шариғат айтуға тыйым салынған. Сол бірді екілі  хадисті жаттап алып, ақыл айтатындарға қарсымын. Дінді оқып, таныған соң ғана сенің діни уағыз айтуға қақың бар, оған дейінгінің бәрі құр шаруа деп ойламын.

Дулыға аға, біздің дәстүрлі сұрағымызды қойсам, қолында билігі бар шенеунік болсаңыз халқыңыз үшін  не істер едіңіз?

– Шынымды айтсам, жалпы шенеунікке табиғатым қарсы адаммын.  Өзім өнері адамымын, тумысым өнер адамы. Сондықтан үйтер едім, бүйтер едім дей алмаймын.

Дегенмен, бола қалдыңыз деп елестетсек

– Құрығанда жол жасайтын едім (Күліп). Өзім өнерде жүргендіктен бірінші халықтың өнерін көтеретін едім, өнерге қолдау көрсететін едім. Қай елге барсаңызда алдымен өнерімен бағаланып жатады. Менің айтып тұрғаным шынайы өнер. Шынайы өнерде кімдер жүр қазір, шынайы өнерде нағыз жанкештілер жүр. Ол ана тойда ән айтып жүргендер емес, олар домбырамен ән айтып жүрген дәстүрлі әншілер, қобызшылар, театрда жүрген әртістер. Бұлар шынай өнердің иелері, бұлар жанкештілер. Міне, мен шенеунік болсам осыларды көп насихаттайтын едім. Қазір, Маңғыстауға, Қызылордаға, Жетісуға барсаңыз сол төрт-бес мектеп сақталған, мені таң қалдыратыны сол дәстүрлі мектептің  өлмей келе жатуы. Қазір біраз әлсіреді, бәрібір осы дәстүрлі өнерді насихаттайтын, соны ұстанатын жастар бар. Жыр айтып, күй шерткен жастарды көргенде таң қаласың, сүйсінесің.  Кішкене ақша түссе ән жазғызып, танымал болғысы келетіндер көп, ал осындай ортада қолына домбыра алып, ұлттық өнерді насихаттау шынымен де құрметке лайық!

Сіз неден қорқасыз?

– Адам баласы ең бірінші Алладан қорқуы керек, сосын пендешілігінен. Алладан ғана қорқып, сеніп, басқа қорқуларыңыды соған тапсыру керек. Жаратушыға сеніп, одан қорыққан адам ғана басқа ештеңеден қорықпайды.

«Қамшы» порталының оқырмандарына деген тілегіңіз

– Сіздер дұрыс ой жазып, сол дұрыс ойды оқитын ойлы, көзі ашық жас оқырмандарыңыз молынан болсын!

– Әдемі әңгімеңіз, салмақты пікірілеріңіз үшін рахмет!

Қамшыгер: Айжан Қалиева 

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір